«БӨРІЛІ БАЙРАҚ АСТЫНДА…» немесе Мұхтар Өтеуов жайында бірер сөз
Күнделікті күйбең тірліктің жетегінде жүріп, өзіңмен етене жақын, талай жан сырыңды ашқан азаматтық туралы сөз айтқың келгенде, әжептәуір қиналатының шындық. Міне, иірімі күшті жылдам өтіп жатқан өмір ағынынан шеткері шығып, ақын Мағжанның «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дегеніндей, өнерпаз тұлға Мұхтар Жамашұлы Өтеуов жайында бірер сөз айтуымның реті келіп тұрған сияқты.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары сол кездегі астанамыз Алматыға білім алуға құштар ауыл жастарының бұрын-соңды болмаған қалың легі ағылып келіп жатты. Олардың қолдарында ұстаған кішкене чемодандары, жүректерінде шексіз арман ғана бар еді. Ақбас Алатаудың бөктеріндегі Алматы шаһарына ой түзеу, бой түзеу үшін ғана қалықтап келіп қонатын құс қанаттылар еді ғой бұлар.
Құрманғазы атындағы Алматы Консерваториясының композиторлық бөлімінің екінші курс студентімін. Барлық пәндер жаппай орыс тілінде жүргізіледі. Тіпті, белгілі ғалым Борис Ерзакович дәріс оқитын қазақ музыкасының да тағдыры осындай. Артынан білдім, тіпті дәстүрлі әндеріміз бен күйлеріміз тақырыбында қорғалатын кандидаттық диссертациялардың да жағдайы осындай екен. Еліміздің шалғай ауылынан келген маған студент әріптестеріммен қазақша сөйлесу үлкен арманға айналды. Асқар Алатаудың ұшар басына қарап, әлемдік классиканы тыңдап отырып, ауылды, өзіңнің ана тіліңде шүйіркелесуді аңсайсың…
Осындай бір көңілімнің жадау-жүдеу кезінде, кеш бойы аудиторияда дайындықта болып, қатты шаршап, түнгі сағат ондар кезінде консерваториядан шығып келе жатып, үшінші қабаттағы ұрмалы аспаптар бөлмесінің терезесінен Садық Кәрімбаевтың «Мен көрдім» әнін орындаған ксилофонның үнін естідім. Бұрын Бибігүл Төлегенованың орындауындағы құлаққа әбден сіңген әуен өзінің мүлтіксіз техникалық иірімдерде орындалғаны соншалық, осы қазір ксилофоншыны өз көзіммен көргім келді. Таныса келе, бұл өнерпаздың мен сияқты ауылдан келгені, сөз саптауында шұрайлы қазақ тілінің лебі есіп тұрған, ұрмалы аспаптар кафедрасының бірінші курс студенті екен. Бір ерекшелігіміз – ол мен сияқты сонау Сарыарқаның солтүстік өңірінен емес, Алматыға қатарласа қонған Сүйінбай мен Жамбыл бабаларымыздың мекенінен келген екен. Міне, содан бері 45 жыл өтіпті. Осы жылдарда мен бірде алыстан, бірде жақыннан Мұхтар Жамашұлының өсіп-өну, марқайыптолысу кездерінің куәгері болып келемін. Бір байқағаным, ол еш уақытта, ешбір жағдайда жоғары жаққа жалтақтап, төменгі жаққа шалқақтап көрген емес, сол қарапайым да қайырымды кейпінде, ешқашан адами-азаматтық ұстамынан айныған қалпын өзгерткен емес.
Мұхтар ұзын-саны 23 жыл Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының Бас директоры қызметінде болды. Бұл аз ба, көп пе?! Ол 1935 жылы құрылған қазақтың симфониялық, камералық, көп дауысты хорлық, үрлемелі аспаптық, фольлорлық-этногра-фиялық, квартеттік, квинтеттік музыка салаларының басын біріктіріп орындайтын. Үлкен шаңырақ. Құрамында 500-ден астам адам қызмет жасайтын, ішкі шығармашылық дүниесі бір-біріне ұқсамайтын аса күрделі өнер ордасы. М.Өтеуовтің осындай өнер ұжымын ұзақ жыл басқару бақытына ие болуы таза талант иесі екенінің айғағы.
«Бұлақтың таза болмағы – сағасынан» демекші, халқының текті де тұлғалы перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор, еліміздің кәсіби музыка өнерінің дамуына өзін үлесін барынша қосып жұмсап келе жатқанМұхтар Өтеуовтің өмір жолына бір сәт үңілгеніміз жөн болар.
Оның кіндік қаны тамған жер – асқар Алатау бөктеріндегі Жаратқан Иемнің ықлас-ырзығы дарыған, Жер-Ананың бар сұлулығын бойына тоғытқан Үңгіртас ауылы. Суық төбе, Қара Қастек, Қайназар, Прудки, Самсы, Жамбыл музейі, Шірікбай, Ақтайлақ жайлаулары қасиетті Алатау алақанында орналасқан қыздың жиған жүгіндей бұл елді мекендер – Мұхтардың кіші отаны.
Әкесі Жамаш Алматының зооветеринарлық институтын бітіріп, туған ауылында өмірінің соңына дейін (небәрі 46 жыл жасаған) берекетті қызмет атқарды.Анасы – Жамалхан болса (бүгін ол 84 жаста), он бір баланы дүниеге әкелген ардақты ана. Міне, Алматы – Ташкент тас жолының бойында орналасқан, пейілі мен мейірі соншама кең және өнерді қатты қастерлейтін жас жұбайлар отауынан құтты қонақтар қатары әсте толастаған емес. Қырғыз бен өзбек ағайындарға бара жатқан, әсіресе артистер мен жазушылар, Жамаш-Жамалхан шаңырағына ат басын бұрып, тізе бүкпей кете алмайтын. Міне, осындай берекетті де ұлағатты күндердің бірінде Ташкентте өтетін халықаралық тұғырдағы жазушылар форумына бара жатқан Мұхтар Омарханұлы Әуезов Жамаш үйіне тоқтап, оның құтты қонағы болады. Бөпелі болуға айы-күні жақын Жамалхан шешеміздің тік тұра қызмет жасағанын көріп, оған қатты риза болған ұлы жазушы өзінің ақ батасын береді… Міне, бір аптадан кейін дүниеге келген тұңғышына әкесінің Мұхтар деп ат қоюының сыры осында екен.
Баласы есейе келе айналасындағы болып жатқан құбылыстар оның даусынан бірден көрініс тауып жатқаны, әсіресе радиодан, кинодан естіген музыкалық шығармаларды, айтылған, оқылған әңгімелерді, ертегілер мен өлеңдерді бұлжытпай іле-шала қайталауы, әкесі Жамаштың сәби баласының болашағына деген үміт-арманын асқақтата түсті. Мұхтардың нағыз кәсіби музыкант болуға итермелеген алғашқы қайнар – осылар еді.
Бірінші сыныпты жақсы бітірген оған әкесі екі қатарлы гармошка алып берді. Естіген әндері мен күйлерді ырғағы мен мәнеріне келтіре ауылдың ойын-тойларында құйқылжыта орындап, «сырнайшы бала» атанды. Білімдар, көзі мен көкірегі ашық, қазақтың көптеген шығармашылық зиялыларымен жақсы таныс ардақты әке баласының ендігі жерде музыкаға кәсіби түрде берілуі керектігін түсініп, жақында Алматыда таяуда ашылған Ахмет Жұбанов атындағы ауылдың дарынды балалары оқитын орта музыка мектеп-интернатына жетектеп әкелді. Бұл оқу орнының сол кездегі директоры, ұлттық оқу-ағарту ісінің ардақтысы Түркістан Мақсұтұлы Өзбеков баланың музыкалық табиғи қабілетін, яғни есту, жадында сақтау сезімталдығын мұқият тексеріп, аса қанағаттанғандық байқатты. Әкесі Жамаштың сүйікті музыкалық аспабы ксилофон болғандықтан, осы мамандықты ұнататындығын айтты. Тау баласы Мұхтар сылдырлаған бұлағын, сыбдыр қаққан құрағын, Әбілхан Қастеевтің салған ғажайып суретіндей сүйікті аулынан қанат қағып мегаполиске барып оқуға іштей бар табиғаты қарсы болды. Мүмкін, оны мұндай сезімде ұстаған «Найзасының ұшына жау мінгізген» батыр бабалардың рухы, әлде сәби шағынан Жамалхан анасының ақ сүтімен ұлының бойына дарытқан Сүйінбай бабаның жатқа айтатын мына киелі жыр жолдары болар:
«Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз –
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Ту түсіріп, жау алған,
Қазбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!
Мұхтардың Алматы қаласында қалып, ендігі жерде оқуын осында жалғастыруына, әрине, әке шешімі бірден-бір әсер етті.
Міне, 1967 жылы І-Республикалық жас аспапшы орындаушылардың конкурсында 15 жасар балаң Мұхтар Гран-при сыйлығының иегері атанды. Осы жылы Қазақстанның Мәскеу қаласында өткен Мәдениет пен өнер апталығында Кремльдің Үлкен концерттік залы сахнасында республика өнер шеберлерінің концертінде асқан шеберлігімен көзге түсіп, үлкен қошеметке бөленді! Иә, дарынды бозбаланың үлкен өнер жолындағы жақын болашағы айқындалды: ол мектепті бітірген соң, құдай қаласа, Мәскеу қаласындағы П.И. Чайковский атындағы мемлекеттік консерваториясында оқитын болады!
Мұхтар мектеп бітірер 1971 жылы өміріндегі ең ауыр да қайғылы жағдайға душар болды: небәрі 45 жасында сүйікті әкесі Жамаш кенеттен дүниеден озды. Ендігі жерде тұрмыс ауыртпалығы балаларының үлкені, буыны қатпаған шаңырақ иесі Мұхтардың иығына түсті. Осының алдында Қазақстан Білім министрлігі оқуын жалғастыруға Мәскеу қаласындағы П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияға жолдама берген болатын. Ендігі жерде жұмысқа тұрып, ақша тауып, көп балалы үлкен отбасыны асырау міндеті мойнына артылды. Қаршадайынан қиындыққа шынығып өскен, шымыр да ширақ Тау баласы Мұхтар Құрманғазы атындағы Алматы Ұлттық консерваториясының алғашқы курсынан еңбекке араласты. Абай атындағы академиялық Опера және балет театрының симфониялық оркестріндегі ең жас музыканты болып еңбек етті.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы академиялық симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшілігіне Н.А.Римский-Корсаков атындағы Ленинград қаласының түлегі, талантты дирижер, композитор Тимур Кәрімұлы Мыңбаев шақырылып, тағайындалды. Сол тұлғаның еңселі еңбегінің арқасында отандық көрермен әлемдік музыканың ең үздік деген жауһар туындылармен танысты. Әсіресе, Тимур Кәрімұлының қазақ композиторларының симфониялық, кантаталық-ораториялық саласындағы жаңа туындыларын алғашқы жанры. Міне, осындай жүйелі де нәтижелі жұмыстың және дұрыс репертуарлық саясаттың арқасында мемлекеттік филармонияның симфониялық оркестрі бұрын-соңды болмаған көркемдік биігіне көтеріліп,Кеңестер Одағының музыка жанкүйерлері қазақ композиторларының көптеген шығармаларымен етене жақын танысты. Тимур Мыңбаев сынды бірбеткей басшы, жақсыны – жақсы, жаманды – жаман деп шындықты бетке тура айтатын адам болғандықтан, оның басшылықтағы біраз адамдарға жақпағаны да – шындық.
Міне, осынадай тұлғалы музыкант 1977 жылы Мұхтарды Қазақ Мемлекеттік филармониясы симфониялық оркестрінің ұрмалы аспаптар тобының концертмейстерлік қызметіне шақырып, жақында ғана семья құрған оған жаңа пәтер бергізді. Оның осы өнер ұжымына келгелі ұрмалық аспаптар молынан және әсерлі қолданылатын Тілес Қажығалиевтің, Игорь Стравинскийдің, Софья Губайдуллинаның, Альфред Шниткенің туындылары репертуарға енгізіліп, тыңдарман көңілінің айызын қандырды! Осы кезде Мұхтар Өтеуовтің ойнау шеберлігінің арқасында ұрмалы аспаптар симфониялық оркестрдің ажырамас бөлігіне, мықты іргетасына айналды. Бұған қоса, бұл Тау баласы ерекше намысқойлығымен, илтипатты адамгершілігімен, шындықты қолдайтын адалдығымен көзге түсті. Осындай қасиеттерін сыйлаған симфониялық оркестр ұжымы оны комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларынан кейін оркестрдегі бірнеше жас қазақ жігіттеріне «ұлтшыл» деген күйе жағылып, қудалануға түскенде Мұхтар Жамашұлының оларды Алматы Фрунзе аудандық партия комитеті бюросында қызғыштай қорғап, дәлелді де дәйекті, ұтқыр да ұтымды сөз саптағаны – жеке бір әңгіменің арқауы…
Михаил Горбачев КСРО-ның Бас хатшысы болғанда, барлық жерде қайта құру науқаны басталып, әр ұжым өз басшысын ашық-жабық дауыс арқылы сайлағанын көзімізбен көріп, басымыздан өткердік. Міне, 1989 жылы осындай жағдайда Мұхтар 37 жасында Қазақтың Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармониясының Бас директоры лауазымды қызметіне бір ауыздан сайланды. Осы кезден 2006 жылға дейін, яғни 18 жыл бойы, екінші рет 2010–2015 жылдары құрметті демалысқа шыққанға дейін бір күн дабырлы да сабырлы, дүбірлі де күмбірлі сәттерді басынан өткізіп, өзі ішінен шыққан сан қырлы да сан салалы өнер ұжымдары бастары қосылған, еліміздің басты өнер мекемесін басқарды. Мұндай қызығы мен шыжығы қатар жүретін жауапты жұмыста ұлттық музыка өнерінің сайыпқыраны, Халық Қаһарманы, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевпен, Еңбек Ері, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Айман Қожабекқызы Мұсақожаевамен, белгілі дирижерлар Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Төлепберген Абдрашевпен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсақожаевамен, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғауһар Мырзабековамен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Ахметовпен, Александр Беляковпен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуовпен қоян-қолтық араласып, кешегі қазақтың қарапайым қарадомалақ Тау баласы Мұхтар Жамашұлы Өтеуов өмірінің бар қуатты да шуақты жылдары қасиетті қара шаңырақ – Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның шығармашылық әлеуетін көтеруге жұмсалса, Жаратқан Иемнен бұдан асқан қандай бақыт, қандай жақсылық тілеуге болады!
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор