Қалжыңбас досым Ғожекең (ҚР Ұлттық ҒА-ның мүше-корреспонденті Гожахмет Сәдуақасов хақында)
…Елуінші жылдардың бас жағында мен Ұлттық Ғылым академиясының тіл-әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер болып істедім. Ол кезде академия президенті Қаныш Сәтбаев еді. Бізді екі айға тіл ерекшеліктерін зерттеп қайту үшін іссапарға жіберді. Құрамымызда үш кісі бар. Басшымыз белгілі тілші, ғылым кандидаты Жұмат Досқараев, екіншісі кейін фототілші болып жүріп бақиға озған Рысқали Дүйсенғалиев, үшіншісі – мен.
Қыстың көзі қырауда Алматы облысының Ұйғыр ауданы мен Шелек, Кеген аудандарын араладық. Елді мекендер көп-ақ. Бір ауылдан бір ауылға барып қонамыз да, күні бойы тіл ерекшеліктерін зерттеп, дәптерге тіземіз. Бір сөздің әр жерлерде қолдану ерекшеліктері, мән-мағынасы, оның түп-төркінін ескеріп, айтушы адамның аты-жөнін жазып аламыз. Мәселен, орыстардың «Самовар», «чайник» сөздерін қазақтар «самаурын», «шәйнек» деп атап кетті ғой. Сол секілді, қырғызбен көршілес Кеген ауданының Қарабұлақ, Көлбастау, өзге де өңірлерінде «ш» әрпі орнына «ч» әрпін қолдану жиілеп кеткенін байқадық. Ал сол секілді, ұйғырлармен аралас-құралас отырған Шелек ауданындағы «Қаратұрық» секілді ауылдарда, өзге де көптеген елді мекендерде тұратын қазақтар ұйғырлардың келімдәрі, көмбіқонақ, жозы, мәнті кәуәп секілді сөздерін өз тіліндегідей қолдана береді. Ал мұны өзге жерлердегі қазақтар түсіне білмейді. «Келімдәрі – қарабұрыш, көмбіқонақ – жүгері, жозы – дөңгелек стөл, мәнті кәуәп – асқабақтан жасалып, қамырға оралып пісірілетін тағам).
…Сол елуінші жылдардың бас жағында Ғожекең ұйғыр тілін зерттейтін аспирант болатын. Мен ұзақ іссапардан оралдым. Екеуіміз кездесе кеттік.
– Сені көрмегелі қашан, ертең түстен кейін біздің үйге кел, Омақтың лағманын жеп, бір жүз грамм арақ ішіп қайтарсың, – деді Ғожекең.
– Е, құп болады, мен де сені көптен көрген жоқпын, – деп оның шақырғанына ризашылық білдіріп, ертеңінде айтқан уақытында үйіне бара қалдым.
– Ой, есейіп, нағыз жігіт қалпына келіпсің-әу, үйлену керек қой! – деді қасы қиылған әдемі Райхан күлімсірей сөйлеп.
– Е… е қайда қашар дейсің, баспана болған соң орындалады ғой, – дей салдым.
Дастарқан үстінде:
– Омақ, сенен гөрі студент кезде Ғожекең пісірген лағман тәттірек секілді! – деп әзілдеп ем:
– Ой, қарындарың аш кезде бәрі тәтті боп көрінбеуші ме еді, кәні, менің лағманымды жеп көрші! – деді Омақ.
Сілекейіңді шұбыртатын лағманға тойып жүз грамнан тос көтерісіп, шәй ішуге кіріскенде Ғожекең:
– Әй, Мыңбай, сен біздің ұйғыр ауданын екі ай бойы аралап келіпті деседі, кәне, ұйғыр тілінде не үйрендің? – деп еді, сөзге және Омақ араласып:
– Сен бір ұйғыр қызын таңдап алмадың ба? Ұйғыр қыздары сұлу болады, – деп маржан тісін ақсита күліп қойды.
– Қанша үйде болдық, бірде-бір қызын көрсетпей қойды.
– Ұйғырлар қызғаншақ келеді, қыздарын бейтаныс пендеге көрсете бермейді. Егер көңілің соқса менімен бірге барасың ба? – деді Ғожекең.
– Тәңірім білсін не бұйырарын. Алда көре жатармыз.
– Әй, Мыңбай, онан да ұйғырша қандай сөздер үйреніп келгеніңді айтпайсың ба? – деді тағы да Ғожекең.
– Е, сенбеймісің. Айтсам айтайын…
– Кәні, Омақ екеуімізге гәпіріп көрші!
Мен бұлданбай-ақ есе жөнелдім.
– Ләңмәнни чокабілән едим. (Қазақшасы – лағманды чокабілән асадым. Чокабілән – шанышқы, қасық орнына жүретін ағаштан жасалған, екі айыр жіңішке аспап. – М. Р.)
– О, бәрекелді! Тағы да бөсе бер?
Іркілетін түрім жоқ, әрі қарай және гәпірдім:
– Әпғачәндә қопып, өккузиме миним, хотигимни суғырып кәлдім.
– Өй, сабазым-ай, сілтей түс!..
– Өткен иылы қызымни оққуға түсіргішке бір инәгімді сатқыш. Тусуре алмадым. Енді ічкінчи инәкімді сатуп, қалайда түсірмәкпін…
– Әй, досым-ай, Қожанәсірдің аузынан түскендейсің-ау! – деді Ғожекең.
– Өй, жүгірмек қайыным-ай, қатырасың-ау! – деп Омақ та ішек-сілесі қатқанша күліп алған еді.
(Әлгі сөздерді қазақшаласақ:
Таңбозынан тұрып, өгізіме міне салып қодығымды суғарып келдім. Екіншісі – өткен жылы бір сиырымды сатып, қызымды оқуға түсіре алмадым. Енді биыл екінші сиырымды сатып, қалайда түсірмекпін – М. Р.)
– Инәк емес, өккузіме минип демәймісің? – деді Омақ.
– Біздің қазақтар өгізден гөрі сиырға мініп жүре береді, – деп едім:
– Өй, өтірігіңе болайын сол! – деп Ғожекең онан сайын ішек-сілесі қатқанша күлді.
– Ұйғырдың Хәткән чайын ішкен шығарсың? – деді Омақ.
– Ішкенде қандай, кәзір аузымнан дәмі кетпейтін хәткән чәйді іздеп, шөлдеп жүрмін, – дей беріп едім, ас үйге жүгіре басып барып Омақ қайта оралды. Алдыма үлкен кесемен қойғаны хәткән чәй екен. Ой, қуанғаным-ай! Лағманға сықыя тойып алған соң еткен шәй ішіп, шекемнен терім шып-шып шықпасы бар ма. Әй бір рахаттандым-ау!
– Хәткән чәйді қалай істейтінін білесің бе? – деді Ғожекең.
– Е, білгенде қандай!
– Еткен шәй біздің қазекеңдердей қайнаған суға шәй сала салса шаруаны тындырылғандай емес, өте күрделі көрінеді.
– Дұрыс! Дегенмен, толығырақ айтшы.
– Толығырақ айтсам: Піскен сүттің қаймағы – бір деп қойыңыз, сары май – екі деп қойыңыз, үш-төрт дана жиде – үш деп қойыңыз, талқан – төрт деп қойыңыз, қойдың туралған, піскен құйрығы – бес деп қойыңыз, тандырға жабылып піскен не таба нан – алты деп қойыңыз дей беріп ем:
– Ой, шын біледі екенсің, жә, жетеді, – деді Ғожекең. – Кәні, жетіншісіне және жүз грамм көтер!..
Әлгілерге қосымша су мен тұзы, келімдәрісі ғана қалған еді!
…Сонау студенттік кезде өз аулынан әкеліп үлестіретін ұйғырлардың пісірген тоқашы, петикашы, лағманды алып жейтін чөкәсіне дейін көз алдымнан кетпейді. Бәрінен бұрын аласапыран кездегі студенттер жабыла, жағалай отыра қалып лағманын жегендегі жанға жәйлі жозысын айтсайшы.
Бүгінде бақиға озған Ғожекең де, оның қолдан жасап, бізді қарық қылатын дәмдері де көзден ғайып. Ал Ғожекеңнің тіп-тік сұңғақ бойы мен қоңырқай үлкен де ойлы көздері, қыз мінезі мен жарасымды қылықтары елестеп кеткенде, лажсыз сағыныш сезіміне бөленесің. Тағдыр жазымы біздің қатарымызды сиреткелі қашан. Жаның жәннатта болғай, болмысы қазаққа айналып кеткен ұйғыр досым!
Мыңбай РӘШ.