Әлеуметтік тақырып жаныма жақын
Адамдарға қандай да бір ой салып, жақсылық жасаған кезіңде өзің де жан рахатын сезінесің деседі. Бірақ жақсылық жасауды әркім әрқалай түсінері хақ. «Шынайы жақсылық адамдарға деген шексіз мейірімділіктен көрінеді», – депті Жан Жак Руссо. Қоғамның реалды бейнесін әшкерелеу де кейде бізді қателіктерден тыйып, тура жолға жетелейтіндей. Ол келешек ұрпақ адаспауы үшін қолындағы қылқаламын қаруға айналдырды. Бүгінде сол құралымен талайларға ой салып жүр. Қоғамда белсенділігімен көзге түскен суретші, иллюстратор Аңсаған МҰСТАФАМЕН бүгінгі атқарып жүрген ісі төңірегінде сұхбаттасқан едік.
Аңсаған МҰСТАФА, суретші, иллюстратор
– Өнерлі отбасыдан шықтыңыз. Жазушының перзенті болу дегенді қалай түсіндіріп берген болар едіңіз?
– Әкем Құрманғазы Қараманұлы – жазушы, ал анам Шолпан Ұғыбайқызы – журналист. Жазушының перзенті болған жақсы деп айтқан болар едім. Бала кезімде әкеме «Энциклопедиясың ғой. Анау не? Мынау қалай болады?» деп түрлі сұрақтар қоятынмын. Қазіргі күннің өзінде, интернет шыққандықтан «гуглсың» деп әлі мазасын аламын. Ылғи да ерінбей бәрін түсіндіріп береді. Маған жұмыс істеу, уақытты қалай үнемдеу керектігін үйретті. «Жарты сағат сурет салсаң, жарты сағат үй жина, жарты сағат кітап оқысаң, жарты сағат ойна. Егер бір нәрсемен тым ұзақ айналыса берсең жалығып, енді қайта беттемейтіндей болып кетуге болады» дейді. Ауылға апарып, еліміздің басқа да жерлерін көрсетіп жүрді. Інім екеуміздің тек қана қазақша сөйлеуімізді талап етті. Оқуға түсерде де «мақсатымыз сендерге «ақша тап» деп робот қылу емес, қайда оқығың келсе, сонда оқы», – деген болатын. Мен оқуға түсетін жылдары әкемнің достары балаларын банкте істесін деген ниетпен күштеп Нархозға апарып тықпалап жатқан кездері болған.
– Сізді әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адам суретші ретінде таныды. Ерекше иллюстрациялық туындыларды өмірге әкелу туралы ой неден басталған еді?
– Бесінші сыныпта сурет мектебіне түстім. Өсе келе күнде анамның жұмысына еріп барып жүрдім. Анам «Ақ босаға» газетінің редакторы. Бала болғандықтан шулап, журналистердің мазасын алмауым үшін «сурет сал» деп қолыма қағаз бен қалам ұстатып қоятын. Сурет салып отыратынмын. Одан кейін ретуш жасай бастадым. Ол кезде компьютер жоқ. Түпнұсқа фотоның үстінен тушпен, белиламен, ағын – ақ, қарасын – қара қылып, газетте анық көрінетіндей фондағы артық адамдарды жасырып, осындай дүниелерді істеп, жұмыс барысына араласа бастадым. Қолыма фотоаппарат тиген соң, журналистермен сұхбаттарға еріп барып жүрдім. Өзімді фотограф секілді сезінетінмін. Өйткені, бұл маған қатты ұнайтын. Содан кейін дайындалып жатқан кейбір мақалаларға фото келіңкіремей қалып жүргенде журналистердің өтініші бойынша мақаланың мәтініне қарай қолмен сюжетті суреттер сала бастадым. Әлеуметтік тақырып жаныма жақын болды. Бірде редакциямызға келіп бір келіншек «Қызылордадан келген едім. Туыстарымның үйін тауып алғанша осында отыра тұрсыншы», – деп баласын тастап кеткен кездер де болды. Бала бізбен бірге екі-үш күн үйге еріп барып, редакцияға қайта әкеліп жүрдік. Соңында милиция шақырып, балалар үйіне өткізгенбіз. Мен өзім ол кезде он бір-он екі жастамын, ал ол бес жастар шамасында. Бұл маған қатты әсер еткен оқиға болды. Аяғы ауыр болып қалған талай қыздар редакцияға жылап келетін. Газетті қатты жақсы көріп оқитындықтан, көмек сұрайтын. Бұл – 1992-93 жылдар еді. Ол кезде психолог деген жоқтың қасы. Сөйтіп жүріп әлеуметтік желілер пайда бола бастады. Сюжет деген жетеді: неше түрлі тағдырлар, бір-бірінен аумайтын қателіктер, қыздардың жылағаны көз алдымда. Әлеуметтік желілерге ақындар өлеңдерін, фототілшілер фотоларын шығарады екен, ал мен газетке шыққан суреттерімді жүктей бастадым. Қызық көрінді, пікірлер де көп болды. Лайктарға қызығып неше түрлі суреттер салдым. «Бірақ бұның бәрі бос нәрсе. Интернетте отырғандар жастар екен, қателеспесінші» деп әлеуметтік тақырыпқа ғана көңіл бөліп, тек сол бағыттағы суреттерді сала бастадым. Суреттер әлемді аралап кетті. Мен тек қазақша ғана ат қойып жүрдім, өздері өз тілдеріне аударып алып, талқылап жатты. Адамзаттың проблемалары бір екен.
– Суретшілерден ұстаз ретінде кімді атай аласыз? Және ол сізге несімен үлгі көрсете алды?
– Ұстазым – Ағымсалы Дүзелханов. Ол кісі бізге сабақ берді. Мен колледжде оқып жүргенде, академияға түсерде «сол кісі сабақ береді екен» деген сөздің өзі академияға түсуге асықтыратын. Оның суреттерін елдің бәрі біледі, оқулықтардың ішінде де бар әрі теңгенің авторы. Сабағына барғанда бар білгенін аянбай үйрететін. «Өзің барып біліп ал, келесі жолы» деген сөздер болмайтын. Техникаларды көрсетіп, композиция дегеннің не екенін үйретті. Сурет мектебі, колледж, академиядағы барлық мұғалімдер жақсы болды. Ол жерге түсерде сурет сала білмеуші едім. Барлығын солар үйретті. Кейбіреулер маған «талантсың» деп айтады. Негізінде күнде үй жұмысына берілетін 100 сурет солардың үйреткендері ғана. Кішкене зейін қойып, машықтанса бір адамның істегенін екінші адам жасай алады.
– Болашақта қандай жоспарларды іске асырғыңыз келеді?
– Осы суреттерді салып жүрген кезде итальяндық бір кісі «сіздің суреттеріңіз маған қатты әсер етті. Адамзатқа пайдаңыз тиіп жатыр, мен де көп ойланып-толғандым», – деп хабарласқан болатын. Жаңа суреттер шығарғанда жекеге хат жазып, өз ойларын айтып отыратын. Сөйтіп, алдыңғы жылдары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай үлкен той болады дегенді естіп, түрлі дизайн жасайын деп жарты жыл салып, Абай сайтына шығарғанымда ұнатқан адамдар сол жерден жүктеп алып, киіп, фотоға түсіп, менің парақшама шығарып жүрді. Оны көріп отырған итальяндық Бенедетто Эсперансо таң қалып «дизайнды қалай тегін беріп жатырсың? Неге сатпайсың? Қырғын ақша болады ғой», – дейді. Мен оған «қазақтарда есеп басқаша. Қазақтар еңбегін елінен аяған емес. Бұл үлкен той. Тойға менің қолымнан келген шашуым», – деп түсіндіріп, суреттердің бәрін біріктіріп «Шашу» деген атпен көрме ұйымдастырдым. Ол болса маған «жақсы адам екенсің. Бір күні видеозвонокпен сөйлесейік, футболканы қалай жасау керектігін үйретемін», – деді. Келістік. Осылайша ол маған үйретті. «Қолдан келетін іс екен» дедім де, «нар тәуелел!» деп кірісіп кеттім. Оған себеп болған – әлеуметтік желідегі достардың комменттері, сұранысы, қызығушылық танытқаны болды. Бүгінгі күні сайтымыздың аты www.ansa.kz. Күні-түні ұлттық нақыштағы футболкалар жасаудамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ.