Қиялдасам, қалай болар екен?
Ғаббас Қабышұлы
Алматының алаңында бес-алты кісі ошарыла қалса, ойқастап он-он бес полицей жетіп баратынын, сұрақтан өрмекшінің торын құрып жіберіп: «Кімсіңдер? Алаңның тынышын кетіріп, слушайте, қайдан, неге келдіңдер?..» деп қыспаққа алатынын жиі көріп жүрмін. Ендеше жалпы қайда, қашан болсын абайлау керек. Мен соны ұйықтап жатқанда да есімнен шығармай, тіпті көшеде түшкіргім келгенде де рұхсат алу үшін полицей іздейтін әдет таптым. Қиялдасам, қалай болар екен деп қиналып отырғаным да сондықтан. Әйткенмен, доптай домалақ басы бар, Қазақстанның азаматы делінген қағаз құжаты бар көптің бірімін, бірақ ешбіреудің ізін сипаламай, өзімше қиялдағым келеді, оның салдары қандай болса да, ешкімді іліп кетпей, өзім ғана көрейінші деймін! Полицейлер пәле бола қоймас, а?
№1 қиялым. Есігімнің алдында екі-үш метрлік ескерткішім тұрса!.. Алматыдан бір мың шақырымдағы Өскеменіме орнату… айтпақшы: бүгінде менің жер үстінде бар-жоғымды білгілері келмейтін ол жақтағылар ертең ең құрыса «алды жарық болсын» дей салмас, ендеше, оларды мен де ұмытайын. Ал мұнда бала-шағам, пәлен жылғы таныстарым, келімді-кетімді дос, жолдас-жораларым, туған-туысқандарым, көршілерім, поштабай келіншек бар, бірі ай сайын, бірі апта сайын, бірі күн сайын көріп жүреді! Ниеті түзулер, мәселен, туған күнімде гүл шоғын әкеліп қояр. А?.. Бұл қайсысың?.. «Тірі кісіге»?.. Өй, сен біртүрлі екенсің, тірі кісіге ескерткіш қойылғанын көрмей, немене, Алатаудың арғы жағында жүр ме едің?.. Сен өзі… «Саған ескерткішті кім қояды?» десең, оның бірсәрі. Кім қоюшы еді, ешкім де қоймайды. Не сол, не оң жағымда, не алдымда, не артымда миллионер-миллиардер біреуім жоқ. Швейцариянікі, Американікі… тұрғай, өзіміздің ықшамаудандағы банктің қай көшеде екенін білмеймін. Қоластымда қалталары қампайған, алды ұшақ, соңы қосарлап тұлпар «Тойота» мінген, ертеңді-кеш қабағымды күзетіп, түшкіріп қалсам: «Сіз аман-есен болыңызшы! Жүз жасаңызшы!» деп жыларман болуға кезек алып жүрген жалбақайлары бар нән бастық та емеспін.
№2 қиялым. Жекеменшігімде зауытым болса! Мысалы… бізге немене шығаратын зауыт тиімді, а? Біреуіне еліктейін, қосылайын десем, Қазақстанымда көзге көрінер бірдеңе шығарып жатқан зауыт жоқ, не керектің бәрін қарызданып-қауғаланып Қытайдан, басқалардан алып жырғап жүрміз. Әйтсе де, әйнек жасайтын зауыттың көптігі болмас еді, өйткені Алматыда, Астанада, өзге қалаларда да сорайған көкала, қоңырала, бозала әйнек үйлер шыбын-шіркейден де көбейіп барады, олар шытынамай ма, сынбай ма?! О, әне, сол кезде менің әйнектерім де соңғы жылдары қыз-қырқын, кемпір-кепшек жарыса киіп жүрген әлгі ышқыры бар, ауы жоқ жарғақ шалбардан да өтімді болады! Үш бөлмелі үйіме доллар-евро симай жатады! Содан соң мен де бала-немере-шөберелеріме Медеу мен Шымбұлақтың сай-саласына хан сарайларын салып беріп, уәй, аспандаймын-ау!.. Бірақ сыңсыған алма бағы оталып, сығылыстыра алтын-күміс сарайлар салып тасталған маңда менің ең болмаса итіме үйшік тігер жер табылса десеңші, – вот проблема қайда?! Но, тіпті солай болған күннің өзінде, мен өкінбеймін! Біздің өмірдің бүгінгі қожайыны кім, не? Ол – ақша! Олай болса, әйнегімнің арқасында Айқасқа боламын да, ұлдарым мен келіндеріме, қыздарым мен күйеубалаларыма Англияның, Францияның, АҚШ-тың, Ресейдің, Түркиәнің, тағы қайсысы бар, бәрінің кез келген курортты жерінен вилла сатып әперемін!..
№3 қиялым. Экономикасы екпінді, табиғаты тамаша бір облысқа әкім болсам деймін! Тәуелсіздік жағдайда бірінші басшы болу ақ моншадай рахат ахуал ғой, шіркін! Бір өзіңсің! Ойда да, қырда да, жайлауда да, қыстауда да – сенсің! Ойыңа не келеді, соны істейсің. Сенімен жағаласатын әлгі партия, кәсіподақ, комсомол дейтіндердің комитет-самитеті атымен жоқ. Партиялық бақылау, халықтық бақылау дегендей анау да мынау бытықы-шытықы комиссия-мәмиссияның да қарасы өшкен. Алдың – ашық, артың – тұйық! Облысыңда сенің батаңмен саудасын ашып, тиынын санап жүрген бизнесмен қулардың башайын басып-басып қалсаң, олар: «ләппәйлап» шөке түседі. Бәйбішеңе облыстың бас санаторийін, тоқалыңа – бас мейрамханасын, балаларыңа, аға-інілеріңе, туыстарыңа, құда-құдағиларыңа, өзі де, көзі де жақсыларыңа қалаған «ханасын» алып беріп, өй, күн сайын бір көсілесің!..
№4 қиялым. Кім-кімнің де абырой-беделі еңбек-бейнетпен пайда болатын кеңестік заман келмеске кеткен. Бүгінде ол мәселені насихат шешеді. Жаңа ғой, мен облыс әкімі болсам дедім. Ал солай бола қалғанда облыстық гәзет-жорнал, теле-радио, қысқасы, барлық бұқаралық ақпарат дегеннің дізгін-шылбырын бір өзің ұстайсың. Әрқайсысының басына өзіңнің балаларыңды немесе өте сенімді кадрларыңды қонжитып қойып, ауыздарына түкіріп кеп отырсаң, олар облыста сенен өзге есі дұрыс ешкім жоғын жазады да отырады. Өздерін жарылқаушы сені мақтаумен оразаларын ашып, ұйықтарда өзінен бұрын сенің тілеуіңді тілейді. Кәрілер айтатын еді ғой: «адамның оң иығында періште, сол иығында сайтан отырады екен» деп, ә? Қазірде, періштені былай қойып, сайтанның өзін бұлбұлға айналдыру оп-оңай, «ақысын берсең, боқысын шығарады». Мәселен, мен оң иығыма Мырзырды, сол иығыма Олпұлды шоқитып қойып, жұмақтың төрінде отырғандай етсем, ол байғұстар мені алқап сайрамағанда не бітіреді?! Облыстың бас реформаторы, бас демократы десін мені! Облыстың экономикасы, мәдениеті, саудасы, құрылысы, өнеркәсібі, білім-ғылымы, әдебиеті мен өнері… менің арқамда алға басқанын әнге бергісіз етіп сайрап айтып, өздері де желпініп, өзгелерді де желіктіріп жүрсін! «Пәленшекеңнің арқасында біздің облыстың заң орындары Қазақстандағы ең заңды орындарға айналды!» дейтін болсын! Иә, «Пәленшекеңнің басшылығымен біздің облыс бүкіл әлемге танылды! Американың дүниежүзіне атағы айдай Штаттарының бәрі біздің облыстың өкшесін жалап қалды!» десін! «Пәленшекеңнің даналығы, кемеңгерлігі және әулиелігі арқасында біздің облыс алдағы жылда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болады!» десін!..
№5 қиялым. Өткен ғасырларда кім қалай ойлаған болса да, қазіргі ғасырда кім не деп жүрсе де, алдағы ғасырларды кім қалай кесіп-пішсе де, меніңше, не ақын, не жазушы, не күйші, не әнші болуда бір гәп бар. Көрші облыстағы әнеу бір домбырашы ақын жігіт жылда біресе Астанаға, біресе Алматыға ақындар айтысына жаяу барып, «джип» мініп қайтып жүр. Ол бәйгені мұқтаж жұртқа қайырылмайтын, мақтанның буына алқымын тосып жүретін кейбір бизнесмендер тігеді екен. Сол ақын жігіттің өткен айдағы бір айтысы гәзетте шыққан екен, бұ пәленің тілінде не сиқыр бар деп, әдейі алдырып оқып едім, өй, өсиет болар дәнеңесі жоқ: өзімен айтысқан әйелдің отырысын жақтырмай, жөтелгенін ұнатпай, езуінен алтын тісі көріне беретінін кекеп, содан кейін: «Балаң нешеу? Күйеуіңнің салмағы неше кело?» дей ме, әйтеуір нөпір сөзі екеуі отырған сахнадан аспапты. Талай шаруасы шатылып жатқан облыстан бармай, көктен түскен тұлдыр сияқты. Өйтіп ақын атанғанша… жо-жоқ, маған ондай болу жараспайды! Болады екенсің, болу керек! Мысалы… мен, әрине, жазудай-ақ жазармын-ау, бірақ… оны оқып, оны-мұны ұйқас-қисынын келістіріп, мен байқамай ұмытып кеткен мәселелерді қосып, ойымды байыта түсетін, бір өлеңімді екі өлең ететін, ұзақ-қысқа өлеңдеріме ән шығартып беретін көкем болса, шіркін!.. Менің басымнан не өтпеді?! Бұл баста неше қапшық өлең жатқанын бір құдай біледі, ал соларды шығарып, облысыма, республикамызға, тіпті шет елдерге таратып жіберетін талтаңбай көмекшілерім болса, уа, дүние! Мен де аянбас едім, қарны тоқ, көйлек-дамбалы көк олар да аянбас еді!..
№6 қиялым. Біздің республикада бір көтеріліп, бір басылып, тығылмақ ойынындай болып келе жатқан халықаралық маңызды проблема бар. Ол – әйел алу. Бір әйелді кім болса сол алып жүр ғой, оны қойшы, проблема онда емес, проблема екі-үш әйел алуда! «Қазақтың санын көбейту керек!» дейміз. Қайтіп, қалай көбейту керек? Бір әйелмен ешқашан көбейтіп жарыта алмайсың. Қаладағы келіншектердің мәдениеттілігі күшейіп, бір баладан кейін «к черту!» таппайтын болып кетті, ал көбейт қазағыңды! Бұл халықаралық мәселені мәслихатымызда бір естияр депутат жақсы көтеріп, бойдақ қыз көбейіп кетті деп, екі әйел алуға рұқсат берілетін қаулы шығару керектігін айтып еді, ол дұп-дұрыс ұсынысы екі күн талқыланып, үшінші күні бұрыс делініп қаулы шықты. Алпыс еркек депутаттың арасында тоғыз ұрғашы депутат бар екен, солар: – Ендеше бізге екі күйеуге тиюге рұқсат болсын! – деп айғайлапты. Ұятсыздар!.. Оның үстіне шүйделі депутат жігіттерді үйдегі шүйкебастары да көкелеріне танытса керек!.. Әйтсе де, үлгілі болар ұсыныстарын өткізе алмай, залды текке толтырып, ненің түзу, ненің қисық екенін білмей, айына пәлен жүз мың теңге ақы алып, былшиып жүрген сол еркек-
сымақтардың орнына мені депутат етсе ғой!..
№7 қиялым…
Қой, әзірше осы да жетер. Тіл бар, көз бар. Проблема болса, азайғаны қайда, күн сайын көбейіп барады. Мәселен, біздің ықшамаудандағы «супермаркетте», ол да бір мықтынікі көрінеді, бүгінде үкіметтің қолында бір тал гүл де жоқ емес пе, иә, сол «супермаркетте» бұдан бес күн бұрын 1 литрлік шишадағы айран 280 теңге еді, кеше 330 теңге бола қалыпты… әй, бізде қымбатшылықты қыздырып жүрген қызылкөздердің кез келген қиялшысы менен арқан бойы алда шығар, соларға ілеспей, шынында тыныш жүрейін.