Түктібай, Сүйінбай, Жамбыл және Есенқұл
30.06.2017
4852
3

Халық өзі аялап, қадірлеп, пір тұтқан адамның бірі – Түктібай бақсы. Бақсылық әлемі кезінде ұмыт болып, бүгінде зерттелмей жатқан тақырып. Бақсылық – адамзат баласының жаратылысымен бірге келе жатқан өнер, білім, мәдениет. Бұл тек өнер емес, қоршаған дүниенің көзге көрінбейтін құбылыстарын байқап, сезінген ерекше түйсікпен жаратылған адамдар. Бақсылық – қазақ халқының тарихи мәдениеті.

– Ол кезде он жасар бала едім. Есен­құл Жақыпбеков Ұзына­ғаш­тағы өнер мектебінде ақын шә­кірт­терді баулып жатқанын сынып жетекшімнен естідім. Ол кі­­­­сіні теледидардан көргенім болмаса, бетпе-бет жүздеспеген екем. Бір­неше күн «ақындар сыныбы» деген сөз ойымнан шықпай жүр­ді… Ақыры тәуекелге бел буып, ана туралы жазған 4 жол тақпа­ғым­ды алып, өнер метебіндегі Еса­ғаны тауып алдым. Есенқұл ақын көз тоқтатып қарады да, жы­лы жүзбен:
– Өлең жазасың ба? – деді.
– Жоқ, тақпақ жазам, – дедім. Ол ішек-сілесі қатып күлді.
Ал жарайды, тақпағыңды ай­та ғой, – деді. Зуылдатып айтып шық­тым.
– Ой, бәрекелді, қара жаяу емес екенсің, жүре ғой, – деп сы­нып­қа ертіп кірді. Сол сәттен бас­­тап аудан тарихын, ата-ба­ба­ла­рымыздан қалған өлең-жыр­ларды Есаға санама сіңдіре бастады.
Көктемнің жаймашуақ күнде­рі­нің бірінде «Аудандағы халық қа­сиет тұтқан жерлерді аралап қай­тайық» деп айтыс ақын­да­ры­ның алтын діңгегіне айналған Сүйінбай Аронұлының ауылы Қа­рақыстаққа жеттік. Ауылдың шығыс жағындағы төбе басында тұрған баба күмбезі анадайдан көз­ге ерекше шалынады. Есағаны ор­таға алып, өңкей «ақындар» кө­лік­тен түсіп, бабаның күмбезіне жаяу алқынып, ентігіп жеттік. Жо­лай сарқырап аққан өзеннен өтпекші болғанда, Есаға еңкейіп бе­тін жуды. Судың жағасынан екі тас­ты алақанына салып қысып:
– Қасиетіңнен айналайын, Қа­рақыстағым. Сүйінбайдай алып ақынды өмірге әкелдің. Бұл ауыл­дың тасы да киелі, – деді. Осы­лайша баба зиратына тағзым жа­сап, Құран бағыштадық. Ұс­та­зым аймақтың тарихымен таныс­тырды. Бұдан шығып, жыр алыбы Жамбылбабамыздың ауылына кел­дік. Бабаның әсем күмбезі әде­мі үйлесім тапқан сәулет өне­рі­нің қайталанбас ғажайып көрі­ні­сі дер едім. Күмбез қазақ өлеңі­нен салынғандай әсер берді. Қа­лың бақтың ішінде жарқырап, ай­налаға шуақ шашып тұрғандай. Түр­лі гүлдермен көмкерілген мұра­жай ауласы да жарасымды. Сол күні Жамбыл мен Құлмам­бет­тің айтысының тарихын естідім.
Жамбыл ауылынан шығып, кө­лік оңға қарай бұрылды.
Бір төбеде зираттарды көзімен нұсқап, Есағам:
– Анау жерде Жамбыл атаңның ту­ған-туыстары жатыр, – деді. Ма­­шина Қызыләскер ауылына қарай бұрылып, жолдың түбіндегі бір көне зиратқа тоқтадық. Ат­шап­­тырым жер темір құрсаумен қор­шал­ған. Ішінде бірнеше төбешік. Бір ер адам алдымыздан жүгіріп шық­ты.
– О, Есенқұл балам, қош кел­дің, – деп құшақтасып амандас­ты.
– Мынау шәкіртім Меруерт бас­таған жас ақындар. Біздің бү­гінгі сабағымыз аудандағы қасиет­ті бабаларымыздың басына барып, тағзым етіп, Құран бағыштау еді. Сонау Қарақыстақтан бері ел та­ри­хымен таныстырып келем, – де­ді. Зираттың жанына келдік.
«Мынау Түктібай бабаның зи­раты. Бабамыз ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген. Өзі бақсы, атақты қобызшы болған.Кейін халық «Түктібай әулие» деп атап кеткен. Халқымыз­да үзеңгіге шіренген батыр да көп, кеудесін өрге айдаған бай да көп, тілін емізген би де көп, ал әулие де­ген саусақпен санарлық. Ешкім өзін «әулие» деп жариялай алмайды. Оған оны айналасы, елі мен жұрты береді. Әулиелер – халқына шексіз адалдықпен қызмет еткен адамдар. Кезінде бір бай ат шаптырып, той жасайды. Бәйгеге Түк­­­тібай баба қобызын қосқан екен. Қасындағы шабандоздар қас­тық ойластырып, Тораңғыл де­ген тамыры терең жайылған ағаш­қа қырық құлаш арқанмен қо­бызды байлап тастайды. Ол уа­қытта сәйгүліктер күндік жерге ай­далатын. Арада екі тәулік өтеді. Түктібай баба биік жотаның үстіне шығады да, алыстан қарайған нүк­тені көреді. Қобызға қастық жаса­лғанын сезіп, азан шақы­рады. Сол кезде қасиетті қобыз Тораң­ғыл­ды тамырымен жұлып алып, мә­реге ұшып келген екен, жарық­тық». Есағамның осы әңгі­месі ма­ған ерекше әсер берсе де, қо­быздың қалай бәйгеге қосыла­ты­нын онша бағамдай да алмай іштей таңқалып тұрмын.
– Меруерт, сезіп тұрсың ба, мы­на жердің ауасы да ерекше. Се­зініп көрші. Ақын адам өте се­зім­тал болу керек, – деді. Біраз үн­сіз­діктен соң көне зираттарға көз тас­тадым. Шынында бір қасиетті күш байқалады.
Денем шымырлап кеткендей болды. Түктібай бабаны шынымен бұрын естімеген екенмін. Таң­ғалып тұрмын. Алғашында біз­ді қарсы алған қария:
– Жүріңдер, дастарқаннан дәм татыңыздар. Қобыз үйде, – деді. Дас­тарқан басында әңгіме тағы да жалғасты. Ата Түктібай бабаның ұр­пағы, әрі шырақшы екен. Бәй­бішесі де ақжарқын, мейманшыл адам. Төргі бөлмеде қобыз ұста­ған қарияның суреті ілініп тұр. Менің көз алмай қарап отыр­ғанымды байқаған шырақшының жұбайы:
– Мына суреттегі адам – Түк­тібай бабаң. Бір көріпкелдің бол­жал­дауымен салынған, – деді. Осы сапар Түктібай туралы түрлі аңыз-әңгімелерге қанықтым. Бір кез­де шырақшы қария:
– Жуырда Түктібай бабам ба­ламның түсіне кіріпті. Баба:
– Балам, іші ақшаға толған қы­зыл машина келе жатыр , – деп­ті. Содан араға бірнеше күн салып немеремді ертіп балам базарға ба­рыпты. «Бинго» лотореясын сататын дүңгіршектің қасынан өтіп ба­ра жатқанда, баланың қолы ілі­ніп тұрған «Бинго» билеттеріне тиіп кетеді. Билеттер жерге құлап, екеуі былғанып қалады. Олар амал­сыздан сатып алыпты. Үйге ке­ліп ойнатса, Бингодан ірі ұтыс шы­ғады. Сөйтіп, біраз қарыз-құры­зымызды өтедік. «Баба аян бер­ген екен, ендеше, қызыл көлік са­тып алайық» деген шешімге кел­дік. Міне, мынау есік алдында тұр­ған көлік сол ұтыстан алған ақ­шаға сатылып алынған, – деді.
Шырақшының жұбайы ақ ма­таға оралған қасиетті қобызды әкел­ді. Бір тылсым күйге бөленіп, кө­зіме жас келді. Менің тебіреніп отырғанымды байқаса керек, шы­рақ­шы:
– Қызым, бабаның қобызын ұс­тап көр, тілектеріңді айт, – деді. «Біс­сі­міл­ла» деп қобыз­ды қолыма алдым. Жү­ре­гім лүпілдеп аузыма тығылған­дай. Екі қолым қы­­зып, өртеніп бара жат­қандай таңға­жайып күйге бөлен­дім. Қобыздың ар­қасында үлкен шы­тынаған сы­зық бар екен. Шы­рақшы атам:
– Бұл әлгі ат жа­рысында То­раң­ғылды тамыры­мен жұлып алған кезде шытынағаны екен. Ал ішектері шіріп кеткен. Жуыр­да бір тақуа адам зиярат етіп кел­ген еді. Мына қобызға жүйрік аттың қылынан есіп ішек жасау ке­рек, дұға-тілегіңді айтып өзің тартып көр, бабаның ұрпағысың де­ген еді, бір реті келгенде сол тақуаның айтқанын жасап көрер­мін, – деді.
Осы жолғы сапар мені зор әсер­ге бөледі. Өмір бойы ұмытыл­мас­тай күн болды. Қазірге дейін есіме алып отырамын. Түктібай баба туралы аңыз-әңгімелерді ба­лаларыма айтып жүрмін.
Жуырда Алматыдағы кітап па­латасының мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Түс уақы­тысы еді. Ғимараттың астыңғы қа­батындағы асханаға кірдім. Те­резеге қарап ойланып отырған келіншектің қасына отырдым. Екеуміз түстену үстінде таныстық. Ол өзінің ұстаз екенін айтты. Жам­был ауданынан келгенімді айт­тым. Кенет ол:
– Жамбыл ауданы Түктібай атаның елі ғой. Білем. Сіздердің аудан ақындар мен батырлардың киелі мекені. Осыған толық көзім жетті.
Мен келіншекке таңырқап қарадым. Ол:
–Жамбыл ауданын, Түктібай бабаның қасиетті қобызын ешқа­шан ұмытпаймын. Бағымды аш­қан құтты мекен. Отау құрып бір­неше жыл құрсақ көтермедім. Бірнеше емхананың табал­ды­ры­ғын тоздырып, көптеген дәрігердің есігін қақтым. Бірақ одан қайран бол­мады. Бір танысым: «Баяғы ата-бабамыз әулиеге түнеп, бала сұраған. Қасиетті кісілерді зиярат етіп жүріп перзент сүйген. Тек сену керек», – деді. Менің бала сүйіп, отбасымды сақтап қалғым кел­ді.
Көкірегімде үміт оты сөнер емес. Расында, бақсы-балгерлер ту­ралы ойлана бастадым.
Осылайша, бірнеше жыл бақ­сы-құшнаштарды жағаладым. Еш­қайсысынан қайран болмады. Бір күні ауылға диуана болып кет­кен танысым келді. Ол көптен бері «әулие-әмбиелердің мазарларында түнеп, аруақтарға тәу етіп жүр» дегенді естігенмін. Әлгі танысым бірде біздің үйге тоқтады. Қал-жағ­дайымызды сұрасқан соң дас­тарқаннан дәм татуға шақырдым. Өткен-кеткенді еске түсіріп, әр нәр­сенің басын шалып әңгіме айт­тық. Содан диуана ауылға не үшін келгенін баяндады.
– Киелі Түркістан мен оңтүс­тік­тегі мазарларды аралап шық­тым. Енді Жамбыл ауданындағы бес атаның басына барып тағзым етсем деймін. Бірақ менің «аққу», «ата жолы» тәрізді секталарға қа­ты­сым жоқ. Оларға ұқсап аруақ­тарға табынбаймын, – деді ол.
Бір сәт олай құлшылық ет­пейтіні бар, онда несіне әулие­лердің мазарына барып жүр деген ойға қалдым. Сөйтсем, осыдан біраз уақыт бұрын әпкесі ауруға шалдыққанда аталардың басына тәу етіп, қасиетті суларды ішкізіп жанын аман алып қалыпты.Бұ­рын-соңды мұндай нәрселерге сен­бейтін едім. Аруақтарға табынуды Аллаға серік қосу деп біле­тінмін. Егер бұл сенім ауруға медет болса, онда неге барып көр­меске. Танысыма осы ойымды айтып едім, ол «Түктібай бабаның қа­сиетті қобызын білуші ме едің?» деп сұрады. Мән-жайды сұрас­тырсам, көрші ауылда атақты Түктібай қобызшының аманат еткен қасиетті қобызы бар екен. Сол қобызды ұстап, шын пейілімен ниет еткен адам мақсат-мұратына жететін көрінеді.
Бұдан соң көп уақыт өткізбей Түктібай бабаның мазарына жол тарттым. Ондағы Түктібай ата ма­зарын тез-ақ тауып алдым. Шы­рақшы қобыз қасиеті турасында көп сыр шертті. Түктібай ұрпақ­тары бұл қобызды үш ғасырдан бері сақтап келеді екен. Кәмпеске кезінде бүкіл байлықты тып-типыл еткен жендеттерден тығып бүгінге жеткізіпті. Қобызды көру­ге келген кей адамдар оның сарынын еститін көрінеді. Сонымен қобыз сарынын естімесем де, киелі ас­пап­ты өз көзіммен көріп, ұстап қайттым. Көне қобызды қолыма алғанымда, «ана болғым келеді» деп медет еттім. Шырақшы да Түктібай қобызын шын пейілімен ұстап ниет еткендердің арманы орындалатынын айтты.
Үйге жеткен соң бойымды ерек­ше сезім биледі. Бұған дейінгі күдік-күмән, барлық жағымсыз әсерлерден бір сәтте айрылғандай болдым. Бойымда сенімділік, үміт оты пайда болды. Бірер айдан соң бойыма бала біткенін білдім.
Қазір кезінде онша-мұнша се­не бермейтін тылсым дүниеге на­нып, қасиетті қобызды ұстап көр­геніме қуанамын. Егер сол кез­де киелі күшке сенім білдіріп, ниет етпесем, бүгін бір баланың ана­сы болар ма едім, болмас па едім, кім білсін, – деп келіншек әң­гімесін түйіндеді.
Келіншектің есімі Алма Есім­бек, көршілес Қарасай ауданында тұрғыны. Алма апайдың әңгімесін бүге-шігесіне дейін мұқият тың­дадым. Өз басынан өткен бұл оқи­ғаны бар ынта-пейілімен баяндады. Бір кездері бала кезімдегі Еса­­ғаммен алғаш рет барған Түк­тібай бабаның зираты, ондағы естіген әңгімелерім есіме түсті. Мен де бар білгенімді айтып бер­дім. Осылайша, кездейсоқ кездес­кен Алманың әңгімесінен рухани әсер алдым.
Егер мені бала кезімде қо­лым­нан жетелеп Есенқұл Жақыпбеков қасиетті тұлғалардың басына апар­маса, менің жүрегімде оларға деген ерекше ықылас орнар ма еді? Енді мен сол әңгімелерді үйдегі өсіп келе жатқан балаларыма айтып отырамын. Олар да бұл әңгі­мені мен секілді өз өмірінде ұмыт­пасын білем. Тіпті, өнердің соңына түспесе де осындай қасиеттерді ба­ғалау керек екенін біліп жүретін бо­лады.

Меруерт ОРЫНБАЙ.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 23.08.2023 | 14:45

Құрметті Меруерт ханым!
Өте өткір әңгіме жазыпсыз.
Рахмет!
Қобыздың киелі аспап екенін білемін. Қобызбен емдеймін.
Қорқыт атаның аянымен келгем бұл жолға..Түктібай атаға зиярат етуді ниеттеніп отырмын бұйыртса.

Аноним 26.10.2023 | 22:14

Ниетіңіз қабыл болсын!

Аноним 18.01.2024 | 23:39

Амансызба. Өтініш ТҮКТІБАИ АТА ЗИРАТЫНА ГАЛАИ БАРУҒА БОЛАДЫ. АДРЕСІН ЖАЗЫҢЫЗШЫ. КӨКШЕТАУ👋🙏

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір