Менің анам
Анам туралы жазбас бұрын біраз ойланып, толғандым, бұл жайында әдебиетте қандай үлгілер барын іздеп, зерделеп көрдім. М.Горькийдің ана туралы толғаныстары да, белгілі қазақ сөз зергері, бұл тақырыпта жазудың үлкен шебері Ғ. Мүсіреповтің ана туралы аңыздары да «сыйласақ, құрметтесек, құрметтейік те ананы» деген ойды шегелеп, бекітіп, тағы да еске салғандай. Мен де анамды еске алып, толғасам, оның рухына басымды игенім, оған деген құрметім болмақ. Ол – өте қарапайым жан, бірақ қиын да қилы, өзінше қызық тағдырдың иесі.
1.
Құдайдың құтты күні таң алагеуімнен тұрып алып, жұмысқа барғанша үйдегі біраз шаруасын күйттеп, біздің таңғы асымызды да әзірлеп, сонан соң бәрімізді бір-бірлеп оята бастайды да:
– Әй, қарғаларым, тұрсаңдаршы, тамақтарыңды беріп кетейін, жұмыстан қалам ғой, – дейді ол зілсіз ғана.
Анамыздың бізді аялаған осы даусын естіп алдымен мен атып тұрам, сонан соң Сүлеймен інім ояна бастайды. Шала ұйқылы қарындасымыз Айнагүлді де төсегінен тұрғызып үстелге әкеп отырғызатынбыз. Балаларының тамақтанғанын көріп, көңілі жайланған ана жұмысына аяңдайтын. Содан ол күн ұзаққа қызылшада болады. Шаршап, шалдығып кеш бата әрең жететін үйіне.
Отызға жетер-жетпес жасында ерінен айырылып, жесір қалып, қиын тағдырды басынан өткізуіне тура келген анамыз өлместің күнін ойлап, кеш жатып, ерте тұрып, күндіз-түні тыным көрмей жұмыс істеп, бізді жеткізудің, сақтаудың қамына кіріскен еді. Әкем қайтқанда, мен – алтыда, інім – төртте, қарындасым – екіден сәл асыңқыраған-ды. Яғни бәріміз де буыны бекіп, бұғанасы қатпаған баламыз, қатты-қайырымға жарамаған кезіміз. Сондықтан үйдегі бар ауыртпалық бір ғана анамыздың мойнына түсті.
Әкем Әбікен Асанбай мен шешем Бипа Әбденбайқызы бір-бірін тауып, көңілдері жарасып, аз ғана жыл бақытты өмір сүрді. Балалы-шағалы болды, біздер дүниеге келдік. Әкемнің жоғары білімі болмаса да, хат танығандығының, ақыл-парасатының, зор өмір тәжірибесінің арқасында ел басқарды, шаруашылық тізгінін қолға ұстады. Ол соғыс жылдарында Алматы төңірегіндегі «Менжин» колхозының председателі болды. Біраз жыл шаруашылық басқарғаннан кейін әлдекімдердің көрсетуімен «істі» болып, ол жұмыстан босайды да, басының амандығы үшін күресуіне тура келген. Ері абақтыда отырғанда шешем оның айтуымен Алматыдағы бірқатар белді мекемелердің есігін қағып, ондағы әкемнің жүз таныстарымен кездесіп, сөйлесіп, олардан көмек сұрап, жарының кінәсіздігін дәлелдейтін қағаздар әкеліп, зыр жүгірген екен. Ол оны бізге мұндаға дейін айтып келді. Аққа Құдай жақ деген ғой. Ел сыйлаған, кісілік қасиетін жоғалтпаған адам болғандықтан әкем бұл «пәле-жаладан» да құтылып, қалған уақытта колхоздың қарапайым күзетшісі болып өтіпті өмірден.
Өзінің арқа сүйер азаматынан айырылған анамыз бастапқыда есеңгіреңкіреп барып, есін тез жиды. Ол «ерден жас қалдым ғой» деп уайымдамады, өзін ойламады, біз үшін өмір сүрді, бізге нан тауып беріп, аяғымыздан тұрғызу үшін жұмыс істеп, тер төкті.
Сөйтіп, анамның өміріндегі ең қиын күндер өтіп жатты. Оны бала болғандықтан біз байқамадық. Сол күндердің бірінде біздің үйімізде бір ер адам пайда болды. Ол – Талдықорғанның ар жағындағы Ақсу елінен екен. Шамалғандағы «Школа десятников» деген құрылыс мамандарын даярлайтын орта кәсіптік білім беретін мектепке оқуға келіпті. Аты-жөні Төлеген Қасымұлы, руы – Найман, оның ішінде Матай болып шықты. Сол адам оқуын бітіргенше біздің үйде тұратын болды. Әрине, тегін емес, пәтер ақысын төлеп дегендей. Оның берген ақшасы «аз да болса көмек қой» деп ойлаған болуы керек анам да. Күндер өте келе бұл бейтанысымыз бізге жақын бола түсті, балаларды жақсы көретінін байқатты, шешеммен де әзілі жарасып, жақындасып бара жатты. Ер бала болғандықтан ба, бірінші рет менде «қызғаныш» сезімі оянды. Шешеме жақын отырған бір сәтінде оқтауды ала салып басынан тартып жіберіппін. Бұл оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Абырой болғанда басы қанамай, оқтаудың ұшы тиген жері домбығып, ісіп кетті. Шешем де, ол да состиып тұрып қалды. Не істерін білмеді-ау деймін, ұрыспады, ұрмады. Содан бастап ол біздің көзімізше онымен орынсыз қалжыңдаспайтын болды.
Өмір деген қызық қой. Сол адаммен біздің тағдырымыз қосылады деп ойламаған едім ол кезде. Олардың жәй таныстығы, достығы махаббатқа ұласып, екеуі бір-біріне тілекші болып, сөз байласады. Анамның жаңа танысына сеніп, оған өз тағдырын табыстауы да, ал бізге әке болған адамның оны жар етіп алып, үш баласын қоса (Тұрсынай әпкем бұл санға кірмейді, ол шешемнің әпкесі Бибі апаға берілген бала болғандықтан соның қолындағы қыз еді) бауырына басуы да ерлікпен пара-пар іс еді. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезі тұрмақ, дәл осы уақытта да кез келген адамның мұндай қадамға бара бермесі анық. Бала болсақ та «бұл өзі жақсы адам болды ғой» деп ойлап, біз де шешемізбен бірге оның соңынан ердік.
Бұл сапарға аттанбас бұрын анам өз әулетінің үлкендері – әпкесі Бибі апаммен және жалғыз бауыры Нүсіп атаммен сөйлесіп, ақылдасты.
– Ешқайда бармайсыңдар, осында боласыңдар, – деп айта алмады олар.
– Азаматқа сенейік, уәде беріп отыр ғой, – деді атам.
Ашаршылық жылдары үш бірдей қарындасын жетелеп, әлсіздіктен жүре алмай қалған менің шешемді арқасына салып көтеріп, талғажау етерлік тамақ іздеп сабылған, солай күнелтіп, туғандарын аман алып қалған нағашы атам бұдан өзге шешімге бара алмапты. Әрине оны да түсінуге болады. Өзі жарым жан, аурулы әрі шиеттей сегіз баласы бар адам олардан асып бізге қол ұшын бере алар ма еді? Сондықтан да анам артына қарайламай, алдағы күнге үміт артты. Мұны естіген ауыл ақсақалдары да тыныш жатпай, наразылық білдіре келді. Солардың ішінде Төлепберген қарттың ойлы сөзі есімде қалыпты.
– Келін шырағым, бұл жолға бекінген екенсің, бірақ мынаны да ойла. Әбікен ел сыйлаған азамат еді, жақсының тұяғын жетілдіруді мойныңа аласың. Үш балаңның көзінің жасы төгілер болса, ол сенің де аяғыңа шөңге қадалғаны деп білер-
сің, – деді ол.
Анам бұл кеңесті тыңдап, көзінің жасын сығып алды. Оның айтуына қарағанда, біз ержетіп, өскенше ол осы сөзді ұмытпай, жүрегінің түкпірінде ұстапты.
2.
Ол кездегі біздің туған жеріміз – Шамалған селосы қазір Үшқоңыр ауылы аталады. Сол Үшқоңырдан шыққан шағын көшіміз Алматы асып, Талдықорғанға бағыт ұстап, одан әрі Ақсу өңірінің «Молотов» колхозына (кейін ол «Қызылтаң» совхозы болып құрылып, енді Ойтаған ауылы болып отыр) келіп тоқтады. Бұл – екінші әкеміздің туып өскен елі, жұмыс істейтін жері екен. Оның қазақтың ақиық ақыны, «Ағынды менің Ақсуым» деген жырлаған Ілияс Жансүгіровтің де ауылы екенін кейін білдім. Өйткені, ол кезде оның атын айтуға болмайтын еді. Бала кезімде-ақ қолыма қалам алып, бірдеңелер жаза бастауым, өлең шығаруым, одан соң біржола журналист жолын таңдауым сол бір ұлы адамға еліктеп, әсер алуымнан да болса керек.
Бөтен жер, өзге ортаға сіңіп кету де оңай болмады. Оның үстіне бұл әкеміздің шешесі – Сақыпжамал апай сұсты да адуынды, баласына айтқанын орындататын, «әй» десе ысқырығы жер жаратын жан екен. Бұрынғы келіні кететін болған соң (баласымен ажырасқан сияқты), оның тұлымшағы желбіреген үш жасар ұлын алып қалып, бауырына басыпты. Барған үйімізде жаңағы қара кемпірдің айтқаны заң, ал оның немересінің аты озық болатыны көрініп тұрды. Мұны байқаған Зияда әжем (ол – шешемнің туған анасы еді, бізді көшірісе келген) қызына сыбырлап: «Қой, Бипа, бұл елге үш балаңмен сыймассың, екеуіне ие болсаң да жарар, үшіншісі нағашысында өссін әрі онда мен бармын ғой», – деп менен кішірек әрі жігерлірек Сүлейменді өзімен бірге алып еліне қайтты.
Ал анам болса, отыздан асқан шағында келін боп түскен жеріне тастай батып, судай сіңудің жайын ойлады. Бәрі де біздің қамымыз үшін еді. Ұнатып алған жарымен қоса, оның балаларын да бауырына басып, әкелік қамқорлығын көрсете бастаған адамды ендігі жерде «әке» деуімізге тура келді. Сол әкеміз оқу бітіріп, құрылыс маманы болып оралған соң колхоз оны алыстағы малды ауылда құрылыс жұмыстарын жүргізуге жұмсады. Шопандар үшін үй салу, жаңа мал қораларын тұрғызу қажеттігі туған-ды.
Бірақ алыс ауыл – Құрақсуда мектеп жоқ еді. Мен бастауыш сыныптарды колхоздың екінші бөлімшесі Үлгіліде оқып бітіріп, бесінші сыныптан бастап Қазақ темір жолы бойындағы үлкен бекеттердің бірі – Матай станциясындағы № 258 ортақ мектепке ауыстым. Онбір жылдықты да осыннан бітірдім. Матай Үлгіліге қарағанда әке-шешем тұрған жерге бір табан жақын еді. Әр сыныпты тауысып, жазғы демалысқа шығысымен ауылыма – анама, бауырларыма асығатынмын.
Бұл әкем құрылыс сала жүріп, азын-аулақ мал жиып, өсіре отырып, шаруасын біраз оңдап алды. Біздің үйімізде төрт-бес сиыр сауылып, 20–30 шақты қой ұстадық. Жейтін тамағымыз бар, ақ та мол болды. Маған да, шешеме де жұмыс табылды. Мен күнде уақ малды өріске шығарып жайып, кешке үйге оралғанымда шешем сиырларын сауып болып, бәрімізді тамақтандырған соң сеператормен сүт тартуға отырады. Одан кілегей алып, май шайқайды. Бұл жұмысы түннің бір уағына дейін созылатын. Анам ұйықтамас үшін ыңылдап ән салады. Елін, жерін, алыстағы әкпе-бауырларын сағынады білем, әні кейде мұңды әуенге ұласады. Байқаймын, бұл Сақып апаға ұнамайтын сияқты. Ол ара-тұра дауыс көтеріп «Сұңқылдама, өшір үніңді» деп қояды. Шешем «жым» болады. Бұл оның үлкенді сыйлаған әдетінен бе екен, әлде енесінің оны өзіне қарсы сөйлетпей, ықтырып, бағындырып алғандығынан ба, білмедім.
Ол өзі бір ешкімге ұқсамаған мінезі бар, бір қарағанда түсі суық жандай көрінгенмен, сөзге тоқтай білетін, өзгенің де ақылына құлақ асатын жаман да адам емес еді. Соған куәлік боларлық бір жай есіме оралып отыр. Алыстағы малды ауылда жүргенімізде Нұрмұхамбет деген бір жақсы ақсақал көршіміз болды. Сақып апаның мінезіне қанық ол бір күні мынадай іс-әрекетке барды. «Әй, кемпір, саған осы не керек, мына келінге неге тыныштық бермейсің, жоқ жерден шу шығаратының не? Тоқтат енді, осы қазір менің қолыма біреу пілтелі мылтық берсе, соның аузын саған қаратып, шүріппені аяусыз басып қалар едім», – дегені. Кемпірдің де ашуы қайтқандай. Өзінің ағат кеткенін түсінді білем, содан бастап келініне көзқарасы өзгеріп, үйде ұрыс-жанжал азайды. Ол кісі кейін қатты ауырып төсек тартып жатып қалғанда, анам оны асты-үстіне түсіп күтті. Ақтық сапарына да өз қолынан шығарып салды. Енесі жайында бір ауыз жаман сөз айтпады.
3.
Анам ене мінезіне де төзді, ерінің «еркелігін» де көтерді. «Еркелігін» деген сөзді бекер тырнақшаға алып отырғам жоқ, ол оның жәй еркелігі болса бір сәрі, «ащы судан» ұрттап келіп, шешеме қол жұмсап қоятын-ды. Қазаны асулы, сусын ретінде ішетін бидай көжесі алдында болса да солайтұғын. Бала кезімізде оған қарсы шығып, бас көтере алмадық. Есейе келе шешемізге араша түсуге жарадық. Ол былай болған. Он бірінші сыныпқа көшіп, ауылға каникулға келгем. Бірде ол шешемді Үлгілідегі үйіміздің бір бұрышына қамап, сабағалы жатыр екен. Оны жотасынан алып, жұлқып қалдым. «Жетімегім жетілген екен, өскен екен», – деп ол ойбай салды.
– Тоқтат әке, біз енді бұған жол бермейміз, – деппін.
Ол менімен не жұлқыса алмады, не ұрсарын білмеді. Бірақ содан бастап анама қол жұмсауын қойды.
Бұл әкем кейбір мінездеріне қарамастан, ұсақ-түйекпен ісі жоқ, батыр тұлғалы, ақкөңіл де жан болды. Өйткені, ол – жақсы атаның ұрпағы, жалғасы еді. Оның үлкен әкелерінің бірі, жеті атадан таратқанда екінші атасы – Шонди би дуалы ауызды, елге сөзі жүрген, бата бере алған ақылгөй қария болыпты. Матай ішіндегі Кенже руынан шыққан Тоқпамбет ер Абылай ханның һас батырларының бірі болған. Ол жаумен шайқаста тоғыз рет жекпе-жекке шығып, соның тоғызында да жеңіске жетіпті. Бұған ризашылығын білдіріп Абылай: «Мен саған Матай еліне, соның ішінде Кенжеге төрелік ету, бата беру құқығын беремін», – депті. Ол көп жыл бойы сол міндетін атқарып келіп, одан соң өз құқығын Шонды биге берген. Қожа Ахмет Иассауи мавзолейінде жерленген Абылай хан мен оның батырларының қасында Тоқмамбет батыр да жатыр. Бұл Матай елінен, оның ішінде Кенжеден шыққан батырға жасалған құрмет еді. Тоқмамбеттің қолынан ел билеу құқығын алған Шонды би де ел ішіндегі мәселелерді шешуде білгірлік танытып, тура жолдан таймаған деседі, адасқанға жөн сілтеп, ел қорғаушыларына риясыз көңілден шыққан батасын беріпті.
Сол қасиет қонған адамның бесінші ұрпағы саналатын Төлеген әкемнің үйі киелі шаңырақ деп ұғылады. Арлы-берлі көшкен ел Шонды атаның шаңырағын айналып өтпей, бір соға кетіп, құран бағыштайды екен.
– Мұның мәнін әкемнің қаншалықты ұғынғанын білмеймін, киелі шаңырақтан аруақ кетпей, қасиеті сақталып қалуына шешеміз біраз үлес қосты ғой, – дейді Берікбол да. Ол рас. Бұл шаңыраққа келін боп барған анам бас иіп, сәлем салып жүріп, сол отбасына алпыс жылдай қызмет етті. Әрқилы мінездеріне қарамастан енесін тыңдап, ерін де сыйлап, келген қонағын күтіп, ағайынды ұйыстырып, қыз-келіндеріне үлгі боларлық іс жасады. Барған елінің ұрпағын жалғап, дамытты.
Ол – екі рулы елдің де анасы болды. Жалайыр, оның ішінде Қызылбөріктің қызы шешем алдымен Шапыраштыға келін боп, одан соң Найманның түтінін түтетіп, шамын жақты. Шапыраштының тумасы әкем Әбікеннен – Тұрсынай, Болат, Сүлеймен, Айнагүл болып тарасақ, Төлегеннен – Айгүл, Берікбол туып, бәріміз бір ананың құшағында өстік. Анамыз бір болған соң, атасы басқа ғой деп бөлмей, мен де оларды бауырыма бастым. Айгүлдің де, Берікболдың да жоғары білім алуларына қол ұшын бердім. Берікбол Зооветинститутқа түскенде «оқымай қоя ма» деп қорқып едім, өйткені, оның болмысы, табиғаты гуманитарлық білімге жақын болатын. Бірақ ол сенімді ақтады, берген ақыл-кеңестеріміздің нәтижесінде институтты ойдағыдай аяқтап, мамандығы бойынша жұмыс істеп кетті. Қазір ол – аудандағы ең тәуір, білікті мамандардың бірі. Төлеген әкемнің тұңғышы – Серікбол да анамның тәрбиесін көріп, жақсы азамат болып өсті. Өмірден өзіне тиесілі еншісін ғана алып, басқаның бағы мен малына қызықпай, қарапайым отбасын құрып, солар үшін тіршілік етті. Бауырлардың бәрі аман болғанда көңіл де орнында болар еді. Бірақ әркімге Алланың өлшеп берер ғұмыры бар емес пе? Ертеректе Тұрсынай әпкем бақилық боп, соңғы жылдары Серікбол, Сүлеймендер дүниеден озды. Оларға иманы жолдас болсын деп қана тілейміз. Ал анам осы балаларынан 20 немере, 62 шөбере сүйіпті.
* * *
Шешем бастап, біз соңынан ерген Шамалғаннан (Үшқоңырдан) шыққан баяғы көштің алды елге оралды. Мен университет бітірген соң Алматыда қалдым. Қазақ ауыл шаруашылық институтында білім алған Сүлеймен өмірден өткенінше ұзақ жыл Алматы төңірегіндегі шаруашылықтарда жұмыс істеді. Қарындасым – Айнагүлдің отбасы кезінде әкем колхоз басқарған Менжин деген жерде, қазіргі Батан ауылында тұрып жатыр. Ал Матай еліне барған, бар ғұмырын сонда өткізген анамызға топырақ сол жерден бұйырды. Шалы – Төлегеннің жанында жерленді. Біз бұған ренжімедік. Солай болуы да керек қой.
Анамыз тоқсаннан асып барып дүние салды. Осы ғұмырында ол қиындықты да көп көрді, сол қиындықтарды жеңе отырып, өмірдің қуанышын да сезінді. Егер оның өмірдегі көрген қызығынан қиындығы көп болса, Аллам енді оған соны ұмыттырып, сүйікті құлына төгер мейірімін аямаса екен. Нұрың пейіште шалқысын, анам!
Болат АСАНБАЕВ,
журналист, баспагер, ЖШС «Қарасай» баспасының директоры.