ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНЕН
18.08.2017
1602
0

Әлем әдебиеті алыптарының бірі, немістің ұлы ақыны Йоганн Вольфганг ГЁТЕ (Johann Wolfgang von GOETHE) 1749 жылғы 28 тамызда Майндағы Франкфуртте дүниеге келген. Оның шығармаларыАбай аудармаларынан бастап («Қараңғы түнде тау қалғып») күні бүгінге дейін қазақ оқырмандарының жүрегіне жол тауып келеді. Талантты тәржімашы Медеубай Құрманов әйгілі «Фаустты» кезінде неміс тілінен тікелей қазақ тіліне аударған болатын. Назарларыңызға классик ақынның жаңадан аударылған екі өлеңін ұсынып отырмыз.


Тапқаным
(Gefunden)

Мен келемін көп бөгелмей,
Қалың орман төрінде.
Жоқ іздеген ештеңем де,
Бар тілегім – сейілдеу.

Көлеңкеде нәзік гүлді
Көзім шалды шеттен бір.
Жұлдыздайын жарық, нұрлы,
Жанардайын мөп-мөлдір!

Қарамаққа қолға алып мен,
Үзбек едім, сол уақта
Күбірледі ол: «Жаралып па ем,
Үзілмекке, солмаққа?».

Түп-тамырын аялап-ақ,
Жайлап қазып алдым да,
Әкелдім мен саябаққа
Әсем үйдің алдына.

Жерсінді ме топырағын,
Жайлы, тыныш бұл маңды, —
Жайды да ол жапырағын,
Жайнай түсіп, гүл жарды!

Миньона
(Mignon)

Білемісің сен бір елді лимондары гүлдейтін,
Алтын шоқтай апельсинін жел-жапырақ үрлейтін.

Көк аспанның жібек желі есіп-есіп дамылдар,
Мирт ағашы тынши қалып, асқақтайтын лаврлар.

Сол бір елді білемісің? Білмей жүрсең егер де,
Сүйіктім-ау, барайықшы, қалайықшы сол елде!

Анау үйді білемісің? Ұстындары сән құрып,
Жарқыраған залдары бар, мекен-жайдай мәңгілік.

Мәрмәр мүсін паш еткендей жалғандығын жалғанның:
«Көкешім-ау, жүрегіңе өшпес жара салған кім?».

Сол бір үйді білемісің? Білмейсің ғой, әрине,
О, жебеушім, барайықшы, қалайықшы сол үйде!

Мына тауды білемісің? Тау тұманын өгіздер
Мүйізімен серпіп тастап, өрге қарай жол іздер.

Үңгірлерді айдаһардың жеті атасы жайлаған,
Жартас құлап су астына, тұңғиықты бойлаған.

Сен осыны білемісің? Тартса-дағы жол қайда, –
Әкетай-ау, жүрейікші, тұрайықшы шалғайда!

Неміс тілінен аударған
Төрегелді Тұяқбай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір