Жазу мәдениетін қалыптастыру
Әр тұлғаның жазу мәдениетін қалыптастыруда мектеп, ұстаздар қауымы не істеуі керек? Біріншіден, жазу мен ауызша сөйлеу тілі бір емес екенін жете түсіндіру қажет. Оның не керегі бар? Жазба мәтінді сол қалпы дыбыстаудан, сөйтіп, қазақ сөзінің шырайын қашырып, берекесін кетіруден алыстату. Оған алысқа бармай-ақ, ағылшын, орыс тілдерінің сөйлеу тілі мен жазба тілінің айырмашылығын естеріне салу арқылы көздерін жеткізуге болады.
Ол үшін қарапайым мысал ретінде кез келген бір жазба мәтінді айтылым нормасына салып оқып, Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігінің шегіндегі таңбалармен қағазға түсіріп көрейік:
Сұр бұлт түсі суық, қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман, жерді басқан.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Сұрбұлт/ түсүсұуұқ / қаптайдаспан//
Күзболұп/ дымқылтұман/ жердібасқан//
Білмеймін/ тойғаныма/ тоңғаныма/,
Жылқойнап/ бійеғашқан, тайжарысқан.
Айырмашылық дыбыстардың дәл, сәйкес түспеуімен қоса, ырғақты буын ішінде жұтылып кетуінен де көрінеді. Мәселе – мәтіннің осы айтылым нормасын бүгінгі оқушы тани ма, түсіне ме, оны таныту үшін әдебиет пәнінің мұғалімі талап ете ме, оқушының құлағын қазақ сөзінің сазына үйрету арқылы тілге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға болатынын сезіне ме, мәселе сонда.
Жазу мен ауызша тілдің арасында үлкен айырма бар екеніне көз жеткізе оқытудың орфографияны меңгертуде пайдасы бар. Жазба мәтін түсінікті болу үшін алдымен ондағы сөзбірліктер арасы көзбен қармап оқуға ыңғайлы болу керек, яғни ажыратылып берілуі қажет. ХVІІ ғ. дейін орыс жазуында босаралықпен жазу болмағанын, V ғ. өзінде ата-бабаларымыз көзбен қармап оқуға ыңғайлы жазу жасап, сөздер арасына айыру белгісі ретінде қос нүктені пайдаланғанын білеміз. Көзшалым үшін сөздердің босаралықпен жазылуы, бас әріптің қолданылуы, жаңа ойдың азатжолдан басталуы, назар аударуды, логикалық екпін түсіруді қажет ететін сөздерді майлы бояумен, астын сызып берумен, курсив қаріппен жазудың үлкен көмегі бар. Сонымен қатар, мәтін ішіндегі түбірі бір сөздердің ортақ жазба тұрпатпен жазылуы, мазмұн межесі бір сөздің әр түрлі жазылмауы жазба мәтіннің жылдам, түсінікті оқылуына жағдай жасайды. Сондықтан бүгінгі жазба тілді орфографияны оқытуда қаріптердің осы түрлерін де оқушыға меңгерте отырып, мектепті бітірудің болашақ қазақ тілді маман үшін үлкен пайдасы бар.
Жалпы, жазу тәжірибемізде кездесетін қателердің үш типі бар: 1) графикалық қателер. Бұл қазақ тілін қажетті деңгейде білмейтін, өзге тілдің әсерінен дыбыстарды сол тілдің дыбыстарына сәйкестендіріп айтатын және соған сай таңбалайтын қателер, оған н/ң, у/ұ, ү/у, і/ы, й/и, қ/к, ғ/г әріптерін шатастырып жазу жатады. 2) Графика-техникалық қателер. Бұған автоматты түрде немесе компьютерге сеніп, салақтықтан, салғырт қараудан керек әріптің орнына басқа әріпті жазып қою жатады. 3) Орфографиялық қате. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі емле қатесін шығару үшін орфографиядағы босаң норма мен қатаң норма дегендердің арасын парықтай білу қажет. Қатаң нормаға қате екені айқын, қазақ сөзінің айтылым нормасына, үндесім заңына сай жазу, ілгерінді-кейінді ықпал әсерлерін белгілеу жатады. Ал босаң нормаға ы, і әріптерінің емлесі, екінші буында ә жазылатын сөздердің емлесі, х, һ әріптерінің жазылуы, бөлек, бірге және бас әріппен жазылуы қиындық тудыратын сөздердің емлесі жатады. Қателердің алдыңғы екі типін болдырмау үшін жасалатын жұмыстар бастауыш сыныптардан басталуы керек. Ал орфографияның қатаң нормасы жіберіп алуға болмайтын, жазу мәдениетінің төмендігін көрсететін, оқушы білімін төмен бағалайтын категория.
Енді емленің босаң нормасын меңгертудің және болдырмаудың жолдарын үйретуде ойланатын тұстар бар. Өйткені, бұл қатар қазіргі қазақ тілі орфографиясының негізгі қиындықтарын құрайды. Мысалы, 2002 ж. Алматы қаласы қазақ мектебін бітіруші бір түлек Алматы қаласы білім департаментінде шығармасына қойылған бағаға риза болмай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына өтініш айтып, жазба жұмысын қайта қаратуға келген еді. Сонда оқушы мен шығарма тексеруші комиссия құрамының келісе алмағаны тағылым сөзін оқушының тағлым түрінде жазып қоюымен байланысты. Қазақ тілі орфографиялық сөздігі бойынша сөздің заңдастырылған нормасы тағылым болуы керек еді, әрине. Алайда, осы сияқты тағы да басқа сөздердің жазу тәжірибесінде бір бөлек, емле сөздігінде басқаша жазылуы дәстүрге айналғаны рас. Өйткені, тағылым сөзі көп ретте екі бітеу буынмен жазылып келеді. Оқушы жазу практикасында үнемі қайталанып келген осы тұрпатты емле нормасы ретінде танып, оны сөздіктен қарап, көз жеткізуді тіпті ойламаған. Мұндай жағдайда егер жазба жұмыстың мазмұны тақырыбына сай, мақсат, міндетіне жеткен болса, оқушы пайдасына шешілу керек. Егер жаджазу болса, мәтінде кездесетін жоғарыда көрсетілген босаң нормалардың жазылуы туралы мұғалімнің алдын ала түсіндіріп кетуі міндет саналу керек.
Енді қазіргі қазақ орфографиясындағы қиындықтар, яғни босаң норма оқушыға қалай түсіндірілуі тиіс, сол жөнінде тоқтала кетсек. Атап айтқанда, мысалы, бірге, бөлек жазылатын сөздердің емлесін түсіндіруде алдымен оқушыға қазақ тіліндегі бірге жазылатын сөздердің мынадай формалды белгілері бар екенін көрсетілуі қажет. Олар: -лық, -қыш, -ар, -қы, -лар, -ым, -лан ұластыруыш қосымшалар арқылы бірігіп жазылатын бір зат пен ұғым атаулары және хана (40), ара (21), аралық (19), басы (10), құмар (33), тану (23) аффиксоид құрастыруыштар арқылы бірігіп жазылатын бір зат пен ұғым атаулары (жақша ішіне біріккен сөз саны алынған); сондай-ақ, хат (14), қап (17), гүл (41), бау (19), шөп (68), ақы (15), жай (17), жегі (19), тікен (17), жапырақ (25), тамыр (13) арқылы бірігіп жазылатын бір зат пен ұғым атаулары. Оқушыға қазақ тіліндегі біріктіріп жазуға әкелетін осы қосымшалар мен сөздерді жатқа білу міндеттелгені жақсы. Және екі сыңардың аралығында бірігіп жазылуға кедергі жасайтын қосымшалардың болмауын бірге жазудың бір белгісі етіп түсіндіру керек.
Қазіргі қазақ емлесінің енді бір қиындығы, жоғарыда айтып өткендей, екінші буында [ә] дыбысы естілетін, соған орай 2000 ж. емле сөздігі күнә, куә, шүбә, кінә, іңгә деп таңбалаған сөздерге қосымша жалғау проблемасы. Кезінде 1941 жылғы орфографиялық сөздік қазақ тілінде <ә> фонемасы бірінші буыннан ары аспайды деген заңға сай күна, шүба, кіна, куа, ләззат деп таңбалаған еді. Ал 1963 жылғы орфографиялық сөздік екінші буынға /ә/ –түсірді, бірақ жалғау жуан жалғанып, түбірдегі фонема <ә> емес, <а> екенін көрсетті. Бұл әдісті кезінде профессор Құдайберген Жұбанов ұсынған болатын. Бүгінде жазу практикасы мен нормасы арасындағы қайшылықтан арылу үшін 2005 ж. орфографиялық сөздік аталған сөздерге тек барыс септігі мен көптік жалғауын жуан вариантта, қалған жалғауларды жіңішке вариантта жалғауды заңдастырды. Екінші буында [ә] естілетін түбірлер /ә/ – әрпімен жазылып, барыс, шығыс, көптік жалғауларынан және етістік тудыратын жұрнақтан (лан) басқа қосымшалар жіңішке жалғанатын болды. Яғни 2000 жылға дейін әр түрлі жазылып келген осы қиындық орфографиясының фонетикалық принципіне сай дыбысталуынша жазылады, яғни [күмәндәніп], [кінәләрің], [күуәләндіру] деп айтылатын сөздердің үшінші, соңғы буынын /ә/ әрпімен жазылмайтынын қазіргі кез келген тілтұтынушы біледі: куәлік, куәлі, куәсіз, куәсі, бірақ куәсіна, куәландыру, куәға, куәлар, куәдан; күмәнді, күмәнсіз, күмәнділік, күмәні, бірақ күмәндану, күмәнға, күмәндар, күмәніна, күмәннан; кінәлі, кінәсіз, кінәсі, бірақ кінәға, кінәлар, кінәсіна, кінәсінан, кінәдан, кінәлану, шүбәлік, шүбәлілік, шүбәсіз, шүбәсі, бірақ шүбәлану, шүбәға, шүбәсіна, шүбәлар, шүбәдан.
Алайда, дәл осы деңгейдегі шай, жай, жайлау, шаш, ләззат, ділда, пәтуа, рәсуа, ділда, ділмар, күстана, мінажат, дүбара, дүдәмал, күләпара мүшәйра, әманда, мүбарак, мүбада сөздері әр түрлі: екі буыннан тұрса, соңғы буыны жуан тұрпатта, үш буыннан тұрса, үшінші буыны жуан тұрпатта жазылуы заңдастырылып кетті. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «1. Әрбір өз алдына түбірі бар сөз оңаша айтылғандағы естілуінше жазылу.
2. Азған сөз азған күйіндегі естілуінше жазылу.
3. Үйлестікпен дүдәмәл естілетін болған дыбыстар айқын орындардағы естілуінше жазылу» (А.Байтұрсынұлы Тіл тағылымы. А., 1991.) қазақ жазуының басты ұстанымы болуы керектігін айқындап берген болатын. Кейін Қ.Жұбанов сөздің соңғы буынындағы дауыстыны айыра алмаған жағдайда, қосымша жалғау әдісін ұсынған еді. Ең дұрысы, бүгінгі жазуымыздағы ала-құлалықтан құтылудың бірден-бір жолы осы еді. Яғни күнаға, күналар, күналау, күнадан; шайға, шайлар, шайлану, шайдан, т.с.с. болып жалғанады, сондықтан түбірдің соңында жуан езуліктің әрпі болу керек. Енді бүгінгі оқушы куәлік, куәлі, куәсіз, куәсі, бірақ куәсіна, куәландыру, куәға, куәлар, куәдан; күмәнді, күмәнсіз, күмәнділік, күмәні, бірақ күмәндану, күмәнға, күмәндар, күмәніна, күмәннан; кінәлі, кінәсіз, кінәсі, бірақ кінәға, кінәлар, кінәсіна, кінәсінан, кінәдан, кінәлану, шүбәлік, шүбәлілік, шүбәсіз, шүбәсі, бірақ шүбәлану, шүбәға, шүбәсіна, шүбәлар, шүбәдан болып жазылатынын жаттап алудан басқа амалы жоқ. Ал егер жазба жұмысында осы қатардан қате жіберсе, мұғалімінің қатеге санамауына болады.
4) Сол сияқты ы, і әріптерінің емлесінде босаң нормаға саналатын үлкен қиындық бар. Мысалы: нағылет, ауыру, қазына, лағынет, нақұрыс, хазірет, қатынас, қазына, меңіреу, саңырау, құрылыс, қазымыр, мақұлық, саңылау, құбыжық, мезірет, самұрық, жауырын, қайырыл, мәжіліс, ғылыми, жапырақ, шаңырақ, мәлімет, қабылан, жұмырық, үңірей, мейірім, құдірет, ежірей, түкірік, айырым, қабілет, абырой, төңірек, қайырым, қоңырау, тағылым, сұмырай, мәміле, құбылыс, тақырып сияқты сөздер бүгінгі жазарман үшін орфограмма таңдау қиындығын тудырады.
А.Байтұрсынұлы араб жазуының дәстүріне сай ы, і әріптерін сөз мағынасына әсер етпесе түсіріп жазуды ұсынды. Аталған мәселеге Қ.Жұбановтың ойы да А.Байтұрсынұлымен үндес болды. Алайда, 1929 ж. емле конференциясында Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлы ы, ұ әріптерін барлық позияцияда таңбалауды дұрыс деп тапты.
Бірақ 1940 ж. орыс графикасымен бірге қабылдаған орфография ережелері «ы» әрпі орыстың толық дауысты «ы»-сы есебінде және қазақтың қысаң «ь»-сы есебінде де қолданылады. Мысалы: былтыр, қалық, орын, арық, рынок, рычаг. Ескерту: «ы» әріптері дүдәмәл естілгенде я буын араларында алып тастағанда, сөз мағынасы бұзылмайтын болса, жазылмайды. Мысалы: Смағұл (Ысмағұл емес), рет (ірет емес), Ахмет (Ахымет емес), мағна (мағына емес), жұрт (жұрыт емес), жалт-жұлт (жалыт-жұлыт емес), т.б.», – деген орфограмма қабылдады. Сөйтіп, қатардағы тілтұтынушы үшін қысаң езуліктердің семасиологиялық сипатын тану қиындық тудырды. Бір орфограмма барлық позияцияда ы, і әріптерінің мағынаға әсері бар деп танытса, бір орфограмма мағына ажыратқыш қабілеті жоқ әріп таңбаланбайды деді. Сөйтіп, орфографиядағы ала-құлалық басталды.
Алайда, қысаң дауыстылардың барлық буында таңбалану емлесіне жұртшылық бірдей келісе қойған жоқ. Мысалы, Қ.Аманжолов «Қазақ жазу ережемізде ерекше көзге түсіп жүрген кемшіліктер ы, і әріптерінің таңбасын өте көп қолданып жатқандығымыз. Әліппе – миллион құралы. Сол миллиондардың ішінен «Япырай, осы ы, і әрпін азырақ қолдансақ қайтеді екен» дегенді үнемі естуіміз тегін емес. Шынында да, жыйылысымызды деген сөздің өзінде алты ы бар. Ы, і-ні неғұрлым аз жазуға тырысушылықты екінің бірінің жазуынан көруге болады. Айталық: Дауылбай – Даулбай, Нұрпейіс – Нұрпейс, жиын, қиын… Шырақ деудің орнына шрақ деп жазсақ қателесе қоймаймыз» деді. Бірақ профессор М.Балақаев бұл қиындықты шешу үшін әы, і дыбысы естілген жердің бәрінде жазыладыә деген ереже ұсынады.
Сонымен ол – ы, і әріптерінің емлесіне қатысты бір-біріне қарама-қарсы екі бағытты көреміз. Бір бағыт жазуды нормалаудың алғашқы сатысында ы, і-лерді мүмкіндігінше қысқартып жазады және кейінгі кезеңдерде де, қысқартып жазуды негізгі мақсат етеді (мысалы, тәуелдік жалғауын қосқанда түбірдің соңғы буынындағы қысаңдарды халық-халқы, көрік-көркі немесе біріккен сөз жігіндегі екі дауыстының қысаңдарын түсіріп жазуды алыңыз: өлі ара – өлара, алтыатар – алтатар (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, 1988), ешкіемер – ешкемер, алтыаяқ – алтаяқ, саптыаяқ – саптаяқ, сарыағаш – сарағаш, сарыөрік – сарөрік (Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, 2000 ж.).
Екінші бағыт селбеспе (дәнекер, қыстырынды) дыбыс ретінде 2-3 дауыссыз дыбыс қатар келмейді, түбір мен қосымшаның (фондыға, киоскіге), сөз, буын аяғы б, д, ғ, г ұяңдарына аяқталмайды деп тағылым, абырой, әділет, әбілет, жағылан, жебірейіл, жұдырық, қабылан сөздерінде ы, і әріптерін пайдалануды ұсынады.
Бұл айтылғандар қазіргі қазақ емлесіндегі басы ашық қиындықтар және олардың шешілу жолдарына негіздеме ретінде қабылдайық және латын графикасына көшкенде осы мәселелерді алдыңғы орында қарастырайық.
Құралай Күдеринова,
Сүлеймен Демирел атындағы
университеттің профессоры,
филология ғылымының докторы.