Молда Мұса… бірақ Байзақов емес
Манат қызбен айтысатын Молда Мұса Байзақовты білген ел Молда Мұса Жұманазарұлын білмейді. Өшкен жанды, өлген тірілді. Молда Мұса кітабын шығардым. Мырзашөл өлкесінде атақты Ұзын Ата кесенесінің ата-бабаларынан бастап шырақшысы болған ақын туралы естіп жүргенмін. Енді арманда кеткен тағы бір ақынын қазағым біле жүрсін деп Мұса Жұманазарұлының ата-тегін, өмірбаянын баяндайын.
Белгілі ақын Мұса Жұма-
назарұлы 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы Ұзын Ата ауылында шырақшының отбасында дүниеге келген. Ақынды ел арасында Молда Мұса деп те атайды. Ол Қоңырат тайпасы Көк ұлына қарасты Қаракөсе руының Тоғай дейтін атасынан.
Әкесі – Жұманазар Шерімбетұлы үш атасынан бері Ұзын Ата әулиеде шырақшылық жасаған, ескіше сауатты, орта шаруа кісі болған. 1926 жылы 63 жасында Ұзын Атада дүние салып, сонда жерленген.
Анасы – Барлыбайқызы Қымқап Құлшығаш руының Жайсаң дейтін атасынан. Орта бойлы, ажарлы кісі болған. 1949 жылы қазан айында, бір жұмадай науқастанып 80 жасында дүние салып, Асық Ата зиратына жерленген.
Мұса ақын төрт рет некелі болған кісі. Бірінші әйелі Жүзіммен көп отаспаса керек. Екінші рет елуінші жылдардың аяғына дейін отасқан Ұғыл Қырғыздың қызы еді, нәмеңгерлікпен үйленіп, одан көптеген ұл, қыздар көреді. Гүлстан, Пәшарат, Фазилат дейтін қыздары, Әбіл, Халиулла, Инаятулла дейтін ұлдары болған. Халиулла, Инаятулла, Фазилат бала кезінде, Гүлстан кейінірек, тұрмысқа шыққан соң, соғыстың алдында дүние салды.
Әбіл (1924 жылы туылған) 1942 жылы жазда әскер қатарына шақырылып, 1944 жылы қаңтарда майданда, фашист басқыншыларының оғынан шейіт болды.
Пәшарат 1944 жылы Әбдіәшім деген жігітке тұрмысқа шығып, 1951 жылы балалы-шағалы болған шағында, көп ауырмай кенеттен қайтыс болды. Олардан Қызболған дейтін бір қыз қалған еді.
Мұса ақын ертеректе (1918 жылы) әкесінің інісі Жақып дейтін кісінің әйелі Жадыраға нәмеңгерлікпен үйленіп, одан Рияз дейтін ұл көреді.
Осы Рияз туралы ел арасында жақсы әңгіме естіп едім. Рияз Мұсаұлы Жақыпов 1921 жылы туылған, ірі денелі, қараторы, қыр мұрынды, ат жақты, жанып тұрған сұлу жігіт екен. Аса дарынды домбырашы болған көрінеді.
Мұса ақынның інісі Қияс айтты деген мынандай әңгіме бар. 1939 жылы жазда Шардарадағы орталық дүкеннің жанында, түсте көлеңкелеп отырған көпшіліктің арасында ойламаған жерден домбыра тартысы басталып кетеді. Құмның күйшілері домбыраны бірінен соң бірі алып Шолақтың, Ақбаланың, Әлшекейдің сазды күйлерін майын тамыза тартып лезде-ақ көпшілік жиналып қалады.
Домбыра кезекпен тартылып, күй сайысының соңына таман Рияздың қолына тигенде аздап құлағын түзеп, халық күйлері «Шалқыма», «Айжанқызды» бір қайырып тастап, Тәттімбеттің «Сылқылдағын», «Саржайлауын» орындағанда, «мынауың Әбікен Хасеновтың дәл өзі ғой» деп жұрт шу ете қалады. Ұлы күйші, Қазақстанның халық әртісі, композитор Ә. Хасеновтың (С.Сейфуллиннің досы) күй табақтары шығып, ел арасына кең тараған кезі екен сол кез. Қызынған жұрт, қоярда-қоймай, қолқалап Риязға тағы да бірнеше күйлер тартқызады. Әуелі Қазанқаптың «Көкілін», «Қара төстік», соңынан Дәулеткерейдің «Жігерін» жүйе-жүйесімен тамылжыта орындаған да жыламаған пенде қалмайды. Әсіресе, қамзолының шалғайы жыртық, шоқша сақалды біреу егіліп ұзақ жылайды. Ол – Мұса ақын еді…
Күй сайыс Риязға деген көпшіліктің ыстық ықыласымен, жылап, сықтап, бата беруімен аяқталады.
Рияз соғыстың алдында ауданда клуб меңгерушісі болып істеген. 1940 жылы жазда Шымкент қаласында өткен жас өнерпаздардың республикалық байқауында бірінші орын алып, комсомол сыйлығының иегері атанған. Ол майданға 1941 жылдың желтоқсанында аттанды. 1943 жылы аяғынан жараланып, ұзақ уақыт Пермь қаласында емделіп, қайтадан соғысқа кетті.
Ең соңғы, 1945 жылғы 10 сәуірде жазған хатында: «Танкімен Берлинге, соңғы шайқасқа аттанып барамыз» дегеннен кейін хабар болмады.
Рияздың анасы Жадыра
Ш.Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» повесіндегі Толғанай сияқты баласын күте-күте, 1969 жылы қыста, сексеннен асқан шағында, мәңгілікке көз жұмды.
Мұса ақынның қанындағы өнерпаздық қасиет әкесінің інісі Әлмен ақын Шерімбетұлынан ауысады. Ол негізінен XIX ғасырда өмір сүрген, алашқа аты мәлім төкпе ақын. «Мұңлы Сейіл» дастанын Мұса ақын сол кісімен бірге жазған. Ол Ақболат руынан шыққан атақты Өсер ақынмен бауыздау құда еді. Мұса жас кезінде немере ағасы Әлмен ақынға еріп ел аралайды, жұрт таниды, жыр айтады.
Мұса ақын Майлықожа, Құлыншақ сияқты төкпе ақын. Суырыпсалып та айтқан. Солар сияқты халық поэзиясының ірі өкілі. Ал халық поэзиясы – жазба поэзияның ірге тасы. Сондықтан да бұрынғы ақындарды қазіргі оқыған, тоқыған ақындармен салыстырып, олардан төмен қоюдың реті жоқ.
Мұсекең белгілі ақын Исабекқожа Майлықожаұлымен достық, шығармашылық қатынаста болған. Ол туралы Исабекқожа «Ұзын Атаға зиярат» дейтін 1931 жылғы жазылған өлеңінде айтады.
Мұса ақын өлеңдерінің бағыты, сипаты терме, толғау, дастандар түрінде жазылған. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы – елдің мұңы, зары. Шығармашылық кезеңі – елге ақтабан шұбырындыдан да ауыр қасірет алып келген кешегі Қазан төңкерісінің алдындағы заман, қызыл империя жүзеге асырған елді езу, байды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік репрессия, елді бұрынғы-соңды көрмеген қасіретке ұшыратқан сұрапыл ұлы Отан соғысы болып келді.
Өз басы да қасірет-қайғыны көп тартқан.
Мұса Жұманазарұлы дарынды ақын болғанмен, өмірін таршылықта өткізді. Жазда киіз үйде, қыста екі бөлмелі жер үйде тұратын.
Ол 1920 жылдардың аяғына дейін Ұзын Атада, әке-шешесімен бірге тұрып, ұжымдастыру кезінде Керуенкеге (қазіргі Мырзакент) көшіп келіп «Қызыл таң» колхозына мүше болады. Соғыс кезінде, Сыр бойында, Асық Атаның тоғайында Көлшығанақ, Талшығанақ дейтін жерде тұрады.
Елге, бұрынғы Қызылқұм ауданының Куйбышев колхозына 1944 жылы күзде арбамен көшіп келді. Мұса ақын денсаулығы мықты, сабырлы, жақсылықты да, жамандықты да теңдей көретін шынайы мұсылман кісі еді.
Ақын сталиндік тоталитарлық жүйенің тауқыметін мейлінше тартты. Туған ағасы молда Ахмет Жұманазарұлы «Халық жауы» деген жаламен 1937 жылы тамызда, 45 жасында Шымкент қаласына жақын жердегі Қайтпас селосының маңында атылды. Кіші інісі Шәкір Жұманазарұлы сол дүрбелеңде, үштіктің шешімімен нақақтан 10 жылға сотталып, содан қайтып оралмады.
Өзіне КГБ «салпаңқұлақтары» астыртын революцияға қарсы «панисламдық» ұйымның мүшесі деген жала жауып, ондай ұйым болмаса да 20 жылдай соңына қолдарына шырақ алып түсіп аңдуда болды. Ақын өмірінің соңғы 4-5 жылында бұрынғы Киров ауданындағы Түркебай ауылында туған-туысқандарының арасында тұрды. Шығармашылықпен айналысты.
1958 жылы жұбайы кенеттен дүние салып, қарақан басы қалды.
Өзінің жақын інісі әрі шәкірті, Жетісай ауданында тұрған ақын Қайыпназар Әйтпеновтың көмегімен 1959 жылы Ақбибі деген әйелге үйленіп, онымен үш жылдан аса тату-тәтті өмір кешті.
Алайда, шеккен қасірет, бауырларының, екі ұлының, тұрмыстағы қыздарының, ең соңында сүйікті жарының қазасы, қуғын-сүргін, ауыр тұрмыс ол кісінің темірдей денсаулығына сызат түсірді. Қылтамақ дейтін сұмдық дертпен екі айдай науқастанып, 1962 жылы ақпан айында ақын Мұса Жұманазарұлы 68 жасында дүниеден өтті. Мәйіті Шардара қаласының шетіндегі Мүлкіл Ата зиратына жерленді.
Көп ұзамай Ақбибі дүниеден озды. «Жақсы жұрағатсыз» дегендей, ақынның қызынан қалған немересі Қызболған да жалған дүниеден жас кетті.
Жаңа бір сөзімізде шынайы мұсылман, діндар кісі дедік. Шынында да ақын көп оқыған, құшхат, молда кісі. Атақты Зәуірбек молда Мамытұлы оны тақсыр дейтін. Зәуекеңнің ұсынысымен Молда Мұса Қырық парызды өлең ғып шығарған. Ол кісінің өлеңдерін жазып шығарғанмен, жаттап алған соң қол жазбаларын көп сақтамайтын әдеті бар екен.
Өзінің, А.Байтұрсынов,
М.Дулатов, Е.Құттыбайұлы (Әселхан Қалыбекованың атасы) сияқты ақындардың өлеңін жатқа айтып, тыңдаушыны қайран қалдыратын. Кім білсін, бәлкім, тырнақ астынан кір іздейтін КГБ-ның тыңшылары тіміскілеп, бір нәрсеге шатып жүре ме деп қорыққан ба, шығармаларын жақын адамдарының өздеріне де сирек беретін. Өмірінің соңында, өзінің осы «сараңдығына», шығармаларын жазып қалдырмағанына, біреуге көшірмесін бермегеніне қатты өкініпті, жарықтық.
Енді ақын қолжазбалары қалай табылғанын айтайық.
Жанашыры болған Қайыпназар Әйтпенов арқылы (жаратқан Қайекеңнің о дүниесін берсін) Мұсекеңнің екі дастаны мен бірқатар толғау, термелерінің 200 беттен аса қолжазбасы сақталып жетті. «Қызәйнек», «О дүниеден хат», «Қайыпназарға», «Қоштасу» дейтін толғауларын көзінің тірісінде ақынның өз аузынан ағасы Ахметтің баласы Әди жазып алған. «Жүрген аяққа ілінер жөргем деген», «Дүрбелең», «Ескі тарихтан» дейтін термелерді де Әди ақсақал жатқа білуші еді. «Қырық парыздың» мәтіні ақынмен құрметтескен туысы
М. Жолановтың архивінен табылды. Бірқатар шығармалары ел аузынан жиналып алынды.
«Мұңлы Сейіл», «Шамырша» дастандары негізінен аяқталған шығармалар болғанмен, бізге толық жетпеді. Сондықтан барын кітапқа шығардық. Дастандар жалпы «Жаңнама», «Хисасул-әнбия» сияқты діни кітаптардан алынып, поэзия тілімен жырланған. Ақынның дастан сияқты күрделі жанрға қол ұруы оның шығармашылық мүмкіншіліктерінің зор екендігін көрсетсе керек.
Зәуірбек молда сияқты бір кісілердің айтуы себеп болып жазылған өлеңдері де бар. Мысалы, «О дүниеден жазылған хат» термесі айтылып жүр.
Толғаудың (1949 ж.) жазылу себебі мынандай: бұрынғы Қызылқұм ауданының Көксу совхозында, араларынан қыл өтпейтін Махамбет, Төлеш дейтін достар тұрыпты. Күндердің күнінде қатты науқастанған Төлеш Шымкент қаласының ауруханасына түсіп, сонда қазаға ұшырады. Махамбет досының көңілін сұрап ауруханаға да бармаған екен. Жаназасына да келмейді. Бұған әйелі, көңіл айта барған Мұса ақынға: «Қайнаға, Махамбет досымыз, жүгермек, ат ізін салмай кетті, осы жөнінде бірдеңе жазсаңызшы» деп өтініш айтады. Көп ұзамай, жоғарыдағы атпен ақынның өлеңі шығады. Бұл кісілер пәниден әлдеқашан өтіп кетті. Бірақ осы өлең ел аузында қалып қойды.
«Жүргембайға» дейтін өлең сол кездегі Ильич ауданының ақыны Жүргембай Ешмұхамбетовке арналған. 1954 жылы Шымкент қаласында өткен облыстық ақындар айтысына Мұса ақын бара алмай қалыпты. Айтыста болған Жүрекең, «Мұса ақын менімен айтысуға қаймығып келмеді-ау» деп қапты. Бұл өлеңнің жазылуына сол сөз себеп болса керек. «Ұзын Ата» дастаны да ақынның өз өмірінің қиыншылықтарын, діннің қадірсіз болған заманын суреттейді.
Ақынның әдеби мұрасын толық қамтыдық деп айта алмаймыз. Тәңірі қуат берсе, оны әлі де жинамақпыз. Тағы да 2 дастан, біраз термелері, қолжазбаларының дерегі марқұм әнші-ақын Құтбай Дүрқожаұлының архивінен шығып тұр.
Дегенмен, әзірше, барға қанағат деп, ақынның жинағын жыр-сүйер қауымның назарына ұсына алдық. Ұрда-жық заманның ақын санасына тигізген әсерінен өлеңдерінде мазмұндық, пікірлік қайшылықтар кездесіп те қалады. Ақын қолжазбаларын араб таңбасынан қазіргі таңбаға түсіріп, жинақты жүйелеп, көшіріп редакциялап баспаға әзірлеген Шәди Ахметке, баспадан кітап етіп шығаруға демеугер болған Кенжебек Бөриевке, ақын өміртарихын саралап, жүйелеп айтып берген аса құрметті ақсақалымыз Әди Ахметұлына шын жүректен алғыс айтамыз!
Мылтықбай Ерімбетов,
Жазушылар одағының мүшесі, баспагер.
Мақтаарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы.