Қауырсынын аққудың қалам еттім…
11.07.2017
1361
0

АХАУ АРМАН СӘУЛЕШІМ
Қуанышпен көз салып бай далама,
Қарай бердім қалайша айналама?!
Мен асыл тас болғанда сен лағыл жас,
Жалын отын жастықтың жай санама.

Тісің – меруерт,
Көзің – от, күлкің – майда,
Күлім қағып жан сәулем жүрсің қайда?!
Асқақтата ән салам тамылжытып,
Бір көрінші көзіме осындайда.

Ахау арман сәулешім ән осындай,
Бір көрінші көзіме жыл құсындай.
Жүрегіммен жүрегі бірге соққан,
Жарым болса па, шіркін! Дәл осындай.

ТУҒАН ЖЕР
Жеменей құшағыңда ержетіп ем,
Табылмас сендей мекен Жер бетінен.
Мен түгіл менен арғы бабамның да,
Бесігі Жеменейде тербетілген.

Жетелеп туған жерден сенімді арман,
Суарды топырағыңды терім-маржан.
Ибамен тұңғыш рет босаға аттап,
Өзіңде менің шешем келін болған.

Сондықтан туған жерді сүйемін мен,
Басымды туған жерге ие білгем.
Өз үйім, өз төсегім өлеңдетер,
Мұқаңның баласымын түйе мінген.

Алмаған қасіреттен бала секем,
Ұруым ұлағатты Жарас екен.
Құдайдан әке-шешем деп, тілепті –
Ұрпағым қажетіңе жараса екен.

Шапқылап шыбық мініп шаңды көргем,
Шығыстан шұғылалы таңды көргем.
Арманым әдебиет шебіндегі,
Болсам-ау, деп ойлаймын қанды мерген.

Туған жер қасиетіңді кім ойлаған,
Ой салды осылайша тың ой маған.
Аналық мейріміңді ойға оралтып,
Өзіңді көшер кезде қимай барам.

Көтерген намыс туын көсем-ақыл,
Жатқандай қойнауыңда кесек асыл.
Торғайда туған жерін аңсамай ма,
Қош енді, қош-қош, Сенен кетем ақыр…
Жеменей!

НАМЫС
Ана тілер ерден ұрпақ көрсем деп,
Бала тілер ана емшегін емсем деп.
Ғашық тілер бейнетіңе көнсем деп,
Жұпты жазбай бір молада өлсем деп.
Адамдықтың, адалдықтың салмағы,
Ар-намыстың қадырымен өлшенбек.
Асқар таулар басылмасын еңсем деп,
Көңілшек бұлт кемпір құсап кемсеңдеп…
Батыр тілер қас жауымды жеңсем деп,
Жеңу үшін бар қорлыққа көнсем деп.
Батырлықтың, батылдықтың салмағы,
Тек намыстың құдіретімен өлшенбек.

Шабыт тілер қанатымды керсем деп,
Шәкірт тілер дұрыс сынау берсем деп.
Ақын тілер із қалдырып өлсем деп,
Көрікті ойдың көкжиегін көрсем деп.
Игілікті барлық істің салмағы,
Тек Намыстың қуатымен өлшенбек!

***
Қауырсынын аққудың қалам еттім,
Самырсынын Сауырдың қалаға ектім.
Ауыр жүгін дәуірдің көтерт маған,
Ағысынан Қыранның алам екпін.

***
Өркенің боп өмірге келген едім,
Тың тіршілік тынысын берген Елім.
Қасиетті шабыттың шудасынан,
Жыр шылбырын ерінбей өрмек едім.

Өз мәнінде өмірді сүйіп келем,
Жатыр талай алдымда биік белең.
Асуына арманның шығайын деп,
Қайратымды бойыма жиып келем.

Осы өмірден шабыттың кілтін алдым,
Аша алмайды жүректің құлпын әркім.
Толғанамын әрдайым толғатамын,
Жиілетіп түспесін жырдың әр күн.

Өмір деген өткінші өлермін мен,
Өлең жайлы әлі де өнерім кем.
Сонда-дағы күндіз-түн тілейтінім,
Жоқтаушы бол мен кетсем өлеңім Сен.

Күнде жаңа өзіңнен туады ұғым,
Көлеңкеге орын жоқ қуады Күн.
Қандай баға алсам да кәміл сенем,
Өмір өзі ұсынар куәлігін.
***
Абыроймен жыр көтерсе жыл жүгін,
Ақ тілектің ағытамын шылбырын.
Тіршілікке сыйы көп қой уақыттың,
Куәсі боп күлімдейді нұрлы Күн.

Таң пердесін Шолпан еппен ашты іліп,
Жалындады тебіні ерен жақсы үміт.
Тау ұлымын арманына талпынған,
Келер күнге көз саламын шат күліп.

Бабам айтқан: «қарыс жерде қаза бар»,
Маубас болсаң масыл ұйқы мазалар.
Ұжданыңда ұлы мұрат болғанда,
Тың тіршілік уақыттан оза алар.

Сезсең енер секундтың жүрісін,
Қалам тербе ел-жұртыңа жыр ұсын.
Белді будық осы ғасыр ішінде,
Орындауға бабалардың ұлы ісін.

Жыл-жымсыма. Уақыт қатал! Деседі,
Бар тылсымды түбі пенде шешеді.
Бір заңдылық өзгермейтін қашанда,
«Ит үреді, керуен алға көшеді»…

***
Жер дегенде қандай адам желпінбес,
Жер дегенде сезім қылын ершімді ес.
Жер дегенде адамзатты былай қой,
Жер көксегіш жануарда жерсінбес.

Жер дегенде айтам сөздің турасын,
Жер бауырлап жатып алды-ау,
Бура-түн.
Жер шетінде Отаның бар бауырлар,
Отаныңа керуеннің бұр басын!..
ӘУМИН!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір