«Ұлттық кодымыз – төл өнерімізде»
21.07.2017
1667
0

Еліміздің мәдени өміріндегі өзекті мәселелер кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да осы мәдениеттің келелі мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылып, ұлттық кодымыз жайлы терең па­йымдар айтылғаны белгілі. Елімізге танымал өнер иесімен сұхбатта отырып, сол ұлттық кодымыз бастау алатын төл өнеріміз, салт-дәстүріміздің бүгінгі заманға сай жаңғыруы туралы жайттарды да қозғадық…

– Қазақстанда үнемі сынға ілігетін, ақ­сап жатқан бір сала болса, ол туризм шы­ғар. Жалпы, дәл осы салаға ешкімнің көңілі тол­майды. Бүгінгі таңда отандық ­туризм қан­ша­лықты алға жылжыды?
– Әрекетсіз отыр деуге келмес. Бай­қауым­­ша, арнайы қабылданған тұжырым­дама бар екен. Онда мәдени-танымдық және этнографиялық туризм ерекше қолға алынып жатқан көрінеді. Мысалы, Mice және Event – туризмді, балалар және жас­өс­пірімдер, медициналық, аңшылық және спорттық туризмді, автотуризмді және караванингті дамыту бағыттарына шейін айқындалғанын тұжырымдамадан көруге болады.
Сондай-ақ, «Астана – Еуразия жүрегі», «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениет», «Алтай маржаны», «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту», «Каспий қақпа­сы» дегендей өңірлік мәдени-туристік кластерлік дамуы да белгіленген.
Қалай десек те, бүгінгі күні әлем назары Астанаға ауып отырғаны шындық. Әлем елдерінен ағылып жатқан туристер­дің қарасы да біршама баршылық. Оны қалай жоққа шығаруға болады?
Жуырда «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне орай салынған этноауыл ұлт­тық-мәдени кешенінде болдым. Ол жерде халқымыздың тарихи мұраларымен қа­тар, қазіргі күнгі тыныс-тіршілігін ай­шық­тай­тын барлық жәдігерлерді кездестіруге болады. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар мен туристер сол этноауылда өріп жүр десек, артық айтқандық болмайтын шығар. Жалпы, адам қарасы мол. Өз отандастарымыз да қатты қызықтайды екен.
«Нон-стоп» үлгісі бойынша жұмыс істейтін этноауылда қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің барлық түрлері бар. Ұлттық спорт түрлері дейсің бе, дәстүрлі аңшылық-саятшылық, тағам, ас-су түр­лері дейсің бе, бәрін кездестіресің. Ана жо­лы сонда 200 жүйрік сәйгүлік қатысқан үлкен ат жарысы өтті. Атқұмар жігіттер бір серпіліп қалдық.
Этномузыкалық өнер фестивалі ұйым­дастырылды. Көнеден жеткен сазды әуенді құлақтың құрышын қандырып, тыңдау да бір ғанибет. Жалпы, ЕХРО көрмесі өтетін үш айда онда түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырыла бермекші. Мұндай ша­ра­лар­дың ұйымдастырылуы туризм саласын дамытуға елеулі ықпал ететін фактор бола алады деп есептеймін, өз басым.
Жалпы, біз қазіргі заман үлгісімен салынған әсем ғимараттарымызбен әлемді таңдай қақтыра алмаймыз. Өркениетті әлем үшін оның бәрі таңғажайып дүние болудан баяғыда қалған. Шетелден келген туристер үшін біздің көшпенді тұрмыс-салтымыз, киіз үйіміз, ежелгі шаруашылы­ғымыз, ұлттық зат-бұйымдарымыз, көне музыкалық аспаптармен орындалатын ән-күй ғана қызықты әрі тартымды. Онымен шет жұртты ғана тамсандырып қой­май, өз ұрпағымызды, кейінгі жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік табамыз. Салт-дәстүрін құрметтей білген ұрпақ ана тілінің де қадірін біліп, оны болашаққа мирас етуге ұмтылатын болады. Осындай игіліктер үшін де жоғары­да­ғыдай этноауылдар керек. Біздің ұлттық кодымыз басқадан бұрын салт-дәстүрі­міз­де, төл өнерімізде екенін ұмытпауға тиіспіз. Министрліктің осы мәселеге ба­сым­дық бергеніне өз басым разы болдым.
– Өнер саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген өкілі, танымал қа­й­рат­керінің бірі ретінде еліміздегі мә­де­ниет саясатының тізгінін ұстап отырған тұлға жайында жеке пікіріңізді білсек деп едік. Арыстанбек Мұхамедиұлының бүгінгі мә­де­ниет министрі ретіндегі қызметіне қалай баға бересіз?
– Елдің мәдени өмірінде болып жатқан әрбір оқиғадан өнер адамы ретінде тыс қалмаймыз. Әсіресе, саланы басқарып отырған үкіметтің білдей бір ірі лауазым иесі жайында ештеңе білмей, мүлдем бейхабар отырсақ, онда кім болғанымыз? Қа­зір министр Арыстанбек туралы екінің бірі, егіздің сыңары бірдеме айтып қалуға тым әуес. Ақпарат құралдарына зер салып қарасаңыз, ол кісі жайлы сан қилы пікірлер көз сүріндіреді. Әсіресе, қақаған қыстың сары аязымен бірге қатты өршіп кеткен дау-дамай енді ғана саябырсып келе жат­қан сияқты көрінеді. Әр нәрсенің шегі бар, енді бір нүкте қойылатын уақыты да болды ғой.
Жалпы, қай салада болсын, тыңнан түрен салынып, қызу жұмыс жүрсе түрлі көз­қарастардың білдіріліп жатуы – заң­дылық. Мұндай шаралардың басында әрбір қадамы елге мәлім болып отыратын белгілі саяси тұлғалар тұрса небір алып­қаш­ты әңгіменің өршуі – қалыпты жағдай. Қазақ «жақсының артынан сөз ереді» деу­ші ме еді. Расында да ешнәрсе жасалмаса, айтылар әңгімеге себеп те табылмасы басы ашық әңгіме.
Сондықтан министр жайына келсек, мен кімнің болса істеген ісіне қарап баға беруге тырысатын адаммын. Біреулердің дүрмегіне еріп, шулаған топқа әуен қоса­тын албырт бала-шаға емеспіз. Ол маған лайық шаруа да емес.
Дегенмен, мәдени әлемнің жақсысы мен жаманына бейтарап қарай алмайтын, осы саланың шын жанашыры менің де өз пікірімнің, жеке көзқарасымның болуы заңды әрі қисынды шығар. Ол кісі жайлы не ойлайтыным, қандай пікір білдіретінім шынымен қызықты әрі маңызды болса, оны баспасөз алдында еш бүкпесіз ашық білдіруден қашпаймын.
– Сатира саласының сардары, еркін ойлы азаматсыз. Сол себептен де, оқырман сізден әділ сөз күтеді.
– Олай болса, алдымен сөзді мынадан бастайықшы. Осы Арыстанбек деген жігіт министр болып келгелі не тындырды? Осы жөнінде ешбір эмоциясыз, яғни сезімге берілмей, ашуға бой алдырмай нақты дерек-дәйекке сүйеніп айтайықшы.
Бұрын жергілікті өңірлердегі мәдени ошақтарды сондағы әкім-қаралар таратып жіберуге, жауып тастауға құзыреті бол­ға­нын білесіздер. Осының салдарынан қан­шама клуб, кітапханалардан айрылдық. Олардың көбі дүкенге айналып, кейбірінің есігіне қара құлып салынды. Қараусыздан, иесіздіктен тозып кеткені қаншама? Бұл жағдай жалғасып, ауыл-аймақ мүлде рухани ошақсыз қалар ма еді, егер «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізілмесе?! Өңірлердегі халықтың бақытына орай, министрліктің келісімінсіз әкімдердің мәдениет мекемелеріне қатысты дербес шешім қабылдау құзыретінің жойылуы бұл жағдайға тосқауыл қойды. Аса бір күр­делі проблема осылайша, Арекеңнің мә­дениет саласына келіп, батыл шешімдер қабылдауы арқасында заңнамалық тұрғыдан реттелді.
Театрлар өмірінде де былайғы жұртқа аңғарыла бермейтін күрделі проблемалар бар­шылық. Мысалы, еліміздегі театрлар бірыңғай репертуарлық саясаттың аясында көркемдік кеңестердің көмегімен заңнамалық негізде реттелетін болды. Бұл да жылдарға созылған даулы мәселелер болатын. Қарапайым халық арасында бүгінгі өмірді бейнелейтін тартымды қойылымдар жоқтығына сын-сөгіс те көп айтылатын. Театрға баратындардың саны күрт кеміді деп шуладық. Сахналанған қойылымдардың көркемдік сапасы төмен екендігі де сөз болып жататын. Ал енді, көркемдік кеңес құрылған соң талғамға сай тәуір туындыларға жол ашылады деп үміттенеміз.
Жазушыларға жарыққа шыққан кі­табы үшін қаламақы беру мәселесі де ше­шім тауып отыр. Бұл да өз кезегінде байыр­ғы оқырмандарымызды жас буынмен қоса кітапқұмарлыққа тартуға ықпал етеді деген ойдамыз.
Сол секілді, кинематография, бұқара­лық спортты дамыту туралы заңдардың жобасы да аталмыш министрдің тұсында жасалды. Ел тарихында тұңғыш рет өткен жылы ғана «Қазақ Елі» атты толық­метраж­ды анимациялық фильм түсірілді. Бұл жерде анимациялық кино өнімінің күрделі қиындығын айтып, сөзді созбай-ақ қояйын.
Көрерменін бірден баурап алған Ахан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Рүстем Әб­діраштың «Қазақ елі», «Алмас қылыш» фильмдерінің өзі неге тұрады? Қазірдің өзін­де 28 көркем және деректі фильм өндірісте екен. Оның ішінде «Томирис», «Сұлтан Бейбарыс», «Балуан Шолақ» фи­льм­дерімен қатар «Қазақ Елі-2» телесериалы да бар. Мұның бәрі білген жанға осы салада жасалып жатқан игі қадамдар. Барды бағалай білген абзал ғой.
– Мәдениет саласына спорттың да қа­тысты екені белгілі. Сіз бен біз спорттың бел­гілі бір саласымен кәсіби тұрғыдан үнемі айналысып, жарып кетпесек те, қызу бәсе­кені көргенде қанымыз қайнап, қызыл кеңір­дек боп айғайға басатын мық­ты жан­күйер екендігіміз айдан анық. Олай болса, министрлік туралы әңгіме қозғаған екенбіз, спортты неге сөз етпеске?
– Спорттың да жұлдызы жанған тұс­тары болады. Айта берді, спорт та өнердің бір құрамдас бөлігі. Оған бап та, бақ та, мем­лекеттік қолдау да керек. Кез келген мем­лекет спортты тек өнер ғана емес, саясат ретінде алға шығарады. Әлем аренасында туған еліңнің байрағы көтеріліп, әнұраны шырқалғанда рухтанбайтын жан бар ма?
Тәуелсіздік жылдарында қайсар ұл­дарымыз бен жігерлі қыздарымыздың арқасында талай жеңісті сәттердің куәсі болдық. Пекин, Лондон, Рио де Жанейро олимпиадаларында көк тудың көтеріл­генін көріп, талай мәрте кеудемізді қуа­ныш кернеді ғой.
Сол жеңістердің біразы осы Арыстан­бектің министр болған кезімен тұспа-тұс келді. Оны да жоққа шығармауымыз керек. Ең бергісін айтқанда, былтыр ғана өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарында Қытай, Корея, Жапония, Франция сынды азулы елдердің спортшыларын шаң қаптырып, алға шығып кеткен жоқпыз ба?
Кеше ғана мен мынандай бір деректі ресми сайттан оқып қалдым. Біздің спортшыларымыз 2016 жылдан бері 718 халы­қ­ара­лық сайыста күш сынасып, 239 алтын, 223 күміс, 298 қола медаль алған екен. Бағалай білейікші, жігіттер, бұл үлкен же­тістік. Қазір айналаңызға қараңыз, спорт кешендері мен дене шынықтыру залдары, футбол алаңдары күрт көбейгенін аңға­расыз.
Ал бокс жанкүйері ретінде айтайын, өз басым алдағы қыркүйектің тоғызында «Сарыарқа» велотрегінде өтетін Қанат Исламның жекпе-жегін асыға күтіп жүр­ген жайым бар. Мұның сыртында ЕХРО көрмесі аясында 1400-ден астам мәдени және спорттық іс-шараның өтуіне министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мұрын­дық болып отырғанын ұмытпайық.
Менің ойымша, Арыстанбектің ұйымдастыру қабілеті мен іс-тәжірибесі мығым, өзі де еңбекқор елгезек жігіт. Қо­лы­нан іс келетін жігіттерді кейде біз жүн­дей түтіп жібере жаздап, күндеп жүретін жаман әдетіміз бар. «Көп айтса, көнді. Жұрт айтса, болды» деуден аулақ болуымызды Абай атамыз ескертіп кеткен еді ғой. Ол министр бола ма, жұмыскер бола ма, кім болса ол болсын, адам баласын жа­зық­сыз жазғырудан жаман нәрсе жоқ. Обал-сауап дегенді ұмытпасақ игі еді.
Әр адам жеке бір әлем. Кез келген тұл­ғаның бойынан мін іздесеңіз, міндетті түрде болмашы бірдеме болса да табасыз. Сынай беру, кінә іздеу бәрінен оңай дүние ғой. Сол сияқты сіз неше жерден жақсы адам болсаңыз да, көреалмаушылық, күндеушілік деген сұрапыл пәле бар кезде жұрттың бәріне жағуыңыз тағы да мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан келгенде, Арекеңнің шынайы істің адамы екенін, қулық-сұм­дықтан алыстау екенін, ақ көңілдігі, кей­де ойдағысын еш бүкпесіз айтып қалатын адал да аңғалдығының да бар екенін байқағандай боламын. Оның өзі де түсін­ген адамға соншалықты жаман үрдіс емес. Арыстанбек туралы айтарымның бар екенін сөз басында мәлімдегенде, мен осы тұсқа ерекше басымдық беріп отырғаным­ды айта кетуді жөн санаймын.
Мінсіз адам болмайды. Бірақ болмашы бірдемені зорайтып, арасында оны өтірікпен де тұздықтап, әркімнің соңына шам алып түсе берсек, бізге өзге жұрт жақ­сы министрін, тәуір азаматтарын шеттен әкеліп бере ме? Қазақта бір тамаша сөз бар ғой, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ал мен шынын айтқанда, Арыстанбектің бойынан жамандықтың, иттіктің нышанын көріп тұрған жоқпын. Актер ретінде айтайын, біз адам танитын жұртпыз. Адамның сыртқы бейнесін ғана емес, ішкі әлемін де көріп, біле аламыз. Бұл, бәлкім, кәсіби мамандықтың бізге берген сыйы шығар.
Иә, өмірде ниеті таза бола тұра кей­бі­реулер­ге іскерлігі мен алғырлығы, қабілеті мен тиянақтылығы үшін де жақпай қала беретін, жазықсыз бола тұра артынан сөз еретін тұзы жеңіл адамдар болады. Бірақ қоғамға ондай жандардың тигізер зияны болмайды. Түсінген адамға ондай жан­дар­дың арам ниеті бола қоймайды. Керісінше, «ішімдегіні тап» деп тымырайған адамдардан және екіжүзді сайқал пәлелерден сақтануымыз керек шығар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір