Жастардың рухани дамуы

2025 жылдың 8 сәуірінде Алматы қаласының Орталық кітапханасының №32 бөлімшесінде жастар арасында білім мен рухани дамуға бағытталған маңызды кеш өтті. Аталған шараның басты мақсаты – жастардың рухани тұрғыдан дамуына ықпал ету, олардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыру және білімге деген құштарлықты ояту болды. Кешке Бейсенбай Жолдасбекұлы Сүлейменов (жазушы, журналист, баспагер, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі) және Омарәлі Әділбекұлы (қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, журналист, кәсіпкер) арнайы қонақ ретінде шақырылды. Олар өзінің шығармашылық жолын, жазушылық тәжірибесін және қоғамға деген жауапкершілікті сөз етті.

Қонаев университетінің студенттері мен «Arbitrage» дебат клубының мүшелері кеш барысында өз сұрақтарын қойып, қонақтардан пайдалы кеңестер алды. Жастар білім мен рухани дамудың маңызы туралы терең ойларға батты. Бейсенбай Сүлейменов аға өзімен бірге ала келген «Сырлы әлем» мақалалар жинағын дебатшы студенттерге сыйға тартты, бұл кітаптың маңызды ерекшелігі – ол шығармашылық және ғылыми ізденістер арқылы терең философиялық әрі мәдени ойларды жеткізуі.
Кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен өткен кеш ерекше атмосферада өтті. Жастарға деген сүйіспеншілік, білімге деген құрмет және шығармашылық бағытта өсуге деген ұмтылыс айқын көрініс тапты. Қонақтар мен қатысушылар арасындағы ашық әңгімелесу, пайдалы пікір алмасу жастарды жаңа биіктерге жетелейтіні сөзсіз.
Бұл кештің маңызы зор. Білімге деген көзқарасты тереңдетіп, жастарға рухани әлемнің тереңдігін ашуға бағытталған осындай шаралар еліміздің болашағына үлкен үлес қосатынына сеніміміз зор.
А.Жолдасқызы
қаламгер,
кітапханашы