Жастардың үмітін оятқан
11.08.2017
1042
0

«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы талай жастың үмітін оятты. Елімізде жыл сайын 30 мыңнан астам мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түсе алмай қалады. Сондықтан олар кәсіби машықсыз уақытша жұмыс табуға мәжбүр. Енді мұны болдырмау үшін мемлекет түлектерге тегін кәсіби-техникалық білім беру арқылы олардың жеке тұлға, болашақ маман ретінде қалыптасуына, өз бетінше дамуына мүмкіндік берді.

Бүгінде елдің индустриалдық ор­та­лықтарында құрылысшылар мен электр мамандары, дәнекерлеуші мен автомеханиктер және т.б. тапшы. Осын­дай нарық сұранысына сай келе­тін мамандар даярлауда кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орын­да­ры­ның атқарар рөлі зор.
Болашақ мамандарды даярлауда оқу үрдісін өндіріспен байланыстыру – басты мәселе. Өйткені, оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындардың байланысынсыз білікті маман дайындау мүмкін емес. Болашақ мамандар­дың кәсіби құзыреттілігі, өз маманды­ғына сай болуы өндірістік оқыту ба­ры­сында байқалады. Жас маман­дардың өнді­ріс­тік машық кезінде өзін-өзі ұстауы, ұжыммен тіл табыса білуі, өз маман­дығына бейімделуі мен оны игере бі­луі, шеберлігі маңызды роль ат­қарады. Қойылатын талаптарды меңгерген әр­бір жас өзі таңдаған ма­мандығы бойынша жұмысқа орналаса алады.
20 жылдан астам уақыт құрылыс ма­мандығы бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің орталығы болып табылатын Алматы құрылыс және менеджмент колледжі «Ғимарат­тар мен үйлерді салу және пайдалану», «Сәулетші», «Сәулеттік ортаның дизайны», «Интерьер дизайны, азаматтық ғимараттарды қайта құру мен қалпына келтіру», «Газбен қамтамасыз ету жа­б­дықтары мен жүйелерін пайдалану», «Жылжымайтын мүлікті бағалау» ма­ман­дықтары бойынша еңбек нарығына қажетті мамандар даярлайды. Бүгінгі таңда колледжде «Құрылысшы-тех­ник» біліктілігі бойынша – 150 студент, «Жобалаушы-техник» біліктілігі бойынша – 100 студент, «Дизайнер-тех­ник» біліктілігі бойынша – 120 сту­дент, «Са­рапшы-бағалаушы» бі­ліктілігі бойын­ша – 75 студент, «Газ жаб­­дықтарының технигі» біліктілігі бойынша 75 студент білім алуда.
«Базис – А» корпорациясы» , «Алматы қала құрылысы», «Мегақұрылыс» ЖШС, «Әлем Құрылыс» ЖШС, «Алматыгаз» холдингі, «AGES ALMATY» жобалық-дизайнерлік компаниясы, «Жетісу» газ-монтаж сияқты көптеген мекемелермен серіктестік құратын Алматы құрылыс және менеджмент колледжі болашақ мамандарды осы өндіріс орындарына жіберіп, іс-тәжірибеден өткізіп, шыңдауда.
Оқу бітіруші түлектердің кәсіби маман болып шығып, өндіріске тікелей араласу мүмкіндігіне ие болуы – кәсіптік-техникалық білім берудің ең бір тиімді жағы.
Еліміздің экономикасының қар­қынды дамуын қамтамасыз ететін жоғары білікті жұмысшы мамандар мен орта буын мамандарын даярлау – негізгі басым бағыттардың бірі болып саналады. Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі: «Қоғамның және экономиканың индустриялық-ин­новациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кіру». Нарық талабына лайық жоғары дәрежеде білім беретін кәсіптік мектеп, колледж және жоғары оқу орнын бітірген мамандар арқылы ғана ішкі еңбек ресурстарын игеріп, жұмыссыздықты жоюға жол ашуға болады.

Дархангүл Боранбай,
Алматы құрылыс және менеджмент колледжінің оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір