ШЫНДЫҚ СӨЗІ – ЕҢ ЖАҚСЫ СӨЗ
Сайын Омардың «Менің қарлығаштарым» жинағында жиі кездесетін айшықты сөз өрнектері мен ой орамдары қаламгердің сәтті ізденістерін айғақтай түседі.
Сайын Омар тумысында шығармашылықты тұрақты кәсіп еткен де, нақты бір әдебиет тұлғаларының шығармаларына еліктеген де емес. Екінші дүниежүзілік соғыс біткен бойда дүниеге келген қаламгердің балалық шағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өтті. Сәкең отау иесі он үшке толғанда, яғни 1957–58 жылдары ғана қызыл қырғынның құрбаны болған қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет енді ғана ақталып жатқан. Жоғарыда аталған зобалаңдардан кейін рухани жұтап қалған халқымыз аяулы перзенттерінің шығармаларын таласа-тармаса, жата-жастана, күндіз-түні бірнеше рет қайталап оқыды. Осындай оқырмандар санатына жастайынан қосылған, халқымыздың тарихындағы айрықша рухани серпілісті көрген қаламгердің жан-дүниесі түлеп сала берді.
Институт қабырғасында оқып жүрген кезінде рухани қатпарларға үңіледі. Әлем әдебиеті мен шығыс шайырларының тұнығынан мол сусындап, сөз өнеріне іштей дайындықпен келген қаламгерлердің бірі – Сайын Омар. Әр суреткердің өзінше өрнегі, сөз саптауы, ойлау жүйесі болады. Осы тұрғыда жазушының «Менің қарлығаштарым» әңгімесінде оқушысын күрделі ойлап, байсалды баяндауға баулитындай әсер қалдырады. Адамдар бұл дүниенің қонағы, енер есік пен шығар есік бар, ал туған жердің топырағы мен оның шексіз аспанында еркін қалықтаған қарлығаштардың өзінен кейінгілердің де асыл мұрасына айналуын ойла, алаған қолыңмен бере біл, күт, аяла, қамын же деген мәңгілік шындықты шегелей түседі. Жаңаарқаның осы бір алақандай киелі жеріндегі қарлығаштың да нағыз қазақ екеніне әрі қазақша ән салатынына шүбәсіз сенесің, оның балапандары үшін жанқиярлық еңбегіне сүйсінесің.
Мұнда іргелі оқиғалар, жүйелі тартыстар жоқ. Шығарманың негізіне бас кейіпкер болып адалдық пен еңбек жаршысы, аспан әлемінің тұрғыны қарлығаш алынған. Жазушының қаламынан туған «Емтихан», «Бесбұрыш», «Қиялдағы қасірет», «Иә, осы екен ғой!», «Құр, құр жануар!», «Тағдырдың күші», «Айдох», «Калбит» әңгімелерінің кейіпкерлері көбіне-көп осынау өзгермелі заманның жел өтінде, шаш-етек шаруа басында жүрген, жейдесінен жүрегі көрінген, ақ көңіл адал мінезбен сомдалып жатады. Ел тіршілігін көз алдыңызға сурет салғандай елестетіп қана қоймайды, оны елжіреп жақсы көруге шақырады. Қазақ бойында тек жерге қараған момындық емес, беттесіп, белдесіп өтер қайсарлық мол деген ой бейне қамшының өріміндей жымдасып өтіп жатады. Сол адамдардың болмыс-бейнесі арқылы өзінің өскен топырағына, туған топырағына, өнегесін алған адамдарына перзенттік тәубашылығын танытуымен құнды. Әдебиеттегі замандас тұлғасы деген тақырып – күрделі терең зерттеуді, бүкіл жанрдың даму бағыттарын, ізденістерін ескере отырып, сипаттауды қажет ететін тақырып. Қоғам өміріндегі рухани өзгерістерді, жаңаруларды, аңсарларды жете танып, оның қалтарыс-бұлтарыстарындағы адами жат құбылыстарды дөп басып көрсете білу үшін жазушы замананың зияткерлік биігіне көтерілуі тиіс.
Сайын Омар осы үдерістер талабынан шыға білген. Өз кейіпкерлерін замана желімен үндестіре, сарындастыра суреттеу, Әдеби бейнені образ деңгейіне көтере жазу, мінез табиғатына тереңдеп үңілуі де екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Сарыарқаны желдей есіп, еркін жайлаған, ешкімге есесін жібермеген, ешкімнің ала жібін аттамаған кең қолтық қайсар қазақтың арғы аңғарын аңғартуға талпынушылық бар. Өткен өмір мен бүгінгі күннің ара жігін ажыратуға деген құлшыныс сезіледі.
Қаламгердің барлық әңгімелерінің желісінен көркемдік нышандармен қатар, тұтас бір өңір тіршілігінің өзіне тән ерекшеліктерін байқаймыз. Оның осы бір айшықты тәсіл арқылы жазған шығармаларының жанрын Жаңа-
арқаның әдеби көркем дерекнамасы деп айтуға толық негіз бар деп кесімді түрде айта аламыз.
Айрықша атап өтерлік тағы бір жәйт, жазушының қай шығармасында болсын, адамгершілік мәселесін бүгінгі уақыттағы адамдар тұрмысының көкейкесті мәселелерімен шебер ұштастырғанын, адамдардың бір-біріне ұқсамайтын мінез-құлықтарының қалыптарын көреміз.
Жалпы, әдебиетте хайуанаттар тақырыбы Джек Лондонның «Ақ азу» романынан бастау алады. Қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа алғаш рет қалам тербеген Мұхтар Әуезов. Оның әйгілі «Көксерек» повесінің желісінде көркем фильм түсірілді. Хайуанаттар өміріне көбірек ден қойған қаламгер – Мұхтар Мағауин. Оның «Жүйрік», «Тазының өлімі» әңгімелері мен «Шақан шері» повесі оқырман қауымға кеңірек танымал.
«Тағдырға қол сұқпа», «Пенде, абайла», «Бауыр үшін жан пида!», «Астамшылық», «Ашынаға сыйлық», «Контейнер» әңгімелерінде ауыл тақырыбына ден қоюы оның өткен күнді көксеуінен емес, келер күннің қамын жеуден, қатыгездік, арамдық, дүниеқоңыздық, қанағатсыздық сияқты жаман қасиеттерден арылайық, арсыз қадамдарды жасамайық, өткеніміздің өкінішінен сақтана білейік, асыл қасиеттерді қастерлейік деген игі ниеттен туған. Өз болмысын, табиғатын, жан-дүниесін пендешілік күйкі мақсаттан арылта жүруге осынау қара сөздің киесі құтқарады деп сенеді.
Сайын Омардың балалық шағы тұрғындар санының басым көпшілігін славян тілділер құраған Осакаровка кентінде өтті, сол жердегі орыс мектебінде оқыды. Кеңес өкіметі тың астанасы еткен Целиноградта оқып жүргенде адам миын улайтын идеологиялық пәндерден әбден мезі болған Сәкең жан жұмағын әлемдік философия мен әдебиеттен тапты.
Ол кезде тіпті шығыстың жеті жұлдызының шығармалары ұлттық тілдерге аударылмаған еді. Осындай інжу-маржанды ана сүтімен дарыған, сиқырлы да сазды қазақи әлемімен қабылдаған болашақ қаламгер кейіннен осы үрдісті өзінің шығармашылық зертханасында ұтымды пайдаланды. Оның орыс тілінде жазылған «Лёгкая форма», «Любовь… ради покоя!», «Прекрасны дни влюбленных» әңгімелерінен қазақы иіс пен ұлттық бояу аңқып тұрады. Қос тілді қоса меңгеріп, екі тілде де суреттеу реңкін тепе-тең ұстау – бұл өте сирек құбылыс.
Қаламгер ірілі-ұсақты оқиғаларды жалаң баяндамай, бейнелі суреттеумен жеткізеді. Содан да оның әңгімелеріндегі ел суреттері, адам бейнелері нанымды да тартымды.
Лермонтов шабыт дегенді «Дертті жанның сандырағы» дейді ғой. Сол шабыт дегеннің болмыста бар екеніне де дәлел жеткілікті. Сайын Омар әуелі алдын-ала жоспар жасап алып ештеңе жазып көрген жан емес. Өзін-өзі күштеп жазу столына да отырмайды. Сөз жарықтық, ой жарықтық сананы түрткілеп, жүректі қозғап өзі келеді. Үнемі жадында жүрген жайлар да бірден қағазға мөлдіреп түсе қалмайды. Ой жөңкілісі, туынды толғағы айларға, жылдарға созылуы мүмкін. Көркем дүниенің күнделікті жартылай көркемше, жартылай ресмилеу жазбалардан айрықша өзгешелігі де осы болса керек. Шабыт па, аян ба, бір құдайым білсін, күндерде бір күн ғайыптан бір серпілістің келетіні хақ…
«Шындық сөзі – ең жақсы сөз» деп автордың өзі айтқандай, оның тілеулес оқырмандары біздің қадірлі қаламгерге көрсететін ең үлкен құрмет-сыйымыз – шығармашылығын тиісінше бағалап, зерделей тану болмақ.
Сәбит БЕКСЕЙІТ,
Нәбиұлла ЖҮНІСБАЙ.