Бұл Ер Төстік, қай Ер Төстік?..
Жаратушы Иеміз қазаққа қисапсыз жер байлығын да, тіл байлығын да, рухани байлықты да аямай-ақ берген. Әттең, біз кешегі бір жылдары соның бәрін оңды-солды шашуымыз аз болғандай оған анаған да, мынаған да еліктеп қырық құбылған көрсеқызар, әсіреқызылдығымыз, жас ұрпағымыздың ертеңгі күні кім боларын ойламайтын бейқамдығымыз қосылды. Соның бірі –қазақтың халық ертегілерін анимациялау ма деп қалдық.
Әнебір кезде республика кинотеатрларында кеңінен таратылып, мол ақшаға кенелтіп жатыр деген даңғазаға толы «Ертөстік» мультфильмі дәл осы уайымымыздың бекер еместігін дәлелдей түскендей болды. Әлде, оның осындай зияны мол екенін аңғармау ма, әлде сол «ақша түсіп жатыр» деген ұранға үн қоссақ болды деген тайыздық па, әйтеуір, бұл фильмді кейбір журналистер аспанға асқақтатып мақтай бастады. Рас, олар ара-арасында фильмнің кемшіліктерін де жұқалап қана айтып өткен болады. Дұрысына келсек, бұлар жұқалап, сипақтатып айтатын кемшіліктер емес еді.
Мәселеге төтесінен келер болсақ, бұдан былай қазақ ертегілерін «Ер Төстікше» түсіруге тездетіп тыйым салуымыз керек пе деп қалдық. «Ер Төстік» атты бұл анимациялық толықметражды фильм туралы баспасөз бетінде айтылған ескертпелер мен реніштердің бәрі дерлік бір-біріне ұқсас. Демек, соның бәрі негізсіз айтылмаған деуге әбден болады.
«Ер Төстік» – қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ең бір көркем де көрнекті, мазмұнға өте бай таңғажайып құнды дүние. Мұндай рухани баға жетпес құндылық әлем халықтарында кездессе де өте сирек кездеседі. Сонау ел қорғаған баһадүрлеріміз де, күміс көмей көсемдеріміз бен қара қылды қақ жарған билеріміз де, кешелі-бүгінгі ғұлама ғалымдарымыз бен сөз зергері шайырларымыз да «Ер Төстікті», «Керқұла атты Кендебайды», «Алтын сақа», «Күн астындағы Күнікей қызды» жастайынан қариялардан естіп, кітаптардан оқып өскендер еді. Ұлттық рух, ұлттық мәдениет, ұлттық салт-сана, ұлттық тәрбие, ерлік пен махаббат көріністері тасып-төгіліп тұрған осынау ғажайып дүниені фильм қып түсіріп, бүгінгі ұрпаққа ұсынбай тұрып, «Қазақфильм» АҚ ауыз әдебиетінің, мәдениеттің білікті ғалымдарымен, ақсақал тарихшылармен, әсіресе ең бір ұлт жанашыры саналатын қаламгер қауыммен ақылдасуы керек еді. Амал не, қазынадан бөлінген қаржыны қайткенде тезірек игеру бірінші мақсатқа қойылатын осы заман қағидасының зардабы «Ер Төстікке» де тиді.
Тіпті оның қоюшы режиссері Жәкен Дәненовтың «Ер Төстіктің» бейнесі суретшілер қиялынан туды» деп, көп ойланбай-ақ айта салған сөзінің өзі-ақ фильмді түсіруде оның қазақтың ұлттық фильмі болуы керектігіне еш бас ауыртпағанына ап-анық дәлел болып тұр. Өйткені Ер Төстіктің бейнесін ұлттық мәдени, тұрмыстық, салттық дәстүрден хабары аз кез келген суретші өз қиялымен салуына құқы жоқ! Бұл – нағыз қылмыс. Өзіңіз қараңызшы, Ер Төстіктің үстіндегі киімі қазақ түгіл бүкіл Азия, бүкіл түркі жұртының үш ұйықтаса түсіне кірмейтін нәрселер. Қазақ ертегілерінің, аңыздарының сорабымен (желісімен) түсірілген бірлі-екілі фильмдердегі батырлардың киім үлгісі, осы анимацияның да «тақиясына тар келмес» еді ғой. Амал не, «Айтақ!» – десе тұра шабатын әдетімізбен Ер Төстікті, Батыс Еуропа рыцарьларының ба, әлде, Ескендір патшаның, әлде, крестжорығы заманының көк темір киімінің үлгісімен құрсаулап тастапты. Тіпті, ол Төстіктен гөрі көп жағдайда Вольтердің Айвенгосына ұқсап кеткен. Ал оның шашын өсіріп, төбесіне түйіп, желке тұсындағы жиек шашын бірнеше бұрым қып өріп қоюын ешнәрсемен ақтап, дұрыстығын дәлелдей алмайсыз. Режиссер Жәкен Дәненовтың «бұрын көшпелілердің батырлары шашын өсіріп, түрлі шаш үлгілерін жасаған» деуі – құр долбар, алдаусырату ғана. Оның жауабын суретшілердің қиялы деп алдында өзі-ақ айтып қойғанын режиссер бұл жерде ұмытып тұр. Жалпы, ертектерді көшпелілер заманының, отырықшылар заманының ертегі деп бөлудің өзі онша білікті, онша терең адамның сөзі емес. Ал Жәкен Дәненов журналиске берген жауабында өзінің бұл «Ер Төстігін» – көшпелілердің батыры дейді. Ендеше, оған бүгінгі технологияның соңғы жетістіктерін қосуды жөн көргені несі? Астында ат, үстіне ортағасырлардың бас кезіндегі темір сауыт киген Төстік пен түйелі Кенжекейдің замандасы – перінің қызы Бекторының қолында осы заманның планшеті, айпат сияқты XXI ғасыр құралдары қайдан жүр? Сол перінің қызы Бекторыны Жәкен Дәненовтің Бапы ханның қызы дегені қалай? Біз білетін Ер Төстіктегі Бекторы – жылан патшасы Бапының қызы емес, перінің қызы. Халық ұғымында перінің қыздары әрқашан сұлу келеді. Ендеше, перінің қызы, яғни перизат Бекторы қолындағы XXI ғасырдың құралымен Кенжекейдің сұлулығын өзіне көшіріп алуға тырысатындай басына не күн туыпты? Бұл айтылғандардың бәріне бірінші жауап: осының бәрі режиссердің де, оның кеңесшілерінің де, суретшілердің де қазақтың ұлттық рухани мұрасынан мысқалдай да хабарының жоқтығынан дер едік. Екіншіден, қазіргі қазақ кино өнеріндегілерде Батысқа бірыңғай көз жұмбайлықпен еліктеу, соларға ұқсасақ, озық мәдениетті болатын шығармыз деген надани ой ғана бар. Ал мұндай ой ұлттық намыстан, ұлттық санадан, ұлттық мақтаныштан жұрдай білім-білігі төмен адамдарда жиі ұшырасатынын көзіміз көріп жүр.
Ал енді қоюшы-режиссер Жәкен Дәненовтің кіп-кішкентай көрерменнің «Ер Төстік» қолынан қан ақса, неге құлап қала береді?» деген сұрағына қайтарған жауабының түрін қараңыз: «Ер Төстіктің қаннан қорқатыны батырлығын кемітпейді, ерлігіне кедергі келтірмейді, қайта адам екенін аңғартып тұрады» – дейді («Ұлан» газеті 9-сәуір 2013) ол. О заман да, бұ заман Ер Төстік адам ба, әлде басқа бір мақұлық па деген күмәнді сауал туып па еді? Ау, Ж.Дәненов жаңа ғана Ер Төстікті көшпелілердің батыры демеп пе еді? Жалпы, сөйлеген сайын осылай өз сөзіне өзі қайшы келетін, сөзінің табан тірер бұдыры жоқ адамға «Қазақфильм» халқымыздың ең бір қасиетті рухани қазынасы туралы анимациялық фильм түсіруді қалай тапсырған десеңізші?!
Бұдан әрі қазбалай берсек, бұл анимациялық фильмнің музыкасына да, мәтіннің тіліне де байланысты көңіл құлазытарлық тұстар жеткілікті. Оны қоя тұрайық. Біздің айтпағымыз – «Ер Төстік» фильмінде қазақтың осы аттас таңғажайып ертегісіндегі ұлттық көріністің ізі де, исі де қалмағаны. «Ер Төстіктей» әлем әдебиетіндегі теңдессіз дүниені бүгінге, Батысқа бейімдеймін деп бұлайша тоз-тоз қылу – ұлттық қазынамызға, ұлттық салт-санамызға зор зиян келтіру десе де болғандай. Біз «Ер Төстік» ертегісін ұлтымыздың өте асыл мәдени мұрасы деп білуіміз керек. Біз бұл жерде фильмді дәл ертектегі нұсқасындай қып түсіру керек деп отырған жоқпыз. Тіпті сөйтсе де артық болмас еді. Дегенмен мейлі көркем фильм, мейлі анимациялық фильм болсын, біз солардың ешқайсысында да өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық болмысымызды басты орынға қоюымыз керек екені қаншама айтылып келе жатса да, соған құлақ аспайтын ауруға душар болғанымызды айтсаңызшы. Жалпы, Ж.Дәненовтің «Ер Төстікті» бүгінгі анимациялық фильмнің талабына сай түсірдік дегенін қалай түсінесіз? Фильм, оның ішінде анимациялық фильм ешқандай басқа талапқа емес, ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде ұлттық тәрбие талабына сәйкес түсірілуі керек. Және оның сценарийін де, музыкасын да жастайынан қазақтың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің кәусарынан қанып ішкен, ұлттық санасы жоғары адамдар жазуы керектігін ескерсек екен. Қазір Ресейде шығып жатқан анимациялық фильмдерді қарап отырсаңыз, тек орыс рухын, орыс салт-санасын асқақтатуға бағышталғаны айдан анық көрінеді де тұрады. Ал біздікі тек еліктеу, не екенін өздері де білмейтін «цивилизациядан» қалып қоймау. Мұндай дүбәра фильм жасаушылар алдағы уақытта Ер Төстік, «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей» сияқты халықтық шығармалардың кейіпкерлерінің аузына орысша, ағылшынша сөздерді қыстырғызып, ағылшын мәнерімен ән салдырып қоюы да ықтимал. Иә, бұдан бұрын түсірілген «Алдар Көсе» фильмін көрген балаларымыз Алдар Көсеге де, ондағы аталары мен әжелерінің адамға ұқсамайтын сондай бір сұрықсыз бет-әлпетіне де жирене қарайтын болғанын жасырмайықшы! Егер, бізден басқа мемлекет болса, өзінің ұлтын осылай көрсететін фильмдерді түсірген, оны экранға шығарған адамдарды түгел сотқа берер еді. Бірақ «Алдар Көсеге» айтылған сын-ескертпелер айтылды да қалды. Баяғыда «Көшпенділер» де солай болды. Бүгін «Ер Төстікке» айтылған ескертулер де солардың кебін киері сөзсіз. Өйткені, қазір қазақтың өз жоғын жоқтап, өз мұңын мұңдаған сөзі өз елінде желге ұшқан заман болып тұр. Алла ақыры қайырын бергей, бұл істің! Қалай десеңіз де алғашқы толық өлшемді анимациялық фильм «Ер Төстік» қазақтың бүгінгі ұрпағын ұлттық болмысынан алыстатпаса, жақындата түседі дей алмаймыз. Байқауымша, болашақта қазақ ертегілерінің желісімен талай мультфильмдер түсірілетін сияқты. Енді солар мына «Ер Төстіктің» кебін кимеу жағын қарастырайық. Ұрпағымыздың ұлттық дүниетанымына кесірімізді тигізбейік. Мультфильм дегеніміз – ұрпаққа ұлтжандылық беретін, ұлттық рух беретін, оның ұлттық санасын қалыптастыратын өте күшті тәрбие құралы. Біздің манадан бері айтпағымыз өнердің ең маңызды саласы деп аталған кино төңірегіндегілер және солардың қара шаңырағы «Қазақфильм» осыны ескерсе екен.
Мырзан ШАЛҚАРИ
ПІКІРЛЕР2