АРҒЫ-БЕРГІ АЛМАТЫ
29.11.2023
307
0

Тарихи-мәдени ескерткіштер – тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері. Ғасырлар тоғысындағы ғимараттың өз тарихи сыры бар. Сонау ХIХ ғасырдың аяғында, дәлірек айтқанда 1892 жылы негізі қаланған ғимарат әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. ХХI ғасырда да ел игілігіне қызмет атқарып келеді. Бүгінде, ол ғимаратта Алматы мұражайы орналасқан.

Верный жетім балалар үйі. ХIХ ғ. аяғы

Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштері қаланың өзіне тән бірегейлігімен ерекшеленеді. Сәулеттік, монументтік өнердің озық үлгілерінде қаланың маңызды тарихи оқиғалары көрініс тапқан. Алматы өзінің дамуында жобалаудың, сәулет ерекшелігінің, өмір дағдысы жағынан белгілі бір кезеңдерден өтті. Әрбір өткен кезеңнен сол дәуірдің рухын, талғамын, тұрмысын, экономикалық және техникалық мүмкіндіктерін, қажеттіліктерін айқындайтын материалдық қызметтің нәтижелерін өзіне мұра етіп қалдырып отырғанын көруге болады. Әрбір тарихи кезең қалаға өзіндік жаңаша заманауи леп әкелді.
ХIХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғына таман әкімшілік-қоғамдық орталық қазіргі 28-гвардияшы-панфиловшылар саябағы ауданында орналасты. Айналасына неғұрлым ірі ғимараттар: офицерлер жиналыс үйі (қазіргі Халық аспаптар музейі), қоғамдық жиналыс үйі (қазіргі Қуыршақ театры) және т. б. Осы ғимараттардың бәрі де өзінің әсемдігімен ерекшеленді, олардың бірқатары классикалық сәулет үлгісімен салынды. Қалада болған 1887 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін қала құрылысын жаңа жерден салу туралы ұсыныстар да болды. Іле өзені жағалауында тиісті топографиялық зерт­теулер де жүргізілді. Бірақ бұл жобадан бас тартылды. Бұдан кейінгі құрылыстар жер сілкінісіне төтеп беретін жағдайларды есепке алу арқылы жүргізілді. Үйлер негізінен бір қабатты етіліп ағаштан тұрғызылды. Сондай құрылыстардың бірі – жетім балалар үйі.
О баста Верный жетім балалар үйі негізінде салынған. Верный жетімдер үйі Қызыл Крест қоғамының Жетісу жергілікті басқармасының ықпал етуімен 1879 жылы құрылған болатын. Жетімханаға ақшалай және заттай қайы­рымдылық жасауға Верный уезінің Түрген, Бақай, Жамыш болыстарының қазақтары да атсалысқан. Жетімхана құрылысына лотерея ұйымдастырылып, қаржылай көмек берілген.
1891 жылы 36807 рубль 66 тиын көлемінде қайырымдылық жинаған қоғам Верный қаласының сәулеткері, яғни архитекторы Поль Лионель Базиль Гурдэнің жобасы бойынша жаңа ғимарат құрылысын бастауға мүмкіндік алады. 1892 жылы ғимарат пайдалануға берілді.
1881 жылдың 1 қаңтарында жетімдер үйінде 11 ұл, 30 қыз, барлығы 31 бала тұрса, 1909 жылы онда 51 ұл, 50 қыз, барлығы 101 бала тәрбиеленді. Ғимараттың артқы оңтүстік ауласында көкөніс бағы мен гүлзарлар (қазіргі «Динамо стадио­ны») болды. Мектеп пен шеберханалардағы сабақтардан тыс уақыттарда балалар бау-бақша өсірумен айналысты. Көшенің қарсы бетінде, жетімхана тәрбиеленушілерінің отырғызған ағаштары бүгінде үлкен «Қарағайлы саябағына» айналған.
Жетімханада ұсақ кеңсе қызметкерлерінің, ауыл мұғалімдерінің, казак­тардың, мещандардың, шаруалардың, жетімхананың оқу курсын бітірген төменгі әскери шенділердің балалары тұратын. Мектеп бітірген немесе белгілі бір жасқа жеткен балалар, ата-аналарына жіберілетін немесе қандайда бір жұмыс орнына бекітілген. Кеңестік дәуірде балалар үйі Есік қаласына көшіріледі.
1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшкен уақытта ғимаратқа Қазақ Орталық Атқару комитеті, Халық Комиссарлар Кеңесі, Қазақ АКСР-інің Мемлекеттік жоспарлау комитеті орналасты. Бұл жайында, «Советская степь» газетінің 1927 жылғы қараша айындағы санында Алматының жоспары бойынша көшірілген кеңестік мекемелер мен ұйымдардың барлығы гимназиялар мен жетім балалар үйіне, жатақханалар мен храмдар және басқа да қоғамдық ғимараттарға орналастырылуы қажет екендігі жазылған.
Мекемелерді көшіру бойынша барлық дайындық жұмыстарын 1928 жылдың 1 маусымынан кешіктірмей аяқтауға бұйрық беріледі. Бастапқыда мемлекеттік мекемелерді ішінара көшіру мәселесі талқыланды. Алматыға барлығы 500 адамды ауыстыру көзделді. Алайда барлық мекемелерді түгел көшіру ісі қолға алынды.
1926 жылғы мәліметтер бойынша Алматыда 49 461 адам өмір сүрген. Бұл шағын, бір қабатты қала. Барлық тұрғын үй қоры 293 174 шаршы метрді құрады. 90% — ы ас үйі бар 2-3 бөлмелі кішкентай филистин сарайлары болды. 1928-1929 жылдарға арналған Қазақстанның шаруа­шылық және мәдени құрылысы туралы РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің баяндамасында қала тұрғындары суды Алматы өзенінен немесе осы өзеннен келетін арықтардан алғаны, ал қолда бар өте қарабайыр типтегі су құбыры МО бойынша жүріп жатқаны жазылған.
Қазақстан Республикасының кинофото­құжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатында «Алма-Ата – Дом Правительства Казахстана – 1929» деректі фильмінде және «Верный – Алма-Ата – Алматы» деректі фильмдерінде де жетім балалар үйінің ғимаратында Қазақ Орталық Атқару комитеті, Халық Комиссарлар Кеңесі орналасқаны көрсетілген.

Алматы музейі

Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің 116 қоры, 2 опись 122 ісінде ғимарат туралы толық мәліметтер берілген.
ХХ ғасырдың басында «Ресей фотосуретшілерінің қауымдастығы» «Бұқаралық көпшілікке мәдениеттің қолжетімдігі» атты ұранымен (лозунг) жұмыс істеген болатын. Солардың қатарында фотограф Иван Николаевич Панов – 1920-жылдардың аяғында Орта Азияда еңбек еткен фотосуретшілердің бірі. Кеңестік дәуірдегі тұрғылықты халықтардың тұрмыс-салт өмірін фотоға түсірген. Суретшінің фотосуреттерінде қаланың көшелері, базарлары, ғимараттары, жергілікті тұрғындары бейнеленді. «КСРО халықтарының өмірі мен тұрмысы» тақырыбында ашық хаттар (открыткалар) 5000 тиражбен шығарылған еді. Ол 18 ашық хаттан (открытка) тұратын. Ол кеңестік дәуірдегі адамдардың шынайы өмірін бейнелейтін бірегей фотосуреттік шежірелік ақпарат көзі болып табылады.
Музей қорында Иван Николаевич Панов түсірген бірнеше ашық хаттар сақталған. Олардың ішінде ғимарат көрінісі бейнеленген ашық хат та бар. Ашық хатта ғимарат суреті беріліп, артқы бетінде «Қазақстанның Үкімет үйі» жазуы жазылған.
Кейінірек бұл ғимаратта №1 балалар клиникалық ауруханасы, одан кейін Алматы медицина колледжі, қазіргі кезде Алматы музейі орналасқан.
Мұражай – Алматы қаласының мыңжылдан астам тарихымен таныс­тыратын мәдени және ғылыми орталық. Қаламыздың мәдени, тарихи орындарының бірі саналатын, халықаралық туристер бағытына енген негізгі нысан.
Мұражай экспозициясы қола дәуірінен бастап, қазіргі заманға дейінгі кезеңдерді қамтиды. «Алматының ежелгі және ортағасырлық тарихы» залында қол дәуірі қоныстарынан бастап, қолөнер және сауда, мәдениеттің өркендеуі, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалаға дейінгі даму тарихы үрдісі көрсетілген.
«Қазақ мемлекеттілігінің бастауы» залында, Қазақ хандығының құрылуы, қазақтардың қару-жарақтары, қазақ этнографиясы, халқымыздың зергерлік бұйымдарының бірегей топтамасы орын алған.
«Верный кезеңі» XIX ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басындағы қала тарихын баяндайтын сол дәуірдің бірегей заттарымен ерекшеленеді.
«ХХ ғасырдағы Алматы» экспозициясы астананы көшірудің алғышарты болған Түркісіб теміржолының салынуы, қаланың өркендеп өсуі, тарихи оқиғалар, алматылықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері мен тыл майдангерлерінің еңбектері, өнеркәсіптің дамуы, мәдениет пен өнер және т. б. материалдармен ұсынылған.
Қаланың Іле Алатауы бөктерінде орналасуы альпинизм спортының дамуына кең жол ашты. Экспозициядан альпинистік құрал-жабдықтар мен Алматылық альпинистердің жеткен жетістіктері өзіндік орын алған.
Алматы қаласындағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттар, желтоқсан құрбандарының жеке кешендері арқылы баяндалады.
Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі, талай айтулы тарихи оқиғалардың орталығы болғаны айқын. «Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы» тарихы экспозицияда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен қаланың сол жылдардағы экономикалық, ғылыми, мәдени дамуы, сондай-ақ қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын әртүрлі ұлттардың этнографиялық, тұрмыстық заттарымен көрсетілген.
Заман талабына сай музей экспозициясы бай ақпараттық-иллюстрациялық материалдарды көрсететін заманауи үлгідегі мультимедиялық технологиялардың кең ауқымымен жабдықталған. Сондай-ақ үлкен экранды проекциялар, Led экрандар және музыкалық қатарлар мен анимация элементтері де кеңінен қолданылған. Қаланың белгілі нысандарына саяхаттау­ға мүмкіндік беретін 3d тур мен тарих қойнауынан мол мәліметтер беретін ақпараттық киоскілерде музей залдарын толықтыра түскендей.
Мұражай экспозициясы тарих­шы-ғалымдар мен саяхатшылардың кезінде жазып қалдырған тарихи жазба деректері және нумизматика тағы да басқа археологиялық қазба жұмыстарының барысында табылған артефактілер – қаламыздың мыңжылдан астам тарихының айғағы.
Мұражай алдымен археология, ғылыми-зерттеу, білім беру, ағарту орталығы болып саналады. Қоғамның өткен өмірін зерттеп, зерделеуде, оның бүгіні мен болашағын айқындауда музей қызметінің атқаратын рөлі орасан зор.
Жүз жылдан астам тарихы бар көне ғимараттың өзі де, іші де тарихқа толы. Ғасырлар тоғысындағы ғимаратта орналасқан Алматы мұражайы – қаланың мың қатпарлы тарихының қайнар көзі.

Бинара Бүркітбаева,
«Алматы қаласы
мұражайлар бірлестігі»
Алматы мұражайының
жетекші ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір