ӘЗІЛХАНТАНУШЫ ӘРІПТЕС
05.11.2024
189
0

Алматының астана болып тұрған шуақты күндерінде халқымыз үлкен сүйіспеншілікпен «Әзаға» атап кеткен, Қазақ­станның халық жазушысы, көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықовпен жиі кез­дескен едік. Ізденуші Қ.Нұрымоваға жетекші болып бекітілген тұста (тақырыбы: «Ә. Нұрша­йықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының шығармашылық тарихы» – 2006), жазушының еңбегі төңірегінде бас қосып, сырлы сұхбат­тар құрып, тіпті жақын араласқан сәулелі сәт­тер дәл бүгінгідей көз алдымда.

Бертінде, Астанада ұстаздық қызмет­ті жалғастырған кезеңде Ә.Нұршайы­қовтың шығармашылығы туралы «Деректілік пен көркемдік» ат­ты зерт­теу еңбегінің авторы (2012), әріптес-қаламгер Мұратбек Тоқтағазинмен де байланысымыз берік болды. Ол өз зерт­теуінде жазушы еңбегіндегі деректік негіз бен көркемдік сипат­тың табиғаты мен мәніне терең үңіліп, түпкі сырын түсінуге ден қойды. Айрықша маңыз берген тұстары – жазушы Ә.Нұршайықовтың «…деректік негіздерінің діңгегі мықты болады» деп, Ұлы Отан соғысынан бері үзбей күнделік жүргізуі, оны көркем шығармаларына мәнді-нәрлі қалыпта пайдалануы, бастысы шығармашылық зертхана мәселесімен байланыстыруы маңызды құбылыстар қатарын байыта түседі. Осы бағыт­та кітап мақсаты айқындалады. Зерт­теу нысаны, талдау өзегі белгілі болады. Оның басым бағыт­тарына төмендегі жайт­тарды жатқызады: «…Ғылыми жұмыстың алға қойған мақсаты – Қазақ­станның халық жазушысы, көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларындағы деректік негіз бен көркемдік сипат­тың қалай көрініс тапқаны жөніндегі мәселені зерделеп, ғылыми баға беру. Зерт­теу жұмысын ұсыну арқылы осы мақсат­тан туындайтын бірқатар міндет­терді жүзеге асыру көзделді. Олар: жазушының шығармашылық лабораториясы жөнінде жан-жақты зерт­теу жүргізу; оның қаламгерлік тәжірибесінің қалай басталғаны, қалай қалыптасқаны, даму жолдары туралы ой қорыту; қаламгердің шығармашылығындағы деректік негіздер мен көркемдік сипат­ты айқындау; Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылық тұлғасы, қаламгерлік шеберлігі туралы байлам жасап, оның дара қолтаңбасын, өзіндік ерекшеліктерін таныту; жазушы шығармашылығының қалыптасуы мен дамуына әсер еткен факторларды айқындау; қаламгердің журналистік тәжірибесінің жазушылық кәсіпке әсерінен туындайтын мәселелерді талдап-таразылау; жазушының күнделік жүргізу, қойын дәптерді пайдалану тәжірибесін зерделеу, ондағы деректердің көркем шығармада көрініс табу ерекшеліктері туралы байыптама жасау; қаламгердің деректерді пайдалану үрдісі және оны көркем шығармада пайдалану тәсілдері жөнінде теориялық тұрғыдан талдау жасау; қаламгердің мемуарлық шығармаларындағы көркемдік сипат ұғымына баға беру; Әзілхан Нұршайықов шығармашылығында замана тынысы мен дәуір ахуалының көркем бейнеленуіне талдау жасау; жазушының жинаған деректік материалдары мен оның көркем шығармада пайдаланылған нұсқаларының ара қатынасын айқындау» (5-бет) немесе «…зерт­теуімізде қаламгердің шығармашылығына деректік сипат пен көркемдік ұғымдары тұрғысынан зер салдық. Деректік негіз және көркемдік сипат дегенде бірден көзге түсетін екі жайт­қа назар аударуға болады. Біріншіден, белгілі қаламгердің шығармашылығынан оның ұзақ жылдар бойы журналистиканың қазанында қайнап, пісіп-жетілгенін, осынау журналистік тамаша тәжірибесінің жазушы шығармашылығына ықпалы мол болғанын айт­қан жөн. Екіншіден, Әзағаңның алдыңғы ұрпақ – классик жазушылардың дүниелерінен жан-жақты хабардар бола тұра, тек өзіне ғана тән жол іздегені әрі оны тауып, тың стильмен, өзіндік өрнек-машықпен әдеби ортаға танылғаны оқырмандарға белгілі. Оған жазушының қолындағы мыңдаған хат­тарды көргенде тағы да көз жеткіземіз.
Байыппен қараған адамға Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы сан қырлылығымен және көптеген жанрларды қамтитындығымен ерекшеленеді. Тағы бір ерекше атап көрсетерлік жайт – Әзағаңның өзгеше еңбекқорлығы мен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұқыптылығы, ықтият­тығы. Оны сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы от пен оқтың ортасында отырып жазған күнделіктерінен бастап, қаламдастарымен жазысқан хат­тарынан, құнды құжат­тарды қапысыз сөйлете білу шеберлігінен, оны деректі шығармаларында өте орынды қолдана білуінен аңғаруға болады» (13–14-бет­тер). Бұдан басқа, атап айт­қанда, «…Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы көп қырлы. Ол журналистиканың көптеген жанрларынан бастап, күнделік-эссе, әңгімелер, повестер және романдар жазды. Жазушының «Алыстағы ауданда» (1956), «Тың астығы» (1958), «Ертіс жағасында» (1959), «Жомарт өлке» (1960), «Махмет Қайырбаев» (1967), «Жер туралы жыр» (1974), «Мен – журналистпін» (1978), «Коммунист туралы сөз» (1982) деп аталатын очерктер жинақтары, «Махаббат жыры» (1964), «Ботакөз», «Ескі дәптер», «Әсем» (1966), «Алтын соқпақ» (1967), «Батырдың өмірі» (1969), «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970, 1972), «Ақиқат пен аңыз» (1976, 1978), «Автопортрет» (1977), «Тоғыз толғау» (1977), «Өмір өрнектері» (2000) ат­ты кітаптары елдің сүйіп оқитын рухани дүниелеріне айналды» (15-бет). Сонымен бірге, әсіресе «…Махаббат, қызық мол жылдар» романының да деректік негіздері жеткілікті. Ең бастысы, мұндағы кейіпкерлердің көпшілігінің прототиптері бар. Мәселен, журналист Ербол Есенов өмірдегі Әзағаңның нақ өзі болса, Меңтай Ербосынова – Нұрғамила Нұрбосынова, оқу ағарту саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған ұстаз, Кентау қаласының құрмет­ті азаматы. Жомартбек Жолдин – Мырзабек Дүйсенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы. Майра Абаева – Майра Ыбыраева да ерекше абыройға бөленген ұстаз, оқу-ағарту ісінің үздігі. Тәкен – Әзағаңның майдандас жолдасы, аға сержант Тәкен Майшынов, Нәзікеш – Төлеу Қуанышева, Заман – лейтенант Матан Әлімбетов, Тана Серкебаева – Тұрсын Тасқын­байқызы, Батыр ана, оқу-ағарту ісінің үздігі. Сонымен қатар романда шеберлікпен бейнеленген Мұхит Әуенов – ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Ғалым Мәлкен – Мәлік Ғабдуллин, Кеңес Одағының Батыры т.т. болып кете береді. Сондай-ақ көркем шығарма болса да, Ерболдың оқитын жері Қазақ мемлекет­тік университетінің филология факультеті, Пушкин кітапханасы, Ни­кольск шіркеуі, Никольск базары маңындағы жатақхана, көше атаулары өзгеріссіз алынған. Карл Маркс, Виноградов, Совет, Калинин, Шевченко көшелері сол күйінде аталады. Өмірде бар нәрселер туындыда да өз атымен берілген. Кейбір жер атаулары сәл өзгертіліп алынған: Ақбұзау колхозы – «Ақбота ауылы», Шар стансысы – «Нар» стансысы, Түрген селосы – «Бүрген» ауылы т.б.» (20–21-бет­тер). Немесе «…Ә.Нұршайықовтың «Зеңбірек командирі, сержант Әзілхан Нұршайықовтың 1941–1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Әскери күнделіктер тізімі» деген қалың дәптері бар. Бұл тізімде Ұлы Отан соғысы кезінде жазылған 14 дәптер туралы ғана мағлұмат берілген. Жазушының айтуынша, ол соғыстан 16 дәптер алып келіпті. Бұдан өткен қандай еңбекқорлық, ұқыптылық болуы мүмкін?! Бұл – сұрапыл соғыс жылдарындағы тынымсыз тірлігі. Енді бейбіт өмірдегі ұсынықтылығына нақты мысал келтірейік. Айталық, 1973 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1981 жылғы 31 қаңтарға де­йін жазылған 13 дәптерге ғана 2762 бет күнделікті жазбалар қамтылыпты. Бұл дегеніңіз – тұнып тұрған тарих, яғни осы уақыт аралығындағы оқиға-деректер қолмен қойғандай сайрап тұр. Шетінен кертіп ал да, қолдана бер… Бұған қоса, «Шырын дәптерлер» ат­ты күнделіктерінің өзі бір төбе. Мұқият көз жүгірткен адам бұл жазбалардың да ерекше құнды қазына екеніне риясыз қанығады. Бұл – табандылық пен бейнетқорлықтың нақты көрінісі, ұшан-теңіз ізденістің жемісі. Бұл – Ә.Нұршайықовтың әдеби шығармалары нәр алып жатқан «көркемдік көлі», «мәйекті мұхит». Нақтырақ айтсақ, бұл бес дәптердің ішіндегі мынадай тақырыпшалар бірден назар аудартады: «Абай қолданған сөздер», «Әртүрлі балама сөздер», «Теңеулер», «Ойлар», «Әр елдер мақалдарының аудармалары», «Ұлылар сөздері», «Пікірлер», «Махаббат туралы Вашингтон Ирвингтің «Мұхамбет­тің өмірі» кітабының мазмұндамасы», «Әр халықтан аударылған 1176 мақал», «Сонет­тер», «Әңгіме тақырыптары», «Документ­тер көшірмелері». Бұл 1953–1954 жылдары жазылған дәптерлердегі нақты деректер. Осыдан байқалғандай, Ә.Нұршайықов үнемі ой үстінде жүреді, көке­йіне қонақтаған ойларын бірден қағазға түсіреді, яғни Халық жазушысының көркем туындыларының жаппай оқылуының, оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленуінің бір сыры осы «құпиядан» тамыр тартып жатыр» (146–147- бет­тер). Сондай-ақ әсіресе «…Әзілхан Нұршайықов – көркем шығармаларына дерек жинау жағынан ешкімге ұқсамайтын, табиғаты бөлек қаламгер. Оның жазған дүниелеріндегі мәлімет­тердің бәрі де асқан дәлдігімен ерекшеленеді. Себебі жазушы жетпіс жылға жуық уақыт бойы үзбей күнделік жүргізіп келеді. Бұл күнделіктерде жазушының айналасындағы қоғамдық және әдеби өмірдің шежіресі хат­талған. Халық жазушысы осы кезге де­йін 14 әдеби, 125 тұрмыстық күнделік жазыпты. Сонымен бірге оның әр жылдарда жазылған 160-тай қойын дәптері, 100-ге жуық шағын блокноты бар екен. Жазушының жеке архивінде бұдан басқа жұмыс дәптерлері, аудио және бейнетаспалары, хат­тар, автографтар, сурет­тер, газет қиындылары сақталған бумалары бар. Соның бәрінің тізімі әзірленіп, арнайы картотека жасалған. Сондықтан қаламгер іздеген нәрсесін қиналмай, оңай тауып алады. Ұқыптылығы жағынан бірде-бір қаламгер Әзағаңның алдына түсе алмайды» (153-бет). Осылайша, кітап авторы жазушы еңбегін, ізденіс арналарын, жауапкершілік жүгінің салмағын талдап, зерт­теп, жан-жақты ашады.
Сонымен қатар Мұратбек Тоқтағазин «Әйгілі Әзаға» ат­ты естеліктер мен эсселер кітабын құрастырып, жалпы жұртқа ұсынды (Астана: Фолиант, 2012. – 552 бет). Кітап «Естеліктер мен эсселер», «Жыр арқауы – Әзаға!» және «Қосымшалар мен түсініктер» сынды бөлімдерден тұрады. «Оқырманға арнау» ат­ты соңғы бөлімінде жұртшылық хат­тары мен жазбалардың мол екенін айтып, «…Бірде-бір ой-пікір назардан тыс қалмайды», – деп, жауапкершілік жүгін де назарға алады. Жазушы еңбегі мен шығармашылығы хақында айтып-жазғандардың баршасын аталған кітапқа жүйе-ретпен орналастырып, маңыз-мәніне қарай орын берілуі, белгілі қаламгердің азамат­тық мұраты мен биік болмысын, адамгершілік қыры мен сырын ашатын материалдар топтамасының бүтін галереясын жасауы – іргелі жауапкершілік жүгін терең сезінген іргелі ізденістің, қаламгер еңбегіне деген айрықша құрмет­тің айғағы. көрнекті қаламгердің 100 жылдық мерейтойына орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті мен Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен өткен «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиет­танудың өзекті мәселелері» ат­ты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында әзілхантанушы, филология ғылымының кандидаты, профессор Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» ат­ты Ә.Нұршайықовтың ой-толғаныстарынан тұратын жаңа кітабының (Астана: Кәусар, 2022. – 144 бет) тұсаукесер рәсімі болды. Кітап мазмұнын жазушы еңбегі, заман шындығы, замандастар өмірі мен шығармашылығы, адами мұрат­тары, ой-толғаныстары құрайды.
Әзаға шығармашылығы таныстырған қаламгер-әріптесіммен қазір де жиі кез­десіп, ескі достарша қауышып, сыр-сұхбат құрамыз. Ол қашандағыдай университет­тегі кезекті дәрісіне, Бас редакторлар клубына, «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-сая­си, тарихи-танымдық басылымға өзіндік екпінмен асығыс тартып барады. Иә, бұл – арман жолы, өмір өрімі, жазу өнерінің өрнегі… Алдында – шәкірт­тері, айналасында – дос-жараны мол әріптес-досқа қазақ руханиятының кеңістігінде еркін самғап, өрлей бер, дегіміз келеді.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір