«Әулие-ата өңіріндегі ашаршылық»
04.08.2017
1615
0

«Ғылым ордасының» Кіші залында Байқұлов Тұңғышбектің «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» атты кітабының тұсаукесері өтті. Автор Жамбыл облысының аумағындағы ашаршылық жылдары туралы 85-90 жас аралығындағы көнекөз қариялардың естеліктерін жинақтаған.

Материалдар аудан бойынша топтастырылған. Сондай-ақ, жинақталған материалдар нақтылығымен, шынайылығымен және ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы әлі күнге беймәлім тұстары мен қасіретті парақтарымен ерекшеленеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бұл кезеңді «демографиялық апат» жылдары деп атаған.
Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев кітаптың алғысөзінде: «Неге қоныс аударған қазақ халқының шынайы саны азайтылып көрсетіледі?
Біріншіден, 1933 жылға дейін барлық елдер аштықтан бас сауғалап келген қазақтарды тап жауы ретінде қарастырып, оларды қайтадан Қазақстанға жаппай көшірмекші болған. Көшіп келген қазақтар мен пана іздеп келгендердің санын әдейі азайтып берген. Бұрынғы байлар мен кулактар дәрежесіндегі адамдар жаяу-жалпылап, мал-мүліксіз Қырғызстанға және басқа да елдерге келіп қоныстанады.
Екіншіден, қоныс аударып келген қазақтардың көпшілігінде құжаттары болмады. Бұл да Қазақстаннан көшіп келген халықтың дәл санын анықтауға қиындық келтірген. Өмір мен өлім арпалысқан заманда құжат жинастыруға ешкімнің шамасы келмейтіні белгілі ғой. Көшпелі және жартылай көшпелі халықтың құжаттарын жасау оңай болмаған. Сонымен қатар, қазақтар «көз тиеді» деп балаларының дәл санын айтпаған.
Үшіншіден, қоныс аударушылар өмір сүруге және жұмысқа қолайлы жерлерді тауып, тезірек бейімделу үшін бір жерден екінші жерге қоныс аударып отырған.
Төртіншіден, қазақ халқы жаппай қырылды. Көршілес жатқан елдердегі көптеген жолдарда, әсіресе, қыс айларында суықтан, аштықтан қатып қалған өліктер қаптап жатты. Сол сияқты, қала көшелерінде, шаруалардың қыстақтарында өлген адамдардың сүйектері шашылып, көмусіз қалған. Сондықтан қырылған халықтың нақты санын анықтау өте ауыр болды.
Бесіншіден, елдің нақты санын білуге кедергі болған тағы бір жағдай – көшіп-қонып жүрген қазақ халқының арасында әр түрлі аурулардың дендеп алуы еді.
Алтыншыдан, санақшылардың арасында халық санағын жүргізу кезінде қателіктер мен шалағайлық жасағандар да болған», – деген дерек келтіреді.
Автордың өзі: «Қатары күннен-күнге азайып келе жатса да, ашаршылық куәгерлері әлі де бар. Кейбір қариялар ашаршылықты өздері көрмесе де, әке-шешесінен бала кезде естігендерін айтып берді. Ашаршылықты көрген немесе оны бастан кешкен адамның сөзін тікелей жеткізушілердің мәліметтері ашаршылық жайлы академиялық зерттеулерге пайдалы болады. Жинақ бұрынғы Әулие-Ата өңіріндегі (қазір Жамбыл облысы) зұлмат жылдардың ауыртпалықтарын басынан кешіріп, тағдырдың тәлкегіне түскен қарттардың естеліктері бойынша әзірленген. Естелік-әңгімелерден кейін әр ауданға қатысты мұрағат құжаттары мен тарихи деректер де пайдаланылды», – деп есептейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір