Өзін-өзі тану – рухани жаңғырудың бастауы
Жуырда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты үндеу іспеттес мақаласын жариялады. Бұнда Президент ел тарихы жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, халқымыздың рухани жаңғыруы үшін қажетті тетіктерді көрсетеді. Бұл тетіктер рухани жаңғырудың кілті іспеттес. Бүгінде бұл тетіктерді біз «код» деп жүрміз. Адам өзін-өзі тануы үшін өзгелермен бәсекеге түсуі қажет. Сонда ғана бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Қазақтың «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп келетін мақалы осы бәсекеге қабілеттілікке дәл келетіндей. Себебі, адам өзін-өзі көрсетуі үшін бәсекелестік болу керек. Тарихтан да бәсекелесу арқылы талай керемет қалалардың салынғанын білеміз. Бүгін сол бәсекелестік қазақтың өзін-өзі тануына, рухани жаңғыруына алып келеді деген ойдамыз. Табиғи байлық қана емес, білім ресурсын пайдаланып, Сингапур, Малайзия секілді жері де, байлығы да аз болғанымен, білім ресурсының, таза еңбек ресурсының арқасында ең бай мемлекеттер қатарында екенін ескеру қажеттілігі де біздің тарапымыздан ескерілуі қажет.
«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес». Бүгінгі қазақ өз кәсібін ашып, халық қызметіне жаратып отыр. Шындығында, біз жоспарсыз жұмыс жасап, бағыт-бағдарымыз болу керек. Президентіміздің мына Жолдаудан кем түспейтін, халқына қарата айтылған сөзі, расымен де бағдар болып тұр біз үшін. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз». Біздің халқымызда аса бір салтанаттылық болған. Сол салтанаттылығымызды даңғойлыққа ұластырмауымыз керек деген қағиданы ұстанғанымыз жөн.
Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейте отырып, сондай-ақ ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, ұлттық бірегейлікті сақтау қажет. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Осының барлығы адамның, ұлттың өзін-өзін тануынан бастау алу керек. Жүсіп Баласағұн айтқандай, «адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» демекші, Елбасы да ұлттық код пен ұлттық мәдениетті сақтай отырып, кертартпа мінездерден саналы түрде арылып, алға жылжу керек.
Ешқашан соғыс ашып жаулап алудың соңы жақсылыққа апармаған. Тек қана адами жолмен керегіңді алу – бүгінгі күннің басты шарты және ақылдылығы болып отыр. Осы себептен де біз революциялық емес, эволюциялық жолды таңдауымыз қажет. Сонда ғана біз өз еңбегімізбен бәріне қол жеткіземіз. Мысалы, қазақ тарихындағы ХХ ғасыр ұлттық тіл мәселесінің ұдайы көтерілуімен есте қалды. ХХ ғасырдың басында Міржақып Дулатов «Қазақ тілінің мұңы» деген мақала жазып, төл тіліміз туралы толғанған еді. ХХІ ғасырдың басында да осы көрініс өзгере қойған жоқ. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» секілді, «тілсіз халық – тірліксіз ел» болып қала беретінін ұғынған ұлт зиялылары осы мәселені айғай-шу, даңғазамен емес, тіліміздің шұрайлылығын көрсете білумен, сол арқылы ұлттық тілге қызығушылықты тудыра отырып, дамытуды көздеп отыр. Бұл жөнінде «қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деп жазды Елбасы. Бұдан өзге демографиямыздың, экологиямыздың да сын көтермей келе жатқанын айту парыз. Осының бәрін қазақ халқы саналы түрде түсініп, әрбір айтылған мәселеге ден қойып, дамытуға үлес қосу керек. «Эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс. Бірақ қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес», — дегенді Елбасымыз тамаша айтып өтті. Расында, бұлай даму тек жеке даму емес, жаһандық дамудың бір бөлшегі болу қажеттігін ұғындырған сияқты. «Сананың ашықтығы» деген алтыншы бөлімде тек ұлттық тілмен ғана шектеліп қоймай, халықаралық ағылшын тілін де оқу қажет. Әрине, қазақ тілі ұлттық тіліміз, оны сақтау, осы тілде сөйлеу, оны ұрпаққа қалдыру біздің міндетіміз. Десек те, әлемдік ағылшын тілін үйренуден қалай бас тартамыз. Бұл елдің бәрі барып жатқан жерге, мәселен, Меккеге әлем қолданып отырған ұшақпен емес, ұлттық көлік ретінде атпен бару қажет деген секілді ұғыммен пара-пар. Ендеше санамызды да ашық ұстай отырып, ұлттық кодтарымызды да сақтау қажеттігін әсте естен шығармаған жөн. «Қазақтың өнерді үйрен де жирен» деген мақалы осыны меңзеп тұрғандай.
«Туған жерге туың тік» деген бағдар бойынша адамзат баласы, оның ішінде қазақ баласы өзін-өзі тануға барады. «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». Қазақ сөздің киесі бар деп ұғынған халық. Сонымен бірге аруақ сыйлап, киелілігін де сыйлай білген халық. Егер біздің халқымыз ондай нәрселерге сенуге болмайды десе, «Қойлыбайдың қобызындай» шығарма жазылмаған болар еді. Немесе «Ескендірдей» поэма жазылмаған болар еді. Міне, сондықтан да халқымыз қастерлейтін нәрсе өте көп. Осы себептен де Елбасымыз «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген бағдарламаны ұсынып отыр. Ұлтымыз осы киелі жердерді танып, олардың материалдық жағдайын ретке келтіру керек. Эстетикасына мән беру керек. Туризмді дамыту керек. Туризмнің дамуы қазақ халқының экономикалық дамуына үлес қосады. Сондықтан бұл бағыттың қазақ үшін берері мол. Осы арқылы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті» қалыптастыру керек. Бұл мәдениеттің, ең бірінші, шарты – әлемдік алты тілдің біреуін білу. Тіл арқылы мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. «Бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен роль атқаруға тиіс» болса, біз де университет тарапынан игі іс-шаралар атқаруымыз керек. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» осы идеяларды іске асыруда көшбасшы болу керек.
Ғазиза ШОЙБЕКОВА,
ҚазМемҚызПУ
Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының оқытушысы, филология ғылымының кандидаты.