Ұлттық иммунитетті көтеретін құрал
14.07.2017
1729
0

Бір кездері «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққанда қазақтың рухы көтеріліп, халық жаппай кинотеатрларға ағылған еді. Бұл кино құдіретінің аз ғана уақытта адамға ерекше сезім сыйлап, оның әсері ұзаққа сақталатынының (егер лайықты фильм болса!) көрінісі болар. Халық әлі күнге осы фильм қаһармандарын ұмытпай, құрметпен еске алатыны да осының бір көрінісіндей. Кино түсіру тек қана экрандағы ойыннан тұрмайды екен. Сапалы фильм шығаруға мықты сценарий мен білікті режиссер қажет. Мәселен, Голливудтық фильмдердің АҚШ экономикасын көтерудегі үлесін әлем мойындағалы қашан. Тіпті, кейбір елдер киноны ұлттың иммунитетін көтеретін құрал ретінде пайдаланатын көрінеді. Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдегі қазақ киносы төңірегінде аз әңгіме айтылған жоқ. Соңғы жылдарда тарихи фильмдер экранға жол алып, халық сүйіспеншілігін иеленді. Сонда да осы салада дау шықпай қалған кез жоқ десе де болады. Әрине, бұл орынды да болар. Өйткені, бір ғана кино түсіру үшін миллиондаған қаржы жұмсалары рас. Үкіметтен бөлінген мол қаржыны режиссерлердің дұрыс пайдаланбай, сусынын қандырар жақсы кино түсіре алмаған кино мамандарына халық ызаланатыны да орынсыз дей алмайсыз. Қазір бір елдің шеңберінде қалып қоятын туынды түсіру сәннен қалды. Енді түсірген фильмің шетелді мойындатпаса, оның құндылығы қапаста қамалған құстың шырылындай, бір маңнан аса алмауы сөзсіз. Егер сценарист, режиссер ретінде көрсеткен туындың өзге елдің көрермендерін жаулай алмаса, өз халқыңның қасиетін келешекте қайтіп және кімге көрсетіп мақтана аласың? Бауыржан Момышұлы айтқандай, бойыңда ұлттық мақтаныштың ұшқыны болмаса өзгеден қай артықшылығыңмен асасың? Жастардың бойындағы жігер де өз мамандығының шыңына шығып, әрқашан бойынан табылатын патриотизмнен байқалатындай. Таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халықтың қабілетін, өз Отанына сіңіріп жатқан еңбегін көрсету үшін «Жүз жаңа есім» жобасын қолға алуды тапсырып: «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады», – деген болатын. Осыған орай игі жобаны қолдау ниетінде «Қазақ әдебиеті» газеті де арнайы «100 жаңа есім» айдарын ашып, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне қызмет етіп жүрген дарынды тұлғаларды көрсетуді ниет етіп отыр. Бүгінде Американың Лос-Анджелес қаласындағы Нью-Йорк киноакадемиясының филиалында білім алып жүрген жас режиссер, актер Диас ӘЗІМЖАНОВТЫҢ қысқаметражды фильмдері шетелдік мамандардың қызығушылығына ие болуда. Қазақ киносының болашағы туралы жас маманмен ой бөліскен едік.


Диас ӘЗІМЖАНОВ,
режиссер-сценарист, актер,
Американың Лос-Анджелес
қаласындағы Нью-Йорк
киноакадемиясы филиалының
магистранты

– Қазақстандық киноиндус­трия­­ны жүйелеу керектігін айт­қан  екен­сіз. Ол қазақ киносына не бере­ді?
– Біріншіден, қазақ кино­ин­дус­триясының жүйелендірілуі еліміздегі  осы күрделі өнер тү­рі­нің деңгейін түсі­ріп алмауымыз үшін керек. Екіншіден, кино са­ла­сында еңбектеніп жүрген ма­ман­дарымыздың құқықтарын қорғау үшін қажет. Мамандар де­мекші, жүйесіз білімді ма­ман­да­рымыздан да айырылып қал­уы­мыз мүмкін.
Кино туралы заң жобасының тал­қы­ланып жатқанына бірнеше жыл болды. Ал жүйе осы заңды қа­был­даған күн­нен бастап, ақы­рындап өзінің пішіні мен көлемін ала бастайды. Әри­не, жүйе – ол тек қана заң емес, ол осы салада жұ­мыс істеп жүрген адамдардың кәсіби білімі мен тәжірибесі. Ма­ман­дар­ды дайындаумен қатар, батыс ел­дерімен тәжірибе алмасу процесі қолға алынуы керек. Ха­лықаралық кинотерминдер мен жалпы жұмыс істеу процесі максималды түрде синхронизациялануы қажет. Сондықтан страте­гия­лық тұрғыдан жүйенің қолға алынуы басты мақсат деп санаймын.
– Қысқаметражды Ultio атты филь­міңіз Франциядағы Канн  ки­нофести­ва­лін­де көрсетілген екен. Шетелдіктер тарапынан ол қалай бағаланды? Осыдан кейін бірқатар ұсыныстар түскен болар?
– Бұл кино 2016 жылы ағыл­шын тілінде Лос-Анджелес қала­сында  түсі­рілді. Сюжеті – мистика және драма жанрларында. Жалпы, пікірлер жаман емес. Туындымызды көрген американ­дық және еуропалық киномамандар сценарийді ұнатып, осы сюжет негізінде толықметражды кино түсіруге ақыл-кең­ес­терімен бөлісті. Ал Канн кино­фестивалі­нен кейін, туындымызды көруге ниет білдіріп, бірнеше басқа кинофестивальдерден шақырулар келді. Оларды қазір қарастыруда­мын.
– Қазақстандық кино саласы­ның шетелдерде көрсетілетін  ха­лы­қаралық жобалар жасауға мүм­кіндігі қандай? Және ол үшін не істеу керек?
– Кәсіби тұрғыдан алсақ, қа­зақ киносының арт-хаус және тарихи  жанрларда өзіндік орны бар. Яғни бұлар – біздің әлем киносындағы тұлпарларымыз. Әрине, осы бағыттарда да бізге әлі талай жұмысты атқару қа­жет. Себебі, бұл жанрларда әлем көрер­меніне деген бәсекелестік өте жоғары. Халықаралық жобаларда жұмыс істеу үшін айдан анық нәрсе – мамандары­мыз­дың әлемдік, әсіресе, батыс мамандарымен тәжірибе алмасуы. Ол үшін киноиндустриямызды жүйелендіру барысында міндетті түрде ағылшын тілі оқытылуы кажет. Бұл – нарық пен қазіргі заманның талабы. Тек қана Совет Одағынан қалған методиканы қолдана бермей, халықаралық терминдер мен жалпы жұмыс істеу процесі (мысалы, Голливудтық жүйе) үйретілуі қолға алынуы керек.
Бізде қазір батыс және шығыс киноакадемияларын бітіріп, біраз тәжіри­бе алған жас мамандар бар. Соларды қолдап, өз мамандарымызды дайындауымыз әбден мүмкін. Тағы бір айта ке­тер­лік жайт, киноиндустриямызды дамытамыз деген шын ынтаның болуы өте маңызды.
– Қазақ киносының болашағынан не күтесіз? Өзіңіздің тарапыңыздан оған  қандай жаңалық қосқыңыз келеді?
– Қазақ киносының болашағына сенімім мол әрі ол ешқашан өшпейді.
Жас маман болғандықтан, әрине, еліміздің кино өнерінің  дамуына және оны жаңа дәрежеге көтеруге өз үлесімді барынша қосуға тырысамын. Ол үшін біз, алдында айтып кеткендей, әлемдік кино тәжірибе алмасу процесін жүйе­лен­діру керекпіз. Одан кейін, басқа нарықтарға шығу жолдарын жетілдіру (дистрибьюторлармен тығыз жұмыс іс­теу) міндетті түрде қарастырылуы қажет.
Соңғы түсірілген туындыларым ағылшын тілінде болса да, олар
халы­қ­а­ралық алаңда қазақ киносының атынан шығуда және өз саламыз бен еліміздің мәртебесін әлі асқақтатады деген үміттемін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір