«Туған жерге туыңды тік»
Иә, қарға құсап астына басып жемей, сұңқарша жан-жағына шашып жейтін жомарт жүректі Тұрсын, Дулат Тастекеевтер әулетінің қаржылай демеушілігімен Ақсуатта биыл екінші рет «Туған жерге туыңды тік» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Түске дейін Екпін ауылында таяуда ғана төселген су жаңа асфальт жолдың және футбол алаңының ашылуы болды. Бұған да қаржылай қолдау жасаған осы – Тастекеевтер.
Игі шараға ауыл тұрғындарымен бірге куә болған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, белгілі тележурналист, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі әрі қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Берік Уәли, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, ақын Жүрсін Ерман, экономика ғылымының докторы Нәдірбек Абсалямов, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары Еркін Жаппасұлы, ардагер-ұстаз Молдабек Мылтықовтар қалталы кәсіпкерлер көп болса да, тап осылай туған жеріне қаржы салып жатқандары сирек екендігін айта келіп, Тастекеевтердің ісі көпке үлгі десті.
Сонымен қатар, былтыр оқырманға алғаш жол тартқан «Тарихқа толы Тарбағатай» кітабының екінші томы қалың жұртшылыққа таратылды. Тарбағатай өңірінің тарихы жайлы мақалалар, өлеңдер топтастырылған туындыны тұрғындар пышақ үстінен үлестіргендей талап әкетті. Осылайша Екпіндегі елеулі істер түс ауа Ақсуаттағы аламан айтысқа ұласты.
«Бүгінгі ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы айтыс көрермендер үшін қызықты әрі тартысты болды. Халық ақындардың сөз қағыстыруын ми қайнатар ыстыққа қарамай тапжылмастан тамашалады. Айтыс форматы көп қырлы болғандай. Қыран-топан күлкіге көмген қалжың да, ой тұңғиығына жетелеген өткір сын да айтылды.
Сөз барымтасының шымылдығын Оңтүстік Қазақстаннан келген Қалижан Білдәшев пен алматылық Шұғайып Сезімхан түрді. Қалижан баяғыда арғы бетте Жүрсін Ерманға аталып, берілмей қалған жылқыға қатысты оқиғаны әзілмен көлденең тартты. Шұғайып та қарсыласының қағытуынан тосылмады. «Шекараның арғы бетінде қалған Оспан батыр бастаған аталарымызды іздемей, ат іздеген Жүкеңнің малшысы екенсің ғой» деп түйреп өтті. Қос ақын аға-іні болып әзіл жарастыра алды.
Оралдың ер мінезді ерке қызы Жансая Мусина мен жерлесіміз Рүстем Қайыртай сахнаға шыққаннан елдің езуін жиғызбады. Рүстем Жансаяның бойдақтығын екеуара тақырыпқа тұздық етті. «Бетіне еркек шыбын қонбаған» дегені сол еді, «…Отыз жыл бойы тіпті шыбын да қондырмай келесіңдер, бір қыздың обалына қалып жүрмеңдер» деп жұртты ду күлдірді. «Өмірі ат үстінен түспеген, қорасында малы мыңғырған ағаммен таныстырам, ақ жеңгем бол» деп қолқа салған қарсыласына Жансая: «Сол ағаң бала күнінде атқа мініп алып, күні бүгінге дейін түсе алмай жүрген жоқ па өзі» деді. Жансаяны батыр мінезді деп сөз саптаған Рүстемге оралдық ақын қыз былайша ұтымды өлең өрді:
Батыстан келген қызды батыр қыз деп,
Рүстем маған мойын бұрған жоқ па.
Негізі батыр қыздар шығыс жақта,
Тарихың тектілермен тұнған жоқ па.
Мұрындай аналар да алыста емес,
Мұрыныңның астында тұрған жоқ па.
Рүстем де туған өлкені:
17 округ бар осы ауданда,
Бір туған бір атаның баласындай.
Ақсуат пен Ақжарды айырмаймын,
Көзімнің ағы менен қарасындай.
Қабанбай, Қарасу мен Жаңаауылым,
Қайсар жұрт өздерінің бабасындай.
Құмкөл, Құйған, Тұғылдың тұрғындары,
Барсаң қарсы алады нағашымдай.
Ойшілік, Маңырақ пен Жетіаралдың,
Қаншама сырлары тұр әлі ашылмай.
Көкжыра, Екпінменен, Сәтбаевтың,
Ешқандай шекара жоқ арасында-ай.
Жәнтікей, Кіндікті мен Қызылкесік,
Үндескен үйлесім мен жарасымдай.
Үштөбе өсіп-өнген өз ауылым,
Өкпетім жел өткізбес панасындай.
Ешқайсының еншісі бөлінбеген,
Бірі іні, ал бірі ағасындай.
Бауырына басып тұрған бөле-жармай,
Барқытбел барлығының анасындай, –
деген көркем ой, кестелі сөзбен суреттеп, көптің ықыласына бөленді.
«Іздегенге – сұраған» дегендей, жерлесіміз Ринат Зайытов пен керекулік Аспанбек Шұғатаев сұрапыл айтыс жасады.
Өзіңмен бір айтысу арман еді,
Бауырым, шымшып қойшы түсім болса.
Ассалаумағалейкум, Аспанбегім!
Біз саған сәлем бердік мұсылманша.
Мықтының мылтығынан өлген артық,
Қулардың қақпанында қысылғанша.
Арпалыста арманым болмас еді,
Арыстан алқымында тісім қалса,–
деп Шұғатаевқа шүйліге түсті.
Арынды Аспанбек те жер сипап қалмады, қарымтасын қатырды.
Азулы ағам сен едің,
Ыбырайымның Асқары ту көтеріп шаңдатқан,
Долан қаратауындай.
Қожакелді батырдың,
Отыз қалмақ мінгескен,
Найзасының сабындай.
Қызып сөйлеп көр кәні,
Қызара бөртіп ататын,
Қызылкесіктің таңындай.
Ат тұяғын бояған,
Елекенің сазындай.
Атағы биік ағам ең,
Байтақтан озған Бабырдай,
Қаһары тасты еріткен,
Жасыл көлге айналған,
Жалаулының ақ қарындай.
Тарландығын сұрасаң,
Еркежиреннің шаңындай.
Күн түбіне жорытқан,
Бапан мінген Шағырдай.
Аңғалдығын сұрасаң,
Малтүгелдің арындай.
Аға-іні болғасын,
Жараса алсақ дұрыс ед,
Құйрық пенен бауырдай… –
деп айызды қандыра жыр төкті.
Ринат Зайытов қоғамдағы жағымпаздық, жемқорлық сияқты жағымсыз құбылыстарды, ұлт тағдырына көлеңке түсіретін өзге де проблемаларды өлеңнің өзегіне айналдырды. Осы тұста көрерменнің көрсеткен қошеметінен құлақ тұнды.
Таулары жатағандау болғанменен,
Ерлерінің еңсесі биік халық, –
деген Мұхтар Ниязов та көңілге қонымды ұйқастарымен ерекшеленді. Мұхтармен сөз қағыстырған Қытай Халық Республикасынан келген Жарқынбек Бердібекұлы да миллиардтар еліндегі қандастарымыздың жағдайын жырға қосып, іштегі қыжылын ақтарып салды.
Қорыта айтқанда, аламанда атой салған он екі ақын да осал емес. Сен тұр, мен атайындардың нақ өзі. Дегенмен, қазылар алқасы ақылдаса келе, аузымен құс тістеген дүлдүлдерді елеп-екшеп, соңғы сәтті тағатсыздана күткен айтыссүйер қауымның алдында жүлдегерлердің атын атап, марапаттарын тапсырды.
Сонымен, Тарбағатайдың тумасы, Павлодар өңірінің атынан шыққан Қуаныш Шарманов, Моңғолиядан үкіленген Ерлан Дәулетұлы, шымкенттік Қалижан Білдәшев, алматылық Шұғайып Сезімхан, қарағандылық Мақсат Аханов, семейлік Әсем Ережеповалар 200 мың теңгеден шабыттандыру сыйлықтарына ие болса, әрқайсысы 300 мың теңге арнайы сыйлық керекулік Аспанбек Шұғатаев пен сыр сүлейі Мұхтар Ниязовқа бұйырды.
Ал үшінші орын 500 мың теңге Қытайдан келіп қатысқан Жарқынбек Бердібекұлының қанжығасына байланды. Айтыс барысында көрерменнің көзайымына айналған оралдық Жансая Мусина екінші орынды еншіледі. Жүлдегерге 750 мың теңге берілді.
Қоғамда етек алған қиғаштықтарды жасқанбай айта білген Ринат Зайытов бірінші орынға табан тіреп, 1 млн. теңге алса, әзілі астарлы, тілі орамды, сөз саптауы сауатты Рүстем Қайыртайұлы айтыстың бас жүлдесін ұтып алып, екі миллион теңгенің егесі атанды.
Сонымен қатар, айтыстың демеушісі Дулат Тастекеев әдемі айтыс өрбіткен Қалижан Білдәшев пен Шұғайып Сезімхан екеуінің әрқайсысына 1 жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден төленіп отыратын шәкіртақының сертификатын табыстады.
Осы іс-шаралардың барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен жүзеге асырылды.
Ерлан БАПАНОВ.
Суреттер автордікі.