Нар тұлға
Құдай алды шындығым. Әлі ешкімге есем кетпеген есерлеу кезімде «жүрген жүріс, тұрған тұрпат, сөйлеген сөз өз алдына, тіпті, жарық дүниеден баяғыда өткен адамның жейдесіндегі түймесіне дейін тәптіштеп жазып, есте қалдыруы мүлдем мүмкін емес» деп өзімше естелік жазған екінің біріне көп ішім жыли бермейтін.
Жоқ, олай емес екен. Енді міне, «күлме досқа, келер басқаның» кебі өзіме келіп, «көк дөненнің» тізгінін «көңіл жүйрікпен» қоса жібергенде көзім жеткені – адам жанының ақыл-есімен бірге Жаратқан өзі сыйлаған жады дейтін құдіреті бар екен. Мыйы жеткен жұрт оны қазір мәпелеп компьютерге салып қойыпты. Жады дейтін бұл жарықтығыңыздың, әсіресе, бозбала шақ пен жастық күндеріңіз және жақсымен бірге жүрген жарасты кездеріңіздің жарқын сәттері жалған дүниеден көзіңіз жұмылғанша ұмытылмай есте сақталып, жатталып қалатын ғаламат қасиеті бар екен. Әдетте, есте сақтау қабілеті күшті адамдарды «жады мықты екен» деп жатамыз ғой. Және бір қызығы, ғалымдардың айтуынша, ондай жандар ерек дарынды, мінезі жағымды, бірақ айтқанын орындатпай қоймайтын талапшыл, табанды болатын көрінеді.
Жаратқан Иеме бір тәубем – жорналшы болам деп университеттің үшінші курсында жүрген студент кезімнен бастап, көркіне көз тоймайтын Совет Масғұтов дейтін бір жақсының сөзімен және өзім «жаңа өнер» деп қастерлеп қамшысын ұстаған, соның жолында жаға жыртып, тон тоздырып, айтысып, тартысып жүріп оған жалындаған жастығыммен қоса, зейнетке дейін бейнетпен өткен бар өмірімді арнаған телерадио саласында көп жақсымен қызметтес болдым. Олардың бірімен құрдас, бірімен сыйлас, бірімен мұңдас-сырлас, енді бірімен мұраттас болдық.
«Қанды ғасыр» деп қанша қарғасақ та жиырмасыншы жүзжылдық қазақтың маңдайына осы телерадио мен киноны сыйлаған жалғыз ғасыр. Соның 78 жылы Қазақ теледидары 20 жасқа толды. Алайда, қазіргідей даңғаза, жалған желбуаздық жоқ болған соң ба, әйтеуір, республикалық жалғыз теленің 20 жылдығы да, одан кейінгі 25 жылдығы да арнайы аталғаны есімде жоқ. Қайта бұл жылдар Қазақ теледидарын қалай жақсарту жөніндегі арнайы қаулылар мен кадрлар арасындағы ауыс-күйіске толы болды. Мысалы, сол 20 жылдық қарсаңында бізге өзінің туған қайынағасы, қазақтың Мәскеуде оқыған алғашқы философы, білімді де білікті азамат Әнуәрбек Нәжімеденұлы Шмановтың орнына Орталық Комитеттің нұсқауымен Телерадионың төрағасы Хамит Хасеновтың орынбасары болып Камал Сейітжанұлы Смайылов келді.
«Жақсының алдыменен аты жүреді» деген сөз бар. Қит еткен қиқуға құлағы түрік жүретін телеқауымға Камалдың есімі оны Қазақ киносын көтерген еңбегімен, ақ үйдегі қазіргі жауапты қызметімен де жақсы таныс болатын. Сондықтан да болар, «Камал келе жатыр» деген дүмпудің өзі теледидарды тәп-тәуір желпіндіріп жүрген.
– Камал екеуміз «Ленжасқа» («Лениншіл жас» газеті) бірге барғанбыз. Ол Қарағанды облысына тілші болып кеткен. Сонда «Теміртау, сені көтеруге келдім» деп мақала жазған. 33 жасында Қазақ киностудиясының деректірі болды. Біздің курстың ең кішісі болатын, 17 жасында Ұлытаудан келіп, университетте сталиндік стипендия алып оқыды. Қалихан мен Камал үшеуміз бір бөлмеде жатып оқыдық. Екеуінің бойы шамалас, өздері пысық болатын. Қыздарға барғанда Қалихан көбіне Камалдың кәстөмін киіп кетеді. Ал менің кәстөмімді кие алмайды, өйткені екеуіне де үлкен, менің жеңім олардың тізесіне түсіп тұрады, – деп кеңкілдей күлген, жасы үлкен болған соң өзім «аға» деп сыйлайтын, қаламының «қышымасына» қызығып, жуырда Радиодан теленің «Қымызханасына» шақырылған Кәкімбек Наржанов маған біраз дерек беріп үлгерген.
Әр дүйсенбі сайын ілездеме өткізетін Радионың кең залына жиналдық. Жұрт лық толды, Комитет төрағасы Хамит Хасенов екеуін өзі ертіп кірді. Әуелі «басшылық қызметке ауысуына байланысты» деп Әнуәрбек Шмановтың теледегі жақсы қызметіне көп рахметін айтты. Одан соң «Орталық Комитеттің ұйғаруымен» деп Камалды таныстырды. Ол орнынан көтеріліп, көпшілікке жымия бас изеп, қайтадан отырды. Қағылез ғана, ықшам бойлы, жүзі жылы адам екен.
– Онда жұмыстарыңызды жалғастыра беріңіздер,– деп қасындағы еврей деректір Израэль Фидельге бұрылған төраға «біз бара берейік» дегендей, Әнағаға ым қақты. Әнуарбек Шмановты біз «Әнаға» деп кеткенбіз.
Әр редакцияның өткен аптада эфирге шыққан хабарларын талдап, баға беретін, кем дегенде бір сағат уақыт алатын шолушылардан кейін Камалдың өзі сөз алды. Ол кезде үш адамның болса да басы қосылған жерде жиынның бәрі тек орыс тілінде өтеді. Ілездемеде қазақ шолушыларының ыңқылдап, қаратерге түсіп қиналатыны да сол тіл. Камалдың құлаққа жағымды қоңырқай ғана даусы бар екен. Мінберге қойылған, өзіне сәл еңкейтіп, һім., һім… деп үнін бір қырлап алған микрофоннан жұп-жұмсақ даусы жақсы естіліп тұр. Содан сөйлей жөнелді, әуелде аздап кібіртіктегендей еді, сәлден соң ырғақ, екпінін тауып, судай ақты дерсің келіп… Екі көзі өзін тыңдап отырған жұртта, қағаз деген атымен жоқ. Қыза келе маңдайы тепшіді-ау деймін, орысшасы сол судай жорғалаған қалпы қалтасынан орамалын алып, сөзін бөлместен бетін сүртті. Әңгіме электронды ақпараттың қазіргі құдіреттісі теледидар, оның сценарийі, режиссурасы, түсірілімі, көрінісі, көрерменді өзіне тартуы жағынан киномен байланысы туралы болды. Қазіргі тележурналистердің көбі газеттен келгенін, ал теленің табиғаты бөлек, бұл жағынан оның радиоға жақын екенін айтып, менің қасымда қатар отырған Кәкімбек пен Сәнгерейге қарап: «міне, кезінде менімен Ленжаста бірге істеген Сәнгерей мен Кәкімбек ағаларың отыр», – деп оларға бір жымиып қойды.
Ол кезде теледидарда «Құрдастар» аталатын жастар редакциясының жаз бойы апта сайын көрсетілетін «Алтыбақаны» алдымен ауызға алынатын. Ал әдеби-драмалық хабарлар редакциясының «Қымызханасы» ашылып, «Шұғыласы» шашылып, «Сахнасы» жайнап, оның университетті бітіре сала осы жаңа өнерге келген қазіргі бас редакторы Сұлтан Оразалиновтың көрерменді қазақтың Ғабит, Сәбит, Ғабиден бастатқан классиктерімен жүздескен «Сұхбаттарымен» сусындатып, өзі болса ханға сәлем берместей қайқайып, бет қаратпай жүрген кезі. Сонда Камал ағаның аттарын
атап, алдымен қарапайым, өз қатарлы үлкендерді сыйлаған ізетіне риза болдым. Одан соң теледидарды үзбей көретінін, бәрін де бақылап отыратынын айтып, «Алтыбақан» мен «Қымызхана» және «Айтысқа» тоқталып, бұлар ұлттың рухын көтеріп, санасын оятатын дүниелер екенін айтқанда, ішімнен «шіркін, ағынан жарылып-ақ тұр екен, суық көз, сұғанақ сөзден сақтағай» деп отырдым. Бұдан кейін «Қыз Жібектің» сценарийін жазған Ғабит Мүсірепов екенін, режиссері Сұлтан Қожықовқа Ғабеңнің «мынауың кино емес, қызылды-жасыл әлем-жәлем бірдеңе болып кетті»деп ренжігенін айтып бізді бір күлдіріп алып, Сұлтан Шәріпұлы Оразалиновтың сұңғыла «Сұхбаттарына» жылы лебіз білдірді.
Айтқандарының бір артығы жоқ, бәрі ақиқат, бас шұлғып біз отырмыз.
– Орталарыңызда Құсыманды да көріп отырмын. Оның Калинин колхозы мен Дегерестен жүргізген «Атамекенін» көрдім. Мұны мен біздегі телепублицистиканың алғашқы қадамы деп атар едім. «Атамекенді» енді ірі өндіріс орталықтарынан жасау қажет. Жалғастыра беру керек, – деді. Бұған дейін осы «Атамекенге» өзіміздегі Сұлтан сынды беделділердің өзінен «ізденген еңбегі бар» дегеннен басқа бір ауыз жылы сөз естімеген мен үшін Камалдың мынадай мақтауы әріптестерімнің алдында әжептәуір мәртебе болғанын несіне жасырайын.
Әр билік ауысқан сайын «басшылар келеді, кетеді, теленің отын жағып, күлін шығаратын мына біз – қара өгіздер ғана қаламыз» деп күлетін бұрынғы қағидамыздан Камал басшы келген соң бас тарта бастағандаймыз. Бұрын апта сайынғы ілездемеге өз хабарыңның бағасын білу үшін ғана жиналып, онда да шолушылардың езбесінен қалғып-шұлғып, есінеп дегендей, құлықсыз отыратын қалпымыз Камал келген соң күрт өзгерді. Енді сол ілездемеге Камал ағаның сөзін, айтар ойын, ақылын, әділ пікірін, нақты ұсынысы мен нұсқауын тыңдау үшін тайлы-тұяғымызбен түгел жиналатын болдық. Камалмен әр кездесуден кейін көзіміз күлімдеп, сөзіміз түзулеп, бойымыз сергіп, жанымыз жадырап, рухани байып, жігерленіп шығатынды шығардық. Мұны және өзіміз жан дүниемізбен сезінетін болдық.
Құдай-ау, бұл кісінің басында осыншама ұшан-теңіз цифрлар қалай ғана сақталады екен! Және жай ғана сандар емес, сөйлеп тұрған цифрлар ғой! деп ойлайтынмын сондай кезекті кездесуден кейін,– оны қайдан алады екен? Әлде, арнайы шығарылатын ақпараттық әдебиеті бар ма! Әйтпесе, оразамызды біз де газетпен ашамыз ғой, ондағы цифрлар біздің неге жадымызда жатталмайды?.. Мұның бәріне жауап таппаған соң «өйтпесе Камал бола ма?» деп қоя салатын қазақшылығымды қайтерсің.
80 жылдардың бас кезі-ау деймін, бірде Камал аға жаңағыдай жиналыста: «біздің көрмеде (ол кезде аялдаманың атымен «Выставка» дейміз, Әуезов пен Тимирязев көшелерінің қиылысындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі – қазіргі «Атакент» орталығы) Чехословакияның электронды ақпараттар техникасының көрмесі ашылып жатыр, соны барып көріңіздер», – деді. Оны тас ұмытып кетіппін. Менің үйім сол Выставкада. Жексенбі күндері үш баламды ертіп Выставканың жоғарғы жағындағы жабайы баққа баратын әдетіміз бар еді, көрменің көрнекті кең қақпасынан өтіп соған бара жатсақ арт жақтан біреу «Құсыман» деп атымды атады. Таныс дауыс. Жалт бұрылсам, әдеттегі жылы жымиысымен жіті аяңдап Камал аға келе жатыр.
– Сен не, көрмеге балаларыңмен келе жатырсың ба?
Камал ағаның ілездемеде «келіңдер» деген көрмесі есіме енді түсті, өмірі өтірік айта алмайтын қайран басым табан астында «жоға-а…», – деппін сасқанымнан.
«Осылай да осылай, көрмеде тұрамыз, балаларды ертіп..» деп еріксіз шындығымды айттым
– Е, дұрыс екен, мен чехтардың көрмесіне келе жатыр екен десем…
Ұялғаннан кірерге тесік таппадым… «Десем» деген сөзі өңменімнен өтіп кетті. Бір сәтке менің мең-зең тұрған қалпымды тағы да Камал ағаның:
– Ал танысайық, менің атым Камал,– деген даусы сейілтіп жіберді.
– Менің атым Ләйла, мынау Қарғаш, мынау Ерлан, – деп есейіп қалған қызым қазақша тақылдап таныстырып жатыр.
– Қазақ мектебінде оқисыңдар ма?
– Иә, тоғызыншы мектеп-интернатта оқимыз.
– Өзі балажан екен-ау, – деген тағы бір пендеуи ой қылт ете түсті, «ұялған тек тұрмайдының» кебі болар, сірә. Есімді енді жинап көрмені ұмытып кеткеніме Камал ағадан кешірім сұрадым.
– Сендер енді сөйтесіңдер ғой, – деп Шерағаңның ел аузында жүрген бір езу тартарын еске салды.
Қойшы, сонымен балаларды «бара беріңдер» деп Ләйлаға тапсырып, Камал аға екеуміз қазіргі «Бақшасарай» мейманханасы тұрған кең көрмеге кірдік.
Шынында да керемет екен, біз әлі атын да естімеген, бірақ телерадиоға қажетті небір жаңа дүниенің бәрі осында. Үлкені-кішісі бар, иыққа асатын ауырлауы, сөмке сияқты қолға ұстап жүретін жеңілдеуі дейсіз бе, жаңадан шығып жатқан бейнекамералардың түр-түрі, БТКМ, СОНИ, ТЖК (мынаған Сапарды ертіп келу керек екен дедім ішімнен оператор досым есіме түсіп). Біздің 1-студия сияқты биік, кең залда жоғарыдан жарық түсіретін, жылу шығармайтын қызылды-жасыл алуан түсті әлектрошамдар, басқа бөлмеде соларды басқару пульті, микрофондардың түймедейіне дейін түр-түрі бар, сұрасаңыз, соның әрқайсысының арнайы «анықтамасын» береді. Онда бәрі жазылған. Камал аға соның бірталайын алды. Көрмені аралап көп жүрдік. Есіктен шыға бере Камал аға:
– Қалай екен? – деді.
– Ғажап!
– Міне, техника ғасыры дегеніміз осы. Енді механика деген болмайды, тек электротехника болады. Одан соң сан техникасы басталады. Ол ХХІ ғасыр. Бұл әлі бастамасы ғана. Бірақ біз осының өзіне де ілесе алмай келеміз, міне, сенен басқа кім келді? Көрмейміз, бармаймыз, білмейміз, оқымаймыз, ізденбейміз…
Біздің «қара өгіздерді» айтып келе жатыр деп ойладым ішімнен. Жаңағы көрменің әсері ме, әлде біздің керенау, кер жалқаулығымызға күйгені ме, Камал аға біраз ширығып, булыға сөйледі. Содан соң кілт тоқтап, маған қарап:
– Менің кандидаттық дисертациямды неге Мәскеуден, неге ВГИК-тен қорғағанымды білесің бе? – деді. Мен үнсіз басымды шайқадым.
– Онда орта бар, саған әділ сын айтатын мықты мамандар бар!
Сені ізденіске жетелейтін солар, олардың ойлары…
Ағаны тыңдап келе жатып есіме оның киностудияға деректір болып тұрғанда жан-жақтан қазақтың жаңа таныла бастаған дарынды жастарын жинап, оларды Мәскеуге ВГИК-ке оқуға жібергені түсті. Солардың бірі – менің қимас сыйласым, қазақтың кәнігі, кәсіби режиссері Амангелді Тәжібаев алғаш ағаның алдына қалай барғанын жыр ғып айтады. 1970 жылы жас Камал ВГИК-ке өзі барып, Борис Бабочкиннің (атақты Чапай бейнесін жасаған) класына қазақтың 12 ұл-қызын актерлық мамандыққа оқуға өзі түсіреді. Жалпы, осы оқу ордасын Қазақстаннан 300-ге жуық қыз-жігіттер бітірген. Олардың Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әмен Хайдаров сынды серкелер бастаған тобы қазақ киноөнерін әлемдік деңгейге көтерді.
Камал Сейітжанұлы сол ВГИК-тен (Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография Институты) оқу бітіретін жас мамандарға жанұялық жатақхана және бірнеше қабатты тұрғын үйлер салғызған. «Қазақфильм» мөлтек ауданындағы Ш.Айманов атындағы киностудияның орнын да өзі көрсетіп, Қонаев пен Айманов үшеуі барып таңдапты. Жап-жас Камалдың Қазақстан комсомолында идеология хатшысы болып жүрген кезінде Шәкен Айманов өзінің досы Қонаевқа «осы комсомолды киноға жіберсең жақсы болар еді» деген екен. Киноның ұлы тұлғасы Шәкен Айманов содан бастап Камалды «комсомол» атап кетіпті. Сол «комсолмол» киноға барғанда өз төңірегіне Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Әнуар Әлімжанов сынды талантты ортаны тартты. Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек», Абдолла Қарсақпаевтың «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс», Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қан мен тер», Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресі», Болат Мансұровтың «Құлагер», Қаныбек Қасымбековтың «Шоқ пен Шер», Мәжит Бегалиннің «Артымызда Москва», «Мәншүк туралы ән» картиналары, Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр»
мультфильмі сол жылдары түсірілген, бүгінде қазақ киноклассикасына айналған дарынды дүниелер. Осының бәрінің жарыққа шығуына өзі жанашыр болып, жанұшырып Мәскеуге барып, әрқайсысын қызғыштай қорғап, қаржы алып, оларды көркемдік кеңестен өткізіп отырған да осы Камал..
Ағаның әлгі «онда орта бар» дегенінен шығады, ол бізге келгенде атағы жер жарған, Олжас айтқан «жас бөрілер» болмаса да, теленің тепкісінде жүрген, аламан бәйгеде шаң қаппай ұзаққа шабатын Сұлтан Оразалинов, Сағат Әшімбаев, Ғаділбек Шалахметов, Қажы Қорғанов, Әділбек Тауасаров, Фатима Бегенбаева, Рабат Жәнібеков, Жүрсін Ерман, Нұртілеу Иманғалиұлы, Жарқын Шәкәрім, Серік Байхонов, Құдайберген Тұрсынов тәрізді кең тынысты қоңыртөбел таланттар шоғыры мұнда да бар-тын. Бұлар тек жұрналистер ғана. Ал Шырын Ағышева, Сәлима Естемесова, Шолпан Баймолдина, Клара Қорғанова, Ыдырыс Қасымов, Жеңіс Мұқатаев, Мэлс Байсамбаев сынды режиссерлер тобы теленің жақсы хабарларын сол журналистермен бірге жасады. Камал аға осы топтардың әрқайсысын жақсы білді. Басшы адамның ертеңді ойлайтын ауқымды алымымен қоса әр дарынды жекелей жетелеп, оның жандүниесіне, ұлттық ұстанымына үңіліп, оны жақсы дүние жасауға жігерлендіріп, бәйгеден келер жүйріктің бабын таба білетін, бір сөзбен айтқанда, өз басым Камал ағаның осы талантты тап басатын адамтану қасиетіне тәнтімін. Мысалы, «Алтыбақанның» алғашқы хабарын жасаған Лұқпан Есеновке жеке шығармашылық топ құрып беріп «Тамашаны» ашты. Жүрсін Ерманның ақындығымен қоса, жалықпай ізденетін іскерлік қабілетін бағалап, оның қолына «Айтыстың» тізгінін ұстатты. Теледидардағы ең өміршең, «халықтық» деген атақ беруге әбден лайық осы хабардың өзі қазір 37 мүшел жасына келіп, енді күллі түркі әлемін шарлап жүр.
Камал ағаның қасында жүріп, әңгімесін тыңдау дегеннің өзі бір ғанибет. Екеуміз манағы «Выставканың» қақпасына таяғанда:
– Ақмоладан жүргізген «Атамекенің» жақсы болды. Өзің ән салады екенсің ғой, күпкілдеп, «Сексен бес» пе еді? – деп күліп алды, – Нұржұманның айтатыны ғой?
– Иә,– деп бас изедім.
– Ақмолаға Талғат Бигелдинов барғанда тіптен жақсы болар еді. Енді сен келесі «Атамекенді» Жезқазғаннан жаса, Ұлттың техникалық интеллигенциясының қаймағы қалың өндіріс ошақтарының бірегейі осы. Тарихқа барсаң, Қаныштың Қарсақбайы тұр. Ұлытаудан бастасаң, Баубек бар. Айтпақшы, «Қайнардан» шыққан «өнегелі өмірлер» деген жинақтан сенің очеркіңді оқыдым ғой. Онда Баубекті жазыпсың.
– Иә, «Тау биіктеп барады» деген очерк. Еңбек Ері Рақымжан Жанжігітов жөнінде. Ол Баубекпен екеуі ФЗО-да бірге оқыған. – Қарсақбайда Баубекпен бірге соғысқа барғандар әлі бар. Солармен кездесуге Әбу Сәрсенбаевті алып бар. Оған өзім айтамын, – деді.
Жезқазғаннан жасалған «Атамекен» осылай басталған.
1982 жылы Д.А.Қонаевтың
70 жылдығына туған жері Бақанастан арнайы «Атамекен» жасадым. Оның да идеясын берген Камал аға.
1983 жылы Мәскеудің ұсынысымен, Д.А. Қонаевтың тапсырысымен, Камал Смайыловтың тікелей басшылығымен Қазақ теледидарының жанынан Қытай елінің шекаралас аудандарына ұйғыр және қазақ тілінде хабар тарататын арнайы «Алатау» (ұйғырша «Алитағ») арнасы ашылды. Бұл жаңалық жалғыз Қазақ теледидары ғана емес, осы аудандарда тұратын халықты да бір желпіндіріп тастады. Қазақстанда тұратын ұйғыр жұрты тарихта тұңғыш рет теледидардан өз тілінде сөйлейтін болды. «Алатау» өз отанын, ондағы амалсыздан айрылған ағайын-туысын аңсаған арғы-бергі беттегі ағайындардың сағыныш мауқын басқан, халықтың хаты ең көп келетін жақсы арна болды. Оның деректірі Фатима Бегенбаева, бас редакторы етіп мені қойды. Ал «Ұйғыр авази» газетінен арнайы шақырылған коммунист Камал Василов «Алитағты» басқарды.
1985 жылы тағы да Камал аға өз идеясымен, өзі тікелей басшы болып Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арнап Қазақ теледидарында «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» атты 40 сериялы бейнефильм жасатты. Әр жылға бір сериядан 40 жылға – 40 серия. Ол кезде бейнефильм жасау енді-енді қолға алынып, оның өзі «жерден алтын тапқандай» жаңалық боп жатқанда, бұл шынында да жүрек жұтқан көзсіз ерлік еді, бірақ «қырық кісінің ақылы ханда болар» дегендей, бұл да Камал ағаның өзіне, одан соң бізге – теленің «қара өгіздеріне» қалтқысыз сенген, алдын-ала бәрін өзі әбден кесіп-пішкен өзінің өжет те тапқыр төтенше шешімі еді. Біз ағаның сенімін абыроймен ақтадық.
Публицист Камал Смайылов табан астында тақырып таңдауға шебер еді. Кітаптарының аттарына қараңыз – «Мамандықтың бәрі жақсы», «ХХІ ғасырға саяхат», «Фильм осылай туады», «Өмірдің өзімен өлшесек», «Жолданбаған 27 хат». Осындай 14 кітап жарық көрді. Ал өзі бас редактор болған бұрынғы «Білім және еңбек» журналын – «Зерде», «Мәдениет және тұрмысты»– «Парасат», «Қазақстан коммунисін» – «Ақиқат» деп өзгертті. Айтпақшы, «Қазақфильмге» Шәкен Аймановтың атын берген де өзі екенін екінің бірі біле бермес.
1991-2003 жылдары Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болып тұрғанда әр жылғы сыйлықтың өзін, мысалы «Сапар Байжанов атындағы», «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы» деп нақтылаған да, ал маған «Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың иегері» деп бергізген де Камал аға болатын.
Жан-жағына қарап қойып Камал аға әңгімесін әлі айтып келеді. Біз көрменің алдындағы, Әуезов көшесінің Теміржазға (Тимирязев) тірелген кең алаңына келгенде Камал аға жүрісін баяулатып:
– Өзің жақсы ауданда тұрады екенсің, – деді қолындағы сағатына қарап. Манадан бері ішімнен «үйге қалай шақырсам екен» деп қылпылдап келе жатқан маған ағаның осы сөзі қамшы болды да:
– Аға үйге жүріп, дәм татып кетіңіз, – дедім батылдығым ұстап. Камал аға әдеттегі жылы жымиысымен бетіме барлай бір қарап алды да:
– Рахмет! Тағы бір көрменің сәті түсер, – деді күліп, – Сапар бүгін сағат екіге Кәкімжан мен Шерхан үшеумізді қонаққа шақырған. Оған кешігуге болмайды. Кәкімжан идеология хатшысы болды ғой, білесің бе? – деп сұрады.
– Білемін. Кәкімжан Қазыбаев университетте бізге сабақ берген. Ол кісінің сондағы «соғыста ауылды өлтірмей аман алып қалған өрім балалар мен өгіздер» дегені әлі есімде, – дедім.
– Иә, осы ойын кітабына да жазды, – деді Кәмкең.
– Ә, міне, дәл уақытында келді, – деді тағы да сағатына қараған Камал аға, бізге қарай бұрылып келе жатқан ақ «волганы» көріп.
– Ал, сау бол, – деп аға маған қолын ұсынды,– ертең ілездемеде кездесеміз ғой…
Айтқанындай, ертеңгі ілездемеде кездестік. Шолушылардан кейін мінберге шыққан Камал аға бірден:
– Өткен жолы чехтардың көрмесі ашылды, көріңіздер деп едім ғой. Бардыңыздар ма? – деп сұрады. Зал тым-тырыс. Бәрі кешегі мен құсап мүлгіп ұялып отыр.
– Міне, көрдіңіздер ме? – деп бастап, біздің керенау, кержалқаулығымызды айтып Камал аға кетті дейсің бір ағып…
Қайран, Кәмкем-ай…
Сол сексенінші жылдары «Қазақтелефильм» студиясынан менің сценарийін өлеңмен өзім жазып, өзім оқыған, атақты режиссер Сон И Сон жасаған «Қу түлкі» деп аталған мультфилмім шықты. Оның редакторы болған, сценарлық коллегиядан да өзі өткізген, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, танымал кинодраматург-режиссер Ғайнижамал Әбілдинаның Камал көкесімен нағашылы-жиенді екенін енді ғана, оның «Қазақ университеті» баспасынан былтырғы желтоқсанда шыққан, менің қолыма жаңа тиген «Қазақтың ірілері» деген кітабынан біліп
отырмын, мұнда автор былай жазады:
«Камал Сейітжанұлы Смайылов – белгілі мемлекет қайраткері, қарымды публицист, жампоз журналист, парасатты көреген ой иесі. Ол Қазақ даласының кіндігі, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, ел бастаған көсемдер дүниеге келген қарт Ұлытау баурайында, Сарлық ауылында 1932 ашаршылық жылы туған. 1937 жылғы зұлматтың зардабын шеккен. Кезінде Тройцкіден оқып келген ауыл мұғалімі жұртқа үгіт-насихат жүргізіп жүріп «сайлауға барсаңдар да, бармасаңдар да өз еріктеріңіз» дегенді айтып қалса керек, содан «халық жауы» атанып, абақтыға жабылады. Одан өкпе ауруына шалдығып, босап шығып, елге келгеннен кейін көп өтпей қайтыс болады. Артында Камал, Бақыт және Жамал деген үш баласы қалады… Камал Сейітжанұлының анасы Бибігүл Әбілдақызы балаларын жетектеп Ұлытауға, төркініне көшіп келеді…».
Сөйтіп, Камал нағашы атасының қолында өсіпті. Кейін «Ленжастың» Қарағанды облысындағы тілшісі болып жүргенде, көп мақаласын «Камал Әбілдин» деген атпен жазған. Ал Ғайнижамал сол Әбілдә қарияның ұлы, көп жылдар бойы Ұлытау ауданының идеология хатшысы болған Байғараның қызы екен.
Ғайнижамалға қоңыраулатып, кітабына «жазар көбейсін» айтып, Кәмкеңнің тегін білгім келіп, досы дүниеден өткенде Шерағаңның: «Енді мен жалғыз қалдым… Кім енді менімен сыр бөлісіп армандар, тілектер айтысып кім енді маған хат жазар? Әттең, дүние-ай… Екеуміз жұп жазбай Алатауға, Ұлытауға барып-қайтып жүретін заман-ай… Сен, Камал осы заманның Баубек Бұлқышев ағаңдай батыры, қара сөздің ақыны едің» деп күңіренген, осы кітапқа жазылған жолдарды оқып беріп, «Камал көкеңе Баубек қалай аға болады?» деп сұрадым. Сонда Ғайнижамал Баубек пен Кәмкең екеуі де Бағаналының ішінде ебеске, жылкелді руынан тарайтынын, Камалдың жетінші атасы Бағаналы-Балталының Түркістанға жерленген атақты биі Бабыр екенін, Кәмкеңнің өзі «командировкамен Түркістанға, Бабыр бабамның басына барып қайттым» деп отыратынын айтты.
Демек, қазақтың «қанына тартпай қоймайдысының» айдай ақиқат, ағайынды Баубек пен Камалды, батыр да, ақын да еткен асыл тектің құдіреті екеніне тағы бір көзім жетті.
Камалдың қалам мен билік тізгінін бірге ұстаған биік тұлғасын айқындайтын қажыры мен қайратын айтпағанның өзінде, оның кәдімгі қарапайым адами келбеті қай жағынан алғанда да, мысалы, кісілігі мен кішілігі, шешендігі мен көшендігі, сыпайылығы мен сұңғылалығы, аңғарлылығы мен алғырлығы, талаптылығы мен табандылығы, танымдылығы мен талғампаздығы, ізденісі мен ізгілігі, елпектігі мен еңбекқорлығы жөнінен екінің бірі қанша созса да өркешіне қолы жете бермейтін өресі биік нағыз нар тұлға болды.
Құсыман Игісін,
ҚР мәдениет қайраткері.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.