«ЕЛУ ЖЫЛДА – ЕЛ ЖАҢА…»
04.08.2017
2523
0

Бұл – 1967 жылдың күз айы. Студенттердің жазғы демалысын бітіріп, оқу орындарына қайта орала бастайтын кезі. Мен де сонау Қызылдың қиянында отырған отбасымды қалдырып Қызылордаға қайттым. Бір күні Адекеңнің: Алматыдан атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің келгенін, ол кісімен бірге Арал жаққа жолсапарға бара жатқанын айтатыны күні бүгінге дейін сол қалпында көз алдымда. Адекеңнің композитор Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазған «Аралдағы жеңешем-ай» әні өмірге келді. Сол сапарында Адекеңнің композитормен бірігіп жазған 5-6 өлеңі болған екен, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне жарияланыпты да… Бірақ осы «Аралдағы жеңешем-ай» әні өздерімен бірге ере келеді де, халықтың аузында қалып қояды. 2017 жылы осы әннің шырқалып жүргеніне 50 жыл толады.


АРАЛДАҒЫ
ЖЕҢЕШЕМ-АЙ

Аумайсың жас баладан, жас баладан,
Ақ көңілім сен менің.
Өзіңді іздеп астанадан,
Құстай ұшып келемін-ай, жеңеше-ай.

Қайырмасы:
Аққуындай аралдың,
Қандай нұрдан жаралдың
Жадыраған жаның гүлдей жеңеше-ай,
Мінезіңді сағындым ғой,
Аралдағы жеңеше-ай.
Жеңеше-ай еркелейін, еркелейін,
Сенің ерке жаныңа.
Бұлбұл әнін мен төгейін,
Өзің еккен бағыңа, беу жеңеше-ай.

Қайырмасы:

Жеңеше-ай, ақ жүректі, пәк жүректі,
Ағаның өзіндейсің.
Кездеріңді сағындым ғой,
Наздана әзілдейтін.

Қайырмасы.


Біз көп ұзамай от жағып, отау тіктік.
1977 жылдар шамасы болу керек. Ба­лалы-шағалы болған кезіміз. Біз отбасымызбен «Сарыағаш» шипажайына емделуге бардық. (Осыдан бастап біз шет елге бол­сын немесе республика аймағында болсын, жылына 1-2 рет демалуды әдетке айналдырдық). Емнен қолымыз бос кезде сыртта қыдыратынбыз. Бірде түске салым Адекең екеуміз ішке енгеніміз сол еді, вахтер кісі бізді біреулердің іздеп жүргенін айтты. Ұзамай өздері де келді. Бұл – Арал­дағы жеңешемнің өзі – Роза Қарта­қова болып шықты. Ол кісілер де осында де­малуға келген екен. Адам Мекебаев демалып жатыр дегенді естіп, бізді іздеп ке­ліпті. Біз осылайша Аралдағы жеңешеміз – Роза апаймен демалыс уақытымыз біткенше бірнеше күн бірге болғанымыз бар. Жарқылдаған, ақкөңіл, ажарлы кісі екен.
2015 жылдың күз айы. Аралдық азамат Атабай Қылышбайұлы өзінің қажылыққа барып-келгеніне орай бірнеше кісіні қонаққа шақырды. Ол жерде Арал ауданының дүниеден өткен асыл азамат­тарының бәйбішелері мен Атекеңнің дос-жарандары отырды. Дастарқан басында менімен қатар отырған Жұпар апа (мемлекет және қоғам қайраткері Б.Каюповтың апасы) қарама-қарсы орындыққа келіп жай­ғасып жатқан, жасы біразға келіп қал­ған бәйбішені көрсетті де: «өлең айтады» деді. Бірақ дастарқан басында ол кісіге өлең айт деп қолқа салған ешкім болған жоқ. Ас қайрылып, бата берілді, үйімізге қайтуға дайындалдық. Адекеңнің ақын інісі Сансызбай Құттыбайұлының көлі­гінде отырған бізге бағанағы Жұпар апа айтатын «өлең айтқыш» кейуана келіп қосылды. Біраздан кейін ол кісі сөз бастап кетті де: «өзінің атының Сәбила, жасының сексеннен асқанын, менің отағасым – жазушы А.Мекебаев пен атақты композитор Н.Тілендиевке сонау 1967 жылы шәй құ­-
й­ып бергенін, сол жолы «Аралдағы жеңе­шем-ай» әнінің шыққанының куәгері бол­ғанын, ертеңіне «Төлеген Тоқтаров» атындағы катердің үстінде аралдық жігіт Қырымов Жеңістің оны алғаш рет орын­дағанын» есіне алды. Өзінің сол кездегі тыңдаған әнінің бір шумағын күні бүгінге дейін ұмытпағанын айта келіп, отырған жерінде әнді нақышына келтіре орындады. Кеше ғана қасымда жүрген Адекемнің тарихқа айналып бара жатқаны көңілімді босатты.
Қазір Адекең қайтарының алдында алып беріп кеткен Алматы облысы, рес­пу­б­ли­калық маңызы бар Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласындағы үйде тұ­ра­мын. Тұрған жерімнің ауасы да, жері де ерекше. Екінші қабатқа көтеріліп, бал­конның терезесінен сыртқа қарасаң Елбасы Н.Ә.Назарбаев әніндегі «Үшқоңыр» тауы көзге түседі. Қыста ақкөрпе жамылып жататын үш тау жазда жасыл желекке оранып жатады. Көршілеріміз бүкіл Қа­за­қстаннан жиналған: қала берді – көршілес Өзбекстаннан, Түрікменстан­нан, Қара­қал­пақстаннан қоныс аударып келгендер.
9 қаңтар, 2016 жыл. Көршім Лесбек ақ­сақал бәйбішесі Мейіргүл екеуі Шым­кент­тің Созақ ауданынан. Яғни атақты композитор Шәмші Қалдаяқовпен бір ауылдан. Бірге түскен суреттері де бар. Үйіне шақырды. Бардым. Жетпістен асқан ақсақалдың туған күні екен. Ол үйге де бүкіл Қазақстаннан кісілер келді. Қазақ­с­тан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы жары Ба­қыт­пен, құда-жекжаттары, туған-туыстары жиналыпты. Лесбек ақсақал отырғандарды таныстыра бастады. Менің отырғанымды естіген жазушы Нағашыбек ұшып тұрып маған көңіл айтты: «Адекең екеуміз бір-бірімізді жақсы көруші ек. Ол кісі қайт­қанда мен шетелде жүріп, шығарып салуға келе алмадым, ойымнан шықпай жүруші еді Сізді кездестіргенім жақсы болды…», – деп өзінің азаматтығын жасады. Ол кісі кеткелі бері қапалы жүрген көңілім Адекем тіріліп келгендей әсер алдым.
Тойдың ортасынан ауа отырған жұрт Лесбек ақсақалға өлең айт деп қолқа салды. Өлең болғанда менің Адекемнің
«Ара­л­дағы жеңешемін» айтуды өтінді. Сосын Лесбек ақсақалдың жігіт кезінде осы ән­мен талай тойды өткізгенін қосып қойды. Ән басталды. Тойда отырғандар жасы бар, кәрісі бар, бәрі қосылды. Ша­рық­тап барып, ән бітті. Сол жерде отырған Жамбыл облысының, Мойынқұм ауданынан келген Мырзагүл көршім: «Апай жа­рыңыз, Адам аға өзі өмірден өткенімен, халқы ол кісіні ұмытқан жоқ, ұмытпайды да, көрдіңіз бе…», – деп мені жұбатып жатты. Адекем жайлы тоқтамай сөйлей беретін мен, аздап ол кісі туралы естелік айттым. Қазір атақты композитор да жоқ, атақты жазушы да жоқ. Арттарында жасаған істері ғана қалған. «Елу жылда – ел жаңа…» деген осы шығар.
Арада көп жыл өтті. Жақсы кісімен өт­кіз­ген жақсы күндер туралы жазу Аде­кеңнің ойында болса да ретін келтіре алмай жүрген. 1998 жылы композитордың сыр­қаттанып жатып қалуына байланысты «Аралда туған ән» эссесі тапсырыспен жазылды. Композитор оқып үлгерді.

Гүлжәмилә Мекебаева.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір