Бүгінгі әдебиетке жарнама керек
Александр ВАДИМ, жас жазушы, Австрия мемлекеті:
Әдебиетті әр адам өзінше түсінеді, өзінше пайымдайды. Әркімнің көкей кеңістігінде өз «әдебиеті» бар. Көркем ой мен сұлу сөздің түйіскен тұсы – әдебиет хақында өзіміз емес, өзге ұлттың қандай ой айтары бізге таңсық. Алматы қаласында 12-14 маусым күндері өткен халықаралық әдеби биеналледе осы таңсық дүниенің астарына үңіліп көруге мүмкіндік туған еді.
– Австриялық қоғам көркем әдебиет пен жазушылар қауымына қандай көзқараста?
– Қала тұрғындарының барлығы Стефан Цвейгті оқыған деп айта алмаймын. Бірақ халықтың көпшілігі классикаға қызығады. Мұны, әсіресе, үлкен кісілерден жиі байқаймын. Ал жас оқырмандарға келер болсақ, мен қазір «Жастарды әдебиетті оқуға қалай алып келеміз?» деген зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын.
– Зерттеу барысында қандай ой түйдіңіз?
– Әдебиетке байланысты негізгі проблема Австрияда қандай болса, Орталық Азия елдерінде де сондай. Бұған бүгінгі биеналле барысында көзім жетті. Ол әдебиеттің маркетингтік-менеджменттік жағы. Көркем шығарма мен авторларды халық күнделікті теледидардан немесе басқа да жарнама орындарынан көре алмайды. Өйткені, әдебиет кеңістігі қаланың бір бұрышындағы кітапханалармен ғана шектеліп қалған. Қарапайым халықтың, яғни оқырманның осындай түсінікте қалуына әдебиетті жасаушылар мен оны қолдаушылар, жергілікті билік органдары кінәлі деп есептеймін.
– Көркем әдебиеттің оқылуы үшін не істеуіміз қажет?
– Біріншіден, шығармадағы оқиға желісі оқырманды жалықтырып алмауы тиіс. Екіншіден, жастарға әдебиетті алып келу керек. Жастардың әдебиетке келуін күткелі, міне, қанша уақыт өтті, ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ. Бұл өте өкінішті. Шын өнермен бетпе-бет кездескенде адамның танымы, түсінігі, ойлауы қайта туғандай өзгереді. Және жастардың көпшілігі сыни көзқараста ойлай алар болса, әлем әдебиетінде талай жаңалықтар орын алар еді.
– Оқырманды жалықтырып алмаудың жолы қандай?
– Қазір барша елдердің сатылымында ең бірінші орынды смартфондар алып тұр. Кітап емес, ұялы телефондар. Меніңше, халыққа айфон қалай сатылса, кітаптың да жарнамасы сол деңгейде болғаны жөн. Ал кітап – оқырманының қызығушылығын арттыру үшін жазылған шығарма қызығып оқитындай көркем болсын. Әрі оған тарих пен аңыздың сюжеттері керек. Әсіресе, қазіргі қоғамның түсінігіне сай заманауи тарихи аңыздар. Қысқасын айтқанда, ХХІ ғасыр кітап оқуды сәнге айналдырса деймін.
– Ал өзіңіз осы мақсатта қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?
– Өзімнің ұйымдастыруыммен жеке сайт жасадық. Онда жастарды мәдени және демалыс орындарына, мейманханаларға кітап оқуға шақырып, суретке түсіріп, оны сол сайтқа жариялаймыз. Өзгелерге қызығушылық тудыру мақсатында кейде атақты адамдарды да қатыстырып жатамыз. Бұл – жұмысымның бір қыры. Кітапты басып шығарушы баспагерлермен қоян-қолтық араласып тұрамын. Әр кітаптың ішкі-сыртқы дизайнын, пішінін заманауи талапқа сай орындауға атсалысып жатқан жайым бар.
– Расул Ғамзатов: «Аптасына бір өлең оқыған адам – азамат, күніне бір өлең оқыған адам – ақын», – деген екен. Кітапты көп оқитын боларсыз?
– Ойлап қарасам, кітап оқымаған күнім жоқ сияқты.
– Қай жанрды?
–Көбіне роман оқығанды ұнатамын.
– Қазақ шығармаларынан оқығандарыңыз бар ма?
– Аударманың жоқтығынан сіздердің әдебиетпен таныс емеспін. Бірақ биеналле барысында қазақ авторларын неміс тіліне аудару мәселесі көтерілді. Алдағы уақытта қазақ кітаптарын қолыма алып қалуым мүмкін.
– Әлем әдебиетінен кімдердің шығармаларымен жақын таныссыз?
– Орыс әдебиетінен Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің және Н.Гогольдің шығармаларымен жақсы таныспын. Біздің халық классиканы оқығанды ұнатқандықтан болар, мен ғана емес, бұл жазушылардың шығармашылығынан австриялықтардың да хабары бар.
–Австриялық қаламгерлер туралы не айтасыз?
– Австриялық жазушылар жұртшылыққа кең танымал десем болады. Оларға еңбектері үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Және жас қаламгерлердің де бір шоғыры қалыптасқан. Олар өте белсенді және еңбекқор. Эльфрида Елинектің 2004 жылы Нобель сыйлығын иеленуі елімізде әдеби ахуалдың реттелуіне көп әсер етті. Сол уақыттан бері қоғамда әдебиетке деген көзқарас біршама өзгергендей.
– Қай шығарманы оқуды ұсынар едіңіз?
– Йозеф Рот, Стефан Цвейг және Харуки Муракамиді айта аламын. Әлем әдебиетінде қарап тұрсаңыз жазушы да, шығарма да көп. Көптің ішінен қайсысын суырып аларыңды кейде білмей жатамыз. Сол үшін әр адамға оқушылық талғам керек. Кез келген кітапты ашып, оқи беруге болмайды. Оқиға желісі ерекше немесе жазылу тарихы қызықты шығармалар кездесіп жатады. Осы орайда мына бір әңгіме есіме түсіп отыр: Оскар Уальд Жорис Карл Гюисманстың «Наоборот» романын оқып болған соң, өзінің «Дориан Грей» шығармасын (роман) жазуға кіріскен екен. Міне, бұл әдебиетте авторлардың бір-біріне ықпалы күшті екенін байқатса керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Маржан ӘБІШ.