Өмірдің ғажабы мен жалғандығы
Кетіпсің көшіп үндемей
Бір күнде басқа қалаға.
Зар болып қалдым мүлде мен
Сен жұтқан ортақ ауаға.
Соңыңнан жеттім, бұзып ап
Суыдым деген сөзімді.
Кентіңді кездім күнұзақ
Кезіктірем деп өзіңді.
Қалайша ақыл сарқылды
Қисынын іздеп, таба алмай.
Шаһарыңда мен шарқ ұрдым
Бір хабар сенен ала алмай.
Сезімді қойдым тежеуді,
Таппады ол да амалын.
Бір сәт те сөйтіп сені енді
Көре алмай қайтып барамын.
Тақаған қарттық сиқы ма,
Жүретін көшін кеш түзеп.
Үйіме кеттім, шіркін-ай,
Үніңді де бір естімей.
Қайраты қайтқан қырандай
Осылай үміт өтер де…
Барғанымды да біле алмай,
Қалдың сен жаңа мекенде.
Тағдырға бердік ерікті,
(Іші оның білмес жылуды).
Бізге енді ол артық көріпті
Бір жерде өмір сүруді…
ЖОҒАЛҒАН АУЫЛ
Жоқ бүгін менің туған ауылым да,
Қозы-лақ ойнақтаған бауырында.
Адасып кетті ме екен замананың
Теріскейден соғатын дауылында?
Естіге өз ауылы – алмас тұтқа,
Есігін айқара ашқан арман, құтқа.
Жайраң қағып мен қалай барамын тек
Жолынан шаң да шықпас
қалған жұртқа?
Барамын, қағида бар мызғымайтын:
Қазығыңнан жүр деген ұзамай тым.
Қаңбақ толған зираттар қарсы алады –
Жұрттағы жалғыз белгі жылжымайтын.
Бет сипап, аруақтарды еске алам да,
Жалбарынам Аллаға:
Көш-ғаламда
Көшкен жұртқа жар болып қайда жүрсе,
Өшкен жұртты көрсетпе еш заманда!
МАХАМБЕТШЕ
Арқаның шұнақ аязы
Арқадан бүріп өтпесе,
Шіліңгір шілде өзіңді
Шыжғырған майдай етпесе,
Шылқылдап кеткен ұлтарақ
Табанда жүріп кеппесе,
Былқылдап жатқан бұлшық ет
Темірдей болып кетпесе,
Өзегің талып, кей кездер
Өңешке бір нәр сеппесе,
Беліңе шап-шақ белбеуің
Бес орауға сәл жетпесе,
Шау тартқан көңіл бір уақ
Зар қаққан күйін шертпесе,
Азаматсың, деп әр күнің
Ауырын үйіп-төкпесе…
Қадірін ұқпай өмірдің,
Күн өткізіпсің текке сен!
Еділ Асылбек