Әдебиеттің үш жанрында қалам тербеді
21.07.2017
2208
0

Сатирада, поэзия мен прозада қаламын қатар тербеген қаламгер Оспанәлі Иманәлиевтің туғанына тоқсан жыл. Түрлі жауапты мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарған О.Иманәлиев қаламға берген сертінен айнымай, жазу-сызудың ауылына ат басын бұрып, бірнеше жыл қатарынан республикалық басылымдарда еңбек етеді. Қазақта қалам мен сөзді серік еткен жазушының бәрі аңсайтын Алматысында ізі қалды. Кейін денсаулығы сыр беріп, туған өлкесіне кері қайтты. Қаламгер қайда барса да жанына жалау болып – жары қасына ере жүрді. Қаламгердің қаламын ұштап, қабағын бақты. Ошағының отын сөндірмей, ұрпағын аялап өсірді. Жазушы туралы сұрай қалсаңыз, «әркез адал жар, айнымас дос болғанын» тілге тиек етеді…


– Әңгімемізді Оспанәлі Има­н­ә­лиев­тің туған жері, өскен ортасы ту­ра­лы дәстүрлі сауалдан баста­сақ…
– Қазіргі Жамбыл облысы, Та­­лас ауданында «Ойық» аталатын ала­қандай ғана ауыл бар. Ағаң сол ауылда өсіп-өнді. Мектеп, оқу ор­нын аяқтай сала туған жерінде, кейіннен аудан орталығы – Ақ­көлде зоотехник, аудандық партия комитеті ауыл шаруа­шылығы бө­лімінің меңгерушісі, нұсқау­шы­сы, аудандық комсомол коми­те­тінің бірінші хатшысы, ауат­комның жауапты хатшысы, ау­­­дандық мәдениет бөлімінің мең­герушісі, пионерлер үйінің ди­ректоры қызметтерін атқарған екен. Ол кезде біздің жолықпаған тұсымыз, кейіннен өз аузынан есті­ген әңгімелерім ғой. Ағаң әде­биет­ке кештеу, асқан іңкәрлікпен кел­ген. Отызды орталағанда барып, Алматыға қарай бет түзеген. Ол кезде, өзің білесің, «менмін» де­ген қаламгердің дені Алматыда. Сә­ні мен әні жарасқан әдеби орта да сол жақта. Ауыл-аймақта жүр­ген қаламгер Алматыға барғысы, сол шаһарда тұрақтап қалғысы ке­леді. Ағаң Алматыға бармай тұ­рып-ақ жазған дүниелерін аудан­дық, облыстық, республикалық га­зеттер басатын.
Бірде оның «Ала сиыр» деген фе­льетоны газет бетіне басылды. Әл­гі фельетонды оқып алған апайым әбден күлсін. «Құдайақы, мы­на кісі дәл біздің көршінің ала сиы­ры туралы жазған ғой, оны қай­дан біледі екен-ау» деп таң-та­ма­ша болады. Әрі Ескендір Ха­сан­ғалиев әнін жазған:
Мереке күніңмен,
Қарсы алам өзіңді.
Сәбилік үніммен
Арнаймын сөзімді.

Көргенше алаңмын,
Аңсаймын, толғанам.
Қабыл ал балаңның,
Сәлемін жолдаған, –
деп келетін Оспанәлі Има­нә­лиев­тің өлеңін бәріміздің жатқа айтатын ша­ғымыз. Сондықтан ағаңды әуел баста мен сырттай біліп жүр­дім. Бір өлкенің адамдарымыз ғой. Бірде іс­-са­парға келген уағында біздің үйге бір қонып кеткені бар. Бірақ сөй­лес­кен, тіл қатысқан жоқ едік. Сал­мақты, артық сөзі жоқ кісі бо­лып көрінген…
– Ендеше, қалай танысып, табы­сып жүрсіздер?
– Ол кезде Тараз қалалық ау­ру­­ханасында мейірбикемін. Ағаң қос­шыларға іссапарға шыққан екен. Қымыз ұсынса, ішпеген тек қа­на ауыз тиген. Сөйтсе, әлгі қы­мыз­дың ішінде аллюминий ожау қа­лып қойған. Содан уланып, біз­дің ауруханаға келген кезде қайыра көрістік. Соңыра біздің үйдегілер­дің алдынан өтіп, отау құрдық. Өмі­рімді өте жақсы адамға сеніп тап­сырғанымды сол сәтте қан­ша­лықты сезіндім – білмеймін, бірақ ағаң дүниеден кетер-кеткенше бе­тіме жел болып келмеді. Ала­қа­нын­да аялады. Алланың өлшеп бер­ген ғұмырын ағаңмен қатар өт­кізген тағдырыма налыған кезім жоқ.


– Сіздер танысқан шақта Ос­па­н­әлі Иманәліұлы Алматыда тұрақ­та­ған сәті ғой? Ол уақыттың есте­лік­теріне сәл-кем кідірсек…
– Ол шақ туралы күндіз-түні тоқ­тамай әңгімелеуге бармын. Ол не жазса да – өлең, проза, мысал, сы­қақтарында – адамгершілікті, із­гі­лікті, өткенге құрмет пен бү­гін­­гінің жауапкершілігін анық тү­сінді. «Бұйрық пен сыйлық», «Без­бүйрек», «Соқырішек», «Егіз­­бүй­рек», «Жа­бық конверт», «Сыңар кебіс» деп ата­латын кітаптары әдебиеттің са­тира деп аталатын үлкен бір са­ласына қосылған ғажап дүние деп есеп­теймін. Бұл менің ғана ойым емес, замандастарының, тұстас­та­ры­ның да пікірі. Иә, ол кезде жаңа шық­қан кітап дүкен сөрелерінде көп жатпайтын, пышақ үстінен та­ралып кететін уақыт қой. «Тұң­ғыш кітап», «Отан ұлы», «Сәуір», «Май-мамыр» атты жинақтарына үлкен қаламгер ағалары, сыншы-жазушы қауым оң пікірін білдірген еді. Қалмұқан Исабаев: «Еңбек адам­дарының мәртебесін көтеруге ол өлеңінің барлық күш-мүм­кін­дік­терін салады. Олардың бей­не­сін жасауға поэзия тілін сәтті пай­даланады», – депті үлкен бір ма­қаласында. Ол кісі шынымен де поэ­зиясында қарапайым адамдарды таңбалауға тырысты. Жанында жүрген серігі, сырлас досы ретінде мен оның алғаш жазған өлеңдерін, шығармаларын оқимын. Ал кейбір дүниелерін бұрын шыққан кітап­та­рынан оқып біліп аламын. Содан өз ойымды айтып, пікірімді біл­діріп отырамын. Ақын есебінде жаз­ған көп өлең жырлары осы кү­ні аз насихатталып жатқанына көңі­лімнің ортаятынын да несіне жа­сырайын. Әйтпесе:
Басайын деп желігін
Жаңбыр құйып, жауып тұр.
Күрпілдетіп желінін,
Аспанды жер сауып тұр.
Жасыл желек ой мен қыр,
Көк тақия – төбелер.
Жер – нәресте жылда бір
Бұлтын еміп көгерер, –
деп келетін ғажап өлеңдері көп қой.
Біз, сол кездің шығармашыл зия­лы қауымы мекендеген жазу­шы­лардың үйінде тұрдық. Танаш Дә­уренбеков, Ахат Жақсыбаев, Сұл­танәлі Балғабаев және бірқатар жас қаламгер көптеу еді. Дуылдап-шуыл­дап жүруші едік. Бір атаның ба­ласындай болып кеткен қауым ғой, біреудің бір жақсылығына ба­лаша қуанып, екіншісінің табысын бірге жуысып жүретін. Сол ор­таның жасы үлкендерінің бірі біз болдық. Шүкір, жасы үлкенге де­ген құрметі болар, қаламын да сый­лаған шығар, ешқайсысы ал­ды­­мыздан қия кесіп өтпепті. Сон­дықтан Алматыда өткен күн­дері­міз шуақты, сәулелі болды деп ай­та аламын.
Елімізге мәшһүр қаламгер Ғаб­­бас Қабышұлымен Тарба­ға­тай­­ға бірге іссапарға шығып келді де, сыйластықтары арта түсті. Өте жақ­ын дос болып кетті. Қажығали Мұ­хамбетқалиұлы, Сағи Жиен­баев­­тармен ақеділ дос көңілмен ара­лас­ты. Жалпы, ағаң досқа келгенде өте көпшіл, сыршыл еді.
Отбасында да мейірімді, са­быр­лы еді. Маған арнаған бір өлеңін­­де:
Бұғанасы қатпаған,
Рауан таңы атпаған
Қараңғыда жол таппай,
Орға түсіп кетпесін,
Оңай жолды қуалап,
Торға түсіп кетпесін, –
деп, балаларға аса қатал бол­мауым­ды да, тым бос жібермеуімді де аманаттапты. Өзі де сондай кісі болды. Алтын орталықты қатаң ұс­та­натын. Отбасына өте жайлы аза­мат болғанының бір мысалы: «жа­зу жазып отырмын, мазамды ал­маңдар» деп дегбірімізді қашыр­ған емес. Өз жөнімен, жолымен жа­за­тын.
– Алматының сәнді, мәнді ортасын тастап, алшақ жатқан Ақкөлге тарттыңыздар. Себебі не?
– Жанғара деген қайным бар. «Жең­гей, сізге ризамыз, ағамыз үшінАлматыны тастап, Ақкөлге кет­тіңіз», – дейді. Ағаңа Алматы­ның ауа-райы жақпады ма, ден­сау­лығы сыр бере бастады. Әуелде «Алматыда да қан қысымы жоғары қанша адам өмір сүріп жатыр ғой» деп, әсем қаладан кеткім келмей жү­ретін. Бірақ ағаң бірде қатты құ­лады. Мен де қатты шошындым. Құдайдан: «осы жолы аман алып қалшы, жер түбіне болса да, соңы­нан ере барып, қалған өмі­рімді қатар өткізейін» деп жалындым. Сөйтсем, Ақкөл дегенің жер түбі емес екен. Талас ауданының ор­талығы. Айнадай жалтыраған кө­лі бар. Басшылары жақсы жұмыс істеп, ауылды көркейткен. Өзі еңбекқор аудан, бір ғана өңірден елу шопан Еңбек Ері атағын алған. Топырағының киелілігін осыдан ұға беріңіз, Одақ кезінде үш министр шыққан. Туған жері болған соң ба, тауы жоқ жа­зық дала ғой, ағаң құмды өлкеге ке­ліп, құлантаза айығып кетті. Жал­пы, менің түйгенім, қандай адам­ның ауруын туған топырағы тар­тып алады екен.
Содан ауыл екен, әдеби ортадан жырақтадым екен демей, ағаң бұрқыратып жаза берді. «Аққайың жарды бүршігін» романын елде жү­ріп жазды. Туған жердің таби­ғатын, Шу мен Таласты, Созақ пен Мойынқұмды, Таразды кітап­та­рында керемет суреттеді. Елде өт­кіз­ген сол он бес жылға жуық уа­­қыт аралығында ауылдың ты­ныс-тіршілігін суреттейтін екі роман, көптеген өлең, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тіл­шісі ретінде Талас пен Сарысу аудандарынан мақалалар жазды. Кейінгі уақытта Талас аудандық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы қызметін қоса атқарды.
Елде жүріп ағаңның еңсесі кө­те­рілді, туған-туыспен, ағайынмен қоян-қолтық араластық. Алпыс жасқа толу мерейтойын елде өт­кіз­дік. Ол кезде Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы Олжас Сүлей­ме­нов. Сол кісінің жүрекжарды ті­­ле­гін Қасым аға Қайсенов, Қал­мұхан аға Исабаев бастап келген қаламгер қауым жеткізді.
Өмірінің соңғы жылдарында қа­тары сирей бастаған ағайын туыс ортасында отырғанда ескінің бір әңгімесін қозғап: «Е, жарық­тық, ол уақыттан кім қалды дей­сің, сен қалдың, мен қалдым», – деп жиі күрсінетін. Сол кезде мен кә­дімгідей ренжіп: «Оның не, олай айтпашы», – деуші едім. Ағаң ондайда үнсіз қалатын. Ағаңның сө­зінің расына көзім енді жетіп ке­леді. Осы күні Ақкөл жаққа, ағайын туыс арасына барсам, бұрын­ғының әңгімесі еске түсіп, замандастарымды, құрдастарым­ды, көз көргендерді іздеймін. Бұл күнде олардың да қатары сирей бас­таған. Сенің жаныңды тер­бей­тін баяғының сәулелі естеліктерін жастарға айтсаң, біртүрлі сүлесоқ тыңдайтындай. Сол кезде мен де қатары сиреген екі-үш замандасыма мұңымды шағам: «Ол заманнан кім қалды дейсің, сен барсың, мен бармын», – деп сырымды айтқым ке­ліп кететін кезім көп…
Ағаңды інілері Ос-аға деді. Осып жазады, тілінің уыты бар деп құрметтеді. Сол қалам ұстаған іні­лері аман болсын деймін…
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір