Бақытсыз қоғамның «Бақыты»
09.03.2023
788
0

Жетпіс екінші Берлин Халықаралық кинофестивалінің «Панорама» бөлімі бойынша бас жүлдені жеңіп алған «Бақыт» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Продюсер Баян Мақсатқызы мен режиссер Асқар Ұзабаевтың туындысы қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтерген. Фильмнің алғашқы көрсетілімі Kinopark 11 IMAX ESENTAI кинотеатрында өткен. 

       Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын төрт жүзге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Бұл зорлық-зомбылық әрекетін жасырып, жабатындар да көп. Фильмнің продюсері Баян Мақсатқызы «Хабар» арнасына берген сұхбатында: «Бақыт» көркем фильмі ең алдымен қоғамның оянуына түрткі болады деп ойлаймын. Тұрмыстық қысымға көз жұма қарауды тоқтатудың басты триггері десек те болады. Бұл киноны көргеннен кейін әр адам ойланады. Тіпті жәбірлеушінің көзқарасының өзгеретініне күмән жоқ», – дейді.
«Бақыт» фильмі бір отбасындағы жылдар бойы жалғасқан тұрмыстық зорлық-зомбылықты баяндайды. Фильмде басты рөлдерді сомдаған актриса Лаура Мырзахметова мен актер Ерболат Әлқожаны аз-кем әңгімеге тарттық.

Лаура
Мырзахметова:
Өзім ондай отбасылық зорлық-зомбылық жағдайын басымнан өткізбегендіктен, рөл сомдауға үлкен дайындық пен жауапкершілік керектігін ұқтым. Сол үшін де көптеген фильмдер, шизофрения диагнозымен ауыратын жандардың сұхбаттарын көп қарадым. Режиссердің тарапынан да көп қолдау көрсетілді.
Бұл фильм туралы мың адамда мың түрлі пікір болады ғой. Дегенмен көрерменнің басым көпшілігіне ұнады деп ойлаймын. Өйткені алғыс айтып, «керек тақырыпты қозғаған, ащы шындық көрсетілген, сіздің батылдығыңызға рақмет, осындай фильмге келісім бергеніңізге» деп жекеме жазып жатты. Сын айтқандар да болды. Фильмді көргендер арасында үлкен пікір-талас болып та жатты. Әркім өз деңгейінде шешім шығарып, ой түйеді.
Бізде көбінде еш мәселесі жоқ отбасын насихаттайтын пафосқа толы, пропагандалық фильмдер көп екені рас. Ондай сериалдарға түскенмін. Ол енді телеарналардың талабы шығар. Негізі біз ертегіге көп сенеміз ғой. Сондай дүниелерді көп көрсек, шаршағанымыз басылады деп ойлаймыз. Бала-шағаның қамын ойлап жүрген халық «Бақыт» сияқты дүниелерге басын ауыртқысы келмейді. Неге? Өйткені өз проблемасы басынан асып жатқан адамға ондай нәрсені ойлауға, шешуге, тіпті көруге де уақыты жоқ. Көрген күнде де шындықты мойындағылары келмейді. Ащы шындықты қабылдағылары келмейді. Іштерінен мұның дұрыс емес екенін біліп тұрса да.
«Ой Баян өз өмірін түсіріпті ғой», – деп жатты. Бұл жерде мәселенің түп-тамырына үңілмейді, үстірт қарай салады. Өмірде ондайды естіп, көрмегендей: «Ойбай, боқауыз, ұятсыз жерлері бар ғой», – деп өтірік ұялып қалатындары тағы бар. Сондағы түйгенім – «сен тимесең мен тиме», бұл дүниелер бастысы менің басымда болып жатқан жоқ» деп ойлайды. Кейін өзінің немесе қызының, сіңлісінің, әпке-қарындасының басына мұндай өмір, мұндай тағдыр келмейтініне сенімді. Болашақты ойлаған адамға бұл фильмнің берері көп.
Қазір киноны бизнес қылып алғандар да бар. Театр, кино – ол өнер. Сол өнерімізді аяқасты етіп, арзандатып, сапасыз қылып жіберген сияқты. Сапасыз дүниенің ғұмыры қысқа ғой. Бүгін көрді, ертең ұмытады. «Бақыт» фильмін көргендердің көбісі бізге осындай да фильм керек, комедиядан шаршадық деп жазады. Расымен де халық арзан дүниеден шаршады. Қазіргі көрерменнің талғамы, деңгейі өскенін осы «Бақыт» фильмінен кейін байқауға болады. Киноның ортасында көп ер адамдар шығып кетіпті дейді. Сол шығып кеткендерден «неге шығып кеттіңіз?» деп сұрағым келеді.

Ерболат Әлқожа:
Маған «Бақыт» фильміндегі образды сомдау әрине, ауыр болды. Себебі ол фильмде жай ғана бір образда жүрмейсің. Ол адам қоғамда, жұмыс орнында, көшеде басқаша, үйде басқаша. Және оның фильмнің аяқ жағында кемтар болатын тұсы бар. Осы үш образды жасап шықтым, өте қызық болды. Сосын барынша кірісіп, жанымды салып ойнауға тырыстым.
Маған көмектескендер көп болды. Кинодағы әйелім болып ойнайтын Лаура Мырзахметова, қызым болған Алмагүл Қазиқан, әпкем болған Шынар Жанысбековалар көп көмегін тигізді. Режиссер Асқар Ұзабаев пен кастингтегі Меруерт Есен және де сол туралы мағлұматтармен қамтып отырған сценарист Әсем Жәпішеваның да көрсеткен көмегі көп.
Бізді фильмді түсірерден он-он бес күн бұрын Балқашқа алып барды. Мен жеке үйде тұрдым. Мұз боп қатқан Балқаштың үстімен жүрдік, араладық. Жергілікті адамдармен таныстық. Мұның бәрі – сол жерді сезіну, сіңіру үшін жасалған жұмыс еді. Ал енді түсірілім барысында біраз қиындықтар болды. Соның бірі – әйелім мені балғамен ұратын сахнада балғаның сабы тиіп, басымнан зақым алдым. Құсқым келіп, басым айналып, ісіп кетті. Келесі сахналарды ойнауға әрең тұрдым. Сондай қиындықтар болды.
Жалпы мен сомдаған әке рөліндегі адам таза екіжүзді еді. Ел алдында және қызына өте жақсы болып көрінеді. Бірақ шешесі мен әпкесінің алдында бейшара бір адамның хәлінде. Әйеліне аждаһадай заһарын төгеді. Осындай үш түрлі адамның мінезін ойнап шығу маған өте ауыр болды. Өйткені кейбір сахналарда эмоцияны бере алмаған кезде режиссер оның өз деңгейіне жетпейінше қайталап түсіре беретін. Сол үшін барымызды салдық.
Бұрын ағаларымыздан: «Бәленше деген актер бір рөлге кірген кезде осынша уақыт шыға алмай жүріпті», – дегенді естуші едік. Өзім «бұл не деген сандырақ» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, өз басыңа түспейінше сенбейді екенсің. Образға кіргеннен кейін соған өзіңді сендіру керек. Сонда шынайы шығады. Өзіңді сендіргеннен соң одан арылу өте қиын екен. Мен сол образға кіргеннен алты айдай шыға алмай жүрдім.
Фильмді көрермен мен ойлағаннан да жақсы қабылдады. «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанды Асанәлі ағамыз ойнағанда ауылдағы кемпірлер бетіне түкіріпті деп естуші едік. Сол сияқты мені де бірден жек көріп, бетіме түкірер ме екен деп ойлап едім. Жоқ, керісінше, кинода өздерінің ұнатқан эмоцияларын анық шығарып отырды. Сосын бұл фильмде бір ауыз орысша сөз жоқ. Сонда да орыстілді көрермендерге түсінікті болды. Кино қойылып біткеннен кейін көріп шыққан адамдар келіп қолымды алды. Жылап тұрып құшақтағандар болды. Біраз әйел адамдар: «Біз сізді көрсек, қорқамыз, жек көреміз!», – деді. Бірақ көп адам «осы образды сомдағаныңызға, алып шыққаныңызға рақмет» деп алғысын білдіріп жатты.

Дайындаған
Ырысбек Дәбей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір