Кеше және бүгінгі күн
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осы университеттің Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірге, «Қазақ хандығы: тарих, теория және бүгінгі күн» тақырыбына арналған, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығына орайластырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті.
Конференция Қазақ хандығының құрылуы шын мәнінде қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуы болып табылатынын атап көрсете келе, бұл тарихи тақырыпты зерттеудің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін аса маңыздылығына назар аударды. Конференцияда Алматы қаласы әкімінің орынбасары З.Ж. Аманжолова және Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты А.Ұ.Тұртаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Конференцияның ашылуында АҚШ-тың, Жапонияның, Түркияның және т.б. елдердің ғалымдары жолдаған құттықтау жеделхаттар оқылды. Оның жұмысын ҚазҰҮ ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов жүргізіп отырды. Конференцияға қатысушылар көптеген шетелдік және отандық тарихшылардың баяндамаларын тыңдай келе, төмендегідей тұжырымдарға келді:
Шетелдердегі және отандық мұрағаттардағы Қазақ хандығының тарихына байланысты нақты да құнды деректерді зерттеу ісін сол елдердегі шетелдік әріптестерімізбен бірігіп, жүйелі түрде жандандырып, Қазақ хандығына байланысты деректерді өзара салыстырып, ғылыми нақты талдаулар негізінде сыннан өткізіп, шынайылығына көз жеткізіп барып пайдаланғандары абзал.
Осы кезге дейін Қазақ хандығын зерттеуде басты назар Ресей мұрағаттарындағы жазба деректерге аударылып келді. Құндылығына қарамастан бұл деректердің субъективті және отаршылдық көзбен жазылғанына назар аударылуы керек. Тарихымыздағы дәстүрлі деректерді, атап айтар болсақ, қазақ ауыз әдебиетіндегі мәліметтерді, соңғы жылдары жарық көрген және Қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген куәгерлердің жазбаларын, шежірелік мәліметтерді мұрағат деректерімен салыстыра пайдалану ғана Қазақ хандығының шынайы тарихын қалпына келтіруге жол ашады. Мұнсыз Қазақ хандығының тарихы біржақты, ұлттық дәстүрлер мен рухтан жұрдай болып қала береді.
Қазақ хандығының тарихын зерттегенде жеке тарихи тұлғалардың, хандардың және батырлардың саясатын халықтың мүддесімен, этникалық қауымдастықтардың іс-әрекетімен тығыз байланыста үйлестіре қарастыру керек. Сол замандағы қазақ қоғамындағы рулық-тайпалық мүдделерді ескермей, Алаш қауымдастығының қалыптасу ерекшеліктерін, қазақ ұлтының дәстүрлі өркениет жолындағы тарихи сатыларын тереңдете зерттемей, жекелеген қазақ хандарының қызметіне толыққанды баға беру де мүмкін емес екендігін естен шығаруға болмайды.
Қазақ хандығын қазақ ұлтының алғашқы ұлттық мемлекеті ретінде қарастырғанда оның идеологиялық негіздеріне баса назар аудару керек. Мұнда ислам дінін насихаттаушы қожалар мен сопылардың рухани ұйымдастырушылық қызметтері, олардың қазақ хандарының рухани және саяси көзқарастарына шешуші ықпалдары әрқашан назарда болуы тиіс. Қазақ хандарының өздерінің де ислам дінінің басты қағидаларын мойындағандарын, тіптен олардың есімдерінің мұсылманша қойылғанын ұмытпауымыз керек.
Қазақ хандығына байланысты қолда бар зерттеулерді шетел тілдеріне, әсіресе ағылшын тіліне аударып, бұл тарихты халықаралық деңгейде насихаттауды қолға алған жөн.
Орта және жоғарғы мектепке арналған оқулықтарда және оқу құралдарында Қазақ хандығының тартымды, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған айшықты тарихын жазуға кәсіби мамандар баса мән берулері тиіс.
Конференцияға қатысушылар аталған ұсыныстар мен тұжырымдардың бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған іргелі міндеттерге, осы тақырыптағы Елбасы тапсырмасына толық сәйкес келетінін, елдің болашағы тарихтан тағылым алғанда ғана жарқын болатынын тағы да атап көрсетті.
Талас Омарбеков,
Гүлнәр Хабижанова,
тарих ғылымдарының
докторлары, профессорлар.