Бүгінгі журналистика: қонысы мен өрісі
Қазақтың ұғымында «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды». Қазақ та адамзаттың бір бөлшегі. Демек, отыз тістен шыққан сөздің отыз руға тарауы қазаққа ғана емес, әлемдік ақпаратқа да қатысты өлшем десек, артық болмас.
Бастауын үнпарақтан бастаған журналистика газет, радио, теледидар арқылы қарыштап дамып, интернет ресурстары арқылы өзінің өрісін кеңге жайып келеді. Әрі отыз тістен шыққан сөздің тарау жылдамдығы оның шын-өтірігіне, маңызды-маңызсыздығына, зияны мен пайдасына, жөн-жосығына, байыбы мен бейәдептігіне байланысты болмай қалды. Ақпараттың ағыны кәдімгі қара базар дерсіз, барлық дүние самсап тұр… Оны әр адам өзінің ой-өрісі, қабілет-қарымы, парасат-пайымы мен сауатының жеткен жеріне дейін тұтына алады. Ақпарат алушылардың кейбірі өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы маңызды өзгерістің әрқайсысын қалт жібермей хабар алып отырса, енді бірі өз кәсібіне қатысты жаңалыққа ғана назар аударады. Ақпарат нарығындағы тұтынушының сұранысына қарай журналистиканың да қыры сан-салалы болып өзгерді. Бүгінгі журналистиканың қоғамдағы орны мен сипаты туралы осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың пікірін білу мақсатымен Дархан Әбдік, Қасым Аманжол, Болат Мүрсәлім сынды журналистерге хабарластық.
Сонымен қатар, жалған ақпарат пен нақты ақпаратты айыру жөнінде Серік Әбікенұлы, Есей Жеңісұлы, Мәди Манатбек сынды мамандардың көзқарасын білдік.
– Журналистика туралы сөз қозғала қалғанда бұдан бір ғасыр бұрын айтылған Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзіне жүгінеміз. Арада ұзақ уақыт өтсе де бұл сөздің көкейкестілігі мәнін жойған жоқ. Алайда, журналистика заман ағымына қарай алға қарыштауда. Оның ағартушылық миссиясының ескіргенін айтушылар да бар. Сіздің ойыңызша, әлемдегі журналистиканың қазіргі орны қандай?
Дархан ӘБДІК, журналист:
– Журналистиканың ролі әлі де сол Ахаң айтқан секілді – халықтың, оның ішінде әр адамның көзі, құлағы һәм тілі мен үні. Бүгінгі таңда адам өмірі ақпаратқа толы. Ақпараттан тұрады десек те болады. Әділ ақпарат көзінен айырсаң ұлт та, адам да әлем тынысынан бейхабар. Не болып жатқанын білмейді. Ондай қоғамды жалған ақпаратпен адастырып алдау да, жынды қылу да оңай. Керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарына қандай да адами кеңістікке жол берілмесе, сол аймақта болып жатқан адамдардың өмірі әлем үшін беймәлім. Ондай қоғамның үні жоқ. Мұң-мұқтажы да, қасіреті де айтылмай қалады. Демек, жанашыр да, ара түсер де ешкім болмайды. Мәселен, кезінде Кеңес үкіметі сондай саясат ұстанды. Бүгінгі таңда Солтүстік Корея бар. Аталған ахуалдың екеуі де озбыр билікке тиімді. Қоғамды уысында ұстағысы келетін билік халықты соқыр әрі мылқау етуге тырысып бағады. Демек, азат ақпарат құралдарынан айырады. Дамығысы келетін қоғам біріншіден әділ ақпаратты қажет етуі тиіс, екіншіден сол үшін күресе білуі керек. Бұл айтқанымның бәрі ақпараттық журналистикаға қатысты.
Ағартушылыққа келер болсақ, бұл – бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстаған тұлғалардың адами табиғаты мен ниетіне байланысты нәрсе деп ойлаймын. Ағартушылық дегеніміз мамандық емес қой. Ол – миссия. Ол қаржылай пайда әкелмейді. Рейтинг бермейді. Табиғатында ағартушы адам кез келген кәсіпті сол миссиясына пайдаланады. Алаяқ адам кез келген лауазымды қарақан басының пайдасына жаратады.
Қасым АМАНЖОЛ, журналист:
– Журналистиканың ағартушылық миссиясы ескірді деп есептейтіндердің бірімін. Қазақ БАҚ-тарындағы насихаттық сарынды сезінген сәтте өзімді біртүрлі қолайсыз сезінемін. Оқырман мен көрерменді манипуляция жасаумен айналысқан журналистика оңбайды. Оны журналистика деудің өзі артық. Қысқасы, журналист өзін ағартушымын, түзеушімін, кем-кетікті толтырушымын, қандай да бір мүдделер үшін күресушімін деп сезінбегені жөн. Сөйтіп сезінген сәттен бастап журналист өліп, белсенді басталады. Әлем журналистикасы, оның ішінде дамыған әлем журналистикасы насихаттан бас тартып жатыр деп ойлаймын. Әлемде қазір журналистиканың орны өте үлкен және оның орны «ағартумен» емес – ашықтық, баламалы пікір, жылдамдық әрі дәлдікпен өлшенеді деп есептеймін.
Болат МҮРСӘЛІМ, журналист:
– Журналистика – шындықты айтатын, оқиғаны бұрмаламайтын, бүгінгі күннің ең маңызды дүниесін айтатын институт. Ал оның қалай жұмыс істеуі – әр елдің, әр басылымның, қала берді әр журналистің моральдық ұстанымына байланысты. Жақында бірнеше мемлекеттің Журналистер кодексін қарап шықтым. Әрқайсысы әр түрлі, сөйтсе де бәріне ұқсас ұғымдар да жетерлік. Соның ішінде ең басты деген өлшемдер: жалған ақпарат таратпау, аудиторияны алдамау, тек қана сенімді дерек көздерінен ақпарат алу, көз жетпеген ақпарды сенсация қуып жарияламау, біреуге күйе, біреуге жала жаппау, намысына тимеу, әркімнің жеке басына, отбасына қатысты ақпаратты жарияламау. Бұндай өлшемдер көп. Яғни журналистика адамшылық қағидаларынан аттамай, ақпарат таратумен айналысуы тиіс. Журналистиканы санаткерлікпен, тәрбиемен, үйретумен, насихатпен шатастыруға болмайды.
– «Төртінші билік» деп аталған журналистика қазір қоғамдық сананың алға жылжуына әсер ететін жетекші күшке ие деп ойлайсыз ба?
Дархан ӘБДІК:
– Әлбетте. Ақпарат құралдарының арқасында әлемнің келбеті өзгерді. Азаттық пен теңдік, демократия идеялары артта қалған ең жабық елдерге дейін жетіп, олардың қамалын бұзды. Бүгінгі таңда диктатор болу өте қиын. Олар енді ХVIII-XIX ғасырдағыдай, ойларына келгенді жасай алмайды. Аз да болса қоғамдық пікірмен, әлемнің көзқарасымен санасуға мәжбүр. Осының бәрі азат ақпарат құралдарының арқасы.
Қасым АМАНЖОЛ:
– «Қоғамдық сананы алға жылжытушы күш» деп ат қойып, айдар тағудың өзі сол – бұрынғы инерция, «Төртінші билік» деп атау да сол баяғы журналистиканы тым маңызды етіп көрсетуден туған сөздер. Журналистика да көп мамандықтың бірі. Артық та емес, кем де емес. Ерекшелігі, сөзбен айналысады, қашанда жұрт алдында, қашанда қоғамдық пікір ортасында. Сондықтан менің ойымша, «жетекші күш» болуға ұмтылудың өзі аяғында насихатшылдыққа ұрындыратындай. Журналистика өзінің нақты кәсіби функциясын – анық, баламалы, дәл және жылдам ақпаратты жеткізіп отыруы керек. Сол кезде ол өзінің лайықты орнын таба алады.
Болат МҮРСӘЛІМ:
– Адам газет оқиды, теледидар көреді, әлеуметтік желілер мен сайттарға шығып жатқан дүниелерді көреді, автобуста кетіп бара жатып радио тыңдайды. Сол арқылы бүгінгі өмірде не болып жатқанынан хабардар болады. Телеарналардағы талқылауларға құлақ қояды. Әркім өзінше осыған қарап ақ пен қараны ажыратады. Бірақ қоғамдық сананың өзгеруіне «Қазақ» газеті сияқты ықпал ететін заман өтіп кеткен сияқты.
– Ақпараттар ағыны арындаған заманда әр түрлі саяси топтар журналистиканы өзінің қолшоқпарына айналдыруға бейіл деген пікір бар. Сол пікірге қаншалықты илануға болады?
Дархан ӘБДІК:
– Ол рас. Себебі, бір ғана ақпарат көзінен әділ мәлімет алу мүмкін емес. Ақпарат көздері көп болуы керек. Ал адам соның ішінен шынайысын іздеп табуды үйренуі тиіс. Азат адам болу оңай деп кім айтты. Құл мінезді адам ішкен-жегеніне мәз болады. Ізденбейді. Азат тұлғаның басты құндылығы мүлік пен лауазым емес, өз тағдырына, өз шешіміне, өз пікіріне еге болу хақы. Азат адамдардың қоғамында репутация маңызды. Бүгін кәсібінде өтірікке барған адамның сөзіне ертеңгі күні ешкім сенбеуі керек. Ол адам сол кәсіптен өзі кетуге мәжбүр болуы керек. Ол мейлі журналистика, саясат немесе бизнес болсын. Бізде сондай талғампаз қоғам бар деп айта аламыз ба? Жоқ.
Ал енжар қоғамда алаяқтықпен күресу мүмкін емес.
Қасым АМАНЖОЛ:
– Журналистика саяси топтың құралы болады, әрине. Одан басқа жолы да жоқтың қасы. Әсіресе, авторитарлы режимдерде солай болуы әдеттегі жағдай. Тағы бір мәселе, журналистика – қоғамның айнасы. Егер қоғам ашық болса, саяси жүйе ауыспалы, бәсекешіл болса, журналистиканың да бәйгесі көз алдыңызда өтеді. Ал саяси жүйе бұқпантайлаған, көлеңкелі, жең ұшынан жалғасқан клептократиялық болса, журналистикаңыз да соған сай, қарғылы төбетке айналады. Яғни «сұраған сен ақымақ па, сұратқан хан ақымақ па?» деп қаңбақтың Жиреншеге айтатынындай, журналистиканың еркін болмауы – сол елдегі саяси жүйеге тікелей байланысты.
Болат МҮРСӘЛІМ:
– Илануға болады. Билік партиясы мен оны қолдаушы күштерді де жеке бір саяси топ деуге болады. Бүгінгі мемлекеттік БАҚ тек қана сол топтың сөзін сөйлеп, жыртысын жыртады. Одан артық қандай мысал керек?
– Әлемдік журналистикада қазақ үні тұншығулы. Қазақша айтқанда, томағасы сыпырылмаған саят құсына ұқсаймыз. Абай орамына салғанда, қазақ журналистикасы да адам баласы… Дүниенің ой легіне ілесіп, қатарға қосылу үшін не істеуіміз керек?
Дархан ӘБДІК:
– Әлемдік журналистиканың қазақ журналистикасына еш өштігі жоқ. Әр елдің журналистикасы өзіне ғана керек. Журналистика қоғамның айнасы, әрі сол қоғамның сұранысына ғана жауап береді. Егер қоғам мақтаншақ адам секілді: «Мені мақта, ата бабамның ұлылығын дәріпте, өзгелерден артық екенімді көрсет», – десе, дәл осыны жазатын журналистер атқа мінеді. Ал егер қоғам саналы адам секілді – «маған шындықты айт, алдама, қас-қабағыма қарама», – десе, оны айтатын адам да табылады.
Қасым АМАНЖОЛ:
– Бір ағамыз айтатындай, «Журналистикаға лакей ретінде қарауды» қою қажет. Журналистика арқылы өз мүддесін түгендегіш мінезден арылу қажет. Журналистика қаржылық жағынан тәуелсіз болуы міндетті. Журналистер де айналасына ғана емес, өзіне де сынмен қарауды үйренсе деймін. Өзгенің құқын сыйлау қажет. Екі кештің ортасында бөтеннің есігін қағып, «тіркеуің бар ма?» деп тергеу жасайтын, көшеде жалаңаш жүргені үшін әкімшілік жазаға іліккен бойжеткенді бүкіл республикаға масқаралап, бетін көрсететін сюжеттер мемарналардан шыққан кезде бізге әлі әліппеден бастап адамды сыйлауды үйрену керегін ойлаймын. Қатарға қосылу үшін әлі көп еңбек керек деп есептеймін.
Болат МҮРСӘЛІМ:
– Ол үшін тым құрығанда эталон деп көрсететін бір газетіміз, бір ақпараттық порталымыз, бір телеарнамыз, бір радиомыз халықаралық талаптарға сай келуі керек. Бірақ бізде оған сай келетін БАҚ тұрмақ, соған ұмтылатын ұжым жоқ сияқты. Жекелеген тұлғалар бар. Халықаралық талап деген абстрактілі ұғым емес. Өте қарапайым дүниелер. Бірнеше талабын жоғарыда айттық.
– «Тәуелсіз журналистика» ұғымы мен «Тәуелсіз журналист» атауы әлемде арагідік естіліп қалады. Бұл ұғымға қалай анықтама беруге болады? Біздің елде оның нышаны байқала ма?
Дархан ӘБДІК:
–Тәуелсіз журналистика деген ұғымның төңірегінде пәлсапалық пікірталастың қажеті жоқ. Бүкіл әлемде «тәуелсіз» деп билікке тікелей бағынышты емес ақпарат құралдарын ғана атайды. Бұл солай қабылданған шартты тұжырым. Бары сол ғана. Біздің елде оның нышаны аздап байқалады.
Қасым АМАНЖОЛ:
– Әрине, елімізде тәуелсіз журналистиканың нышандары бар. Қаншама жылдан бері шығып келе жатқан еркін сынай алатын газеттер бар. Еркін ойлы журналистер де бар. Рас, BBC, Euronews-тердің филиалы жоқ болса да. Және журналистикадағы тәуелсіздік – ол саяси жүйенің ауысуымен өте тез қалыптаса алады деп ойлаймын. Ол әрі аздаған уақыттың ғана еншісіндегі дүние. Мүлдем жаңа ұрпақ, жаңа құндылықтар, жаңа журналистика пайда болады бұл елде.
Болат МҮРСӘЛІМ:
– Тәуелсіздік дегеннің өзі салыстырмалы ұғым ғой. Ондай философиялық тереңдікке бармай-ақ қояйық. Бірақ белгілі бір топтың мүддесін ғана көздемейтін, шынайы, бояу мен қоспасыз жазатын адамды тәуелсіз журналист деп атауға болады. Әрине, кәсіби деңгейі де сол ұғымға сай келуі тиіс. Біздің елдегі журналистер ондай тәуелсіз ойдың нышанын жұмыстан шығып қалған кезде жиі байқатады. Бұрынғы редакциясында биліктің немесе ықпалды бір топтың сойылын соғып жүрген азаматтар біраз уақыт жұмыссыз жүріп, әділетсіздікке күйінгенде, тәуелсіз түрде ащы шындықтарды жаза бастайды. Ашық, әділетті жазып, ішкі ренішін жазған дүниесіне араластырмайтын мұндай тұлғаларды құрметтеген лазым.
Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасық ұйымының «Тұрақсыздық жағдайындағы БАҚ бостандығы» атты конференциясында ВВС-дің журналисі Кейт Эди «Журналистикада шынайы ақпарат үшін соғыс жүріп жатыр. Көшедегі кез келген адам ойына келген ақпаратты тарата алады. Оның рас-өтірігін журналистер анықтау керек. Журналист осы ішкі соғыста жеңе алмаса, сыртқы соғыста да жеңе алмайды» деген пікір айтыпты. Бұл мәселе біздің қоғамда да бар, екінің бірі өзі куә болған жағдайды әлеуметке таратуды әдетке айналдырды. Бұл жағдайда журналист қоғамдағы өз орнын нақтылау үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, журналист
Қоқыстың астында қалған ақ қағаз бен қаламды тауып алу керек…
Кейт Эдидің ойын құптаймын. Бұны ақпарат тарату саясаты барынша ашық елдердің көзқарасымен айтып отыр деп ойлаймын. Рас, бүгінде ақпарат тасқыны – алапат. Телеарна, газеттер секунд сайын мыңдаған мәлімет түсетін әлеуметтік желілермен бәсекелес бола алмай қалды, сондықтан осы күні басты дереккөз ғаламтор болып тұр. Бұған әлемдегі саяси текетірестің кесірінен құбылып тұрған жаһандық ақпарат кеңістігіндегі жағдайды қосыңыз?! Біреулер араб әлемін даттап, біреулер Путинді, енді бірі Трампты даттап жатыр.
Аласапыран. Бұл деректерді екшеп, електен өткізіп ұсынбаса халықты адастыруға болады. Мысалы, Ресей арнасынан В.Соловьевтың үш сағаттық хабарын көрген адам Украина мен АҚШ-тың құбыжық екеніне, Еуропадағы еркек біткеннің бәрі қызтеке екеніне шүбәланбайды. Оларға басқа дерек айтып, біреулердің ақпараттық соғысында құрбан боп бара жатқанын түсіндіру үшін үлкен ақпараттық саясат, білікті мамандар, сараптамалық мақалалар мен хабарлар керек. Ол барлық БАҚ-та кедергісіз жариялануы керек. Осыдан барып ең негізгі сұрақ туады. Қазақстандағы журналист пен журналистиканың жағдайы, өресі қалай? Жасыратыны жоқ, осы күні көрермен мен оқырман мемлекеттік БАҚ-тағы «Жұмақ Қазақстан» жайлы материалдарды елемейтін, оқымайтын, көрмейтін болған. Ақпараттың өзі ақиқатқа емес, мемлекет үшін «сүйкімді» елдердің ыңғайына қарай беріледі. Соңғы 10 жылда жүріп жатқан «Өтірікті шындай етіп соғу…» саясаты қоғам мен БАҚ арасын алшақтатты. Көзді бақырайтып қойып өтірік айту БАҚ үшін күнделікті әдетке айналды, кеше ғана ЭКСПО-ға жауаптылар «10 күн ішінде көрмеге 1 млн.-нан аса адам келді!» деп соғып жіберді. Ақыл-есі дұрыс, билет сатылымынан хабары бар адамдар тез тексеріп, келушілер саны 200 000-нан сәл асатынын жария етті. Осындай бес есе көбейген өтірікке ұялатын адам, қызаратын бет бар ма?! Экрандарға әнші-бишілердің қожа болып алуының түпкі себебін осыдан қарау керек, жұртта «өтірік ести бергенше ән тыңдайық» деген принцип. Бірақ бұл ұстанымның аяғы – құрдым. Ақпарат – саяси көзқарас, қоғам сергектігінің өзегі. Өзегі қураған жұрт – тобыр.
К.Эдидің ойына қайта оралайын. «Шынайы ақпарат үшін соғыс жүріп жатыр…». Әлемде жүрсе жүріп жатқан шығар, Қазақстанда ақпарат саясаты тұтасымен билік қолына өткен, солардың ақ дегені – ақиқат, қара дегені – қағыс мәлімет. Наполеон Бонапарттың « Журналист – қаламымен көше тазалаушы» дегені рас болса, ең әуелі өз көшемізді тазалап алайықшы. Оны тазалау үшін қалың қоқыстың астында қалған ақ қағаз бен қаламды тауып алу керек…
Есей Жеңісұлы, журналист
Кез келгеннің ақпарат тарату үрдісі бұдан да тереңдей түсе ме деп қорқамын
Технологияның жедел дамуы қазір әлемді мидай сапырылыстырып жіберді. Кез келген жерден ақпарат таратып, өзін журналист, блогер, диктор, ең бастысы, қоғамдық тұлға санайтындар өте көп. Мұндай жағдайда бәріне тек уақыт төреші екенін айта аламыз. Адамзат қоғамы ХV ғасырда кітап дәуіріне өтіп еді, араға 500 жыл салып телевидение дәуірі келді. Телевидение
ХХІ ғасыр басында қатты «балалады». 1960 жылдардан қолданысқа ене бастаған компьютерлер, 1990 жылдарың соңындағы ұялы телефон, пейджер, қазіргі планшеттер, түрлі гаджеттер «айшылық алыс жерлерді» мейлінше жақындатты.
Мұндай прогреске қарапайым адамға «ілеспе» деуге тіпті болмайды. Өзінің қайда жүргенінен хабар беріп, ұйқыдан тұрған, біреумен хабарласқан, мұңданған, қуанған сәттерінен селфи түсіріп, тіпті көшедегі кез келген оқиғаны телефонына жазып алып ортақ желіге салып жатқан қарапайым адамдар, әрине, өз ақпараттарының шынайылығы мен талаптарға сай екендігіне бас қатырмасы анық. Мұндай тасқындаған ақпарат қазір бізде сенсация қуу, оқиғаның бетін қалқып қана айту, кейіпкер ішіне үңіле алмау, алғашқы әсерді бүкіл қоғамға таңу сияқты жаман үрдістер қалыптастырды. Ең қызығы, мұндай әдет жаңа қоғам құрып жатқан бізде ғана емес, мемлекеттігіне бірнеше ғасыр болған елдерде де анық көзге ұрып отыр. Демек, адамзаттың озық технологиядан жалығуы үшін әлі біраз жылдар қажет сияқты. Бірақ алдағы уақытта кез келгеннің ақпарат тарату үрдісі бұдан да тереңдей түсе ме деп қорқамын. Өйткені, технология қарқынды дамуын тоқтатар емес. Кім біледі, болашақта ақпараттың бейненұсқасын көзімізге жазып алып, виртуалды сайттарға дереу салып жіберетін күндер де туар. Мүмкін, журналист деген шартты ұғымға айналар. Мұндай жағдайда етек-жеңін тез жиған адам, орта, қоғам ғана шынайы ақпаратты жалғаннан айыра алмақ. Бірақ қазір Қазақстанда оқырманды өз ыңғайына сүйрейтін ақпарат құралдары тіпті аз, бәрі аудиторияның жемтігіне бас қоюға дайын. Сондықтан сұрағыңызға жауап таба алмай отырмын. Бәрін уақыт деген әмірші біледі. Журналист көп оқып, көп ізденіп қана қоймай, белгілі бір саладан өз бағытын тауып, содан кәсіпқой ақпарат беруге маманданбаса – дүрмекке ергені ерген…
Мәди МАНАТБЕК, журналист
Қоғамдағы мәселеге бейжай қарай алмайтын адам
Меніңше, бұл мылтықсыз майданда жеңу үшін: біріншіден, биліктің кәсіби мамандарға (журналистерге) деген көзқарасы оң болуы керек. Журналистің пікіріне құрметпен қарауы тиіс. Екіншіден, журналист еркін ойлы және бейтарап болуға дағдылануы керек. Үшіншіден, қоғамдық ортаға сөзі өтімді, сыйлы тұлға болып қалыптасқаны абзал. Төртіншіден, ол қоғамдағы мәселеге бейжай қарай алмайтын әділетті адам болуы шарт. Қорыта айтқанда, мәдениеттілік, күш-жігер, табандылық, ұлтшылдық және зиялылық журналистің бойынан табылса игі.
Дайындаған Гүлім Нұрланқызы.
ПІКІРЛЕР1