Әріптес немесе Ырым жайлы сырым
Қатарлас туралы айту әрі қызық әрі қиын. Қызығы – ойыңа не түрлі жайттар түседі, қиыны – артық кетіп, кем соғам ба деген қауіп тұрады.
Десе де – қызығынан бастайын…
1965 жылдың жазы. Ырымның моншақты ойларын мөлдіретіп түсіретін қаламының арқасында марқайып, қанаттанып жүрген кезі. Өзі төңірегіне танымал, ауыл-аймағы бәрі біледі. Өйткені, бұрқыратып жазып, жазғандары газет бетінен түспейтін жас тілші.
«Қазақстан пионерінен» хат келіп жатады, тіпті арнайы сыйлықтар да алып тұрады. Оның үстіне редакциядан келген хаттың соңында «Үзбей жазып тұр!» дегенді оқиды. Осы сөз өзіне берілген әрі тапсырма, әрі бұйрықтай. Қаламы бір тынбайды, тіпті түсінде де жазып жатады. Соңғы қоңырау да соғылып, сыңғыры сағыныш боп артта қала берді. Алып-ұшқан көңілмен әсем Алматыға келді. «КазГУ-дің журфагына түссем», – дейді. Асыл сыры – арман құпиясын ешкімге айтпайды, айтуға бір түрлі ұялады. Сұрастырып жүріп айналасы ығы-жығы қыз-жігіттерге толы, бірі кіріп бірі шығып жатқан КазГУ-ді тапты. Жүрек лүп-лүп, қолтығында пәпкісі. Пәпкінің іші толы газет-журналдардан қиып алынған өзінің маңдай тер мақалалары, өлеңдері, очерктері, әңгімелері, балладалары, мөлтек сырлары, суреттемелері – бар жазғандары.
Құжат тапсыратын орын кең залда екен. Ортадағы құжат қабылдаушы тәтей отырған жалпақ столға бір шоғыр қыз-жігіттер кезек түзіпті, келіп соңына ала тұрып жан-жағына қарағыштай берген. Сол арада аңқылдаған дайра көңіл бір жігіт емін-еркін сөйлеп тұрды. Әр балаға көз тоқтатып: «Сен қайдансың?», – деп қояды. Мұның алдында тұрған басына төркөз әдемі шәпкі киген жап-жас сары балаға: «Шәпкің жақсы екен», – деп қойды да, бұған бұрылып: «Атың кім?», – деді, мұның қолтығына қыса түскен пәпкісіне бір, әлгі сарбалаға бір қарап: «Сен байқа, ақын. Мәселе шәпкіде емес, пәпкіде», – деп мұның пәпкісін шертіп қойып, бәрін ду күлдірді. (Бірін-бірі танымаса да әзілдері жарасып-ақ кеткен сол бір кез-ай…). Құжаты мен пәпкесін қабылдап алып жатқан тәтей мұқабаға көз тоқтатып:
–Е-е, Кененбаев! – деп дауыстай оқып бола бергенде, келесі столда отырған ересек жігіт елең етіп жетіп келді де:
–Кім дедіңіз? – деп дереу пәпкіні қолына алды, – Сен Кененбаевсың ба?
Қайталап сұрағанына қарағанда өзі жас оқытушы секілді, тіпті: «Дұрыс болды, жақсы-жақсы», – деп елдің көзінше ерекше ықылас танытып жатыр. «Жазғандарымды бәрі оқып, бәрі біледі екен ғой», – деп бұл тұр. Дайындығы – кітаптан басалмайды. Ақыры – жүрегі лүпілдеп, баратын емтиханы да басталды.
Қызығы, алдына барған емтихан алушы:
– Е-е, сен Кенекемнің баласы екенсің ғой, – деп іштарта қарайды. Бұл «Е-е, ауылдағылар Кенеке дейтін әкемді де таниды екен ғой» деп қояды. Алып-ұшқан көңілі ештеңені елемейді. Ал емтихан алушы мұғалімдер болса көп сұрамайды, бастай бергеннен: «Бәрекелді, болды, болды», – деп бәйек боп қалады, әйтеуір қорқып барып қуанып қайтады, алатыны кіл жақсы баға. Осы кезде емтиханның бел ортасында осыған ұқсас бір жай болып жатады. Сынақ басталар шағында емтихан алушылардың құлағына журфаққа атақты ақын Кенен Әзірбаев ақсақалдың ұлы оқуға түскелі келіпті деген хабар жетеді. Ақсақалдың құрметіне ұлын назарда ұстауға ықылас қойылады. Ұлы Бақытжан Әзірбаев ойында ештеңе жоқ емтихандарға ештеңеден жасқанбай сеніммен барады. Бірақ дәмелі бағасын көрмейді, оны естіген ақсақал қайтеді енді. «Бұл қалай, біздің бала болмай жатыр», – деп Алматыға үшбу айтады. Бұл баяғы Кенен ақынның:
– Тұңғыш қызым Талжібек,
Алпыс беске қалды кеп.
Екінші қыз туғанда,
Ұлтай қойдым ырым ғып,
Артынан ұл тусын деп,
Ата жолын қусын деп.
Үшінші қыз туғанда,
Төрт кемпір мен бір шал деп,
Естіген ел күлсін деп,
Артынан іні ерсін деп,
Түтін тура шықсын деп.
Жол құтты боп екі қыз,
Оңынан туып таң жұлдыз.
Көп кешікпей ұл туды,
Жамбыл келіп қуанып,
Атын қойды Көркемжан,
Тағы да бір ұл туды,
Ұл туған соң күн туды,
Тоғызыншы май күні,
Жау жеңілген әйгілі,
Атын қойдым Бақытжан, –
деп жырлаған ұлы – Бақытжан.
Содан емтихан алушылар «Кенекемнің баласына жақсы баға қойғанбыз», – деп аң-таң болады. Ақыры біреу Кенекемнің баласы Бақытжан екенін анықтап, білместікті түзеп жібереді. Өстіп, Кенекемнің арқасында екі бала оқуға түседі, бірі Бақытжан, екіншісі ойында ештене жоқ осы Ырым.
Осы бір оқиға еске түссе, еріксіз езу тартқызады. Ырым да риясыз ырзалықпен айтып отырады. Бірі Кенекеңнің «баласы» боп, бірі Әзірбаев болып екеуі бір шалдың шапағатын көріп, шалқыған шақ ұмытылар ма, сірә?! Қазір олар жігіттік сырлары бір, отбасылық қуаныштары ортақ, жұптары жазылмайтын жан достар.
Жас тілші, Кенен ақын «баласы» әрі Кенен– байдың дарасы Ырымның журналистикаға осылай келгенін айта жүру ләзім деп білдім.
Енді Ырымның өзі таңдаған жолдағы шығармашылық өрнегі мен өрісіне ой жүгіртіп көрейік.
Бір нәрсе анық: тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде адамды өмір бойы адастырмай, деміктірмей тыныс беріп отыратын, аптықса да үмітінен адастырмай жетелеп, дәйім желеп-жебеп отыратын құдірет – оның туабітті табиғи қабілеті. Оның тіршілік кешуінің кардиограммасы да, балы мен бағасы да осы қабілетпен өлшенеді, осы қабілетпен өріледі. Қазақы пайымдауда мұны «бақ» дейді.
Баққа да бап керек. Құнарлы топыраққа түскен дәннің дер кезі көктеп, тамырын терең тартып, әуелеп бой түзеп, мәуелеп жапырақ жаятыны соны айғақтайды. Ал қаламгер үшін баптың басы жолбасы жылы сөз болса керек. Сол жылы сөзден басталатын жарқын жолдар да болады.
Алға қойған талабыңа алдыңнан жарылқасын айтып, ақбатадай адал ықыласын білдірген жылы сөздің тағдырына тұмардай боп тағыларын балаң елікпен, жастық желікпен аңғара қоймаса да есейе келе жетпіс атты ерентөбеге шыққанда есіне түсіріп, кейінде қалған күзеулі күндеріне көз жіберген кезде қимастықпен, мұнарлы мұңмен, сырға толы сазбен ой бесігіне бөлеп тербетері табиғилық. Бұл – бәрін өзінің нәзік дірілінен өткізіп отырар жүректің тағы бір шым ете түсер сәті.
Ал Ырымды баптаған, қаламын саптаған «Қазақстан пионері» газетінен келген қарлығаш хаттардағы жылы сөз еді. Бәріне де таза, пәк көңілмен қарап, таңғы шықтай мөлдір қалпында қабылдайтын қиялшыл балаң тілшінің жазғандары сонау астанадан пәленбай мың данамен тарайтын газет бетінде қызылды-жасылды бояулармен әспеттеліп тасқа басылып шығып, жарап жатқанының өзі өмірінің бастаулары – бас тараулары екенін сезіне де қоймағаны болар. Ауылының момақан да тамылжыған табиғатындай тірлігін әңгімелеген қысқа да мөлдір суреттемелері мен мақалаларының жиі-жиі жарық көріп жатуы оның есімін құлаққа сіңісті етіп қоймай, мыңдаған көңілдерде көгенделіп, жадында жатталып қалып жатқанын білді ме екен?
Жас тілшіге жігер берген жылы сөз газет бетінде де, ел алдында да айтылып жатыпты. Соның біріндегісі: «Бұл әңгіменің авторы он алты жасар мектеп оқушысы. Жас автордың бұрын да газетте «Бағила» деген әңгімесі жарияланған. Ырымның әңгіме жазу шеберлігін біраз меңгеріп, қаламы төселіп қалғандығы байқалады. Бүгінгі жарияланып отырған әңгімесінде мектептегі кластас құрбыларының кіршіксіз де мөлдір, сәби жүректерінің шынайы достығын суреттейді», – деп жазыпты. Бұл – осыдан елу төрт жыл бұрын «Жетісу» газетінде жарияланған жылы сөз. Екінің бірі шыға бермейтін, жазғыштардың көп кезінде кие жарып әдебиет бетінен жарқ ете қалу – сенсация іспетті құбылыс болатын. Ал бұл кезде ол мектеп оқушысы еді. Оқушы ғана емес, сол кезде мектепте сабақ оқып, ұстаздар алдында тәлім алып жүрген Ырымның қоса қабат аудандық «Жетісу шұғыласы» газетінде қызмет істеуі кез келгеннің өмірбаянында кездесе бермейтін тосын жаңалық, тосын тағдыр сәттілігі. Қатарластарынын озу деген осы.
Пешенеге жазылуы солай ма: Ырым ертелеу жазды, ертелеу қызметке араласты, тіпті университеттің студенті боп жүріп үшінші курста-ақ елден бұрын «Лениншіл жасқа» орналасты.
Бұрын өзі өскен – оқыған Еркін орталау мектебі, Шұбар мектеп-интернатының атын шығарып танылса, енді оның есімі республиканың түкпір- түкпіріне есімі қылаң беріп, еліміздің атақты ғалымдары, академиктері, қайраткерлерімен жүргізген сұхбаттары көлдей боп жастар газетінің айқара беттерін алып жататын болды. Міне, жап-жас балаң жігіт, бетіңе ұялшақтана қарайтын биязы ауыл баласы академик ағаларымен сырласады, сұхбаттасады, өмірдің – уақыттың өзі тудырып отырған толғақты мәселелері төңірегінде салмақты да салиқалы сұрақтарымен әңгіме-дүкен құрады. Жалаң сұрағын жалаңдатқан жайдақ журналистермен сөйлесе бермейтін халқымыздың біртуар тұлғаларының балаң жігіт бойынан жаңашыл лепті көріп, тақырыпты таңдаудағы тың талпынысты танып, мың сан оқырманның – жастар қауымының психологиялық жаңғыру үстіндегі көзқарасын сезініп, серпіліп сала беруі – сыр сандықтың кілтін ашып, кең отырып ұзақ сұхбаттар құруы – газет үшін де ғаламат әсерлі, ғибраты мол ғажайып тәрбие сабақтарындай еді. Кеңестік жетістіктерді жіпке тізген жауыр мақала, очерктерден жапа болған оқырман үшін бұл бір тосын да тұнық мөлдір бастаулар еді. Содан болар, Әлкей Марғұлан жайлы «Ғылымда даңғыл жол жоқ», Уфа Меңдібайұлы Ахмедсафин жайлы «Бұлақ көрсең көзін аш» портреттік-сұхбаттары, Шапық Шокинмен жүргізген «Сібір өзендері арнасын түстікке бұрады» атты проблемалық болжамға бай, актуалды мәселенің жүлгелеріне ой жүгірткен әңгімелерінен оқырманның, зиялы қауымның ой-түсінігі де, таным-түйсігі де едәуір кеңейіп көңілдерінен шыққандай еді. Өйткені, бұл материалдар ғылым мен мәдениетті тереңдеп жазудың жаңа бір үлгісіндей әсер қалдырды.
Жастар газетіндегі жас журналистерді қамшылап қайрап отырудың, оның шығармашылық мүмкіндігін толығынан сарқа пайдаланудың бір әдісі – жігіттердің бір бөлімде сартап боп тапжылмай отырып қалуына жол бермеу болатын. Бөлім меңгерушілерін, редакторларын (ойын қызған кезде, аса жауапты сәттерде болатын ойыншыны, оның ішінде шабуылшыны ауыстырып отыратындай) ауыстырып отыратын дәстүр бар еді. Бұл бір жағы қаламды серпілту, бір жағы шығармашылық бәсеке тудыру еді. Сол кезде Ырым шаруа бөліміне ауысқаннан кейін де тың идея, жаңа тақырыптарға жол ашып, қабілеттің қашан да қай қиядан да қапысын жібермей өз өресінен көрінетінін танытты. Ертеден қара кешке дейін тірлігі тыншымай, ұрандап-уағыздап, бастамадан бастама көтеріліп, соның бәріне жедеғабыл қолдау, үндеулер қабылданып жататын сол бір тұстағы шаруа –жастар бөлімі секретариаттың жұмысындай тынымсыз, қауырт, сүргінді болатын. Қолма-қол атақты адамның лебізін, сөзін әзірлеу, қолма-қол Орталық комитеттен келген бастама мәтінін отыра қалып терімшіге диктовка жасау, қолма-қол беттер құрастыру – ортақол журналисті жабы етіп жүнжітіп жіберетін, жазып жүрген тақырыбынан адастырар, тіпті жазу стилінен айырылып, қасаңданып қалуға мәжбүр етер қара жұмыс еді. Мұндай шырмаудан журналистің тың ойлары, жақсы идеялары, жастар газетіне жарасар жақсы жаңалықтары арқылы ғана жол тауып кетуге болатынын талай жігіттердің ішінде Ырым да ұға білді. Ұға білді де, ұтырлы өз жолын тапты. Жанға жақын, жүрекке жылы тиер жаңа айдарлар соның айғағы; ел өмірін мөлдіретіп түсірген лирикалық очерктердің жиілеуі соның куәсі; лирикалық очерктермен көрінуге құштарлықтың барша қаламгерді, журналисті баурауы соның жемісі.
Өзі осы лептің басынан көрінді. «Адамдар мен жұлдыздар». Осы бір лирикалық көркем очерктер сериясы Ырымның қаламын жаңа қырынан танытты: өмірді тек мәліметтермен, жоспарлармен, цифрлармен, социалистік жарыстың жеңімпазы болу секілді деректермен өрнектеуден гөрі алыс шалғайларда өмір сүріп жатқан қазақ жастарының жастық арманы, жүрек лүпілі, сыр мұңдары, өмірге деген құштарлығы мен іңкәрлігі, қарапайым тірлігі, махаббаты мен мұратты істерін қаз-қалпында әңгімелеу арқылы көз алдыңа өмір шындығының шырайланып, атар таңдардың арайланып нұр шашатынына куә болдық. Курстасы, қатарласы, замандасы Жарасқан ақын:
Туған дала,
Тыным алмас жастамын,
өртенуден қашпадым…
Шаршағанда шалғыныңды
жастанып,
шалқаласам,
Шаңырағым – Аспаным, –
деп жырлаған ауылдың иісі, ауылдың романтикасы, ауылдың тірлігі бізге жақындай түсіп, оқыған жанды ойға бөледі.
Бұрын қазақ журналистикасында болмаған үрдіс – экспедиция ұйымдастыруды да ерек бастаған еді. «Жас шопандар ауылы» экспедициясының материалдары толассыз екі жыл бойы жүруі көп нәрсені аңғартады. Бұл – Қазақстанның жері-жерінде жастар газетінің жалауын желбірету, жүздеген кейіпкерлермен жүздесу, ондаған шаруашылықтарды аралау, мыңдаған оқырман хаттарына ұйытқы болу деген сөз еді. Келген хатты қорытып, тып-тыныш өмір сүруден гөрі өмірмен қоян-қолтық араласудың өткір де ұтымды жолын табу – журналистің жан дүниесінің, қиял идеясының көкжиегінің қаншалықты екенін көрсетіп қоймай, шеберлігін де аңдатады.
Сол бір тұста Сейдахмет Бердіқұлов бастаған, Рашид Рахымбеков, Кәрібай Ахметбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Әбдірайымов, Төлен Қаупынбаев, Кәдірбек Сегізбаевтар қоштаған, Құрманғазы Мұстафин, Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева, Жанат Елшібеков, Әшірбек Көпішев, Жарылқап Бейсенбаев, Сейітқазы Досымовтар ілескен серпінді лектің жастар газетінің жаңа ауанын, атмосферасын жасау арқылы оның тиражын күрт өсіргенін айтсақ, соның бел ортасында Ырымның бәйгеторысының шабысы да табысы да бөлек екенін айтқан ләзім. Журналистің жолы – талабынан, қуаныш-табысы қаламынан, қызығы – отбасынан, шыжығы – ортасынан. Ең мұраттысы Ырымның жастар газетінде судай сіңіп, тастай батып, жарасымына айналып, сол жасаудың бір уығына айнала білуінде екен.
Өмір – сырт-сырт соғып тұрған уақыт тілінің шежіресі. Ол тоқтамайды. Қайырылмайды. Еркінмін деп жүргендердің өзі оған ілеседі.
Ырым да жастар газетінің өмір өткелі екенін қинала сезінді. Қимады. Бірақ өмір заңы солай: толқыннан соң толқын келеді… Баспагерлік жұмыстың да газет жұмысынан ауылы алыс емес, қоңсылас екенін келе түсініп, тез кірігіп кетті. Жазатын, ойы бар журналист қай жерде де құр қалмайды екен. «Қазақстан», «Рауан» баспаларында жүріп Ырымның екінші бір қыры ашылды.
Адамды қабілет құтқарады, қабілет асырайды, қабілет жетелейді. Қабілеті бар қарап отыра алмайды. Ол – тынымсыз болады, жаңалыққа құштар келеді, жақсы істерге мұрындық болады. Ел тілегі қабыл болып, еркіндік алған алғашқы жылдарда қазақ тілінің тағдыры қатты көтеріліп, оның дамуын, аясын кеңейтуді қолға алынған тұста үкіметіміз «Ана тілі» баспасын ашуды ұйғарды. Міне, осы кезде қаламы жүйрік, баспагерлік тәжірибесі мол Ырым осы бір жауапты істің басшылығының біріне тартылды. Аз уақыттан соң ол баспаның директоры болып, уақыт өте келе «Білім» баспасына жетекшілік етті. Соңғы жылдары ол уақыттың талабына сай қайта құрылған жаңа өндіріс ошағы – «Алатау» мемлекеттік баспа-полиграфиялық корпорациясының президенті.
Жалпы, газеттер мен кітаптар басатын үлкен баспахана – ілкімділік пен іскерлікті талап ететін, шаруасы шаш-етек жер. Өндірістік байланыстар үзіліп, полиграфиялық шікізаттың бәрі қымбаттап кеткен кезде жүздеген жұмыскері бар ұжымның ұнжырғасын түсірмей, көзін тауып, қажетті істі қарқынынан тайдырмау, нарықтық қатынасқа қолда бар мүмкіндіктермен жағаласа жұмыс жасауда бұрын болмаған – білмеген қиындықтармен бетпе-бет келгені де рас. Іздеу мен табу, сұрау мен саудаласу, өткізу мен айырбастау секілді неше түрлі, қилы-қилы жолдардың құрсауында қалған өндіріске қапылуға да, қарыздануға да тура келді. Ойыңның озықтығы мен қолыңның ұзындығы, табысыңның аздығына қарамастан танысыңның көптігі қажет болды. Бұл – бұрын-соңды көріп-білмеген нарықтың қатал сыны болды. Өндірістің өзегін танып, өмірге бейімділігін бағыттамасаң ойда бардан емес қолда бардан айырыласың. Жүріп тұрған станок тоқтайды, жанып тұрған шам сөнеді. Осының бәрін алдын ала біліп, атқарылар жұмыстың бір-бірімен сабақтасқан салаларын үйлестіре алу – басшының біліктілігіне сын. Ырым бұл сынның да шылбырынан ұстай білді. Үйрене жүріп ізденді, іздене жүріп ұстанымын нығайтты. Ырымның асып-сасқанын, тосылып тарыққанын, шаруабастылықтан шаршағанын байқамайсың. Қайта уақыттың уәжіне иланып, жаңашылдыққа ден қойған ширақты қалпын көресің. Ойлай да білетін, оралымды жоспарын орындай да алатын журналист әрі баспагер басшының кәсіби шеберлігіне уақыт төреші болса да көзіміздің жеткен жайы бар. Оған тән тағы бір қасиет – қолынан келсе көмегін аямайтыны, мырза көңіліне – төңірегіне шашқан шапағатына да ықыласымыз иіп, көңіліміз тоғая түседі.
Соларының бір парасы: кезінде курстасы Құрманғазының (Мұстафин) кеуілденіп: «Көк аспан, қара жер» газетін Ырымда шығарып жатырмын» деп марқайып жүргенін көрген едік, енді бірде газеттегі материалдардың пұшпағын бірге илескен Орысбайдың (Әбділдаұлы) аңқылдап: «Ырымда кітабымды шығарып жатырмын», – деп кәміл сенген қуанышын сүйіншілей хабарлағаны бар, ал курстасы Мағира болса (Қожахметова) әрдайым: «Дертке дауа» газеті мен «Балбұлақ» журналын Ырым шығарып беріп отыр. Бірақ қатты ұялам, қарыз көбейген сайын. Әйтеуір Ырым дос үндемейді», – деп күліп бара жатады.
Иә, ұялу да үлгі етудің бір түрі. Жақсы лебіз көңілден кейде ұялып та шығады ғой. Бұл да оның кісілігі мен кішілігіне деген жан түйсінер көңіл жарасымы болар, бәлкім.
Ұлы көштің ішінде қара көрсетіп отыру да қуаныш. Өз ісіңмен айналаңа ізгілік сеуіп жүру де қуаныш. Соның бәрі қысқа өмірбаянының сыпайы сөйлемдеріне сыйып кетіп жатса – оны түсінер, аз да болса астарына үңілер қоңыр қалам «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері әрі әріптес Ырымның өз оқырманы, тілектестері, жанашыр жұрағаттары барына куәміз. Олар оның жетпісін өмірдегі тағы бір жеңісі деп біледі.
Әркез ізденіп жүрер, ойын жүзеге асырам деп бар қайрат-жігерін жұмсаудан танбайтын, талмайтын тынымсыз қасиетінен Ырымның өзіндік мінезі, өз жүріс-тұрысы танылады.
Ал мінезді, қасиетті, қабілетті Құдай береді. Өмір – оны айқындаушы ғана.
Құдай берген мінезге, қасиетке құлдай қызмет ете бер, қаламгер дос демекпін.
Жақау Дәуренбеков,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Жазушы туған жерінде
Өткен дүйсенбіде жазушы әрі баспагер Ырым Кененбайдың 70 жасқа толу мерейтойы өзі туған өңірдің бас қаласы – Талдықорғанда кеңінен тойланды. Облыстық баспахананың іргесіндегі «Алатау» кафесінде мерейтой иесіне арналып өткізілген дөңгелек үстел тізгінін ақын Ахмет Кендірбек ұстады.
Онда Қазақстан полиграфиясының ардагері, Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетінің профессоры, белгілі баспагер Исағалым Ақбасов, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымының докторы, академик Өмірәлі Жалайри, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалиндер Ырым Кененбайдың шығармашылығы, азаматтығы, туған жерге деген шынайы махаббаты туралы әңгімені кеңінен қозғады.
Басқосуда сондай-ақ, жазушы Бақытжан Әзірбаев, «Қазақ газеттері» АҚ Бас директоры Жұмабек Кенжалин, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Самат Ибраим, Алматыдан арнайы келген «Гамма Принт» баспаханасының Бас директоры Төлеген Бейсембаев, облыстық баспахана ардагерлері Әли Ысқабай, Сарқыт Дәркембаева, Гүлсім Сырлыбаевалар жүрекжарды өз ойларын жеткізді.
Түс ауа келген қонақтар облыстық «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасында болып, жазушы Ырым Кененбай жайлы толғақты ойларын ортаға салды. Бұдан кейін қаладағы «Көктем GRAND» мейрамханасында жазушыны ұлықтау рәсімі өтіп, ақшам мезгілінде ауызашар берілді. Шығармашылық кеште Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетовтің құттықтауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубаев табыстады. Сондай-ақ, жазушының өзі туып-өскен Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Алпысбаев құттықтап, ақындар жырдан шашу шашып, күміскөмей Нұрғали Нүсіпжанов бастаған әншілер жұртшылықты әсем әнге бөледі.
Ойыңызда – сан арман өріледі…
Ырым Кененбайдың 70-ке толған мерейтойына
Қуаныштар сыйлайды күн әрдайым,
Арулар да ағама құмар дәйім.
Алпысында өлеңмен құттықтап ем,
Жетпісінде тағы да жыр арнайын!
Ұсынса да Уақыт төрін мейлі,
Қарттық Сізден әзірге сезілмейді.
Алпыс пенен жетпістің арасынан
Көп өзгеріс соншалық көрінбейді.
Өзгеріс тек – даналық қалпыңызда,
Сан із жатыр сайраған артыңызда.
Қартайтатын адамды сабырсыздық,
Ондай әдет мүлде жоқ салтыңызда.
Бойыңызда – туған ел өр лебі,
Ойыңызда – сан арман өріледі.
Сөзіңізден шеберлік ұшқын атса,
Көзіңізден мейірім төгіледі.
Алда талай бақыттың қонар құсы,
Бұл өлеңім құттықтау жоралғысы.
Ақсақалдар батасы қабыл болып,
Жүзге Сізді жеткізсін Ел алғысы!
Кәдірбек Құныпияұлы.