УКРАИНА БАЛАЛАРЫНЫҢ СӨЗІ
01.06.2022
972
0

 

Мехриддин ӨТЕГЕНОВ

– Зымырандар дауысы
Тыныштықтың нәзік
пердесін жыртты,
арттырып қайғының жүгін…
жұдырықтай мына жүректер
Сағат тықылынан да
шошиды бүгін.

* * *
– От шашу, от шашу,
аспанда неге жарқырамайды моншақтар?..
– От шашу дегенім – қарудың дауысы екен,
біздің тыныштығымызға қарсы атқан.
* * *
– Анашым, біз қайдамыз?
– Тасасында оқ заулаған
қаланың…
– Анашым, әкем қайда?
– Туған жердің құшағында,
қарағым…

* * *
– Әкемнің ораламын деген
сөзі қалды,
Шешемнің ораламын деген
сөзі қалды.
Өздері қалды майданда…

* * *
– О, Жаратқан
Соғыс – қайғы,
бас сауғалау,
өлім құшу,
Құлазу.
Байрағымды
желбіретші құлатпай,
жасымды ішіп тұр әзір…
СОҒЫС номинализм
Құс:
Мен көктен қанатым
талып құламадым,
Құладым қанатым сынып.

Гүл:
Мен сұлулардың құшағына
бітпедім
қабірге қойылдым суық.

Адам:
соғыс – бас әріптің ермегі.
жансыз жатқан дене көрдім,
қан көрдім,
маған –
өлім өзі келмеді,
мен өлімге өзім бардым,
жан бердім!

Табиғат:
құрсағымда бүлкілдейді
күрсіністер бөбегі…
бөбегімді жұбата алмай,
һәм өзім де жұбана алмай келемін.
– ұйықта, соғыс, ұйықта…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір