Арыстанбек пен Сүйінбай айтысына жаңаша жаңаша көзқарас
20.11.2024
353
0

XIX ғасырдағы ірі айтыс ақындарының шығармаларындағы халықтық, ұлттық, көркемдік, шыншылдық сипаттар өзінен бұрынғы айтыс өнерінен бастау алып жатқаны сөзсіз. Бұл ғасыр – әдебиетімізде ақындар айтысының әбден кемеліне келіп, шырқау биікке көтерілген тұсы.

Кезінде академик М.Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегі» деген бағасын берген Сүйінбай Аронұлының айтыс өнерінде орны ерекше екені сөзсіз. Сондықтан да болар, оның шәкірті Жамбыл:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай, –
деп ұстазына шынайы, қанатты сөздерін арнап, өмір бойы бас иіп өткен.
Сүйінбай айтыстары XIX ғасыр ақындар айтыстарының ішінде бір төбе жоғары тұруы – оның айтыстарының өз кезеңінде мәнділігі, халық көңіліндегі мәселелерді дәл баса айта білуі мен тіл өткірлігіне тіреледі.
Өз өмірінде Сүйінбай Тезек, Қаң­тарбай, Қатаған, Арыстанбек, Май­лы­қо­жа, Кескенкекіл, Күнбала, Уәзипа, Тәтті қыз, Жантаймен айтысып, Бақтыбаймен сөз қағыстырған және біраз мысал айтыстарын шығарған.
Бүгінгі күні Сүйінбайдың Тезек төремен сөз қақтығысы, дидарласуы, Қатаған­мен, Арыстанбекпен айтыстары ар­найы көңіл бөлуді, бұрын айтылып келген пікір­лерді қайта қарауды керек етеді.
Сүйінбайдың Қатаған, Арыстанбекпен айтыстарын талдамас бұрын Сүйін- бай мұраларын жеткізушілер, зерттеу­шілер ұзақ жылдар бойы бұл айтыстар төңірегінде әртүрлі пікірлер айтып, қалдырғанын айта кеткен жөн.
Ал бүгінгі күні «Қатаған ақын кім, Арыстанбек ақын кім, олардың Сүйін- баймен айтысы қашан, кімнің асында, тойында, кімдердің қатысуымен өтті?» деген мәселенің басын ашып алуға тарихи деректер, архивтік құжаттар баршылық. Сондықтан да, 2000 жылдардан бері ғалым­дардың осы айтыстардың анық нұс­қаларын бір-бірінен ажыратып, нақты пікір айтуға ұмтылғандары да аз болмады.
Сүйінбай Аронұлының 2015 жылы шыққан толық шығармалар жинағында айтыстың алты нұсқасы жарияланған. Олар: Ө.Қарғабаев, Ә.Сариев, Ә.Оспанов, А.Дуашұлы, М.Әлімбеков және
І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитованың жыршы Бейсенбайдан жазып алып, жариялаған нұсқалалары.
Бұл жинақта бірде Қатаған, бірде Арыстанбек айтысы болып жүрген нұсқа алтыншы болып қосылады.
Сүйінбай мұраларын зерттеуші профессор С.Садырбаевтың: «Қатаған – қыр- ғыз елінің атақты ақыны. Қатаған туралы әдебиетте екі түрлі пікір бар: бірінде, оның шын аты Арыстанбек еді деп айтады. Арыстанбек Бұйлашұлы 1828 жылы Шоң Нарын деген жерде туған, руының атымен Қатаған деп аталып кеткен. Ол 1882 жылы, 54 жасында Чычқан деген жерде қайтыс болған» деп жазса, «Қатаған – Арыстанбек ақын» дегенді 1935 жылы Сүйінбай өлеңдерін жариялаған І.Жансүгіров те, 1937 жылы осы екі ақынның айтысын Жамбылдан жазып алған жыршы Ө.Қарғабаев та, Сүйінбай жинақтарына түсінік жазған журналист Е.Естаев та, айтысты жинап тапсырған халық ақыны Ә.Сариев, Ә.Нұрлыбайұлы да, профессорлар С.Дәуітов, С.Негімов, Б.Сманов та айтқан.
Бұл туралы ф.ғ.д., профессор Б.Ыбрайым: «Сүйінбай мен Арыстанбек айтысты ма, әлде Сүйінбай мен Қатаған айтысты ма? деген сауал қазақтың да, қырғыздың да әдебиеттану ғылымында әлі толық анықталып, бұлтартпас дәлелдермен тиянақталып болған жоқ», – деп түйіндейді.
Қазақ-қырғыз ауыз әдебиеті байланысын зертеген, ф.ғ.к., ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Батима Кебекова: «Сүйінбаймен айтысқан Қатаған мен Арыстанбек екеуі – екі ақын. Айтыстарын жазып алушылар бір-бірімен шатастырып жібергені қынжылтады», – десе, академик А.Ахматалиев те Сүйінбайдың 200 жылдық мерекесіне арналып өткен ғылыми конференцияда осы пікірді айтқан еді.
Негізінен, қырғыз ғалымдарының көпшілігі, біздің қазақ ғалымдары секілді көпке дейін Қатаған мен Арыстанбек бір ақын деп келгенімен, бұл екеуі екі басқа адам екені Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысының қырғызша нұсқасында нақты айтылған. Онда Сүйінбай Арыстанбекке:
Тура жиырма бес жасымда,
Аалыбайдын асында,
Ормон, Жантай, Боромбай,
Жақсыларың басында,
Тезек төре, Бөлтірік,
Бұлар болды қасымда.
Жоғары-төмен тартысқам,
Көпті көрген Қатаған
Көп ыршыны матаған…
Онда, Арыстанбек, қайда едің? – деп, нақты сұрау беріп тұр.
Сондай-ақ осы жерде тағы да бір нақтылай кететін мәселе – айтыстың Аалыбайдың асында, Сүйінбайдың тура жиырма бес жасында өткені. Бұл Сүйін­байдың туған жылы 1815 жыл емес, көптеген деректерде айтылып жүрген 1825–1826 жылдарға келеді. Ал, Арыстанбекпен айтыс 1853–1854 жылдары, Қатағанмен өткен айтыстан кейін, бір жылдан асқан соң өткен.
Сүйінбай туралы көптеген деректердің бұрмаланғанын кезінде профес- сорлар Е.Ысмайлов, Х.Сүйіншәлиев, жазушы С. Бегалин, ақынның жерлестері де айтып, жазған еді. Әрине, бүгінгі күні қалыптасып қалған деректерді өзгерту қиын, бірақ шындық одан да қиын. Сондықтан шындық айтылғанда, Сүйінбайға байланысты деректер бұрмаланды деп ренжу артық болар.
Қырғыздың ыршысы, төкпе ақыны, шебер комузшысы Арыстанбек Бұйлаш­ұлы­ның туғанына 200 жыл толып отырған кезде, Қатаған мен Арыстанбектің Сүйін­баймен айтысына қайта айналып соғып, кезінде профессор Б.Ыбрайым, ғалым С.Дүйсенғазы, жазушы Қанат
Әбілқайыр және т.б жазған деректерді тірілткен артық болмас.
Сүйінбай Қатағанмен айтысқаннан кейін бір жылдан соң қырғыздың тағы бір талантты, суырып салма төкпе ақыны, шебер комузшысы, талай дастанды жатқа айтқан ыршысы Арыстанбек Бұйлаш­ұлымен айтысқанын жоғарыда айттық.
Арыстанбек пен Сүйінбай айтысы Жетіөгіздегі (Жеті өзен) Боранбай ма- наптың әкесіне берген аста өткен. Бұл аста да дәстүрлі ат жарыс, палуан күрес, найзамен сайыс, жамбы ату өтіп, ақындар айтысы болған.
Асқа Тезек төре, Сүйінбай, Сыпатай ба­тыр, Ысты Бөлтірік шешен және т.б қазақ­тың белгілі ру басылары, билер, батырлар қатысады.
Сүйінбай мен Арыстанбек айтысын терең түсіну және Арыстанбек ақынның ел айтып жүргендей Қатағанға еш қатысы жоқ екеніне толық көз жеткізу үшін Арыстанбектің өмір тарихына байыппен көз жіберу қажет.
Арыстанбек Бұйлашұлы 1824 жылы Ыстықкөл облысының Сыртты атты жерде туған. Бұғы руының Тынымсейіт атасынан. Қатаған руынан емес және Нарында тумаған.
Әкесі Бұйлаш би екі әйел алған. Бәйбішесінен бес бала, тоқалы Төрөханнан екі бала көрген. Арыстанбек тоқалдың баласы. Әкесі Бұйлаш би ертерек тоқалы Төрөханды бала-шағасымен «салбар» жасап тастайды.
«Салбар» – қырғыз елінің бай, манаптарының әйелінің жасаған кінәсі үшін немесе күйеуінің әйелінен көңілі суыған жағдайда қосағын оқшаулап, көмек бермей қоятын дәстүрі болған. Бірақ талақ қылып босатпаған. Мұндай әйелдер ел көшсе көше алмай, жейтін тамақ таппай қиындық көреді. Сондықтан да Арыстанбек жастайынан қой мен қозы бағып, өмірдің қиындығын көріп өседі. Бұл Сүйінбаймен айтысында толық көрініс табады.
Арыстанбек жасы он екі-он үшке келгенде түс көріпті. Ол би әкесіне барып: «Атаке, қой шетінде түнде жатып, түс көрдім. Қос өркеші баладай ақ түйеге мініп алыппын. Боз түйе шекпен екен үстімдегі кигенім. Ақ төбе жерге шығып алыппын. Ақ қомузды қолға алып, шертіп жатқан екенмін. Ақ төбені қоршаған қазақ, қырғыз қалың ел қобыз шерткеніме тегіс ырза болып, қошеметтеп, батасын беріп жатты», – деп түсін айтады. Әкесі: «Түсің түс келсін, зобалаңың зор болсын. Жаманның түс көргені де жаман, жүр солай…», – деп, Арыстанбекті үйден қуып шығады.
Арыстанбек 16 жасқа шыққанда ырчы катары елге таныла бастайды. Ел арасында жыр жырлап, қомуз тартып күн көреді.
Осылай жүрген күндерінің бірінде қырғыз жерін билеп тұрған Андижандағы Алымбек датқа бір іске кінәсі бар Бұйлаш би бастаған қырғыздың Тынымсейіт руының біраз адамдарын Андижанға айдап алып келу үшін сарбаздарын жібереді.
Алыс елдерді бір көруді аңсап жүрген Арыстанбек әкесіне келіп, өзін де ала кетуді өтінеді. Бірақ: «Біз тойға бара жатқан жоқпыз», – деген жауап алса да, күндес шешесінің балаларының малынан бір құнанды ұрлап мініп, жасырын Андижанға бет алғандардың соңынан ереді. Барған соң абақтыға жабылған әкесі мен туыстарында жұмысы болмай, сол маңдағы қырғыз айылдарын аралап, қомуз тартып, жыр жырлап, аз уақытта сол жердегі қырғыздарға танымал бола бастайды.
«Ел арасында қомузды шебер ойнайтын, жырласа бұлбұлдай сайрайтын жас қырғыз жігіті жүр» деген хабар Алымбек датқаға жетіп, нөкерлерін жіберіп іздетіп, тауып алады.
Қасына жинаған жақындарымен өзінің қомузшыларын тамашалап отырған Алымбек датқаға Арыстанбекті алып келісімен ол өз қомузшыларының тартқан күйін жас жігіттің қайталап шертуін бұйырады. Датқа тапсырмасын мүлтіксіз орындаған Арыстанбек бір сәт өз күйін тартып, оны қайталауды датқаның күйшілерінен өтінеді. Олардың ешқайсысы Арыстанбек күйін толық тарта алмай, жеңіліске ұшырайды. Осылайша, ол Андижан, Қоқан, Наманган, Маргелан жеріне аяқ тіреп, бірнеше жыл алдына жан салмаған қомузшы, ыршы болады.
Өзі мен шешесіне жасаған қиянатына қарамай, Алымбек датқаны көндіріп, әкесі мен руластарын абақтыдан босат­тырып, еліне қайтарады.
Алымбек датқаның қасында біраз жыл жүріп, дүние, мал жиып алып датқаның рұқсатымен және ол сыйлаған қыруар олжамен еліне қайтады. Сүйінбай тілге тиек ететін «ала шапан, көк шапан, көп шапан» – осының айғағы.
Абақтыдан босап келген руластары жеткізген оның даңқы қырғыз еліне тез тарайды, ыршыны зор құрметпен тосып алады. Қырғыз жерінде ешбір үлкен той, ас Арыстанбексіз өтпейтін жағдайға жетеді. Қырғыздар қазақтармен бас қоса қалса да Арыстанбекті қалдырмауға тырысады.Осылай ол қазақтың Сүйінбай, Қаңтарбай секілді жыр жүйріктерімен айтысады.
Арыстанбек елге келген соң Сарбағыш руының жеріне жақын қоныста­нады. Бірақ 1848 жылдардан кейін Бұғы мен Сарбағыш руларының арасы шиеленісе бастаған соң, алдымен, Ыстықкөлге, 1850 жылдары Боронбай манаптың еліне, Жетіөгізге көшіп келеді, яғни Арыстанбек Қоқан қысымын, Кенесары мен қырғыздар соғысын, патшалық Рессейдің қырғыз жерін отарлауын өз көзімен көреді. Соңғы оқиға оның 1852–1870 жылдары жазған «Тар заман» атты дастанында толық суреттелген.
Арыстанбек Сүйінбай мен Қатаған айтысының ішінде болған. Орман хан мен Жантай батырдың Қатағанды білдірмей жасырын алып келіп, қазақтардың сағын сындырмақ болған әрекетінің куәгері.
Арыстанбек – «Кожожас», «Төстік», «Бердикожа жалғызым», «Чоро», «Бес қазақ» дастандарын, «Манастың» «Көкөтайдың асы» үзіндісін жырлаумен де аты шыққан жыршы, бес жүзге жақын күй тартып, «Арыстанбектің арман күйі», «Кербез», «Солтон сары», «Кетбұға», «Ат чубатар ботой» және т. б. екі жүздей күй шығарған күйші де болған.
Арыстанбек Бұйлашұлы 1878-жылы Нарын Чычкан облысында қаза болып, Ыстықкөлдің теріскейіндегі елді мекеніндегі Ташқия бейтіне жерленген.
Арыстанбектің өмір тарихынан көріп отырғанымыздай, ол Сүйінбайды, қазақ елінің тарихи оқиғаларын, жыраулардың толғауларын жақсы білген. Оның бір ғана мысалы, ақынның «Кетбұға» дастанын шығаруы.
Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысының жарияланған үш нұсқасын салыстыра отырып біз Ө.Қарғабаев, Ә.Нұрлыбаев нұсқаларында көптеген қоспалар бар екенін байқадық.
Сүйінбай мен Арыстанбек айтысы қазақ ақынының қырғыз манаптары мен ханымен сәлемдесуден басталады. Бұл Сүйінбайдың барлық айтысында қолданатын әдісі десе де болады. Қарсыласына, не отырған көпшілікке сәлемдесе отырып, Сүйінбай барлау жасайды.

Жүйрік ақын Сүйінбай жыр бастаған,
Тастақ ұрып, арғымақтай бой тастаған.
Хан Орман, Қара Бәйтік,
батыр Жантай…
Басыңа кидің бөрік қызыл алтай, – деп бастап, біресе Қатағанмен, біресе Арыстанбекпен айтыстары деп жүрген нұсқаларда көшіп жүрген қырғыз манаптарынан тілек тілеу жыр жолдарын төге жөнеледі:

Осы отырған манаптар,
Айтқан сөзді жаратар,
Ер тоқымы алтыннан,
Бір ат бергін мінерге.
Алтын шапан жабарсың,
Әсем етіп киерге, –
деп төге келіп:
Өздерің біліп қосарсың,
Тағы да болса қалғаны, –
деп тоқтайды.
Бұны айтқанда өзінің басы қырғызға сыймай жүрген Орман ханның, Кене- сарының қаны мойнында жүрген Жантай батырдың, олардың сойылын соғып жүрген Қара Бәйтіктің тілегенін бере қоймайтынын Сүйінбай білмеді деу мүмкін емес. Бұл шабуыл – қарсыласының аузына сөз салу. Бұл қақпанға Арыстанбек өзі келіп түседі:
Ау, Сүйінбай тоқтағын,
Әлсіздің сөзін қозғадың.
Мойныңа дорба асынып,
Алақан жайған тазбысың.
Ыршылығың пәс пе еді?
Кеше Аалыбайдың асында,
Хан Боронбай басында,
Ақылмандар қасында,
Бел ауыртпай бәйге алып,
Құнығып қалғанға ұқсайсың, – деп қобызын безілдете жырлай жөнеледі.
Иә, Арыстанбек Сүйінбай мен Қатаған айтысын Боронбай өткізгенін, оны хан дегенінен білдірсе, екі орамға келмей жеңілген Қатағанды еске салып, Арыстанбек оңай жаңғақ емес екенін білдіреді.
Арыстанбектің төре тұқымдарының Абылайдан тарта тарихын жете зертте- генін, қазақтың осал жері Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз қолынан қаза тапқанын білетіні айтыстың келесі жолдарында анық көрінеді.
Арыстанбек Сүйінбай сұраған нәрселердің бәріне тоқтала келе, қазақты кемсіте, төрелерге тисе келе:
Қырғызға қырғын салам деп,
Абылай хан бізге жармасты.
Бегімжан сұлу ғашығы,
Белгілі қылған осыны, –
деп Абылайға бір тисіп алып, ауызды тереңірек салады.
Абылай құлдың тұқымы,
Кенесары, Наурызбай,
Кесірлі шықты осылай,
Көрші жатқан қырғызды,
Жөн, жайына қойыспай,
Қылышын қанға қандаған,
Арам қалмақ тұқымы,
Кімге азап салмаған.
Оны да аз көріп, Сүйінбайды біржолата тұқыртып алу мақсатында:
Сарбағыш, Солто бірігіп,
Жантай, Бәйтік бас болып,
Орман қолды бастаған,
Жаулаймын деп келген Кененің,
Басын кесіп тастаған.
Наурызбайдай батырдың,
Жұлынын жұлып сабынан,
Жүрегін суырып қабынан, –
деп Сүйінбай емес, бар қазақ көтере алмайтын ауыр сөзді жүйткіте жөнеледі.
Арыстанбек бұл жолдарды жай сес көрсету, қазақ ақынын тұқырту үшін айтып отырған жоқ. Абылайдың шешесі түрікпен құлдың қызы болғанын және Бұқар жыраудың:
Ай, Абылай, Абылай,
Он бір ғана жасында,
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Әбілмәмбет төренің
Арқада жүріп қаңғырып,
Түйесін баққан құл едің, – деген толғауын, Абылайдың қырғыз жеріне жасаған шабуылын біліп, зерттеп, содан өзіне керекті деректерді тілге тиек етіп отыр.
1754–1755 және 1764 жылдары қырғыздар Жетісудың біраз ауылдарын басып алғанын, кейін Абылай бастаған қазақ батырлары Ақсу, Көксу, Шу бойында қырғыздармен соғысып, көп ұзамай Іленің сол жағасын, Шу бойын қырғыздардан тазартқанын Арыстанбек білмей отырған жоқ, тек өзіне керекті, Абылайдың қырғыздарға шабылуын, қырғыздардың қырылуын алға тартып отыр.
Бұл Арыстанбектің Сүйінбаймен айтысуға жан-жақты даярланып келгенін көрсетеді. Сондай-ақ қазақтар алдында қазақ сұлтандарының өлімінің кімнен келгенін де ашық айтады. Бұл – Ормон хан мен Жантай батырға қарсы Боронбай саясаты.
Арыстанбек өзінің ақындығын, жеткен жетістігін Сүйінбайға сес етіп:
Арыстанбектей ақынды,
Әр санат сөзге жақынды,
Аңғарып алшы кім болған?
Белсеніп жырлайды Арыстанбек.
Көп ақынмен айтыстым,
Көп ішінде тартыстым,
Комуз күйі жағынан,
Еш кім менен өткен жоқ,
Ешбір ыршы жыққан жоқ, – деп төге жөнеліп, «жеріңе жеткізген шығармын, тағы айтарың бар ма?» – деп тоқтайды.
Арыстанбек ырын тыңдаған Сүйінбай да аңдығанын, өзіне керек жерін тапқандай жырға кезек береді.
Тектімін деген Арыстанбектің «салбар» тексіз ақын екенін, мені «құлдың баласы» десең, сен «қырық қыз бен қызыл иттен тумап па едің?» деп ежелгі қыр- ғыз фольклорындағы қырғыздың туу тарихы мен жоғарыда Арыстанбектің өмір тарихындағы Арыстанбек үшін келеңсіз жайларды алдына тартады:

Ау, Арыстанбек не дейсің?
Сөзге кезек бермейсің,
Тектімін дейсің, Арыстанбек.
Тегіңді жақсы білемін…
Қырғыздың бар ма атасы?
Қызыл иттен таралған,
Қырық қыз сенің көрөңгөң, –
деп бір қайырып алып:

Бай баласы болсаң да,
Би үйіне сыймаған,
Бидің төрін баспаған,
Сен салбардан туған ғаріпсің, –
деп жалғастыра келіп, өзінің тегін сұраған Арыстанбекке:

Тегіңді айтып мақтандың,
Мені тексіз деп айтып қаптадың.
Ата-тегім менің жыр болған,
Жыр менен күйге пір болған.
Сендерде Қабандай жыршы кім болған,
Бақ дарыған бабамның,
Басқан жері сыр болған,
Барған жері жыр болған,
Тегімде бар жыршылық, – деп өзінің тегі, нағашысы ұлы жырау Қабанға барып тірелетінін айтып жауап береді.
Бұдан әрі Сүйінбай Арыстанбек қу тіршілік үшін датқалар мен манаптарды мақтап жинаған сары, көк шапандары мақтауға тұрарлық емес екенін бетіне басады және өзінің де осал ақын еместігін:

Көпті көрген Қатаған,
Көп жыршыны матаған,
Көп сөздің басын шатаған,
Оған мойын бұрмастан,
Домбыраны қолға алып,
Толғап-толғап бұрадым,
Толған сөзді құрадым,
Бір Алланы паналап,
Артықтығымды даралап,
Көк тұйғынша самғадым,
Көпшіліктің ішінде,
Құтты сөзді көп айтып,
Шалқасынан салғанмын,
Онда Арыстанбек қайда едің? –
деген жолдармен сырғытып өтіп, Арыстанбектің кей кінәларын бетіне баса отырып, өзі үшін ауыр сұраққа жауап беруге көшеді.
Ол Абылай, Кенесары, Наурызбайға байланысты тақырып, Сүйінбайдың көрегендігі, ақыл мен айласы ақындық ерен талантына сай екенін осы мәселеге байланысты айтқан жауап жыр жолдарынан нақты көруге болады.
Ол байбалам салатын, тырнақ астынан кір іздейтін, «маған ауыр сөз айтты екен» деп қарсыласына аузына келгенін айтатын ақындардай емес, өз бигінен жыр толғайды:
Елі бардың ері бар,
Ері бардың бегі бар,
Айтар сөздің жөні бар,
Халқы бардың ханы бар,
Қанішер кәпір болмаса,
Қастерлі жұртта парқы бар,
Қаптап қалың жау келсе,
Халқының намысын сақтаған,
Әрбір ердің нарқы бар,
Айтқаныңда өтірік жоқ…
Батырдың да халқы бар,
Өткеннен сөз бастасаң,
Шындық сөзден қашпасаң,
Қасиетті қалың қазақта,
Қырғыздың да кегі бар,
Мақтаныштың да шегі бар, –
деп бір қайырып алып, негізгі мәселеге көшеді.
Абылай ханның шабуылы,
Талайдың қалған есінде.
Кенесары, Наурызбай,
Қырғыздардан өлді деп,
Қорлықты бізден көрді деп,
Артық сөз айтып есірме,
Басың қалар кесірге,–
деп төкпелей келе, Арыстанбекті риторикалық сұрақтың астына алады:

Хан бұзылса жау болад,
Сел қаптаса жер көшед,
Жау қаптаса ел көнед,
Оның несін айтқандай,
Заманнан бері осындай.
Әлсіз адам үйде өлед,
Жоқ іздеген жолда өлед,
Арсыз адам күнде өлед,
Ер-азамат жауда өлед,
Ажал жетсе хан да өлед,
Бар ғаламды тергеген,
Ақ пайғамбар ол да өлед,
Қызыл тілін сайратқан,
Қалың жұртты жырғатқан,
Сүйінбай, Арыстан ол да өлед.
Бәрі бүтін, басы аман,
Бір Құдайдай сөйлейсің,
Алланың жолын білмейсің,
Шейт өлім болмаса,
Сенің қайда Манасың?
Иә, Кене мен Наурызбай өлсе ол да бір Алланың құдреті, дүниені дүр сілкін- дірген Манас қайда, өлмесе, Арыстанбек?
Арыстанбекке бұдан артық қандай жауап керек? Даярлап келген үш уәжі де тойтарыс тапты, сөз қадірін білетін ақын да, тыңдаушы да бұдан әрі сөз біткенін түсінді.
Сүйiнбайдың қарсылас ақынына көркемдiгi әсерлi тiркестермен төпелей жауап беру сөздері нәтижесiн бередi. Сөз сайысының нәтижесінде ақындық шабыттың, лирикалық толғаныспен өрiлуi, айтыс шумақтарының тiкелей арнау түрiнде жырлануы, Сүйінбай ақынның аруағын асқақтата түсті, Арыстанбектің психологиялық жағдайын әлсiретті, бiржола тiзе бүктiредi.
Қатағанмен айтыста қырғыз Қара Бәйтігі жеңісті Сүйінбайға берсе, ойла- ған ойына жеткен, Орман хан мен Жантай батырды Тезек төренің алдында жерге қаратқан Боронбай манап Арыстанбек ақынын жерге қарата алмайды, қолын көтеріп, айтысты тоқтатып екі ақынға бәйгені бөліп береді.
Тілегін Боронбайдан да, Тезектен де еселеп алған, осы кездің тілімен айтсақ, сөзінің құнын алған, қырғыздың тағы бір ақынымен ерен айтысқа түскен Сүйінбай да, кешегі Қатағандай ақынды жеңген Сүйін­баймен терезесі тең дәрежеде айтысты деген атақ алған Арыстанбек те, қырғыз-қазақтың татулығына дақ түспегеніне шүкіршілік еткен қалың халық та риза еді.

 

 

Анарбай БҰЛДЫБАЙ,
ф.ғ.к., профессор,
ҚР Білім беру ісінің үздігі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір