ШЫМЫЛДЫҚ ІШІНДЕГІ ТАҚЫРЫП
20.08.2025
642
0

Оңтүстік Корея елінің жазушысы Хан Ганның «Еттен жеріген әйел» атты романын оқығаннан кейінгі ой

Сонымен…
Хан Ганның «Еттен жеріген әйелін» («Вегетарианка». Роман. Хан Ган. Мәскеу. АСТ баспасы. 2025 жыл) оқып шықтым. Аса тамсандырмады. Таңғалдырған да жоқ. Тіпті толғандырмады да. Бірақ «Енді не болар екен?», «Соңы немен тынар екен?» деген сауалдың жетегімен бас алмай оқыдым. Жұмысбасты адамбыз ғой, ара-арасындағы шаруаларыма, тамақтанғаныма және басқаларға бөлген уақыттарымды есептемегенде, үш күнде тамамдадым.
Ең алдымен, романның аты-жөнінде. Әлеуметтік желіде осы романның аты-жөнінде аз-кем пікірталас болды. Мен де өз ойымды айтып, «Ет жемейтін әйел», «Вегетариан әйел» деген аудармадан гөрі «Ақ қоректі бибі» деген ат дұрыс деп қолдап едім. Бірақ романды оқып отырып (оқып болған соң да), «Еттен жеріген әйел» («бибісін» қалдыра беруге болады) деген ат дұрыс-ау деп топшыладым. Оның себебін кейінірек айтамын.
Романның көлемі шағын. Өзі үш бөлімнен тұрады. 1. Вегетарианка («Еттен жеріген әйел»). 2. Монгольское пятно («Моңғол дағы (таңбасы»)). Ол қандай дақ? Таңба? Онысы сәбидің қай жерінде тұрады? О жағын кітапты оқи отырып білерсіздер. 3. Пламя деревьев («Ағаштар жалыны». Осыны «Ағаштар жалын атқанда», «Ағаштар от шашқанда» деп пе, әйтеуір қазақы қалыпқа салып, жөндеп аудару керек сияқты).
Әр бөлім әр адамның (кейіпкердің) атынан баяндалады. Бұл тәсіл әлем әдебие­ті үшін жаңалық емес. Бірінші бөлімдегі хикаятты, мысалы, еттен жеріген әйелдің күйеуінің аузынан естисіз. Екінші бөлім – романдағы бас кейіпкер Ёнхенің жездесінің атынан айтылады. Үшінші бөлімді еттен жеріген әйелдің туған әпкесі айтып береді.

БІРІНШІ БӨЛІМДЕ…

бір түнде еттен жеріген әйелінің оқыс қылығынан, табан астында өзгерген тосын мінезінен шошыған күйеуінің баянына бас шұлғып, қолдап отырдым. «Отырасыз» десем, басқаларға пікірімді таңған болам. Сондықтан бұдан ары қарай да бірінші жақтан баяндай беремін. Өйткені ол (күйеуі) әйелі қорқынышты түс көріп, еттен қарадай жеріне бастаған сәттен бастап (түсініңіздер, бұл «диета», «мүсін сақтау», «діни таным-түсініктерге» қатысты бас тарту емес, қаны сорғалаған еттен, тіпті қанның иісінен тура мағынасындағы жиіркену) әйелін «жоғалтып» алады. Себебі ет атаулыдан жеріп шыққан түннен бастап мінезінде күрделі өзгеріс пайда болған Енхе ет турап, тағам дайындауды қояды. Таңғы тамақ мәзірі тек қана көк-сөктерден тұратын болады. Күйеуінің – күйеуі екенін, оның осы үйдің бас иесі екенін білдіріп айтқан сөздерін меңіреуге айналған әйел құлағына да ілмейді. Күйеуі одан таңғы ас кезінде «Түскі, кешкі тамағыңды кафеден ішіп жүрсің ғой, таңғы көк-сөккке шыдарсың» деген сияқты селқос жауап алады. Осылайша, бір шаңырақ астында бірсыдырғы өмірдің быт-шыты шығып, ақыл мен парасатқа ие күллі адамзатқа тән отбасылық өмір сүру қалпы мен дәстүрі бұзылады.
Автордың ұстамдылығы сол (ұстанымы ғой негізі), бұл тарауда да, бұдан кейінгі тарауларда да Енхенің күйеуін озбыр, қатыгез адам ретінде суреттемейді. Әйеліне қол жұмсатпақ тұрмақ, онша көп дауыс та көтертпейді. Көбінесе ішінен күйзелтеді.
Осы жерде романның атын неге «Еттен жеріген әйел» деп аудару керек деген пікірім туралы айта кетейін. Шыны керек, бастан аяқ бір әйелдің еттен жерігені туралы ғана жазылған романды оқып отырудан мен де жерідім. Уақытымды (алтын демесем де) бір әйелдің еттен жеру себебіне үңілуге «өлтіру» біртүрлі оғаш көрінді. Бірақ «Нобель сыйлығын алған» деген аты бар, әдебиет сыншылары да «анау» деп, «мынау» деп аспанға көтеріп тастаған роман ғой деп түгел оқып шығуды жөн көрдім.
Күйеуінің айтуынша (ең жақыны сол ғой енді), әйелдің тағы бір оғаш әдеті бар. Үйінде төстартқышсыз («кеудеқап» деп те жазады) жүре беретіндіктен қос анары үлбіреген жұқа көйлегінің ішінен ап-анық боп көрініп тұрады. Үйленгелі бері осы. Үйдегіні қойшы, күйеуінің бастығы ұжымын бір кафеге қонаққа шақырып, соған баруға тура келген кезде де әйелінің осы оғаш әдеті үшін жерге қарауына тура келеді. Басқалардың мысқылдай қарап отырғанын іші сезіп, ұяттан өртенеді. Олар да зәлім, әңгімені басқаға арнаға бұрып, сыр бермеген болады. Дегенмен «қатыныңның сыры мәлім болды» дегендері жүздерінен көрініп тұрады. Адамдарға тән қалыпты өмір салтынан ауытқыған (бірақ Енхе өзін ешқандай ауытқыған адаммын деп ойламайды) әйел үшін осы тұста күйеуіне шынымен жаным ашыды.
Сіз, мысалы, сол күйеудің орнында болсаңыз не істер едіңіз? «Әркімнің бас бостандығы мен еркі өзінде болуы керек, әркім қалағанынша жүріп-тұруы керек» деген түсінікті пір тұтып, Енхе сияқты бола бастаған әйеліңізді қолдар ма едіңіз? Онда бара-бара әйелдер мен еркектердің көшеде тыржалаңаш жүре бастағанын «адамдар еркіндігінің» символы деп жар саларсыз?
Батыстағы кейбір мемлекеттердегі «жабайы жағажай» («дикий пляж») «дәстүрі» жалпыға ортақ жағажайлардан оқшау болса да, барған, көрген адамдардан құлаққа жетіп жататын. Ол жағажайда еркегі, әйелі бар, бәрі тыржалаңаш бірге шомыла береді екен. Бұл да біреулер үшін «еркіндік» белгісі.
Сонда әбүйірін жапырақпен болса да жауып жүретін алғашқы қауымдық құрылыс адамдары еркіндіктен жұрдай болған ма? Еркіндіктің көкесі сол қауымдастықта емес пе еді қайта? Селдір матадан тігілген көйлектің ішінен анары мен мен оның үрпін көрсетіп жүруді «еркіндіктің символы» деп көрсету қалай болар екен өзі? Жұмақтан қуылған Адам ата мен Хауа ананың кескіндерін салған ұлы суретшілер де әдептен озбай, кейіпкерлерінің әуреттерін жауып қоймап па еді?! Әлде олар қателесті ме?
«Овертон терезесі» («Окно Овертона») қағидасына жүгінсек, қоғамның ақыл-есіне әсер ету әдіс-тәсілі алты кезеңнен тұрады екен. Біріншісі – «ойда жоқ нәрсе» (қазақтар мұны «үш ұйықтасам да түсіме кірмеген нәрсе» деп түсіндіріп те жатады), екінішісі – «қасарыса (өршелене) қарсы тұру», үшіншісі – «қабылдауға боларлық (адамзат өзінің қабылдауына жат бір ұятты қылыққа, әдетке, біртіндеп көне бастауы)», төртіншісі – «әлгіні ақылға қонымды деп қабылдауы», бесіншісі – «белгілі жағдай ғой деп немқұрайды қарауы», алтыншысы – ең ұят, ең әдепсіз саналатын және адамзат мораліне жат қылықтың «мемлекеттік қалыпты жағдайға» айналуы. Мысалы, батыстың кейбір елдеріндегі еркек пен еркектің үйленуі қалыпты жағдайға айналып, соған байланысты заңдардың қабылдануы – «Овертон терезесі» теориясының нақты көрінісі. Овертонның осы теориясына мойынсұнсақ, күндердің күнінде күн көрінетін селдір көйлек ішінен төстартқыш емес, лыпа кимей жүру де «мемлекеттік қалыпты» жағдайға, яғни ұлттық салт-дәстүрге айналып кетуі бек мүмкін. Мысалы, кейбір құрлықтардағы халықтардың әйелдері анарлары салбырап жалаңаш отыра беретінін телехабарлардан көре-көре адамдардың еттері үйрене бастады емес пе?
Міне, Джозеф Овертон (04.01.1960 – 30.06.2003) деген сойқан адамзатты гуманизм қағаидаларынан ажырату тәсілін зерттей келіп, пенделердің ұят, жиіркенішті нәрселерге кезең-кезеңімен еттері үйрене бастайтынын, оларды «қабылдауға боларлық», «ақылға қонымды», «белгілі жағдай», «мемлекеттік қалыпты нәрсе» деуге болатынын анықтап, жіктеп, жіліктеп тастаған. Бұған құлдық ұрмаған, бас имеген адамдарға қалай әсер ету керек, оларды қалай пайдалану қажеттігі де қарастырылған.
Сонымен Енхенің еттен жеруінің, тіпті оны көргісі келмеуінің бір-ақ себебі бар болып шықты. Ол – түсінде ылғи қаны тамшылған қып-қызыл етті көруі. Кәрістердің (корейлердің) ит жейтіні белгілі. Әкесінің айтуынша көп жүгірген иттің еті жұмсақ болады екен. Сол үшін итті мотоциклдің артына байлап, бар жылдамдығымен шеңбер жасап айналады. Әрине арылдаған мотоциклге ит те ілесе жүгіреді. Бесінші айналымнан соң иттің аузынан ақ көбігі ағады. Мойнын жіп қажап, аппақ жүні қанға малынады. Сол иттің етінен жасалған тағамды жеп отырғанда, мотоцикл­дің соңынан тілі салақтап ілескен иттің жылтыраған көзі, аппақ жүнін қып-қызыл түске бояған қанды көреді. Сыншылар, ойы озық Еуропа зиялылары, оның ішінде Нобель комитетінің қазылары да бар, романдағы осындай оқиғалар мен етке қатысты баяндарды озбырлыққа қарсылық деп бағалайды. Бұған мен де қосыламын.
Мұндай түстерді Енхе жиі көреді. Түрлі бейнедегі құбыжық бейнелерден де шошынады. Оны автор тараулардан бөлек, курсивпен ерекшелеп жазып отырады. Осы түстер арқылы оның еттен неге жерігені, неге етті көргісі келмейтін образы ашыла түседі. Содан бастап жемек тұрмақ, күйеуін де көргісі келмейтіні соншалық, күйеуінің төсекке тартып, икемдемек болғанына сүлесоқ қана: «Керек емес», – деп қарсы болады. «Неге?» – дейді күйеуі. «Сенен еттің исі шығады», – дейді Енхе. «Жаңа ғана шомылып шықтым ғой». «Тер сасисың, теріңнен де еттің иісі шығады». Терді қойшы, күйеуінің «жұмыртқа қуыр» дегеніне де міз бақпайды. Сүттен де бас тартады. Автордың мықтылығы осының бәрін оқырманға шынайы, сенімді, бейнелі, көркем деңгейде жеткізеді. Артық-ауыс сөзге бармайды. Жақсы, ғажап шығарма жазу үшін қалыңдығы бір қарыс роман жазудың қажет емес екенін дәлелдейді.
Енхенің бойындағы бұл «өзгерісті» («ұс­та­нымы» дейміз бе, әлде?) бейшара күйе­уі (кейбір сыншылар күйеуін «деспот», «диктатор» дейді, бір-екі рет ашу үстінде айқалағаны болмаса, оның бойынан алабөтен қаталдықты көре алмадым) ғана емес, айналасындағылар (ата- анасы, бауырлары, жездесі, дәрігерлер) үшін де түсініксіз. Тіпті әкесі дастарқан басында қызының аузына піскен етті күштеп тықпақ та болады. Аузын ашпай, ернін жымқырып, тістене қасарысқан қызына ашуы келіп, шапалақпен тартып та жібереді. Бауырлары ет жемек тұрмақ, оған қарағысы да келмейтін әйелдің екі қолынан тыпыр еткізбей ұстап тұрады. Бос, болбыр, көнбіс күйеуі (менің түсінігімде) әйеліне араша түспейді. Демек, ол да – қайын жұртының таным-түсінігі деңгейіндегі адам.
Сөздің қысқасы, еттен жеріген, тіпті етті көргісі келмейтін әйелдің әрекетін ешқайсысы есі дұрыс адамның ісі деп ойламайды. Оның ұстанымына мойынсұнып, қабылдағысы келмейді. Ақыры дәрігер шақырып, ауруханаға жатқызады. Күйеуі болса еттен жеріген, үйінде (үйленген күннен бастап), тіпті қонаққа барған кезде де емшегі мен оның дөңгелене қарайып тұратын ұшын (үрпісін) селдір жұқа матадан тігілген көйлегінің ішінен көрсетіп, міз бақпай отыра беретін әйелінен безініп, ажырасып тынады.
Сыншылар романның басты кейіпкері Енхені «диктатқа», «озбырлыққа», «қаталдыққа» қарсы ерекше сомдалған соны кейіпкер ретінде, ал авторды осы кейіпкерді дүниеге әкелу жолындағы талантын жоғары бағалап жатыр. Мен де риза болған тұстарымды айтайын. Біріншіден, романның тілі оқуға жеңіл. Кәріс (корей) тілінен тікелей аударған – Ли Сан Юн. Екіншіден, тараулары шағын. Бұл да романды оқыған адамға қиындық тудырмайды. Ёнхенің көрген түсін бөлек әріппен (курсив) қысқа ғана жазғаны да – тамаша тапқырлық. Сөзбен салған суреттерінің бояуы да қанық, айтқысы келген ойлары да анық. Оқыған сайын бейбақтың еттен бекерден бекер жерімегеніне сене бастадым. Мен мысалға келтірген ит туралы түс сияқты басқалары да шынайы. Қисынды. Үшіншіден, идеясы тың. Егер романды «диктатқа», «оккупацияға», «зорлық-зомбылыққа» қарсылық деп танитын болсақ, онда Хан Ган соны айтудың бұрын-соңды жазылмаған тың қалыбын (формасын), тосын сюжеттерін тапқан.

МОҢҒОЛ ТАҢБАСЫ…

деген екінші бөлім еттен жеріген әйелдің туған әпкесінің күйеуінің, яғни жездесінің атынан баяндалады. Сөйтсек, ол тұқымың құрымағыр балдызына көптен бері көзін сүзіп, телміріп жүріпті. Ғашықтық па, әлде жай әшейін ғана «бір рет көрсем, шіркін!» деген тыз етпе желік пе, әйтеуір кеудесінде бір «дерт» бары анық. Өзінің кәсібі біздің елге әлі келе қоймаған видео-кино-суретші. Қысқасы, бір басына жетерлік өнері бар. Суреттерін қыл қаламмен ғана салып, «шүкір» деп жүре бермейді. «Моделін», «натуршицасын» бейнекамераға түсіріп, төрт минуттық фильмдер жасайды. Балдызымен жақындасуға аңсары қатты ауған бәле оған осы кәсібін қолданады. Өзіне-өзі көңілі тоқ бір әріптесінің шеберханасын «махаббат бекеті» ретінде пайдаланады. Күйеуімен ажырасып, ауруханадан оңалып шыққан балдызын сол шеберханаға шақырады.
Айтпақшы, шеберханаға шақырмай тұрып жалғыз тұрып жатқан балдызының үйіне барады. Бұл жерде Хан Ган жезде ойы арқылы еттен жеріген әйелдің жаны мен тәнін жағымды, жақсы жағынан суреттейді. «Аурухандан кейін толыса түсті, реңі кірді» дегеніне кітап оқып отырған мен де риза боп қалдым. Өйткені бірінші бөлімдегі жүдеген, жөні түзу қылықтары жоқ Енхе өзгерген сияқты көрінеді.
Барса, есік ашық тұр. Енхенің тағы бір жаман әдеті (кейбір зиялылар мен сыншылар үшін, бәлкім, бұл да «еркіндік» нышаны санатында «жақсы» деп қабылданар) есігін ішінен ілмей жүре береді. Емшегін көйлегінің ішінен көрсетіп жүре беретін келіншек, жездесі ашық тұрған есіктен үйіне кіріп келіп, бөлмелерді аралап, өзін іздеп жүргенде ол тұттай жалаңаш күйі ваннадан шығады. Жездесі ә дегенде шошып кеткендей халде болады. Әрине, балдызының тыржалаңаш мүсінін көруі, «шіркін, қолым сауырына бір жетсе» деп ынтығып жүрген жездені арманына бір табан жақындата түскендей, бойын тәтті сезім билеп алады. Ал еттен жеріген әйел тыржалаңаш жүру қалыпты жағдай сияқты жездесінен қымсынбастан қарама-қарсы тұрып жерде жатқан шалбарын алып кие бастайды. Шалбардың ішнен трусиін де кимейді. Ол үшін бұлай киіну де үйреншікті жағдай. Бұл жездесінің құмарлығын одан бетер қоздырады. Ол сол жерде балдызына: «Суретіңді салайын деп едім, модель боласың ба?» – деп өтінішін айтады. Еттен жеріген әйел де кет әрі емес, келседі.
Бұдан ары оқиға әлгі шеберханда, екеуінің «махаббат бекетінде» өтеді. Еттен жеріген тыржалаңаш әйелді етпетінен де, шалқасынын да жатқызып, тәнінің барлық жеріне жапырақтардың, гүлдердің суреттерін алуан түске бояп сала береді, сала береді. Жездесі үшін оның тәніндегі ең қастерлі, ең сиқырлы, ең тылсым жері – «моңғол таңбасы». Ол әдетте, сәбилердің құйрығының үстінде болады. Бірақ кейін өзінен-өзі кетіп қалады. Ал еттен жеріген әйелдікі неге екенін кім білсін, бәленбай жасқа келсе де әлі кетпеген. Автор Енхе образын ерекшелей түсу үшін бұл таңбаны әдейі алды ма екен?
Жазушы Хан Ганның суреткерлік қыры мен сыры осы тұста өте-мөте жақсы ашылады. Тіпті оны екінші тарауда суретші екен деп те қаласың. Операторлықтан да, фотоөнерден де хабары бар майталманның сөзі де, өзі де көрінеді. Жездесіне балдызының суретін осылай салу аздық етіп, оған жарасымды жұп (партнер) іздейді. Оны да табады. Өзінен жас суретші әріптесі жұп болуға келіседі. Жездесі де еттен жеріген келіншекпен жұп боп қатар жатуға, аймалап құшуға үздігіп-ақ жүр. Бірақ өнер құрбандықты талап етеді. Іші шығып, бұлшық еттері босаңсып кеткен өзін құрбандыққа «шалып», сымдай тартылған жігітті мақұл көреді. Оны әйелмен жұп болуға да көндіреді. Сөйтіп, екі жұпты қатар жатқызып үстілеріне сурет салып, екеуін ажырамас бір тән, бір денеге айналдыруға кірісіп кетеді. Сурет салу, яғни ойындағы шығармашылық қиялын жүзеге асыру барысында еттен жеріген әйел мен жас суретші екеуін ақжайма үстіне қатар жақызып бір-бірімен құшақтастырады, бетпе-бет қаратып отырғызады, әйтеуір ойына келгеннің бәрін істейді. Тіпті «енді екеуің жанасыңдар» (шын мәніндегі төсек қатынасын айтып отыр) деген кезде, жас әріптесі қарсы болады. «Әйелді неге аямайсың?» дейді шошынып. Бірақ жігіт қарсы болса да, әйел қарсы емес. Оның аузынан мұндай бір ауыз сөз шықпайды. Ал әріптесі ренжіп, орнынан тұрады да киініп, шеберханадан шығып кетеді. Шығып кеткен кезде, жездесі барады да балдызын өзі икемдемек болады. Бірақ балдызы оны кеудесінен итереді. Сіз оны әйел бойындағы кенет оянып кеткен «ұяттан», «иманнан» іздесеңіз, қателесесіз. Балдызының қарсылығының сырына келсек, ол бар болғаны «сенің үстіңде жаңағы жігіттің үстіндегідей гүлдердің, жапырақтардың суреті жоқ. Мені оған тартқан сезім сол гүлдерде еді» деген сияқты гәп. «Үстіңде гүлдердің суреті болса, қарсы болмай, жақындасар едім» дегенді аңғартады. Жездесі үстіне жапырақтар мен гүлдердің суретін салып, енді екеуі армансыз махабат «майданына» кіріседі.
«Әйел неге өйтті?» деген сауалдың жауабын үшінші бөлімнен оқисыз. Ол ағашқа, жапыраққа айналмақ. Атақты ақын Мұқағалидың сонау жетпісінші жылдары жазған «Жапырақ жүрек жас қайың! Тәнімді айырбастайын. Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын, Келісесің бе, ақ қайың?» деп жырлағанындай, Хан Ганның еттен жеріген әйелі де ағашқа айналып, сол ағаштағы жапырақ боп жайқалып тұрғысы келеді.
Хан Ган әйел мен еркек арасындағы осы «ұйлығу» сәтін суреттеуге де бар өнерін салыпты. Өйткені оқырман осы бөлімді оқып отырғанда, бірінші тараудағы аянышты әйелдің ауруханадан соң кішкене де болса оңалып, махаббатпен айналысқанына (жездесімен «ылыққаны» өрескел болса да!) риза болдым. Шынында да, еттен жеріген әйелдің романдағы ең бақытты шағы осы екінші бөлімде еді. Бірақ…

ҮШІНШІ БӨЛІМ…

Енхенің осы аз ғана бақытты ғұмырының бәрін быт-шыт қылды. Қатал тағдыр оның осы ләззатқа толы қызықты күндеріне (қас-қағым сәт болса да өмір ғой) балта шабады. Ол қатал тағдыр күрзісі – туған әпкесі Инхе. Ол Енхенің ойнасы болған туған жездесінің жары. Жезде мен балдыздың ұзаққа созылған тояттан кейін балбырап ұйықтап жатқан кезінде үстінен түскен әпке (еттен жеріген әйелдің есікті ілмейтінін ұмытпаңыз) бейнекамерадағы екеудің жақындасу сәттерінің (сюжеттерінің) бәрін түгел көріп, өзіне ет жақын боп келетін көңілдестер оянғанша бір бұрышта бүрісіп күтіп отырады.
Күйеуі оянып, ақтала бастағанда «Жындыханадан дәрігер шақыртып қойдым», – дейді. Еттен жеріген әйелдің тауқыметті тағдыры енді осы жындыханада өрбиді. Жездесі Енхенің әпкесінен ажырасады. Ол да құмарлықтың ғана құлы екен (менің ойым), әйелімен хабарласып, хал сұраса балдызы Енхенің жағда­йын емес, баласының амандығын ғана сұрайды. Жындыханада жатқан Енхеге келіп тұратын жалғыз адам ғана бар. Ол — Инхо. Әпкесі, тіпті сіңілісінің күтушісіне айналған. Бірақ күйеуінің әдеттен тыс әуейілігі жайлы сіңілісін сөкпек тұрмақ, ол туралы тіс жармайды. Жазушы мұндай «әңгімені» басы артық дүние деп танып, «мыжып» отыруды қаламаған.
Еттен жеріген әйелдің бар болмысы осы соңғы тарауда ашылады. Ол еттен, сүттен, адамдардан жеріп, ағаштарды ғана сая тұтады. Ағаштарды пана тұтады. Жындыханадан қашып, жаңбырлы күні орманды кезіп, жоғалып та кетеді. Ағаштар оған қолымен жер тіреп тұрған сияқты көрінеді. Өзі де солардай болғысы келеді. Өзі де ағаш боп көктеп, ағаш боп жапырақ жайып тұратынына сенеді. «Әпке, жарық дүниеде бізге бауыр мен туыс тек қана ағаштар» деуі, дүниедегі қан-қасаптан жеріген жаны нәзік әйел арқылы берілген роман түйіні.
Романның мазмұны, мәні, мағынасы, қысқаша қайырғанда, осы. Нобель атындағы комитет осы романды елден ерекшелеп не үшін сыйлық берді? Оны өздері «за насыщенную поэтическую прозу, которая противостоит историческим травмам и обнажает хрупкость человеческой жизни» деп түсіндірген. Иә, адам өмірі шыныдай нәзік. Шарт сынуы да мүмкін. Сынбаса шытынайды, жарылады. Ал бүлінген шыныны қайтадан бүтіндей алмайсың. Енхенің тағдыры да тым нәзік, хрусталь сынды. Нобель комитетінің танымына, түсінігіне мақұл дейік. Баяғы тастай қатып, мұздай сірескен кеңестік әдебиет пен әдебиетшілерден гөрі басқаша ойлайтынына да риза болайық. Бірақ…
Менің түсінбейтінім, қазақ әдебиетіндегі «мен» деп жүрген жасамыстары бар, жастары бар, дәл осындай роман жазса, ол жарияланса, кітап боп шықса, біздің қоғам қалай қабылдар еді? Жылы қабылдар ма еді? Романды оқып отырғанда мені осы сұрақ ойландырды. Ойландырып қана қойған жоқ, ол авторды есекке теріс мінгізіп, жерден алып, жерге салып, «тас боран» қылатынын көз алдыма елестеттім. Өйткені Хан Ган «Еттен жеріген әйелінде» (келіншек, бибі, т.б. дей берулеріңізге болады) эротика шеңберінен шығып (эротиканың аржағы болмаса да, бержағы қазақ ақын, жазушыларының шығармаларында да кездеседі), порнографияның өзіне қадам жасаған. Америкалық Чарльз Буковскийдің шығармаларында да эротика мен порнография, анайы боқтық сөздер өте көп. Америкалық оқырмандар оны осы «ашықтығы» үшін ұнатады. Кезінде ол да – Букер сыйлығын алған мықты. Ал Хан Ган болса, одан басқашалау, нәзіктеу, майдан қыл суырғандай ғып жазады.
Бір байқағаным, Нобель комитетінің сыйлығын соңғы жылдары көтерген тақырыбы тосын, бірақ порнографиялық эпизодтарға, қарым-қатынастарға мейі­лінше көбірек орын беретін жазушылар алып жүр. Олардың бәрі қазақ қоғамынан тыс, бөтен ел, басқа таным-түсінік иелері. Біздің жазушылар осы жауаппен құтылғысы келеді. Сыншылар да оны «жабық тақырып» көре ме, үндемейді. Соңғы ақпарттың бірінде «Оңтүстік Кореяның өзінде (автордың елі ғой) «Еттен жеріген әйелді» мектеп оқушыларына оқуға тиым салды» деп хабарлады. Бірақ кітап дүкендерінің сөресінен алып тастаған жоқ. Сын жебесінің нысанасына да айналмады.
Осыдан үш жыл бұрын Нобель сыйлығын алған тағы бір әйелдің кітабын интернеттен тауып алып оқығанымда, әңгімесінің әләулайын ә дегеннен «алғаш рет көрген порнофильмін» айтудан бастағанын байқағам. Жазушының аты-жөні – Анни Эрно. Сол Анни өзінің «Обыкновенная страсть» деген өмірбаяндық романын былай деп бастайды.
«Этим летом я впервые смотрела по Каналу+ фильм категории Х1. У меня нет декодера, поэтому изображение на экране было нечетким, а слова сливались в причудливый гул, потрескиванье, хлюпанье – непонятный, сладостный и непрерывный речевой поток. Я различала два силуэта: женщины в грации с резинками и в чулках – и мужской. Плохо понимала, что происходит и что означает тот или иной жест. Но вот мужчина подошел к женщине. После этого крупным планом показали женские гениталии, хорошо различимые на мерцающем экране, затем мужской член в состоянии эрекции, проникающий во влагалище. Потом очень долго, под разными углами, показывали соитие половых органов. Затем на экране снова появился член, зажатый мужской рукой, и на женский живот излилась обильная сперма. Со временем это зрелище становится привычным. Оно уже не потрясает, как в первый раз. Потребовалось, чтобы миновали века и сотни поколений сменили друг друга, и вот мы можем свободно наблюдать слияние женских и мужских гениталий, извержение спермы – и если раньше подобное зрелище повергало в обморок, то теперь оно столь же обыденно, как рукопожатие».
«Овертон терезесі» теориясын еске түсіретін осындай сөйлемдермен басталатын Анни Эрно романы Нобель сыйлығын алған кезде де (6 қазан, 2022 жыл) ойлағам ғой «Біздегі жазушылар неге өстіп ашық жаза алмайды? Суреттеп келіп «…и если раньше подобное зрелище повергало в обморок, то теперь оно столь же обыденно, как рукопожатие» деп ой түйгенге не кедергі? Кім қарсы? Баяғыдай цензура жоқ қой» деп. Ал қоғамда мұндай дерт жоқ емес, бар. «Ауруын жасырған өледі». Ал қоғамды кез келген қауіптен алдын ала сақтандыратын қаламгерлер емес пе?!
Шынында, зайырлы, өркениетті мемлекетте өмір сүріп жатса да қазақ жазушылары (ақындары) өз шығармаларында «ашық-шашық» мәселені (егер оны «мәселе дейтін болсақ) жаза ала ма? Бұған «жазуын жаза алады ғой, бірақ бастары бәлеге қалатын шығар» немесе «жазса билігі бар, басқасы бар (әдеби сыншылар, оқырмандар, зиялы қауым өкілері, ардагерлер, т.б.) талап жейді ғой» деп қорқады да» деген жауап та дайын.
Сонда Анни Эрно мен Хан Ганның мықтылығы неде? Мүмкін ол «мықтылық» емес, жазушының шеберлігі, суреткерлігі, елден ерек ойлайтыны, сірескен тыйымнан қорқып-үркіп, әсіре сақтыққа бармайтын еркіндігі шығар. Не десек те, бұлардың бәрі де «мықтылық» деп бағаланады. Бар гәп, әлгі «порнографиямен», «эротикамен» оқырманды бауарап алады да (бір жағынан ештеңеден именбейтін, барды «бар», жоқты «жоқ» деп айтатын шыншылдығын танытады), қоғамға ой салар тың ой, тосын түйін жасайды.
Біздің сыншылардың өзі Буковскийді, Маркесті, Анни Эрноны, Хан Ганды оқып, ой бөліскенде аузын ашып, көзін жұмып таңғалып, тамсанады да жатады. Бірақ бір өкініштісі, солардың шығармаларындағы порнографиядан, «былғаныш шындықтан» сыншыларымыздың өздері де ұяла ма, әйтеуір бір ауыз сөз айтпайды. Останкинодағы СССР мен АҚШ арасындағы баяғы телекөпірде кеңес өкіметі әйелінің «бізде секс жоқ, біз оған үзілді-кесілді қарсымыз» деген жауабын аға ұрпақ ұмыта қоймаған болар. Кадр сыртындағы тағы бір дауыстың «Секс бізде бар, бізде оның жарнамасы жоқ» деген айқайына қарамастан, кейін «СССР-де секс жоқ» деген тіркес «қанатты сөзге» айналып кетті.
Сол сияқты біздің қазіргі әдебиетіміздің жоғын түгендегісі келетін сыншылар Нобель сыйлығын алған шетел қаламгерлерінің шығармаларына аузының суы құрып, көзсіз табына бермей, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмастан», қоғам үшін осындай «тосын сыйлары» бар әдебиетті қалай дүниеге әкелу керек, шымылдықтың аржағында қалып келе жатқан еркек пен әйел құпияларын жеткізудің қандай оңтайлы әдіс-тәсілдері бар, ол сюжеттер мен эпизодтарды әлемдік деңгейдегі ауқымды тақырып пен идеяға қалай бағындырып, қалай қызмет еткізу керек?» деген тұрғыда жөн сілтер мақалалар жазып, «ақынмын» деп алқынып, «жазушымын» деп жұлқынып жүргендердің көзін ашса деймін.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір