АЙДЫҢ АРҒЫ БЕТІ
«Біз бала кезімізден өз армандарымыз бен ой-қиялдарымызды Аймен бөлісіп,
Айдың арғы бетіндегі жол-соқпағымен алға ұмтылдық және де біздің бұл өмірде
жүзеге аспай қалған бар арманымыз құлпытасымыздың бетіндегі ай бейнесіне көшеді».
Мұрат Әуезовпен әңгімеден
Пролог
Қазақстанның қалалары мен далаларында, таудағы қоныстар мен ен жазықтағы ауылдарда түн сайын толысқан Ай кезінде ауыл адамдары мен дүниеауи бақыт пен сәттілік іздеп, Ұлы Жібек жолының көне соқпағымен аяңдап келе жатқан жолаушылардың назарын өзіне тартып тұратын түнгі шамшырақ – Ай мен оның тылсым сәулесіне арналған аңыздар көп.
Түнгі жарық көзінің сиқырлы сәулесі бұлт шоғыры арасынан сыналай сығалап, сарқырай ағып жатқан өзен толқынымен мың құбылып, бір кездері жойқын селмен бірге таулардан көшкен кесек тастардың бетіне шағылыса, тау бөктеріндегі өзендердің арасында көсіліп жатқан аңғардың бойын нұрына малындырады. Бұлдырап көзге шалынатын шатқалдар ғажайып ай сәулесінің жарығымен барған сайын тылсым күйге еніп, ғасырлар бойы толассыз ағып жатқан тау өзенінің үнімен еліктіреді. Бұл тосын құбылыс, өзеннің түсініксіз шуы сияқты, таң алдында жаңғырықтың пайда болуымен ғайып болады. Алатау шыңдарындағы жарқырап жатқан мұздық беттері ай сәулесінен одан сайын ажарлана түседі, ал аңғар төсін жастанған, барша жалған дүниенің сусынын қандыратын мұздықтар бетіндегі айдың сәулесін таңның атуы, күннің аптап ыстығы мен қызара бату құбылысы алмастырады. Алайда бұл жоталар мен тау шыңдарындағы мұздықтар мәңгілік, олардың арасында осы аспан әлеміндегі Хантәңірінің үстемдігі жоғары. Жердегі және көктегі тірлік түстерінің құбылып тұруымен де мәңгілік. Бұл осы ұлы аймақтың ғасырлар бойғы тіршілік ырғағы, сондықтан, бәлкім, мына қазақ даласы, мына аспан, мына күн және жарық шашып тұрған ай барда осылай жалғаса берері сөзсіз. Ал адам жаны жер бетіндегі тіршілік пен ай сәулесі астындағы өмірді қабылдау сезімдеріне толы, ол осылай ғұмыр кешеді. Аңыздардың бірінде «түнгі сәуле адам жанының жарық және қараңғы күштерін өзіне тартады» дейді. Адам жаны жердегі өмір құрсауынан босанып шыққаннан кейін, қырық күн мен қырық түн бойы тіршілік атаулының үстінде қалықтап жүреді. Тірлікпен қоштасқан адамның жабырқау жанының алғашқы тұрағы – түнгі жарық Ай, ол соның құшағын паналап, тыныс табады. Оған бұрынғы арманыңыздың қанаттары арқылы жете аласыз немесе көрінбейтін данышпан-ақсақал кейпінде ай жол-соқпағымен, тау өзенінің бойымен жүре отырып, ай шатқалдағы мұздықтары жарқыраған шыңның құзар бетінен көтерілген кезде бір шетіне жаныңызбен ілініп үлгере аласыз.
Ал онда Аспан әміршісі адам жанын қай деңгейге, түнекке әлде жарыққа ма орналастыратынын өзі шешеді, және де түнгі жарықтың арғы бетінен мәңгілік мекен таппас бұрын тірліктегі күнәларың мен таза сезімдеріңе толы бастан кешкен бүкіл ғұмырың көз алдыңнан тізбектеліп өтеді.
Жалпы, тұтас әлем мен әрбір адамды «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» (Абай) деген сауал мазалайды.
Жаңа ғасыр романы жайлы өсиет
Тағдыр маған мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен рухани жақын болу бақытын сыйлады. Біздің таныстығымызға, оны жаныма жақын тұтуыма және өмір соқпақтарының түрлі белестеріндегі біздің достығымызға елу жылдан асты. Менің алғашқы поэтикалық шығармаларым жарық көргеннен де көп бұрын ол менің қадамымды жіті назарында ұстады. Оның алғашқы кітабы «Времен связующая нить», содан кейін «Эстетика кочевья» жинағының әсері сонау жетпісінші жылдары менің бойыма ұялады. Ол менің «Ұмытылған тіл туралы» өлеңімнің алғашқы тыңдаушысы болғанын айтпағанның өзінде, тиісінше бірінші болып бағалады. Мұрат Әуезов жиһанкездікке, туған өлке мен бейтаныс жерлерді шығармашылықпен игеруге деген сүйіспеншілікті бойыма дарытты.
Мұрат Әуезов қазақ әдебиетінің данышпаны Мұхтар Омарханұлы
Әуезовтің елу томдық еңбектерінің толық академиялық жинағын шығаруда талғампаз кеңесші болды. Бұл он жылдан астам бірлескен іс-әрекет, тарихи баспа жобасын жасампаздықпен аяқтау үшін бюрократиялық кедергілерге назар аудармай, артқа көз салмай, өзіміздің түнгі жарық көзімізді бетке ала отырып, үнемі алға жүру болды. Бұл ғалым мен жазушы ұлының «Жібек жолы» баспасының қызметкерлерімен он-жиырма жыл бойғы тығыз қарым-қатынасы еді. Бұл туралы ол бір кездері былай деген-ді: «Мұнда, «Жібек жолы» баспа үйінде ерекше атмосфера бар. Қызметкерлердің әрдайым жылы жымиып қарсы алуы және авторға деген ізгі қарым-қатынасы бірден баурап алады, бұл – өте сирек кездесетін қасиет, бұл – адамға деген шынайы көзқарас пен бағалаушылық. Роман-эпопеяның жаңа аудармасын шығаруды әлемдік және ұлттық классиканы дәріптеуде Қазақстанның оқырмандары алдында баға жетпес еңбегі бар «Жібек жолы» баспа үйінің жоғары кәсіби қызметкерлері жүзеге асырғанын ерекше атап өткім келеді».
Мұхтар Әуезовтің елу томдығын, Мұрат Әуезовтің барлық кітабын жарыққа шығару мен үшін таным мен қарым-қатынастың баға жетпес мектебі болды.
Мұрат Әуезов өмірінің басты кітабы – «Времен связующая нить» жинағын басып шығаруға дайындаған уақыт мәңгі есте. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында осы атаумен жарық көрген кандидаттық диссертацияға негізделген алғашқы кітаптың көлемі бар болғаны екі жүз беттей болатын. Ал 2016 жылы жарық көрген кітап көлемі 750 бетке өсіп, оған мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің өмірі мен тағдырына арналған бөлімдер қосылды. Менің ойымша, бұл кітаптағы автордың сүйікті бөлімдерінің бірі «Монисто» еді. Сондықтан болар, ол әдеттегідей өзіне тән ізеттілікпен кітап редакторы Светлана Ананьевадан осы бөлімді мұқият дайындауды өтінген еді.
***
Үш жыл бұрын маған белгілі кәсіпкер Тимур Тұрловтың атынан бір адам өтінішпен жүгінді. Бұл өтініштің мәні мынада еді: мемлекеттік қолдау мен қаржыландырудан тыс қазақ романын жазған жазушылар үшін жыл сайын берілетін «Mecenat» әдеби сыйлығын жариялау жоспарлануда екен. Олар осы ерекше байқаудың қысқаша шарттарын белгілепті. Байқаудың басты жаңалығы мен ерекшелігі жеңімпаздар өмір бойы ай сайын бес жүз АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып тұратын көрінеді. Конкурстың негізгі шарттары үшін қазақ прозасы саласындағы өткен ғасырлардың хрестоматиялық бастауларын қамтитын алдын ала дәл сараптама қажет екен, осылайша, жиырма бірінші ғасырдағы қазақ романының алғышарттарын белгілеу қажет еді. Өзімді күрделі сыншы және осы мәселенің маман-зерттеушісі деп санамағандықтан, бас тартуға тырыстым, бірақ байқаудың модераторы Ерлан Асқарбеков мені, айталық, үшінші кездесуден бастап, бұл әдеби процесс, әрине, ерекше және өзінің жаңалығына байланысты қызықты екеніне сендірді. Бұл ретте менің баспамда Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің елу томдық еңбектерінің толық жинағы және оның «Абай жолы» эпопеясының жаңа аудармасы екі рет шыққанын алға тартты. Осы баспа жобасының жетекшісі ретінде «ХХІ ғасырдағы роман» тақырыбына пәндік талдауды мен жасамағанда кім жасамақ. Мен болашақ әдеби байқаудың нақты бағдарларын анық білмесем де, ұзақ уақыт қолқа салғаннан кейін түбегейлі келісім бердім. Осының бәрін ескере отырып, қоштасарда, ең алдымен, Мұрат Әуезовпен кеңесетінімді айттым.
Мұрат ағаға хабарласып, онымен Ұлттық кітапхана кабинетінде кездесуге келістік. Ол мені мұқият тыңдады, содан кейін әдеттегідей үнсіз отырды да, сыпайылықпен сөз бастады: «Менің ойымша, бұл конкурсты ұйымдастырушылар сені осы сараптама үшін таңдауда қателескен жоқ. Сен он жылға жуық «Литературная газетаның» меншікті тілшісісің. Бір кездері Әнуар Әлімжанов та, мен де осы газеттің меншікті тілшісі болдық. Сен бұл игі істі жалғастырып келесің, Герольд Карлович екеуміз бір кездері осы тақырыпта сөйлестік, ол сен, Бақытжан, өлең жазумен қатар, уақыт пен кеңістікті сезінетін әдеби эссеист ретінде өзіңді тапқаныңды атап өтті. Бұл, біріншіден. Содан кейін неліктен эпопеяның аудармасына және жиырмасыншы ғасырдың тарихи романдарына жаңа көзқараспен қарамасқа?.. Байқап көр, жинақтал және іске кіріс! Мені осы ерекше істен хабардар етіп отыр. Жаңа ғасыр романын жазуда жаңа есімдер пайда болатынына сенімдімін. Бірақ өмір бойы ай сайын қаламақы алып тұратын болса, кейінгі жылдардағы байқаудың жеңімпаз авторлары бұдан былай ештеңе жазбайды деген күмән мен алаңдаушылық та бар… Өмір өзі көрсетер, қалай болғанда да, байқауды ұйымдастырушылар өздерінің қабылдаған міндеттемелеріне адал болып қалса болды, мен қаламақы мәселесін айтып отырмын. Жазушыларға шығармашылық өмірлерінде мемлекеттен тыс көмек көрсету – игі іс. Мен саған сараптамалық жазбаңнан кейін, екі-үш жыл өткен соң, алғашқы жеңімпаздар пайда болған кезде, тағы да тиісті талдау жүргізуге кеңес берер едім, біздің үмітіміз ақталды ма… оның негізгі тезисі осы болуы мүмкін, оны сен маған жазып көрсетерсің…» Міне, осыдан үш жыл бұрын болған әңгіменің ұзын-ырғасы, мазмұны – осы. Мен көп ұзамай осы ғасырдағы жаңа романның алғышарттары туралы сараптама жаздым. Өзімнің тағдырым мен өмірімдегі үлкен ағайым және ұстазымның осы байқаудың алғашқы жеңімпаздары анықталғаннан кейін эссенің соңғы бөлігін жазу туралы нұсқауын әрдайым есімде ұстадым.
Өткен жылы, тамыз айында, Талас облысында, Қырғызстанда болғанда осы сараптаманың алдын ала қорытындысын шығара бастадым. Бақытымызға орай, ландшафт сәйкес келді және бес-алты сағаттық жол менің ойларыма қолайлы болды. Мен Алматыда асықпай жалғастырамын, содан кейін бірінші кезекте Мұрат Әуезовке көрсетемін деп ойладым. Алайда біз солай ойлағанмен, Құдай мен көк құдайы Тәңірдің жазғаны болады емес пе. Бұл эссе мен әдеби зерттеулер «Мұрат Мұхтарұлы Әуезовті еске алу» белгісімен жарық көрді. Мен оның соңғы өсиеті үшін осы жадқа адал болуға тырысамын.
* * *
Бұл эссенің көптеген бөлімдерінде Мұрат Әуезов мәдениеттанушы, эссеист, осьтік уақыттың жиһанкезі, энциклопедиялық білім иесі, қолжазбалардың сандаған құпияларын ашудан бастап, Ұлы Қытай қорғанының сыртындағы саяхаттарға дейін, адамзат қауымдастығының атынан біздің тарихи болмысымыздың үзіктерін қалпына келтіруші бейнесінде айқын көрінеді. Біздің қарым-қатынасымыздың елу бес жылында, дәл Мұрат Әуезовше, тікелей және онлайн режимінде, көшпенді өркениет мифтеріне шындап еніп, болмыстың интонациялық кілтін тапқан көптеген қайталанбас сәттердің қатысушысы және куәгері болдым.

Осьтік кезеңнің жиһанкезі
«Егер күймеде білік болмаса,
Ол қалай жүреді?»
Конфуций
Мұрат Әуезовпен 1970 жылы мені Политехникалық институттың студенті Марат Балтабаев таныстырды. Ол сол жылдары «Айгүл» ансамблінің жетекшісі, ал Мәскеу мен Ленинградта оқыған кезінде «Жас тұлпар» студенттік қоғамының белсенді мүшесі болған, Қазақстанның қалалары мен ауылдарына көптеген сапарлар кезінде осы ұйымның музыкалық жағын басқарған. Ол Мұрат Әуезовтің ең жақын достары мен серіктерінің бірі еді. Марат Хамитұлы Балтабаев өз өмірін толығымен музыка саласына арнады, музыкалық бірқатар оқулықтардың авторы болды, кейіннен ғылым докторы, профессор, академик атағын иеленді. Алайда оның өмірі мен тағдырының басты туындысы Қазақстаннан тыс жерлерге де танымал болған «Айгүл» қыздар музыкалық ансамблі еді. Ал ол уақытта, студенттік жылдары, Марат Балтабаевтың өзі жас болған кезде, ол менен бірнеше рет спорт саласындағы және жатақханалық достарымен бірге көптеген студенттік қойылымдар мен дайындықтар кезінде гитара, саксофон және барабан арқалаған өзіміз құралпылас студент қыздардың жанында бірге жүруді өтінді. Бір сөзбен айтқанда, кеш аяқталатын сол кездесулерде әлсіз жынысты музалардың оққағарлары болдық.
Кейде сенбі және жексенбі күндері Марат Балтабаев мені қаланың шетіне, алма бағына шақыратын, онда көптеген «жастұлпарлықтар» футбол ойнаушы еді. Сол жерде мен Мұрат Әуезовті алғаш рет көрдім. Мұрат Әуезовпен көптеген жылдар бойы бауырластық достыққа ұласқан сол бір шақтарға және сол таныстыққа мұрындық болған менің жақын туысым Марат Балтабаевқа шын жүректен ризамын.
* * *
Бірде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан және Диар Қонаев төртеуіміз Шолпан-атаға демалуға бардық. Мұрат аға ерте тұрып, философиялық ойға оңаша берілу үшін көл жағасына барып, қармақпен кірпі балық пен шабақтар аулады. Содан кейін түс ауа Мұхтар Әуезов мұражай-үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті немесе толқындардың шуылы астында алау басында жай ғана әңгіме-дүкен құрды.
Тосордан кейін алыста биіктігі 6995-тен 7010 метрге дейін жететін Хантәңірінің кезбе шыңдарының керемет панорамасы ашылады. Таудың биіктігі құпия болып қала береді. Бұл Аспан иесі көбіне бұлттардың тасасына жасырынады. Тау қырғыз-қазақ шекарасында орналасқан, сондай-ақ Қытаймен шектеседі. Семенов-Тянь-Шаньский Жеңіс шыңын Хантәңірі деп қате болжам жасады, бірақ оған дейінгі мыңжылдық шежірелерінде де жақын жердегі бұл шыңдар шатастырылып келді, оларды Энильчек мұздығы біріктіреді.
Жергілікті тұрғындар Хантәңіріні «Кан-Тоо» – «Қанды тау» деп атайды, бәлкім, күн батқан кезде шың-тау оттай қызыл түске бөленетіндіктен, болмаса Хантәңіріні бағындыруға тырысқан құзға өрлеушілердің көптеген әрекеттері сәтсіздікке ұшырап, қаза тапқандықтан болар… «Тау шыңындағы молалар жоғары көтеріле алған алдыңғы альпинистерден қалған белгі іспетті. Шыңға әрбір жаңа аяқ басу осы бейіттер тізімін көбейтумен аяқталады. Сиямен жазу мүмкін емес, тек қарындашпен оның аты-жөні, келген күні түсіріледі… тағы бір жаңа қабір».
(«Қырғызстан» жолнұсқаулығы)
* * *
Бірде, Олег Ділмұхамедовтің туған күнінде, 30 тамызда, біз Мұрат Мұхтарұлы бастаған топ туған күн иесінің үйінде, жерге салбырай төгіліп піскен жүзім шоғырының астындағы жаппаға жиналдық. Олег Елтоқұлы Ділмұхамедов Мұрат Әуезовтің өтініші бойынша «Жібек жолы» эстетикалық орталығының бас директоры болып тағайындалды, мен оның әдеби-баспа қызметі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім, сонымен бірге Қазақстан Жоғарғы Кеңесі депутаты Мұрат Мұхтарұлының көмекшісі болдым. Олег – нағыз дала адамы, археолог, Ташкенттегі тарих факультетін бітірген. Ол Лев Николаевич Гумилевпен жақсы таныс болды, Санкт-Петербургтегі пәтеріне барып тұрды… Ол Мұрат Әуезовті пацифист кезбе Имант Андерсенмен таныстырды. Мұрат Мұхтарұлының тағы бір өтініші бойынша осы швед Андерсен туралы «Балқаш дастаны» (режиссері Рымбек Әлпиев) фильмінің сценарийін жаздым, бұл фильм Мұрат Әуезовтің монологтары арқылы Иманттың бейнесін де, Оңтүстік Балқаштың тарихын да ашып береді. Фильм Швециядағы халықаралық кинофестивальде танымал болды. Бірақ бұл бұдан бірнеше жылдан кейін болды және бұл кезең, былайша айтқанда, Кеңестер елінің «келмеске етіп бара жатқан дәуірі» еді.
* * *
Бірде, осы ғасырдың басында Мұрат аға өзінің күнделіктерін де, «Времен связующая нить» («Жазушы», 1971) кітабының бірінші басылымын да пайдаланып, «Қабуснама» сияқты кітап жазғысы келетін ойымен бөлісті. Бұған дейін оның «Иппокрена» кітабы жарық көрген, ол керемет шығармашылық формада еді. Күнделіктерінің бірнеше дәптерін көрсетті. Осыдан Мұрат Әуезов кітаптарының «Жібек жолы» баспасынан шығуына дайындық эпопеясы басталды.
Мұрат Әуезовтің «Времен связующая нить» кітабы жарық көргеннен кейін «Литературная газета» «Жиһанкез» атты шағын мақала жариялады, оған осы кітапқа жазған кіріспе сөзім негіз болды. Ал кітапты жарыққа шығару «Жібек жолы» баспа үйінде дайындалды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасынан бастап Қазақстанның мәдени, әдеби және саяси өміріндегі көптеген оқиғалар Мұрат Әуезовтің дүниетанымымен және өмірлік ұстанымымен тығыз байланысты. Бұл – «Жас тұлпар», ақын Махамбеттің «Тыйым салынған кешін», Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясын өткізу (Алматы, 1973 қыркүйек), номадизм феноменін зерделеу және түсіну, Қазақстанда аударма ісін жүйелі ұйымдастыру, «Невада — Семей» халықаралық антиядролық қозғалысын құруға және оның қызметіне қатысу, ЮНЕСКО-ның «Жібек жолы – диалог жолы» экспедициясы, демократия идеяларына қызмет ету және егемен Қазақстанның алғашқы жылдарынан бастап парламентаризм, дипломатиялық жұмыс, кино саласы мен телевизиядағы жұмыс және тағы басқалар… Мұның бәрі кітапта үйлесімді көрініс тапты, ол қасиетті беттері бойынша да, әлемнің кіші және үлкен істеріне қатысу векторлары бойынша да автордың өмірі мен шығармашылығының таңдауы болып есептеледі. Демек, бұл кітаптың альфасы мен омегасы – оның жердегі дүние есігін ашқан топырағынан, жиһанкездік кезінде қиындықты бастан өткеру, өзінің әлемдегі және өзіндегі әлемді танып-білу, ата-бабаларының, алыс және жақын адамдарының Отанына күш жинап, бекіп келу үшін. Біз бәріміз қайтып оралу үшін сапарға шығамыз. Бұл жағдайда кітаппен!
Ол құрлықтар мен елдер, кітаптар, қолжазбалар мен манскриптумдар арқылы, сонау жасөспірім кез бен жастық шақтан бастап өмірдің қуанышын бойыңа сіңіріп, көп өлшемді әлемнің бірлігін түсіне білді. Дала адамының құндылығын өзін-өзі бағалау сезімі арқылы қорғады. Ұлттық болмыстың тамыр жүйесі туралы сұрақ туындаған кезде либералды төзімділік шетке шығып қалады. Бұл – шығармасының беттерінен айқын және ерекше көрінетін автордың өмірлік ұстанымы. Мұрат Әуезов кітаптарының баспагері және оқырманы ретінде бұл кітап та дәл осылай әдеби, ұлттық, қоғамдық-саяси дәйексөздерге айналып, жомарттықпен таралып кететініне сенімдімін.
Көпшілік Мұрат Әуезовті өз идеяларының тек бастапқы сұлба-жобасын ғана жасайды деп айыптауы мүмкін. Алайда шырақты біреу тұтатуы керек, ал идеяның қызуын қолдап, одан әрі лаулата түсетіндер әрқашан жетіп артылады.
* * *
Мұрат Әуезовпен ұзақ уақыт қарым-қатынас жасаған жылдары мен оның бейнесін «Балқаш дастаны» (1990) және «Осьтік уақыт жиһанкезі» (2022) деректі фильмдерімде екі рет толық көрсете алдым. «Балқаш дастанында» (режиссері Р.Әлпиев, сценарийі менікі) Мұраттың монологы, содан кейін тақуа Имант (Ивонт) Андерсенмен диалог-әңгімелер Оңтүстік Балқаштың алыс өткеніне ретро-шолу арқылы тоқсаныншы жылдардың соңындағы Қазақстан өмірінің панорамасын берді, бұл уақыт құдығынан адам рухының білімі мен батылдығының жаңғырығы пайда болған кезде құмдағы жалғызбасты адамның ішкі әлемін, жекебасын және жеке көзқарасын ашуға қызмет етеді. Бұл – фильмнің монологтары, диалогтары және дикторлық мәтіні арқылы мүмкін болатын бейне тізбегі. Ықтимал нұсқалар төмендегідей көрініс береді.
Осы арада бірнеше метафораның сырына үңілу қажет. Қараойға апаратын жол – Ұлы Жібек жолының (Әлемнің шеті) солтүстік тармағы. Осыған сүйене отырып, фильм арқылы бұл жол өзіміз танып-білген швед Андерсен сияқты адамға апаратынын дәлелдеу керек. Оның жұмысының метафорасын да ашқан жөн. Ол қашарларды жабатын жабындылар жасайды, яғни табиғат сыйлары мен өнімі табиғат жаратылыстарын (қамыс пен қойлар) қорғау үшін қолданылады.
Осының бәрінен келе-келе біздің фильмнің сұлбасы айқындалады. Бұл – басты кейіпкердің белсенді пацифизмі, швед Андерсен және оны қоршаған аймақ өзінің өткенімен (археология) және бүгінімен (атомдық сынақтар, космонавтика, жергілікті халықтың қиын өмірі, экология), Боранды Едіге мен Андерсен арасындағы моральдық принциптердегі параллель, А.Г.Медоев пен Андерсен арасындағы параллель (мұны байланыстырушы өжек – олардың осы аймақтың өткеніне қарым-қатынасы), фильм авторлары мен кейіпкерлерінің басты кейіпкерге деген жеке көзқарасы. Мұндағы біріктіруші бастама –Мұрат Әуезовтің қатысуы.
Фильмде швед және қазақ ақындарының өлеңдері, осы халықтардың фольклоры, Дж. Фрейзердің «Алтын бұтақ», П.Т. де Шарденнің «Адам феномені» және басқа авторлардың кітаптарынан дәйексөздер берілді. Тіпті швед Андерсеннің қара бидай нанының бір үзімін еске түсірген кездегі мұңы сияқты деталь да фильмнің финалына өз үлесін қосады.
«Балқаш дастаны» тек бір адам туралы фильм емес. Бұл – Оңтүстік Балқаштың өткені мен бүгіні туралы, осы қатал аймақта өмір сүрген және өмір сүріп жатқан адамдар туралы, сіз бен біз туралы, біздің күрделі және өте қайшылықты дәуіріміз туралы фильм.

* * *
«Мұрат Әуез: осьтік уақыт жиһанкезі» деректі сұхбат фильмі мәдениеттанушы және осьтік уақыт жиһанкезі Мұрат Әуезовтің диалогтарына құрылған. Халықтың тарихи үнсіздікті жеңуі, сөзді пайғамбарлыққа, ал көшпенділер тарихының үнсіздігін тарихи жадыны азат ету симфониясына айналдыру әрекеттері бар.
«Осьтік уақыт жиһанкезі» фильмі Мұрат Әуезовтің соңғы алпыс-жетпіс жылдағы шежіресі мен өмірбаянына арналған. Игорь Крупко (фильмнің бірлескен авторы) екеуіміз ұзақ уақыт бойы неден бастарымызды білмедік. Көптеген көріністер, әңгімелер, сұхбаттар түсірілді, ал интонациялық кілт біздің шығармашылық арсеналымызда әлі болған жоқ. Міне, біз кездейсоқ Конфуцийдің дәйексөздерінің бірін таптық деп айта аламыз «Егер арбада білік болмаса, ол қалай жүреді?»
Мұрат Әуезов өзінің біліміне байланысты (ММУ жанындағы Шығыс тілдері институтының Қытай бөлімшесі) әлемді ұғынып-түсінуін Конфуциймен бірнеше рет салыстырды. «Осьтік уақыт жиһанкезі» фильмі осылай түсірілді, ол ҚР Ұлттық кітапханасы мен Мәдениеттерді жақындастыру орталығының сайттарында қойылған. Бұл фильмді АҚШ-тың шетелдік мәдениеттанушылары да сұратып алды.
Мұрат Әуезовтің тарихи тұлғасы оны түсінуге батылы барған кез келген адамды оның бойына біткен сөздің (әу баста бірінші жаратылған) сыйы арқылы ғана емес, сонымен қатар оқырмандары мен тыңдаушыларына тарихи жадтың қадір-қасиетін дарытатын хронологиялық жомарттығы арқылы да таңғалдырады.
Өткен 30 жыл ішінде ол кез келген әділетсіздікке қарсы дауыс көтеретін санаулы адамдардың бірі болды және болып қала береді. Оның «Сорос – Қазақстан» қорының президенті, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, «Азамат» қоғамдық қозғалысының көшбасшысы, М.О.Әуезов қорының төрағасы, «Рух-Мирас» мәдени альманағының редакциялық алқасының төрағасы лауазымындағы, «Ұлы Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» жобасын жасаушы ретіндегі көптеген бастамалары шынайы рух еркіндігі мен тарихтың қазіргі заманмен өзекті диалогінің құтқару кеңістігін құра отырып, елдің мәдени бет-бейнесін қалыптастырды.
Фильм 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ютуб арнасына қойылды. Фильмнің премьерасы ҚР Ұлттық кітапханасы мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығында өтті (Фильмнің авторлары: Бақытжан
Қанапиянов, Игорь Крупко).
Бұл фильм Швециядағы халықаралық деректі фильмдер фестивалінде (1991) жүлделермен марапатталды және АҚШ Конгресі кітапханасының бейнежазба қорына енгізілді.
* * *
2004 жылдың мамыр айында «Каспий: мұнай және мәдениет» экспедициясы өтті. Бұл экспедицияның мүшелері мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, жазушы Сәтімжан Санбаев, журналист Ғаділбек Шалахметов, кинорежиссер Амангелді Тәжібаев, тарихшы Марат Сембин, сәулетші және мүсінші Мақсат Нұрқабаев, фотограф Александр Павский және мен (ақын Бақытжан Қанапиянов) болдық. Ақтау, Атырау, Астрахань қалалары мен осы қалалар арасындағы кеңістіктер біздің маршрутымызға айналды.
Журналист және ақын Ғаділбек Шалахметов тамаша кітап дайындап, жарыққа шығарды. Ол «Каспий: мұнай және мәдениет» деп аталады. Бұл атау Мұрат Әуезовке тиесілі «Айдың арғы беті» кітабы тек ұлы мәдениеттанушы, философ және филолог Мұрат Мұхтарұлы Әуезовті еске алудан ғана тұрмайды, бұл кітап оған жақын болған көптеген адамдарды, осьтік уақыттағы пікірлестерін фрагменттік жадтан тыс, болмыстың толық тіні бойынша еске алады. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі біздің арамызда жоқ, бірақ олар біздің ұлттық кодымыздың жадында берік сақталды.
Марат Балтабаев, Сәтімжан Санбаев, Сырым Бөкейханов, Салихитдин Айтбаев, Тимур Сүлейменов, Болат Қарақұлов, Ғаділбек Шалахметов, Герольд Бельгер, Сейдахмет Құттықадам, Болатхан Тайжан… Біздің міндетіміз – оларды есте сақтау және ұмытпау!
* * *
Өмірінде соңғы рет өзімнің ұстазым Мұрат ағаны осы жылдың басында, оның әпкесі Ильфа Ілиясқызы Жансүгірованың қырық күндік асында көрдім. Бір үстелдің басында отырдық. Мен ол кісіге жазбаларым туралы айтып мазаламадым, көмекшісі Сандуғаш арқылы жіберетінімді айттым. Солай деп келістік.
Ал 14-нен 15 маусымға қараған түні қайғылы хабар келіп жетті. Маған «Хабар-24» телеарнасынан қоңырау соқты, ал таңертең мен Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен қоштасу сөзімді айттым.
Ал өзімнің жазбаларыма біздің Мұрат ағамыздың рухына арнап қосымшалар мен шағын этюдтер енгізе бастадым.
– Мен сенің прозаңа басқаша қарай бастадым, – деді Мұрат аға менің «Нан иісі» әңгімемді оқығаннан кейін.
Мұрат Мұхтарұлының басқаша көзқарасы, шамасы, осы оқиғаның метафорасын қамтыған болуы керек, онда, көбіне отбасындағы және балалық шағымыздағы тәрбиеге байланысты күнделікті жейтін нан біртіндеп және жайлап рухани нанға айналады.
* * *
Сексенжылдық мерейтойы қарсаңында Мұрат аға Бурабайдың жұпар ауасын жұту үшін «Оқжетпес» шипажайына демалуға барды. Шипажай орналасқан қарағай орманының шыңылтыр аязды күндердегі таңертеңгілік және кешкілік демі жаныңды сергітіп, көкірегіңді ашады.
Ерте балалық шағынан бастап ол жанға сая, дертке дауа бұл көркем өлкеде бірнеше рет болған. Алғаш рет өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Мұхтар Омарханұлының денсаулығын жақсарту туралы талабы бойынша аяқ басқан. Институтты бітіргеннен соң «Жас тұлпар» құрамында кездесулер өткізіп, дәрістер оқуға әрі кейіннен Азия және Африка елдері жазушыларының бесінші конференциясы кезінде шетелдік жазушылармен табан тіреген. Күндердің күнінде, демалыс уақытында, Астанадағы жұмыстан қол босағанда біз жүрдек пойызбен Бурабайға тартып кеттік. Онда атақты майбалыққа қармақ салып, балық аулау рақатына бөлендік. Ал кешке алаудың басында отырғанда Гуля бізге немесе біз оған қоңырау шалатынбыз. Мұрат Мұхтарұлы осы аңызға айналған жерлерде одан Ақанның әнін тікелей ұялы телефонмен айтуды өтінді. Отқа жанып жатқан бұтақ сытырының дыбысынан Гүлнардың дауысы ақырын, шынайы естілетін. «Қараторғай», «Маңмангер» және «Екі жирен» бір-бірін алмастырып жататын…
– Жерлестеріңе не айтайын? – деп сұрады Мұрат аға кетер алдында қоңырау шалып.
– Сәлем айтыңыз, әрине. Онда сізді қарсы алады және әдеттегідей сүр еттен дәм татырады, – дедім мен жалтара жауап қатып.
Шипажайға жақын маңда менің туысым, жылқышы Дәуке тұрады. Ол Бурабайдың төбелері мен шоқыларының арасында өмірге келген, ғұмыры осында өтіп жатыр. Інілерімен бірге жылқы үйірін бағып, өсіреді. Мен одан Мұрат ағамен кездесіп, Көкшетаудың сүр етінен дәм татқызуды өтіндім. Сүр ет – жергілікті қайыңның түтінінде ысталған жылқы еті, бірқатар ауруларға дауа.
Мұрат Мұхтарұлы көп ұзамай whatsApp желісі арқылы фотосуреттер жіберді, онда ол пышақпен сүр ет кесектерін қымыз, шұбат және орыс ұлттық сусыны – арақты ұрттай отырып қуана-қуана кесіп отыр екен…
Семей-Абай
2011 жылдың маусым айында, менің мерейтойым, алпыс жылдығым қарсаңында, қазақтардың рухани Меккесі – Семей, Бөрілі, Жидебай, Қарауылға екі-үш күнге барудың сәті түсті. Бұл менің, ең алдымен, Мұхтар Әуезовтің елутомдық, Шәкәрімнің екітомдық, Абайдың өлеңдері мен поэмалары, Жүсіпбектің, Сұлтанмахмұт Торайғыров кітаптарының басылымы аяқталғаннан кейін Мұрат Әуезовтің ата-бабалары алдында есеп беруім іспетті еді.
Эпилогтен тыс соңғы сөз
«Көшпенділер әлемі» және «Осьтік дәуір»
Мұрат Мұхтарұлы үшін көшпенді өркениет бостандықтың, күш пен тәуелсіздіктің символы, ал көшпенді халықтар шабыт пен күштің қайнар көзі болды. Ол «көшпенді архаика әлемі қазіргі қазақ мәдениетіне өзіндік ерекшелік пен бірегейлік беретін негізгі факторлардың бірі болып есептелетініне» толық сенімді еді. Онда халықтың нақты тарихи тәжірибесі, оның дәстүрлі дүниетанымы, этикасы мен эстетикасы, өнері қамтылған. Мұның бәрінде тұрақты қозғалыстың, үнемі орын ауыстырудың және олардың кеңістік пен уақытқа деген ерекше көзқарасының ізі жатыр» («Времен связующая нить», 2016). Динамика мен статиканың бірлігін көрсететін көшпенділік пен отырықшылық, оның түсіндіруінше, «болмыстың табиғилығы» болып саналады. Оның пікірінше, «көшпенділік қозғалыс өткеннің ғана емес, жалпыадамзаттық тарихтың әмбебап күйлерінің бірі болды және «адам және кеңістік» мәселесі қазіргі ұрпақ үшін де өзекті болып қала береді. Көшпенділердің көркемдік шығармашылығын рухтандырған Жол идеясы таңдау мен өзгеріс, кеңістікке жаңа қадам басу мәселесі соншалықты өткір және көп қырлы болған ғасырда архаикалық бола алмайды» (сол жерде).
М.Әуезов үшін «басқа халықтардың құндылықтарын» менсінбеу немесе қабылдамау арқылы өз мәдениеттерінің артықшылығына сенетін (әрине, адасып) жеке авторларға тән эгоцентризм қолайсыз болды. Менің ойымша, егер ол шынайы ақсүйектің өзіне тән тектілігімен оны қабылдамады деп айтсам, қателеспеймін, өйткені эгоцентризм тарихты бұрмалайды және мәдениеттердің байланысы тұрғысынан алғанда өте жағымсыз құбылыс.
М.Әуезовтің энциклопедиялық білімге, іргелі эрудицияға негізделген ауқымды (2,5 мың жыл) зерттеуінің бірегейлігі мен керемет тереңдігі, ерекше көркем тілмен баяндалған пікірлері таңғалдырады. Бір мақалада барлық зерттелген дәуірлерді – ежелгі түркі, қарахандықтар дәуірлерін, орта ғасырларды қамту мүмкін емес. Бірақ «бәрі бастау алған ядро» бұл – «осьтік дәуір», бұл – «тағдыры ХХ ғасырдың 30-жылдарында қайғылы аяқталған» көшпенді өркениеттің пайда болуы. Өзінің сөзінше, трагедия, М.Әуезовті көшпенділер өркениетінің басталуын іздеуге итермеледі.
Көшпендінің бейнесі мен рухы Мұрат Мұхтарұлының жүрегіне берік орныққанына сенімдімін. Менің «Жас тұлпар» қозғалысының тууы, оның негізін қалаушылардың бірі және көшбасшылары көшпендімен байланысты деп айтуға батылым барады. «Осьтік дәуір» «пайғамбарлар дәуірі» деп те аталады, өйткені М.Әуезов жазғандай, «бұл уақыт көптеген пайғамбарлардың пайда болуымен сипатталады. Ешбір тарихшы немесе мәдениет философы, егер ол осы кезеңдегі оқиғаларды елемесе, өз тақырыбы туралы тұтас түсінік бере алмайды. Карл Ясперс оған «осьтік дәуір» (б.д.д. 800 – 2000) рөлін беруі кездейсоқ емес. Ол «осьтік дәуірдің» беделді атауларына «материктер сияқты үлкен әлемдік діндердің, діни-философиялық жүйелердің символына» айналған адамдарды – Қытайдағы Конфуций мен Лао-Цзыны, Үндістандағы Будда, Персиядағы Заратустра, Палестина пайғамбарларын… жатқызады».
Тарихи фактілер біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасында Қытай үшін көшпенділер мәселесі өте өткір болғанын көрсетеді. Цинь, Чжао және Ян патшалықтарының солтүстік шекараларында көшпенді тайпалардың жорықтарынан қорғану үшін «қабырғалар салуы, кейіннен олардың Ұлы Қытай қорғанының тізбектеріне айналу» фактісі айқын дәлел.
Еуразиялық кеңістіктегі даму эволюциясы өз уақытында «Әлем осі» деп аталатын Ұлы Жібек жолының пайда болуы мен қалыптасуына әкелгені заңды шығар. «Әлемнің осін кім иеленсе, ол әлемге иелік етеді». Бұл туралы көп жазылған. Сонымен, ХХ ғасырдың басында Оксфорд университетінің британдық географы Х.Дж.Маккиндер «Тарихтың географиялық осі» атты мақаласын жариялады, онда осы «осьтік аймақты» (Сібірден Орталық Азия арқылы Шығыс Еуропаға дейін) кім иеленсе, сол әлемдік державаға айналатыны атап көрсетілген. Мақала ХХ ғасырдың геосаяси ойына үлкен әсер етті. Сондықтан замандастар мынаны түсініп, игеруі керек: қытай тарапынан басталған «Белдеу – жол» жобасы – бұл Жібек жолының үстінен үстемдік құру. Бұл – біздің заманымыздың шындығы және оны үнемі есте сақтау маңызды. Бұл әлемдік архитектоникадағы қиындықтар және ақаулармен бірге қазіргі геосаяси жағдайларда ерекше өзектілікке ие болады.
Қазақ халқының көрнекті ойшылының көп жанрлы және көп қырлы шығармашылығында, соның ішінде «Телеэссе» бағдарламалары циклінде, сондай-ақ басқа да сөйлеген сөздерінде, мақалаларында, біздің кездесулеріміз кезіндегі ұмытылмас әңгімелерде бізді баға жетпес жаңа біліммен толықтыратын түпнұсқа ойлар мен пайымдаулардың тасқыны қайнап, төгіліп жатыр. Онымен айтылған жоғары интеллектуалды әңгімелер адамның дамуы үшін тұрақты мәнге ие және үлкен эстетикалық ләззат дарытады!
Біз үшін аса қадірлі Мұрат Мұхтарұлын еске алуға арналған жарияланымды аяқтай отырып, мына дүниелерді айтқым келеді. Оның философиялық ойлары, соның ішінде халқымыздың өткені мен болашағы туралы пайымдары байыпты зерттеуді қажет етеді. Оның философиялық көзқарастарын, көшпенді халықтардың дәуірлік өркениеттік теориясының әдіснамалық негіздерін түсініп-ұғыну үшін көптомдық зерттеу қажет болады. Ол бүкіл Қазақстан халқына бай, шын мәнінде, баға жетпес шығармашылық мұра қалдырды, оны зерттеу ғылым, әдебиет және мәдениет өкілдерінен өте ұқыпты қарауды талап етеді.
Мұрат аға өзінің әкесі ұлы классик Мұхтар Әуезовтің есімін лайықты ақтап, жарқын да бақытты өмір сүрді! Керемет қасиетерге ие әрі терең адамның жарқын бейнесі достарының, серіктестері мен әріптестерінің, оның ерекше шығармашылығына жанкүйер жандардың жадында мәңгі сақталады.
Мұрат ӘУЕзов,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
«Мұхтар Әуезов қорының»
президенті
Үлкен кеңістік адамы
Бақытжан, саған екі мәрте рақмет. Біріншіден, сен қалыптасқан және өте үлкен жазушысың, гуманиссің, мен
Игорь Крупконың шабыттанып жазғанына өте қуаныштымын және қазір айтылған сөз – сенің шығармашылығыңдағы кемелдіктің дәлелі. Мен мұнда бірнеше рет болдым, мүмкін, Игорь Владимирович бұл жерде бірінші рет сөйлеп тұрған жоқ шығар, бірақ мен бірінші рет естіп отырмын және әртүрлі конференциялардың барлық болашақ қатысушылары үшін өте қуаныштымын. Бұл – Бақытжан әлеміне өте нәзік, терең және өте кәсіби тұрғыда ену.
Менің жастұлпарлық жылдардағы досым Марат Балтабаев сені біздің ортамызға алып келгеніне, бәлкім, елу жылдан астам уақыт өткен шығар… Біз, бұрынғы жастұлпарлықтар, алма бағында футбол ойнап жүргенбіз. Сөйтіп, Марат Балтабаев жас жігітті ертіп келді, ол ойынға қосылды, керемет спорттық қабілет танытты, содан кейін оның бокстан 1-разрядқа ие екенін білдік және т.б. Ал сол күні футболда жоғары шеберлік көрсеттік, сондықтан сені біздің ортамыз толығымен қабылдай бастады.
Одан кейін көптеген кездесулер, бірлескен сапарлар болды. Кеңістіктер өте әртүрлі еді: көлденең, тік, таулар арқылы және т.б. Сенімен біз әртүрлі экспедицияларды бірге еңсердік, көлік сынып, көмек қашан келетіні белгісіз болған кездерде жол бойында от жағып отырдық. Осындай алыс жолдарда, осындай кеңістіктерде де Бақытжан өзін өте жайлы сезініп, тәжірибелі саяхатшылар мен жиһанкездердің жүрегін жаулап алды. Маңғыстаудан Каспийді айналып өткен «Каспий: мұнай және мәдениет» сапарының өзі неге тұрады?! Ол – жолдың, үлкен кеңістіктің адамы. Жол адамды сынайды, мұнда тағы бір ерекшелік бар: дәл сол оттың басында мен Бақытжанды сол немесе басқа да экспедицияға қатысуға көндіре білгеніме қуаныштымын. Біз бәріміз оның өлеңдерін қуана тыңдадық. Таңғаларлық ерекшелігі бұл өлеңдер табиғи ортада қалай дәл және жақсы қабылданады.
Маған ағасы Сержанды және жалпы Қанапияновтар отбасын білу бақыты бұйырды. Бұлар – түп-тегінен ағартушылар. Әртүрлі дәуірлердегі ағартушылықтың мазмұны әртүрлі. Мысалы, экспансионизмнің табандылығының тартымдылығы. Біреу Франциядағы, Еуропадағы алдағы революция үшін бастарын тіккен. Ал менің ойымша, біздегі сенің әкеңе де тән ағартушылық бұл – алашордалықтардың, Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы ағартушылық және ақыр соңында бұл – «Зар заман» ағымы ақындарының өлеңдерінде өте ащы түрде айтылған үрей мен қорқынышты дабылдарға жауап. «Зар заман», яғни «келе жатқан кер заман» әдебиетіндегі апокалиптикалық бағыт. Сол кезде «Болу керек пе, жоқ бордай тозу керек пе?» деген мәселе туындады. Абайды сол мәселелер алаңдатты. Олардың көкейінде сұрақ туды, олар өз халқының болашағына күмәнмен қарады. Абай іздеп, жауап тапты. Әрине, алашордалықтар мен ұлы мектеп, ұлы руханият, алашордалықтардың ұлы батылдығы бар жерде «қуатты білім», «міндетті білім» тәрізді компонент іске қосылды, бұл –ренессанстық «сегіз қырлылық, бір сырлылық». Абай – көп білетін және сол кездің шындығын терең түсінген ақын. «Болу керек пе, жоқ бордай тозу керек пе?» осындай өткір сұрақ тұрды. Бұл дәстүр біздің поэзиямыздың, шынайы поэзиямыздың және әдебиетіміздің қандай да бір ерекшелігінен хабар береді. Өмір сүру үшін жоғары білім болуы қажет. Бақытжан бұл дәстүрмен органикалық бірлікте. Себебі тәрбиесі, қоршаған ортасы және гені осындай, былайша айтқнда, педагогикалық, ағартушылық жоғары деңгей, жоғары тектілік қасиеттер бойында бар.
Мен атап өткім келетін екінші нәрсе, иә, бұл – ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық. Міне, Игорь жетпісінші жылдың ұрпақтары бір нәрседен алыстап кеткенін жақсы айтты. Сен былайша айтқнда, олардың деградациялық жағдайларынан айналып өттің. Сенде бұл қасиет өте керемет, сенің тірегің – сол.
Мен тағы бір нәрсені атап өткім келеді. Ол –төзімділіктің патриоттық күші. Сенің шығармашылығыңның табиғатына, Бақытжан, менің ойыма осы сөздер дөп келеді. Басқа мәдениеттерді өздерінің туғанындай қабылдау. Бұл шынайы, өте ізгі, өте жоғары адамгершілікті толеранттылық гуманизнен ауытқу, өркениеттік принциптерді жоғалту кезінде өте маңызды. Бұл – сенің шығармашылығыңның зор күші. Бақытжан, жапон әскери тұтқындары туралы жазғаныңдай, Балқаш жағалауында тұратын швед Андерсонды қалай жақсы түсіндің және т.б. Сенің жүрегің үлкен, ол әрине, Чернобыль және басқа да нәрселерді сыйғызады, сонымен бірге ол өте органикалық. Бұл отбасынан дарыған ба? Бұл арада мен ең әуелі сенің бойыңдағы екі бастау туралы баса айтқым келеді. Ол ағартушылықтан, шыңғысидтерден, төреден, батырлардан дарыған, өйткені қазақ эпосында адам батыр деп танылуы үшін ол «жеті қырдан асып, жеті жұрттың тілін білуі» керек, яғни сен жеті жотаны еңсердің де, жеті ұлттың тілін де білесің. Жеті – көптіктің символы. Тек нағыз батырлар, жердің батырлары оны қорғаушылар болуы мүмкін, олар төзімді болды, өйткені көшпенділермен араласа отырып, оларды қоршаған кеңістікте көптеген халықтар өмір сүрді. Бұл екі бастау сенде өте жақсы ұштасқан. Толеранттылықтың табиғи, қарапайым батылдығы мен патриоттық күші – мұның бәрі сенің бойыңда толығымен бар.
Сондықтан қымбатты досым, сен табиғат пен аспаннан дарыған қасиетті үлкен абыроймен алып жүрсің, сен жолды, аспанды, тауларды керемет сезінесің. Біз бұған әрқашан көз жеткізгенбіз. Сен оттың жылуын, қазанда қайнатылған қодас етінің дәмін және осындай керемет пейзаждарды жақсы сезіне аласың. Сонымен қатар сен төрелік қасиетті лайықты түрде алып жүрсің, мұны сен атап айтқанда, бойыңда тәкаппар төреліктің жоқтығымен айғақтайсың. Бұл – өте адами қалыпты, өте гуманистік, шексіз күшті қасиет, ол көптеген адамдар мен таптардың үйлесімін сақтай алады. Мысалы, сенің барлық қызметкерлерің «Жібек жолы» баспа үйінің ерекше атмосферасын құрайды. Оларға табалдырықтан аттаған кез келген адамды әрдайым жылы жымиып қарсы алу тән. Бұл – қызметкерлердің бастығына деген сүйіспеншілігі және жалпы сирек кездесетін қасиет шынайылық пен адамға деген ізет.
Бақытжан, 70 жас дегеніміз – керемет жас! Бұл алаңдартарлық етсе, біз жаңа кітапхана саламыз. Жаза бер, жаңа шығармалар тудыра бер, сенің эсселерің керемет. Есіңде ме, Шыңғыс Айтматов қайтыс болғанда, бұл хабарды екеуміз сенің Астанадағы пәтеріңде түнде естідік. Біз бұл хабарды жанымыз жабырқай қабылдадық, оған жауап қаттық… Керемет мақалалар, эсселер, ол не нәрсемен айналысса да, «сегіз қырлы, бір сырлы» жан болды, ол – ренессанс адамы, мен ренессанс адамдарының мейірімді екеніне қуаныштымын. Кім шынайы ренессанс өкілі болса, кімнің бойында ерен шабыт болса, сол мейірімді адам. Ол ешқашан жолда қабақ шытпайды (есімде, Балқаштан қайтып келе жатқанда ол жерден жол тауып шыға аламыз ма, жоқ па, мүлде беймәлім еді, ол әзілдеп, анекдоттар айтты, өлең оқыды, бұл өте керемет болды). Ол өзінің қаламымен және шығармашылығымен осы әлеммен, оның қуанышымен, қайғысы және сынақтарымен теңдессіз теңдестікте бола білді.
Мен үшін бүгінгі кеш өте сүйінішті оқиға, ол керемет өтіп жатқанына қуаныштымын және де кітапхананы, Бақытжамалды бүгін оларда осындай жандар қонақ болып, орталары толуымен құттықтаймын.
Туған күніңмен, інішегім!

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ
Аударған Балжан ХАБДИНА