Ауыл жарқырап тұрса…
28.07.2017
1853
1

Жақсылық жасауды өзіңнің отбасыңнан, туған ауылыңнан бас­тау керек екенін халық бекер айтпаса керек. Егер әр адам солай жасаса дүниеде жұмыссыздық пен бақытсыздық азаяр ма еді, кім білсін? Ортасына жақсылықты төгіп жасаған кісіні халық бұрын «Атымтай Жомарт» атапты. Атымтай Жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп алып, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Жан-жағына жасаған жақсылығы мен қарапайымдылығына қарап, жомарттығын бағалап, халық оны «Атымтай Жомарт» атаған көрінеді. Қазақ арасында Атымтай Жомарттар аз болмапты. Бүгінгі кейіпкеріміз де сондай жан. Төрт жасында көз жазып қалған әке рухына арнап өз қаражатынан туған ауылына үлкен спорт мектебін салдырған ол игі істің жүздеген жерлесіне септігі боларын сезгендей. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», – деген еді. Талмай еңбек етіп, төккен терінің арқасында бүгінгі күнге абыроймен жеткен жанды «Туған жер» бағдарламасы аясында халыққа таныстыруды жөн санадық. Туған ауылының болашағы төңірегінде кәсіпкер, меценат Жеңіс Тоғызақбаевпен әңгімелескен едік.


Жеңіс ТОҒЫЗАҚБАЕВ, кәсіпкер, меценат

– Перзенті ретінде туып-өскен жеріңізге «істеген ең маңызды ісім осы болды» деп нені атар едіңіз?
– Мен 1965 жылы Жамбыл облысы, Са­рысу ауданында, Жайылма деген елді мекенде дүниеге келгенмін. Сол жерде 2009 жылы бір гектар жерге спорт мектебін салдырдым. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2009 жылды спорт жылы деп атаған еді. Сөйтіп, 2009 жылы маған әлеуметтік жауап­кер­шіліктің «Парыз» конкурсының күміс жүлдесін берді. Қазір Жамбыл облыстық спорт және туризм комитетінде елу адам жұмыс істей­ді. Екі жүз сексен бес бала спорттың тоғыз­дан аса түрімен айналысып жүр. Ауылда ауыз су, жарық, жылу секілді барлық қа­жет­­тіліктер бар. Шалғай­дағы Жамбыл облысында осындай үлкен ғимарат бой көтеріп тұр.
– Өскен жеріңіздің өзге ауылдарда жоқ деп ауыз толтырып айта алар қандай артықшылығымен мақтанған болар едіңіз?
– Біздің ауылымыз кеңестер кезеңінде мал шаруашылығымен айналысқан. Елу-алпыс мың қой, сиыр, жылқы болатын. Одан кейін мал азығын дайындайтын жүгері, жоңышқа сынды егін шаруашы­лы­ғымен айналысты. Совхоздар тоқырау кезеңінде тарап, елдің бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Бір гектар жерді өз ақшама сатып алып, қаңырап бос қалған үйлердің орнына мектеп салдырдым. Қазір жан-жағына отырғызылған ағаштар көгеріп, әдемі болып тұр. Ауылым Жамбыл облы­сының ең шалғайында ОҚО мен шекаралас орналасқан. Бұл жақты жазда ыстық, қыста суық, табиғаты қаталдау болғандық­тан «Теріскей» деп атайды. Қазір енді жан-жаққа көшіп кеткен адамдар ауылға қайта оралып, жұмыс орындары көбейіп жатыр. Бір жарым мың балаға арналған мектебіміз бар. Ауылдық әкімшілік, музыкалық мектеп, спорт мектебі, сондай-ақ, Асанәлі Әшімов ағамыз салдырып берген мешіт бар. Жақында ғана бюджеттен үлкен аурухана соғып берді. Соның бәрі шоғырланып, бір жерде тұр. Осыдан он жыл бұрынғы ауыл­мен салыстырғанда, қазір мүлде бас­қаша.
– Өзіңіз шыққан мекеннің алдағы бейнесін көз алдыңызға келтіргенде, нені көресіз?
– Болашақта цехтар, мал шаруашылы­ғымен, бақша өнімдерімен айналысатын арнайы кәсіптік орындар ашылып, бос жүр­ген халықты жұмыспен қамтамасыз етсе екен деген арманым бар. Халықтың жағдайы қазір де жаман емес. Әр үйде жыл­қы, түйе, ірі қара мал түрлері бар. Түйенің сүтін сауып, қымыран жасап сатып жатыр. Сонымен қоса, болашақта көшелер түзеліп, асфальт салынып, жарқырап тұрса дей­мін.
– Соңғы рет ауылыңызға қашан барды­ңыз? Балаларыңыз сіз шыққан мекенге жиі барып тұра ма?
– Бізде ораза кезінде отбасымызбен түгел жиналып ауылға барып, ауызашар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Өзіміз мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін мал басына, дүниемізге қарай ауылдағы адамдарға ақшалай зекет береміз. Ауылға жақында ғана барып келдік. Осы аптада тағы барамыз. Жыл сайын әкемнің атына турнир өтіп тұрады. Мектепті салу мақса­тым да әкеме байланысты еді. Менің әкем, То­ғызақбаев Бөрібек, кішкентай кезімде қайтыс болды. 1936 жылғы еді. 33 жасында өмірден өтті. Әкемнің рухына арнап, келешек ұрпақ санасында осындай адам болған екен деген ойды қалдыру үшін де осындай шаралар өткізіп тұрамын. Әкем қазақша күреспен айналысып, өлке палуаны атан­ған. Жауырыны жерге тимей кеткен кісі. Соның рухын, даңқын көтеріп, келешек ұрпаққа кім екенін білдіру үшін осындай мектеп соқтырдым.
– Ауыл болашағын бұрынғыдан да көркейту үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Біздің ауылымызға су арықпен бармайды. Тек қана құдықтан су алады.
Ауылға бара жатқан жердің жан-жағы бау-бақша болып көгеріп, су барса деймін. Болашақта жастар ЖОО оқып, ауылға қайта келіп, көркейтсе деп армандаймын. Біздің ауылымызда екі мешіт бой көтерген, спорт комплексі бар. Шалғайдағы басқа ауылдарда мұндай мектептер кездесе бермейді. Тағы бір айта кетерлігі, музы­калық мектеп бар. Өкіметтің қаржысымен қаржыландырылып отырған, қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, қобыз, шаңқобызды үйрететін мектеп. Сонысымен ерекшеленеді деп ойлаймын.
Қазіргі таңда мен Шымкент қаласында тұрамын. Мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкермін. Бүгінде Қазақс­танда үшінші орын алатын үлкен бір жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылы ашылады деп жоспарлаудамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Н.Жақыпқызы.

ПІКІРЛЕР1
Дари 23.08.2017 | 11:14

Құрметті Н.Жақыпқызы сіз жариялаған Ж.Тоғызақбай мырза біздің Сарысу ауданының тумасы. Егер сіз жоқ демесеңіз осы мақалаңызды менің dariha_83_83@mail.ru салсаңыз немесе 87758707548 Дари осы нөмер арқылы хабарлассаңыз. Сіздің авторлық құқықты бұзбай сілтеме арқылы жарияласақ…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір