Бүгінгі мен ертеңгі
28.07.2017
2897
1

Әдебиет – ұлт тарихының, оның ерекшеліктері мен таным-түсінігінің шежірешісі, ел өмірінің көркем картинасын түзетін өнердің ең ұлы түрі. Сондықтан да онда ұлттың ұлы рухы, оның көксеген арзу-арман, мақсат-мұраты көрініс таппақ. Ол – ел көрген сан алуан саяси-қоғамдық өзгерістер мен тарихи кезеңдердің айнасы болуымен қоса, оның рухани қазынасы әрі кез келген милләттің рухани «төлқұжаты».

Совет өкіметі әдебиетті идео­ло­гияның маңызды бір бөлігі ре­тінде қарап, орта, қо­ғам игілігі үшін қызмет ететін құрал ретінде пайдаланды. Әсіресе, сұғанақ са­ры ит – саясат топтан қара үзіп, оза шауып, өмірде үлкен-үлкен же­­­тістікке жеткендерді өз ұпайын тү­гендеу мақсатында пайда­лан­ған­да алдына жан салмады. Дәл осынау ұста­нымның ұрығы бағзы Рим, Грекия, Ассирия, Мысыр, Үн­дістан, Қытай тұсында се­біл­­ге­нін қаперге алар болсақ, онда «бір қа­жетке жарату» көзқарасы XX ға­сырда ше­шек ата бастағаны да заң­дылық еді. «Күн­көсем» – Ле­нин­нің Совет өкіметі құрылмай тұ­­рып-ақ «сөз өнері», «таптық» жә­не «пар­тия­лық» деп болжаса, ком­мунистер әдебиет ар­қылы ха­лық санасын сан түрлі тәсілмен жау­­лап, зорлық-зомбылықсыз-ақ айт­қа­нына көндіріп, айдағанына жүр­гізуге бола­ты­нын дәлелдеді. Сол себепті де, билік әу бас­тан-ақ әдебиет тізгінін қысып ұстауды бас­ты мақсұт тұтты. Патшалық Ре­сей мен Со­вет өкіметінің бодан­дық құрсауындағы сол кездегі қазақ әдебиеті бірден даңғыл жол­­ға түсіп, нақты өз позициясын ай­­қын­дап алды десек, артықтау болар. Елуінші-алпысыншы жыл­дардағы әдебиеттің қазақ өмірінде алар орны ерекше еді. Екінші Дү­ниежүзілік соғыстан соңғы кез кел­ген ұлт алдында идентификация – өзін-өзі тану мін­деті тұрды. Дәл сол кезеңде ол ауыр да жауап­кершілігі мол міндетті тек «асыл сөз» ғана атқара алар қауқары бар-тын. Рухани жағынан жұтаған, жылулық пен мейірім­ділікті аңса­ған Алаш жұрты үшін Сөздің алтыннан да қымбат бағаға ие болуы­ның сырын ел-жұрт кейін тү­сінді. Қазіргі кезбен салыс­тыр­ғанда, ол уақытта әдебиетке деген құштарлықтың да ерек боп, ол жо­ғары бағаланғаны ешкімге құ­пия емес. Әрі нағыз оқырмандық ортаның қалыптасқан кезеңі де сол дәуір еді. Өйткені, XX ғасыр­дың бас кезіндегі қазақ әдебиеті көбіне-көп газет, ескі жазбалар мен алғашқы әдеби үлгілерге сү­йен­ді. Демек, әдебиетке, кітапқа, оқуға құлшынысы артқан тап-таза кәсіби оқыр­ман деуге тұрар­лық ортаның түзілуі де заң­дылық. Елуін­ші жылдардағы қазақ әде­бие­тінің дамуы жоғымыз табылып, өшкеніміз қайта жана баста­ған кезеңмен тұспа-тұс кел­ді.

Басы бұғаудағы халыққа өз құн­дылықтарын насихаттауға, тарихын тануына тыйым салынды. Бұл құйтырқы әрекеттер жөнінде академик Серік Қирабаев былай деген: «Көркемдікпен ұғылатын дүниелер тікелей үгітпен жасалды. Әдебиет шығармаларын талдау үстінде мұны да ойға ұстаған абзал». Қазақ жазушылар қыспақтан құтылып, туындыларын цензурадан өткізудің амалдарын іздеп, азаттық идеясын насихаттаудың жаңа жолдарын қарастыра бастады. Ж.Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы, Ғ. Қайыр­беков­тің қазақ хандары турасындағы ой-пікірлері, Ә.Тәжібаевтың «Біз де қазақпыз» пьесасы о шақтағы Орталық – Мәскеу тарапынан сын садағына ілініп, репертуардан алынып тасталынуы – ұлт әдебие­тіне деген көп шабуылдың бірі ғана. Партия пәрменімен және советтік солақай саясат әсерінен қаламгерлер өз туындыларында халықтар достығы мен коммунистік идеяларды дәріптеуіне тура келді. Сондай бір жағымсыз жағдаяттарға қарамастан әр шығармагер жүрек түкпіріндегі оңаша ойды, ішіне бүккен сырды толғана ақтаруға дайын жүрді. Қасым ақынның «Дү­ниеге жар» жыры бірден жұрт жа­дында жатталып, кеңінен танымал бола бастады. Тексеріп-тек­теген әдебиетші үшін Кеңес ке­зін­де, әсіресе елуінші-алпы­сыншы жыл­дары жазылған небір жақсы дү­ниелер тауып алары кү­мәнсіз. 1986 жылғы қазақ жаста­рының «Қа­зақты қазақ билесін!» деген ұраны мен 1950-60 жылдар ара­лығында үлкен байланыс бар. Се­бебі, онда рух үшінгі ұлы соғыс ше­жіресі жатыр. Елуінші жылдар­дың басы мен алпысыншы жыл­дардың аяғында алуан-алуан көр­кемдiк тенденциялар, ізденіс іздері, түрлі-түрлі суреткерлiк стиль жұлдызша жарқырай көрiнді. Ғ.Мүсірепов 1959 жылғы Қазақстан жазу­шыларының ІV съезінде жасаған баяндамасында: «Қай жанрдың болсын, қай жазушының болсын, қолы жеткен табысы заманымыздың тақырыбын қан­шалық игере алғандығымен өл­шенуі керек. Сол жаңа тақы­рыпты қаншалық көркем етіп көрсете алғанымен бағалануы керек», – деген өте құнды ой айтқан екен. Өткен тарихқа зер салсақ, онда
Қ.Аманжолов, Т.Жароков, Қ.Бекхожин, Ә.Сәрсенбаев, С.Бегалин, М.Хакімжановалардың кең тыныс­ты жанр – поэманың жиырма­сын­шы-отызыншы жылдарына қара­ғанда әлдеқайда түрлене түсіп, өрістеуіне барынша ықпал ете отыра, осынау бір игі дәстүрді алпы­сыншы-жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиетінің ірі өкілдері – М.Мақатаев, Т.Айбергенов,
Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлілер жал­ғастыра алғанын байқар ек. Соған қарағанда елуінші-алпы­сыншы жылғы қазақ әдебиеті көр­кемсөздің дамуына үлкен үлес қос­қаны шындық. Неміс класси­калық пәлсапасының бас­тауында тұрған И.Канттың мына бір сөзі ойымызды дөп басқандай: «Адамзат өміріндегі түрлі күйзелістер мен ғажап төңкерістер қоғамды ең терең негіздеріне дейін қозғалта ала­тын күшке ие. Осындай кезде кісі тұйыққа тіреледі. Сонда қандай да бір ұлы уақиғалар тарих жібін кенеттен кесіп, адамзатты батып қал­ған саздан шығаруға тиіс, жаңа жол­ға – жаңа мұраттар іздеуге итер­мелеуі қажет». Өткен ғасырдың елуін­ші жылдары әдебиет тұтқасын ұста­ған қарымды қаламгерлердің ба­сы қосылуы негізінде ұлттық әде­биетіміз үлкен-үлкен шығар­малармен толықты. М.Әуезовтің «Абай жолы», С.Мұқановтың «Сыр­дария», Ғ.Мүсіреповтің «Қа­зақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Мил­лионер» туындыларын Одақ оқырманы оқыды. 1949 жылы «Абай» романына бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлығының берілуі өзге ұлттардың әдебиетімізге деген көзқарасын өзгертті. Әдебиет атты қазынаны қажетіне қарай жарата білген ұлт қана өсіп-өнбек әрі Әлем­дік кеңістікке шықпақ. Әуе­зов­тің «Абай жолы» роман-эпо­пеясында елге асығып келе жатқан бала Абайдың туған ауылына, еліне, жеріне, ата-анасы мен туған-туысына деген ерекше сағынышы бейнеленетін тұсы бар: «Жабыса, сағына сүйеді. Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көріп емес, үрке қарап емес, құшағын керіп аймалар еді». Осы суреттеуден-ақ жазушы оқырманның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін арттырып, атақонысын қорғауға деген құл­шынысын оятып, барлық күш-қуатын елі үшін еңбек етуге жігер­лендіріп, соны Абай арқылы, Абай кө­зімен көрсетуді құп көрген. «Абай жолы» – сәулелі терең ойлар­дың шұғыласы іспетті дүние. Ал Әуезов секілді жазушылар сирек. Дегенмен, онымен қатар жазған, онымен қатар жүрген қаншама қаламгер болды. Бәрі жабыла жазды, қосыла жырлады. Сонда кім не туралы жазды? Қалай жазды? Жә­не ол бүгіндері оқылымды ма? Әде­биеттанушылар мен ойлы оқырман оқи ма? Басты сауал осы!.. Ұлт, ел жөнінде толғанған ойшылдар аз емес, солардың бәрі де жазушы жаны туған халқымен бірге жаралатынын жеткізіп айтқан ғой. Мәселен, Достоевский: «Халықтың қаламгер қайраткері болу үшін Отаныңды жақсы көріп қана қою жеткіліксіз. Оның үстіне өз хал­қың­­ды жақсы біліп, еліңмен біте қайнасып кетуің керек», – деген-ді. Роман, повесть, қыл аяғы әңгіме жазу оңай шаруа емес. Қып-қысқа мерзімде оқырманға қыруар эсте­тикалық ләззат сыйлайтын дүние тудыру тек шебер жазушы­ның ғана қолынан келмек. Бір кітапта бір өмірді жарқ еткізіп жайып тастап, оқырман алдына қилы-қилы мі­незді көрсету арқылы жақсысына сүйсінтіп, жаманынан түңілтіп отыру да талантпен қоса, асқан іздені­мпаздықты қажет етеді. Елуін­­ші жылдардағы қазақ прозашылары шығармаларындағы туған жерге деген махаббат, еңбек адам­дарының толыққанды көркем мү­сіні, терең реализм мен психоло­гизм, шынайы да шыншыл­дықпен су­реттелген. Әр автордың өз та­қы­рыбы бар, өз айтары бар. Ұлт бол­мы­сын, ұлт дүниетанымын М.Жұ­ма­­баев­тың «Шолпанның кү­нәсі», Ж.Ай­мауытовтың «Қарт­қожа»,
Б.Майлиннің «Талақ», Ғ.Мұс­­­тафин­ның «Шығанақ», Ғ.Мүсірепов­тің «Ұлпанынан» аң­ғаруға болады.
Ел тағдыры фонындағы адам өмірі – жазушы объектісі. Жан ие­сінің қоғамдағы орнын айқындап беріп, оның тереңдігін түсіндіру – қажеттілік. Ұрпақ пен ұлт алдын­дағы парыз, міндет. Осы ретте, Мұхтар Әуезов «Өскен өркенінде» қазақ халқының тыныс-тірші­лі­гінде әлі де шешуін толық таппаған күрмеуі көп күрделі мәселелер кө­терді. Роман тек еңбек туралы ғана емес, оның түп-тамыры тым терең­де жатыр. Ерекше айта кететін нәрсе – еңбек адамының образы, қа­зақ әдебие­тіндегі еңбек та­қыры­бы осы туындыда зор идея­лық-көркемдік күш-қуатпен берілген-ді. Бұнда ол баяндаушылықтан бас тартып, қазақ қоғамындағы сан түрлі сауалдардың шешімін іздеуші ролін атқарады. Оның жаңалығы да осында деп білеміз. Әуезовке дейінгі қаламгерлер еңбек адамы­ның қайшылық пен қиындыққа толы жолы һәм соны шешу арқылы «ұлы жеңіске жету» шкаласын ғана көрсетуді мақсат еткені өтірік емес. Жазушы ескілікпен күресу арқылы ілгерілеу мәселесін алға қояды. Қа­­рымды қаламгер сол кездегі «клас­­сикалық өлшем» – жаман мен жақсы контекстінен де арырақ барған. Романда нақтылы бір кінә артып, күнә көтеріп жүрген айып­кер-кейіпкер аздау болғанымен де кісінің кісілігі, адамгершілігі, ар­лы­лығы, ұстанымы өмір өткел­дерінде анық байқалып отырады. Кейіпкердің бір ісі кем бе, әлде кең құшақты ма, автор ол жағын оқыр­ман еншісіне қалдырған. Әрі бұл шығармада адам құны, адам бағасы дегенді де сөз етеді. Бұл да қазақ әде­биетінде тұңғыш ретін қозғал­ған тың тақырып болатын. Нил Кар­пов, Алмасбек Жайлыбеков, Әсия Әлімова, Медет, Сағадат, Жан­дос Асанов, Ілияс, Сағат, Нүр­бибі, Саматов, Бекбаев, Бейсен, Ай­сұлулар – өзіндік орбитасы ай­қын­далған, маңындағы барлық құбылыстарды жан арқылы өткізіп барып толғанатын, ойы, арманы, мұраты бар образдар. Автордың Карпов аузымен: «Кейбіреулер «қа­зақ үйренген, шопандар қыста да, аязда да киіз үйде тұра бере алады. Өтірік, жан ашымастан туған өті­рік», – деген шындықты айт­қызуын­­да бір сыр бар. Карпов – тек еңбек адамының ғана емес, жалпы адамның ортадағы орнын біліп, сезініп, еңбегін ардақтап, немкетті қа­рамауға, кем-кетікті тезге сал­ған­­дай етіп түзетуге ұмтылатын кейіп­­к­ер. Суреткердің сол кездегі өзек­ті проблемаларға бет бұруы, за­мана көшін түзеу­шілердің бей­несін сомдау тура­сындағы терең барлау-бастамасы, тәжірибесі өзінен кейінгі буынға да ой салды. «Мен әрдайым бүгінгіні, шамам келгенше – ертеңгіні жаздым», – деген Ғабиден Мұстафин де еңбек адамының образын жасауға барын салды. Азамат соғысынан кейінгі ауыр жағдайлар, әлі де болсын оң-солын толық танып болмаған, жақ­­сы мен жаманды айыра алма­ған, жапа шеккен, еңсесі езілген кедей-кепшік, жоқ-жітіктің хал-күйін көзімен көріп өскен Мұста­фин қанбазарша қайнаған тіршілік қазанынан жырақта жүре алмады. Жазушы «Өмір мен өлімнен» соң ауылдағы түрлі өзгерістерге арнал­ған «Шығанақ» пен «Миллионерді» жарыққа шығарады. Әдебиетіміз­дегі еңбек адамы турасында жазыл­ған қуатты шығармалардың бірі – «Шығанақ» еді. Атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің өнегелі өмірі арқау болған аталмыш туындының тууы қазақ «сөз өнері» тарихында елді елең еткізген уақиға болды. Ке­зіндегі сыншылардың: «Ғабиден Мұстафин сияқты сезімтал да сергек жазушының әлгі романы Шо­лоховтың «Көтерілген тыңы­мен» салыстырғанда көркемдігі тұр­ғы­сынан төмендеу», – деп ой қо­рытуы қаншалықты орынды? Айталық Фадеев, Фурмановтардың ро­ман­дары жөнінде кезінде де, қа­зір де көптеген сын айтылды және әлі де айтылуда. Біреу мақтайды, біреу дат­тайды. Дегенмен, дәуір сұраны­сына жауап берген «Шыға­нақ» туындысы уақыттың ыңғай-ықпа­лын­да жазылды деген күннің өзін­де, тарышының өмірін, көркем бей­несін, сол кездегі еңбек адамы­ның образы мен оның қазақ тари­хын­дағы орнын ешкім жоққа шы­ғара ала алмақ емес. Туынды ор­­­та­лық образы – Шығанақтың жү­ріп өткен жолы – өмір жолы аң­саған арманына еңбек арқылы жет­­кен қазақ кедейінің жолы. Оның тағдырын жеңіл деп айтуға ауыз бармайды. Тынымсыз еңбек, ел, жер қамы Шығанақты іштей өсіріп, шыңдай түседі. Кезіндегі кедей атанған адам белгілі бір уа­қыттан кейін Алашқа аты мәшһүр жанға айналады. «Шығанақ» – қазақ санасының өзгеру эволюциясы туралы роман. Мұхтар Әуе­зов: «Адамның ішкі cезімдері, ой толғау, қажырлы арманы халықтық кең қызықты мінездер ретінде әдемі үйлесіп, тұтаса қалыптасқан Шығанақ бейнесінде еңбек таразысын танытатын өзі дана, барынша адал пейілді адам бейнесі жақсы сипатталған», – дейді. Уақытында сойыпсал сыншылар «Миллионер­дің» басты конфликті Жомарт пен Жақып арасында өрбіді деген болатын. Алайда, автор қос кейіпкер арасындағы талас-тартысты динамиканы күшейтіп, сол кездегі әлеуметтік проблемаларды ашу үшін ғана пайдаланған. «Миллионер» мен «Шығанақ» рухтас туындылар. «Шығанақтағы» Олжабек: «Қайтсем, өмірден опық жемей, жылы ұя табам!» десе, «Миллионер» кейіпкерлері: «Қайтсем, еліме, жұртыма септігім тиеді» деген биік мақ­сатқа ұмтылғысы бар. Екі шы­ғарманың құндылығы сонда, оларда автор қазақ шаруасының жүріп өткен жолы мен оның көркемдік шежіресін жасай алды. Романның басты кейіпкерлері Шығанақ, Олжабек, Жанбота, Амантайлар үнемі халық арасында жүруінен-ақ туындының халықшылдық сыпатын көреміз. Тарихи жазбаларда мынадай бір деректер бар екен. Орта Азия, Сібір, Қиыр Шығыстың отырықшы елдерімен қарым-қа­тынас жасаған қазақтың кейбір ру­­лары соларға еліктеп егінші­лік­пен шұғылданса керек. Керейдің ішінде «Тарышы» тармағы бар. Олар кезінде тары егумен айна­лыс­қандықтан солай аталынды деген болжам бар. «Өскен өркен» мен «Шығанақ» шығармалары басқаны айтпағанда, еңбектің ең басты құндылық екенін түсініп, келер ұрпақты оған деген ынта-ықы­ласын ояту үшін аса қажат.
Қаламгер мен шығарманы қо­ғам­дық және идеологиялық салалардан бөліп қарауға қақымыз жоқ. Өйткені, көркем әдебиеттің ар­ғы жағында орасан зор әлем, те­рең ой, сезім, құштарлық пен үміт­тің тұрғанын біреу білер, біреу біл­мес. Жазарман әр уақытта өмір­дің түу тереңіне үңіліп, оның барша қайшылығын, күрделілігін, өз­герісін тани алумен қатар, қоғам­ның алма-кезек ауысқан жаңа­лы­ғын ой елегінен өткізіп, саралап, қо­рытынды жасайды. Сол бір ой тү­біне шөккен, танымында мық-ше­­геше мықтап орныққан дүние­лерден көркем шығарма тумақ. Осы тұрғыдан келгенде қалам­герлер де өсу, толысу үстінде болады. Елуінші-алпысыншы жылғы әдебиет қазақты сақтап қалу үшін ғана күресті. Лирикалық-роман­тикалық және лирикалық-пси­хо­логиялық бағыттар басым­дыққа ие болмаса да, кейіпкер сомдаудағы ұлттық сипат терең­дегені шындық. Ақын-жазушы­лардың ішкі тол­қынысы кейіпкер сырымен, та­ным-түйсігімен, сезім иірімдері­мен бірге бұрымша өрілді. Кейіннен қа­зақ прозасында лиризм мен пси­хологизмнің алға оза шабуының өзі қоғам тудырған құбылыс еді. Себебі, ұлт мінез-құлқы өзгеріске түсіп, түрлене бастады. XX ғасыр қа­зағы мен XXI ғасыр қазағының бір-біріне ұқсамайтынындай, қа­зіргі проза мен сол кездегі про­заның да өз функциясы, алдына қойған мақсаты алабөтен-тін. Шығарма­ның шымыр сюжеті мен идеясын өрбітуде басты роль ат­қарған кейіпкерлер жүйеленіп, оның қаламгер ұстанымын, туын­дының сюжеттік-құры­лымдық бітімін айқындаудағы, көркемдік-тілдік ерекшеліктерін саралаудағы маңызы ашылды. Қазақ прозасы шағын, орта және көлемді жанрлармен толығып, ұлт болмысының қоғамдық-әлеуметтік ортамен қабыса берілуі, образ әрекетіндегі өзіндік ерекшелік арқылы диалог, монолог, пейзаж тәсілдерінің түрлене түскенін аңғардық.
Ол драматизмге толы кезең еді. Не­гізінен, басқа-басқа, бірақ елуін­ші-алпысыншы жылғы әде­биеттен Билік қатты сескенген. Се­бебі, ұлт оң-солын танып, оқу-білім жағынан күшейіп, қазақ қамын ойлаған қаламгерлер тобы құрыла бастады. Әр қазақ жазу­шысының шығармасында әйтеуір бір орыс жүретін. Орысты ойсыз немесе ақымақ, надан, мейірімсіз, қайырымсыз етіп көрсетуге тіпті болмайтын. Ал орыс қаламгерлері өзін «жабайы­лыққа қарсы күрес­кен», өзге елдің «көзін ашқан» ақыл­­ман етіп көрсетуді мақсат тұт­ты. Орыс тарихында аты сызылған қан­шама «бұратана халық» өкілі бар. «Құралайдың салқыны» кино­ға да тиген. Орысты көпті көрген көсем, ешқай адамнан сөзден ұтыл­мас шешен, парасатты да дана етіп көрсету – өңгенің мысын басу­дың таптырмас айласы-тын. Туын­дылардағы көркемдеудегі деталь, монолог, полилог, диалог, мінездеу, кейіптеу, іс-әрекет динамикасы, портрет, пейзаж, баяндау үлгісі басты мән-мазмұн – белгілі бір дәуір, кезең, замана аясындағы жұрт мінез-құлқын, ұлт тағдырын тү­бе­гейлі психологиялық, пәл­са­па­лық, тарихи-әлеуметтік ауқымда аша түсуді көздеді.
Өткен ғасырдың бас кезінде ел ара­сында «революция халыққа бос­тандық әкеледі» деген сенім күш­ті болған екен. «Ұлы Октябрь революциясы жылдары», «Елімізді индустрияландыру, колхоздастыру дәуірі», «Екінші Дүниежүзілік со­ғысы кезі», «Соғыстан соңғы ке­зеңде» де әдебиет бір орында тұрған жоқ. Уақытпен бірге жылжып, дамып отырды. Дәуірге қарай тақы­рып та, идея да, қаһарман-кейіп­кер­лер де өзгерді. Сөйтіп, проза, поэ­зия жаңа көркемдік-стильдік ерекшеліктермен байи түсті. Бұл өзгеріс әдебиеттің өмірге еркін де батыл араласып, үн қосып отыруымен байланысты еді. Түрлі өндіріс орындары, темір жол құрылыстары, еңбек жолындағы табыстар қалам­гер объектісіне айналды. Индус­-
т­рия­ландыруда мақтап-мадақтаған ақындардың басты мұраты еңбекке ынталандыру еді. C.Сейфуллин,
І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқа­нов, Қ.Әбдіқадыров, А.Тоқма­ғам­бетов, Т.Жароков, Ғ.Орманов,
Ә.Тә­жібаев, Ө.Тұрманжановтар да бұл тақырыптан қалыс қалған жоқ. Бірақ оның ішінде де көркемдігі жағынан ешкімнен кем соқпайтын туындылар бар. Солардың бірі – Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасы. Аталмыш туынды тари­хы­мыздағы революцияға дейінгі қиын кездерін суреттей келе, қа­зақтың сайын даласындағы өзге­рістерді өлеңмен өрнектеп, даму заңдылықтарын ойшылдықпен суреттеуімен ерекшеленеді. Демек, отызыншы жылдардағы дәстүрді елуінші-алпысыншы жылдардағы ақын-жазушылар эстафеташа іліп алып кетті деуге негіз бар. 1950-1960 жылдары үлкен романдар мен поэмалар, жаңа лирикалық туындылар жазылды. Соғыстан кейінгі әде­биет біртіндеп көлемді жанр­ларға қарай бет бұра бастады. Жақ­сы поэмалар туды. Қасым Аман­жоловтың «Ақын өлімі туралы аңызы» идеялық-көркемдік күш-қуатымен ерекшеленді. Қасым ақын онда замана батырының образын, өлмес рухын, отты тұлғасын жан-жақты ашып берді. Осы кезеңде «Абай», «Қазақ солдаты», «Шығанақпен» қатар, Ә. Әбішевтің «Жас түлектер», Ғ. Слановтың «Жанартау» туындылары жарық көрді. «Соғыстан соң туғандар» да бір буынға айналып үлгерді. О буынға өмірлік тәжірибесін толыса бас­таған, жас болса да қаламы ұшқыр, ойы терең С.Шаймерденов,
Ә.Нұр­пейісов, Т.Ахтанов, З.Қаб­долов, М.Әлімбаев, Т.Бердияров, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайырбеков, т.б. енді. 1954 жылдың қыркүйек
айында өткен съезде қаламды қару еткендер көп мәселені талқылап, үл­кен шолу жасады. Ол жиында қа­ламгерлер қауымы өмірді тереңі­рек зерделеуге ұмтылып, көркемдік тұрғыдан өсу, форма, стиль, жанр жағынан ерекшеленуге ықылас­танды. Демек, қазақ жазушылары­ның кезеңдік тақырыптардан көр­­кемдік-эстетикалық катего­рия­ларға көтерілуі осы съезбен тығыз байланысты десек қате­лес­песек керек.
Дәл сол кезде Жаһанда нендей жаңа­лықтар болды екен?! 1950-60 жыл­дары Америкада үлкен өзге­рістер орын алды. «Елеңдеген елу­дің» орнын «атышулы алпыс» бас­ты. Сыншы М.Гастсмар: «Бұл құбы­лыс ереуілден конформизмге, конформизмнен ереуілге дейінгі аралығында пайда болды», – дейді. Американ қоғамындағы алпысыншы жылдарда расизм, Вьетнамға басып кіру мен ел оңтүстігіндегі саяси жағдайлар ушыққан еді. Сол кезде АҚШ қаламгерлері бірігіп, зәңгілер құқығын шектеу мен бас­қыншылыққа қарсы шыққан. Елуінші жылдардың ортасында Аме­рика әдебиетіне көптеген жас­тар келді. Бұлар Әлем әдебиеті тарихында «Ұртоқпақ жеген ұрпақ» деген атпен қалды. Елуінші жыл­дардың аяғы мен елуінші жылдар­дың бас кезінде өнерге толықтай еркіндік беріліп, халық арасында рок танымал бола бастаған. Ал қырқыншы-елуінші жылдардағы КСРО ғалымдары химия, технология мен шикізат өңдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін игере бастаған еді. 1953 жыл Сталинның дүние салып, империяның саяси-әлеуметтік, рухани, экономикалық тұрғыдан тұрақсыз боп, «жылымықтың» келуімен есте қалды. Коммунистік Пар­тияның XX съезі қар­саңын­дағы қара халықтың өкіметке деген сенімі ерекше болды. Себебі, бәрі жаңаруды, жаңалықты күтті. «Жаңару» тақырыбы жазушыларға май­дай жақты. Қатал цензура пен қаламгер еркіндігі төңірегіндегі пі­кір-талас сол кездегі әдеби ахуал табиғатын аша түсті. Ормандай орыс оқырманы бұрындары тыйым салынып келген М.Зощенко,
А.Ах­матова, М.Цветаева, М.Булгаковтармен қайта «қауышты». Жаңа әдеби бағыттар айқындала бастады. Мәселенки, Екінші Дүние­жүзі­лік соғысындағы жекелеген адам психологиясын ашуға арнал­ған туындылар туды. Оған дейінгі әдебиеттегі отаншылдық рухы ме­нен батырлық пафосы орнын жеңіс­тің, жалпы соғыстың мораль­ді-этикалық бастауларын айқын көрсететін көркемдік, суреткерлік басты. Бұлардың қатарына Ю. Бон­даревтың «Батальоны просят огня», «Последние залпы», М. Шолохов­тың «Судьба человека», В. Аста­фьев­тың «Звездопад», т.б. шығар­маларды жатқызуға болады. Дәл осы тұста орыс әдебиеті ұрпақтар сабақтастығы, Отанға деген махаббат, орыс деревняларының өзекті мәселелері, қоршаған ортаны қор­ғау секілді тақырыптар қозғай бастады. Орталық образ – қарапайым адам, шаруа. Ф.Абрамов, М.Алексеев, В.Астафьев, Г.Бакланов,
В.Богомолов, С.Залыгин, В.Солоухин, Ю.Трифонов, В.Тендряков секілді авторлар қазақ проза­сын­дағы «алпысыншы жылғылармен» қатарлас. 1962 жыл. Желтоқсан айы. Мәскеуде көркемсурет көрмесі ұйымдастырылады. Ол жаққа Хрущев те келеді. Онда Батыста модаға айналған абстракционизмге бой ұрған суретшілердің де картиналары болады. Көсемнің ашуына тиген біраз қылқалам шеберлері «тым еркінсігендері үшін» қатты сыналып, оларға қарсы түрлі сыпаттағы шара қолданылады. Бұндай қылық өнер адамдарына аса ұнай қоймай­ды. Хрущев пен оның ұстанған саясаты туралы ел арасында анекдоттар шығады. Сынға іліккен­дердің ішінде суретші Роберт Фольк, мүсінші Эрнест Неизвестный, ақын Андрей Вознесенский, кинорежиссер Марлен Хуциев та бар-тын. XX ғасырдың 1950-1990 жылдар аралығында постиндус­триалды, посттоталитарлы кезеңі, жаңа технологияларды меңгеру, ғарыш кеңістігін зерттеу, табиғи қазба байлықтарын игеру жолға қойылды. Бұл – экологиялық және рухани кризис, «бұқаралық мә­дениет» белең алып, адам санасы­ның күшінен гөрі Құдайдың құдіретіне деген сенімнің күшейіп, адамдардың утопиядан арылып, өмірді реалды нәрсе ретінде қарай бас­таған кез. Демек, елуінші жыл­дардың соңы мен алпысыншы жыл­дардың басы – Жаһан әдебиеті мен мәдениетінде үлкен өзгеріс орын алып, жаңа бір әдеби модель­дердің туған уақыты. Бұған әде­биетшілермен қатар П.Тейяр де Шарден, А.Швейцер, М.Хайдеггер, Ж.Деррида, Ж.Бодрийяр,
Р.Барт, Ю.Кристева, Х.Ортега-и-Гас­сет, Й.Хейзингалардың ықпалы күшті болғаны белгілі. Әрі осы ке­зең – әдебиеттің жанр (үлкенді-кішілі эпикалық шығармалар, пси­хологиялық драма, лирика мен поэма, т.б.) жағынан байып, түрлі ағымдардың, түрлі стильдердің, жаңашылдық – новаторстваға бет бұрған кезең. Орыс әдебиетіндегі «де­ревенская проза» 1960-1980 жыл­дармен тұспа-тұс келеді. Мәде­ниет­танушы И.Белов осы кезең туралы: «Формирование различных литературных направлений: продолжение традиций реалистической литературы, возрождение традиций, зарождение русского постмодернизма» деп жазды. Екін­ші Дүниежүзілік соғыс уақытында әдебиет бір сәтке әлсірегендей болды. Себебі, қаламгер атаулысы қаламын тастап қолына қару алған еді. У.Фолкнер айтқандай, расында да «соғыс кезінде жазу қиындау» болғандай. Әскери корреспондент қызметін атқарған Хемингуэй немесе алдыңғы шепте жүрген Дж.Чивер, С.Беллоу, Н.Мейлер,
К.Вон­негуттар да жазудан қол үзіп қалған-ды. «100 жылда 1 соғыс бо­лып тұруы керек» деген тәмсілге сенсек, онда соғыстан соңғы кезең қай әдебиетке болсын тың тақы­рып, өзге бір кеңістікке шығып, өткенге ой көзімен қарауға, бәрін салмақтап, саралауға мүмкіндік туды. Және соғыстан соңғы кезең өте өнімді екенін аңғарамыз. Әлем­де де, сол Әлемнің бір маңызды бөл­шегі – қазақ әдебиетінде де солай. Елуінші жылдардан ары қа­райғы ахуал туралы айтар бол­сақ, Париждегі 1968 жылғы жастар толқуынан кейінгі «неоавангард» пен «контркультура» ұғымдарының пайда болуы әдебиетке деген көз­қарасты түбегейлі өзгертіп жіберді. Мысалы, француз «жаңа романы» өкілдері – М.Бютор, Н.Саррот не­месе «кіші тақырыпты қаузай­тын» ағылшын романының белді жазушылары – Э.Пауэлл, П.Х.­Джон­сон­дар я болмаса әлеумет­тік-пси­хологиялық романды жанына жа­қын көретін – У. Йонсон мен А.Ан­дерш, бәрі-бәрі әдебиеттің тек құн­дылық қана емес, өнердің ең шыңы екенін терең сезініп, тал­ғампаз оқырман­дар легионының жиналуына ықпал ете алды. Ал 1939-1945 жылдары аралығында Батыста авангардистік үрдіс алға озып, неоавангардизм – абсурд дра­масы, «жаңа роман», «нақты поэзия», Италия ақын­дарының «1963 тобы» мен алеаторика секілді ұғым­дар туды. Модер­нистік ағым тек буржуазиялық қоғам өкіл­де­рімен ғана емес, социализмді идеал тұтып, оның жақтаушыларға қарсы «соғысты». Ол уақыт өте келе элитаға жақын бола бастады. Со­ның әсерінен де шығар, жалпы ха­лық екіге жарылды. Біреулер жаңа­шылдықты жақтаса, екінші жақ ескіні көкседі. Ескі дегеніңіз – реализм. Ал 1950-1960 жыл­дар­дағы Жапония соғыстан соң ес жиып, етек жауып, экономикасын күшейте бастады. Соның әсерінен ол 1990 жылдары қаржылық әлуеті жағынан екінші орынға шықты. Бұл құбылыс Әлем тарихына «Жапон экономикалық таңғажайыбы» деген атпен енді. Осынау жағдайлар ел әдебиетіне де әсер етті. Жапон жазушылары «адамның мына өмір­дегі орнын іздеу» турасында қат­ты ойлана бастайды. Сол кездегі Жапония әдебиеттегі «адам – капитал» идеологиясы ұлт ретінде тез өсу үшін аса қажет еді.
1950-1960 жылдардың Тәуелсіз қазақ әдебиетіне де ықпалы күшті бол­ғанын жасырмаймыз. Тоқ­са­ны­ншы жылдардан бастап әде­бие­тіміз өзінің тақырыптық аясын кеңейтті, идеялық мақсаттарын тү­бірімен өзгертті. Елдің ішіндегі саяси-әлеуметтік жағдай мен ха­лықтың ахуалының өзгеруі де әдебиеттегі тақырыптық-идеялық жағынан басқаша сипат ала отырып, кеңейе түсуіне септігін тигізді. Ел бостандық алған сәттен бастап қазақ әдебиеті өзіне дейінгі ке­зеңдердің жауһарларын бойына сіңіре отырып, көркемдік көкжиегі кеңіп, тақырыптық ауқымы кеңейе түсті. Кеңестік жүйенің қыспағы салдарынан тар шеңберден шыға ал­май, шымбайына батқан шын­дықты туындысына қоса алмаған ақын-жазушылар Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жабық боп келген тақырыптарды қозғап, ұлттың тарихы мен салт-санасына, рухани болмысына қатысты шы­ғармалар жаза бастады. Бұл ке­зеңдегі әдебиеттің тақырыптық ау­қымы кеңейіп қана қоймай, қа­ламгерлердің мазмұндық, көркем­дік ізденістерінің арқасында «сөз өнері» өзгеше өрнектеліп, жаңаша түр-сипатқа ие бола бастады. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары қа­зақ әдебиеті ерекше дамуға ие бо­лып еді. Осы тұста проза да, поэ­зия да мықты қаламгерлермен толысып, әдебиетіміздің көркемдік қуат­тылығы арта түскендей еді. М.Мұқатаев, Т.Айбергенов,
Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлілер қазақ поэзиясын өздерінің жалынды жырларымен жандандыра түсті. Қазақ поэзиясында үлкен өзгеріс жасаған, өздерінен алдыңғы аға буынды талантымен мойындаған бұл буын биік шыңға көтерілген еді. Олар жасаған көркем туындылар тың тақырыптарды қамтуымен, мазмұн мен формадағы ізденіс­терімен, бояуы қалың, кестелі, айшықты сөздерімен бір бөлек төбе секілді өзгешеленіп тұратын. Олар­дың шығармашылығын өзгерген уақытқа қарамай жұрт әлі күнге іздеп оқиды. Бұл олардың өлмейтін мәңгілік дүниелер тудырған ақын­дық қарым-қабілетін танытады-ақ. Тоқсаныншы жылдардан бергі қа­зақ әдебиетінің ең басты тақы­рыбы – тәуелсіздік болды. ХХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХІ ғасырдың басында дүниеге келген біршама туындыларда фольклорды пайдалану мүлде жаңа үрдісте, жаңа сипатта көрінетінін айта кету керек. Әсіресе, екі ғaсырдың тоғысында жа­рыққа шыққан шығармаларда фольклор әртүрлі мaқсатта пайдаланылып, әрқилы қызмет атқарып тұрғанын байқауға болады. Бұларда фольклор тек бұрынғыша «цитaта» немесе «фон» ретінде ғана емес, шы­ғaрманың бүкіл мазмұнының өзі, кейіпкерлердің болмысы түрінде де көрінеді. Екінші сөзбен айтқанда, фольклордың белгілі бір жaнрын, яки сюжетін қолданумен шектелу жоқ, ендігі романдарда, кей­де повестер мен әңгімелерде де, поэма-өлеңдерде де фольклорлық сана мен фольклорлық ойлаудың архетиптері, кейіпкердің санасынан көне жәйттар, тарихи-гене­ти­калық жадының түкпірінде жатқан фольклорлық-мифологиялық ұғым-түсініктер, түйсіктер кең пай­даланылады. Aл бұл жағдай әдебиет пен фольклор жaңа дәуірде жaңaша, жаңа деңгейде байланыс жасауда деген ойғa жетелейді. «Адам­ды тану, адамды түсінудің өзі түптеп келгенде Ғаламды ашумен тең». Грек софистерінен бастап Ортағасыр ойшылдарына дейінгі аралықтағы Уақыт өз қолымен тұр­ғызған алтын көпір осы ойға жетелеген еді. Жетелеген және де жетектей келе мына Біз тіршілік кешіп жүр­ген XXI ғасырға – Тәуелсіздікке дейін келді. Бірақ әдебиет Гоголь «Шинеліндегі» Акакий Акакиевич шұғылданатын, яғни бос уа­қытын қағаз көшіріп жазуға арнай­тын әуесқойлық деңгейге түспесе екен деп тілейік!..

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.05.2020 | 12:04

Ердаулет қазақстан республикасы мемлекеттік сатып алу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір