«ЕР ТӨСТІК» және ҚАЗІРГІ ЗАМАН
Бақыт БОКЕБАЕВ,
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биыл сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін, рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін мәдени-дүниетанымдық кешенді бағдарлама екенін ерекше атап айтпасқа болмас.
Елбасы жаңғырудың 6 бағытын, оның ішінде бәсекеге қабілеттілік; Прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы деп орынды атап өткен. Сонау 1970 жылы дәл осындай бағыттарды өздеріне бағдаршам, мызғымас темірқазық еткен Малайзия елі «Рукунегара» деп аталатын ұлттық идеологиясымен бүгінгі күні ұлттық жаңғырудың кемеліне жетті. Төл мәдениетін құрметтеп, дәстүрін ұлықтаған Малайзия елі әлем мойындаған Азияның азулы жолбарысына айналды.
Кез келген ұлттың қандай дауылға болмасын, емендей найқалмай төтеп беретін құдіретті күш-қуаты – Елбасымыз атап өткендей, оның ұлттық коды, ділі берік дүниетанымы. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Ілкіден жеткен ұлттық мәдениеті мен төл өнерін саф алтындай сақтап қана қоймай, заман ағымына сай мәдени өнімдерін қайта түлетіп, мәйегін бұзбай оқтын-оқтын жаңғырту сынды жауапкершілігі зор игі істі, ұлы міндетті – шығармашыл қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен өнер ұжымдары еншілеп отырғаны біз үшін мәртебе. Сондықтан рухани жаңғыру алдымен зиялы қауым өкілдерінің ортасынан, туындыларынан серпіліс алып, ұлттық сананың кемелденуіне әкелуі тиіс. «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, ұлттық сананың кемелденуінің екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз… Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әр түрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деген зор мақсат шығармашыл қауымның алдына қойылған міндет санаймыз. Демек, қазақ халқының ұлттық мұралары заманауи технологиялардың пәрменімен жаңғырып, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуі қажет. Осынау рухани жаңғыруға еліміздегі цирк өнерінің қарашаңырағы – «Қазақ мемлекеттік циркінің» ұжымы да өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. «Қазақ мемлекеттік циркі» «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне тарту ретінде тұңғыш рет қазақ халқының көнеден келе жатқан «Ер Төстік» ертегісінің желісі бойынша цирктік лазерлік супершоу қойылымын жұртшылық назарына ұсынып отыр. Бұрын соңды цирк алаңында лазерлік шоумен арнайы қойылым қойылмағанын және оның ұлттық ертегіден басталуы көрермендерге үлкен қызығушылық тудырғанын айта кеткен жөн.
Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының басшылығымен қала тұрғындары мен қала қонақтарына арнайы Халықаралық ЭКСПО шарасы аясында көрермендерге билеттер құнын отыз пайызға жеңілдікпен сату да қарастырылған. Арнайы сценариймен дайындалған Ер Төстіктің бастан кешкен шытырман оқиғалары, қиял-ғажайып ертегінің кейіпкерлері: Ер Төстік, Кенжекей, Ерназар, Самрұқ құс, Шалқұйрық ат, ақ пері, дала эльфтары, Қарашаш, Бекторы, Мыстан-Кемпір және тағы басқалар цирк өнерінің тілінде, каскадер жігіттердің қайталанбас трюктары, әуе гимнастарының, акробаттар, клоундар, эквилибристтер, үйретілген аюлар, ешкілер, иттер, көгершіндер манеждегі ғажайып өнерлері арқылы көрерменге жол тартты. Қазақ мемлекеттік циркінің әйгілі «Фарандоль» балет тобының тамаша өнері «Ер Төстік» ертегісінің манеждегі қойылымын әрлендіре түсті. Бірегей қойылымға сән беретін қайталанбас нөмірлердің қатарында халықаралық фестивальдерде жүлде алған цирк майталмандарының бар екенін айтпасқа болмас. Мәселен, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері Н.Алшынбаевтың жетекшілігіндегі «Легион» номерінің лопингтағы акробат-вольтижерлары жақында өткен «Азия жаңғырығы-2017» фестивалінде алтын жүлдені жеңіп алды. Рухани жаңғыру аясында заманауи сахналық технологиялар қолданылып, лазерлік шоу, жаңа тұрпаттағы цирктік нөмірлер, ерекше реквизиттер ұсынылды, 200-ге жуық ұлттық нақыштағы костюмдер тігіліп, қойылым қазақ және орыс тілінде қатар жүріп отырады. Көрермендер екі тілде өтуіне үлкен қызығушылық танытып, қазақ тілін үйренуге де мол мүмкіншілік бар екеніне риза болуда. Себебі, өтіп жатқан қойылымның әрбір әрекеттері екі тілде баяндалып отырады.
Жауыз күшке қарсы мейірімділік және Ер Төстіктің шынайы махаббаты, оның достыққа адалдығы жер үсті мен жер астын жайлаған жауыздықты тоқтатуға жәрдемдесті. Цирк манежінде мейірімділік пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, аңғалдық пен айлакерлік, тылсым құдірет пен сиқырлы қара күштер тайталасында Ер Төстік өзінің сенімді достарының арқасында халықтың арман-мұратына жетеді. «Ер Төстік» ертегісіндегі қайғы-қасірет, аштық пен қиындық құрсауында қалып, үміт үзілген шақта шаңырақтың қүлдіреуішіндегі «төстіктің» ұлттың өзін сақтаудағы коды іспетті символикалық мән-мағынасы зор, мақсатқа жеткізетін маңызды компонент екенін меңзейтінін ерекше айтар едік. Кеше ғана ұлтымыздың мақтанышы Халық артисі, сексеннің сеңгіріне шыққан Асанәлі Әшімов ағамыз жанұясымен келді. Ел шулап айтып жүр циркте жаңа бір лазерлік шоу Ер Төстік қойылыпты деп, соны бір көрейікші деп арнайы келіпті. Ағамыз келіп қатты риза болып, өте жоғары бағасын беріп кетті. Ол кісінің тілегі мен сөздері артистерге үлкен қанат бітірді. Ұлттық классикалық музыкамен әрленгені қойылымға дөп келгеніне және ұлттық нақыштағы костюмдерге дейін ұнатып, Асанәлі ағамыз риза болды. Біз осы қойылым үшін арнайы 200 костюмді ұлттық нақышта тіккізген едік.
Бүгінгі арзанқол тарсыл-гүрсіл музыкамен емес, кәсіби композиторлар мен кәсіби фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің орындауынағы Н.Тілендиев, Т.Мұхамеджанов, Қуат Шілдебаев сынды үлкен композиторлардың музыкасын, ұлттық аспапта ойнайтын «Ер Тұран» ансамблінің орындауындағы шығармалары сүйемелдеп отырады.
Бұған дейін Қазақ мемлекеттік циркінде мұндай қойылымдар қойылмаған. Негізі цирк қойылымдары дивертисменттік түрде қойылады. Ол дегеніміз – нөмірлер бірінен кейін бірі шығады да, өнерлерін көрсете береді. Ол балалар үшін іш пыстырып жібереді. Ал бұл Ер Төстік қойылымына балалар «енді не болады екен» деп қызыға қарап отырады. Қаланың да, даланың да баласы қызыға көреді. Әлеуметтік нашар жанұялар мен балалар үйіне және қарттар үйі мен әр түрлі ауру дімкәс балаларды қорғайтын қоғамдар мен әкімшіліктерден келген өтініш хаттары бойынша қаншама көптеген қайырымдылық көрсетілім жасадық. Себебі, Елбасымыздың бір тамаша сөзі бар – Бір ел – бір тағдыр деген. Олар осы мемлекеттің азаматтары болған соң біздер де оларды ұмытпай, қатарымыздан қалдырмауымыз керек және олар қандай жағдай болмасын мен Қазақстан азаматымын деп нақ айтатындай сезімде болуы керек. Әлі де алдыға қойған үлкен жоспарларымыз жетерлік. Қазақ мемлекеттік циркін дәріптеу үшін өнерімізді шыңдап, гастрольдерге шығуымыз керек. Соңғы отыз жылда біздің цирк өз труппасымен толықтай ешқайда гастрольге шықпаған, ал жеке номерлерімізді жан-жаққа жиі шығарып тұрамыз. Фестивальдарға қатысып үлкен шеберлігіміздің арқасында қол жеткізген табыстарымыз да ауыз толтырып айтарлық. Үстіміздегі жылы бұрын-соңды цирк тарихында болмаған музей аштық, себебі, өмір өтіп жатыр. Осы цирктің алғашқы майталман артистері мен құрастырушылары өмірден өткен соң ұмытылып бара жатыр және бүгінгі Қазақ мемлекеттік циркін насихаттау мақсатында арнайы өз журналымызды шығардық. Басқа елдерге барғанда барлық мемлекеттер өз журналдарын тарқатып жатқанда, біздердің берер түгіміз болмағаны ұят жағдайға қалдыратын еді. Атқарылған шаруалар аз емес. Дегенмен, алдағы жасалатын жұмыстар да жеткілікті әрине. Көрермендерімізге Қош келдіңіздер! демекпіз. Циркке келіңіздер, Цирк – таза өнер ордасы. Бұл жерге тамашалауға таңдай қағысып адам баласының мүмкіншілігінің шектеусіздігіне көз жеткізу үшін келеді, себебі, циркте өтірік өнер көрсету мүмкін емес. Қаупі мен қатері мол цирк өнерінің қыры мен сыры мол.