ЖАСТАР ӘДЕБИЕТІ: БҮГІНГІ ӘДЕБИ ҮДЕРІС
21.07.2023
432
0

Қазақстан Жазушылар одағында жастар әдебиеті кеңесінің жиналысы өтті. Жиналыста жастар әдебиетін дамыту, насихаттау, алдағы уақытта қарқынды жұмыс жасау сынды мәселелер талқыланды. Жас қаламгерлер өздерінің ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов: «Қазақстан Жазушылар одағы жас ақын-жазушыларды қолдауға әрқашан дайын. Жас әдебиетшілер ұйымдастырар түрлі іс-шаралар, оқырмандармен кездесу, шығармаларды талқылау сынды көптеген жұмыстарға одақтың есігі үнемі ашық деп біліңіздер. Әдебиетіміздің сапасын арттыруға сіздердің еңбектеріңіз қашанда қажет екенін ұмытпаған жөн», – деп, түйінді мәселелерді бірлесе шешу жайлы ой қозғап, жастар әдебиетіне қандай көмек қажет екенін сұрады.
Жиын барысында, Қазақстан Жазу­шы­лар одағы басқарма Төрағасының жастар ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Сарыбай өзге де жас әдебиетшілер тарапынан келіп түскен ұсыныстарымен, пікірлерімен, жоспарларымен таныстырып өтті. Сонымен қатар Жастар әдебиеті кеңесінің төрағасы Ерлан Жүніс «Жас әдебиетшілер альманахын» шығаруды ұсынса, жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айнұр Төлеу: «Біз жоспарлап отырған жұмыстарымызды жоба ретінде іске асырғанымыз дұрыс деп есептеймін. Сол кезде жұмысымыз өрге басып, көзге көрінеді. Сонымен қатар еліміздегі шығармашылықпен айналысатын, тіл білетін жастар да «Болашақ» сынды бағдарламалармен шетелде білім алуы керек екенін ескергеніміз жөн. Қарап отырсақ, кино, журналистика немесе тағы басқа салаларда жүрген жас мамандар шетелдерге шығып, іс-тәжірибе алмасып, алған білімдерін дамытып келіп, көптеген тың туындыларды жүзеге асырып жатқанын байқаймыз. Осындай бағдарламалар бізге үлкен мүмкіндік берері анық », – деп, ойын ортаға салды. Ал жазушы Мақсат Мәлік: «Біз өзіміздің қоғамда болып жатқан әдеби процестерді білмей жатамыз. Орыстілді және қазақтілді орта болып екіге бөлініп алғанымыз – шындық. Айтылған екі әдеби орта бір-бірімен тығыз араласып, қатар жүрсе, ішіміздегі әдеби процесс те араласар еді», – деп, қазіргі әдеби процесс тұрғысында пікір білдірсе, ақын Асылан Тілеген: «Қазіргі уақытта сынды жаңа форматта, «подкаст» түрінде жасасақ, көпшілікке өтімді болады деген ойдамын», – деп ойын түйіндеді.
Жиын соңында Мереке Құлкенов жас­тарға сәттілік тілей отырып, алдағы жұмыстарға көмек беруге дайын екенін жеткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір