Ақыны көп елдің ақылы көп
Алматы облысында шілденің ми қайнатар қапырық ыстығы биыл ерекше. Нағыз шілде екендігін танытты. Осындай ыстыққа қарамастан Ұйғыр аудандық мәдениет үйінің іші адамға лық толы. Себеп, аудан жұрты өзінің жерлес ақыны, Мәдениет қайраткері Сәуле Досжановамен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында кездескелі тайлы-тұяғымен келіпті.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының жауапты қызметкері, ақын, журналист Сәуле Мағазбекқызының шығармашылық кеші оның өмір жолына арналған шағын бейнефильмнен басталды. Алғашқы құттықтау сөзді Ұйғыр ауданы әкімі Алимжан Тохтасунов алып, Сәуле Досжанованы шығармашылық кешінің өтуімен құттықтады. Қонақжайлық танытып, ақынның басына ақ шәлісін салып, камзол кигізіп, Алғыс хатын табыстады. Той иесін сахна төріне отырғызды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Әлихан Тойбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өтіп жатқан шығармашылық кеште сөзін әріден бастап 5 институттық реформаның нақты 100 қадамы жайында айтып, осындай нақты қадамдар арқылы дамыған 30 елдің қатарында бағымыз жанатындығын да аса зор сеніммен айтты. Сөз соңын Сәуле қарындасының шығармашылығына бұрып, жерлестерінің алдына есеп бергелі келген ақынға шығармашылық табыстар тіледі.
Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Ассамблея жылы аясында өткізіліп отырған шараның ұлттық нақты 100 қадамның бір қадамы деп бағалауға болатындығын айта келе ауданға ат басын бұра келген ел ағаларымен, ел аналарымен таныстырды. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи ибалы келін, өнегелі ана, абыройлы ауылдас бола білген Сәуле ханымға рахметін айтып, ауызбіршілік пен татулықты ту еткен мемлекетімізде осындай әдемі кештер көп болғай деген жақсы ниетін жеткізді.
Сергей Есенин атындағы халықаралық сыйлықтың және Алаш сыйлығының иегері ақын Қазбек Иса да ақ жеңгесіне деген жүрекжарды лебізін жеткізіп, әдемі жыр шумақтарын арнады.
Ақынның Дүкенбай Досжанға арнап шығарған «Сағыныш» әнін Президент оркестрінің әншісі Элмира Жаңабергенова шырқау шыңына жеткізе орындап, көрермендерді бір серпілтті.Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда да өз ойын ортаға салды.
Қазақстан Жазушылар одағы «Ан-Арыс» баспасының бас редакторы Кәдірбек Құныпияұлы Нұрлан Оразалиннің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын табыс етті. Мінберге көтерілген той иесі Сәуле Досжанова туған жеріне бір топ достарымен келгенде құшақ жая қарсы алған жерлестеріне шексіз алғысын айтып, бірнеше өлеңдерін оқыды. Сыныптасы Нұрмұқан Шәймерденов балалық шақтарынан естеліктер айтты.
Кештің қорытындысында Сәуле Досжанова тағы біраз өлеңдерін оқып, Ассамблея жылы аясында өткен шығармашылық кешіне атсалысқан ауданның азаматтарына алғысын айтып, әр кезеңдерден құрастырып бейнебаян жасап, ән жазылған өлеңдерін жинақтап, көрермен назарына ұсынған қыз-жігіттерге аналық батасын берді. Туған жерін әркез сағынып жүретін ақын қыздың кеші «Атамекен» әнімен аяқталды.
Баян МАМЫРБАЕВА.
Алматы облысы.