ӘДЕБИЕТКЕ АВТОРДЫҢ ТАНЫМЫ ЖАН БІТІРЕДІ
Өткен ғасырдың орта тұсында Батыс елдерінде негізі қаланған постмодернизм ағымы қазақ әдебиетіне де дендеп енді. Дегенмен «әдебиетімізде постмодернистік әдебиет бар» дейтіндердің де, «қазақ шығармаларында бұл бағыттың төбесі көрінбейдіге» саятындардың да қарасы қалың. Жуырда ф.ғ.к. Рита Бекжанқызы мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің магистрі Жарқынай Харисова бірлесіп жазған «Қазақ әдебиет тануының жаңа бағыт тары» кітабында аталмыш бағыт жан-жақты талданған. Рита Сұлтанғалиеваны әңгімеге тартып, постмодернистік туындылардың қыр-сыры жайлы сұрап көрдік.

Рита Сұлтанғалиева
Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан унверситетінің қауымдастырылған профессоры:
ӘДЕБИЕТКЕ АВТОРДЫҢ ТАНЫМЫ ЖАН БІТІРЕДІ
— Жаңа оқу құралдарыңыз жарық көрген екен. Бұл еңбекте қандай тақырыптар қамтылған?
— Бұл оқу құралын «Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары (постмодернизм поэтикасы)» деп атадық. Зерттеу еңбегі бастапқыда постмодернизмге қатысты белгілі бір зерттеу жұмысын жасаудан басталды. Зерттеу жұмысымызға негіз ретінде қазақ әдебиетіндегі поэтикалық мәнге ие болған заттар суреттелетін шығармалардан бөлек, оларға жасалған талдауларды іздей бастадық, бірақ қазақ тілінде дәл бұл тақырыптағы зерттеу жұмыстарын кездестіре алмадық. Сондықтан шетелдік ғалымдардың теориялық еңбектерін негізге ала отырып зерттеу жұмысын жасауды бастап кеттік.
Қазақ әдебиеті де әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі болғандықтан, жаңашыл бағыттың эстетикалық тенденциялары кейінгі жазушылардың шығармашылығына енуі заңдылық, ал жаңашылдық қашан да зерттеуді қажет етеді.
Оқу құралымызда қарастырылып, талданған прозалық шығармаларда жаңа әлемдегі бойын үмітсіздік жайлаған, өзін-өзі жоғалтқан постадамдардың бейнесі айқын көрініс табады. Қазақ әдебиетінде де кездейсоқтық пен ретсіздікке негізделген эстетикалық тенденцияларды біріктірген постмодернистік сипатта жазылған шығармалар жетерлік.

Жарқынай Харисова
— Бұл бағыт туралы түрлі көзқарастар, түрлі пікірлер бар әлі де. Постмодернизм ұғымының мәні қандай?
— Иә, сөзіңіздің жаны бар. Постмодернизмге қатысты пікірілер өте көп, тұжырымдар да баршылық. Постмодернизм туралы бірден белгілі бір ой қалыптастыру өте қиын, себебі ғалымдардың көпшілігі постмодернизм бағытында жазылған шығарманың мазмұндық ерекшеліктерін көрсетуден бұрын, постмодернизмнің құрылымдық ерекшеліктеріне қатысты да бірдей тұжырымда емес. Бұған постмодернизмнің кейбір зерттеу еңбектерінде «көркемдік кезең» ретінде сипатталуы, ал кей еңбектерде «көркемдік бағыт», «ағым» ретінде аталып жүргені дәлел бола алады. Өнер зерттеушісі, эстетиканың негізгі мәселелерін зерттеген белгілі ғалым Юрий Борев өзінің «Эстетика» кітабында постмодернизмді көркемдік дәуір, көркемдік кезең ретінде қарастырған.

Ғалымдар зерттеулерінде әдебиеттегі постмодернизм ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келгенін айтады. Латын және француз тілдерінен аударғанда «постмодерн» «қазіргі», «жаңа» дегенді білдіретін бұл әдеби қозғалыс адам құқығының бұзылуына, соғыстың қасіреті мен соғыстан кейінгі оқиғаларға реакция ретінде қалыптасты. Ол ағартушылықты, реализм мен модернизм идеяларын жоққа шығарудан, яғни ескі мұраттардан бас тартудан туған. ХХ ғасырдың басында танымал болған модернизмде автордың негізгі мақсаты өзгермелі әлемде мән табу болса, постмодернистік жазушылар болып жатқан оқиғаның мағынасыздығы туралы айтады.
«Постмодермнизм» сөзінің мағынасын түсіндіру оның мәнін түсіндіруге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Осы тұста әдебиеттанушы ғалым Г.Сәулембектің «Қазіргі прозадағы постмодернизм» атты зерттеу еңбегінде: «Әдебиеттегі постмодернизм XX ғасырдың екінші жартысындa белең ала бастап, сол ғасырдың сексенінші жылдарында ғана бағыт pетінде мойындалған. Батыс елдерінде де постмодернистік мәтін алғашқыда ғылыми көпшілікке беймәлім жасырын даму кезеңінде болды. Осылайша постмодернизмнің бағыт ретінде pетінде қалыптаcyы және танылуы ұзақ уақытқа созылды», — деп көрсетеді. «Модернизмнен кейінгі» деген мағынаны беретін бұл терминнің әдеби бағыт ретіндегі атауы Қазақстан кеңістігіндегі әдеби үдеріс тұрғысынан қарағанда күмән тудырады. Осыған қоса әлемдік әдебиетте кең таралған бағыт болғанына қарамастан, постмодернизмнің Қазақстан әдебиетіндегі үлес салмағы үрдіс дәрежесінде ғана. Бірақ зерттеудің отандық әдебиетті ғана қамтымайтынын, салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулерге де орын берілетінін ескере келе, постмодернизмді бағыт деп қолданғанды жөн көрдік», — деп постмодернизмді бағытқа жатқызуға тұжырым жасаған. Әдебиеттанушы ғалымның зерттеу еңбегіне сүйене отырып, біз де постмодернизмді бағыт деп алып, оған қатысты эстетикалық тенденцияларды қарастырғанды жөн көрдік.
— Постмодернистік шығармалар қалай туады? Бұл ерекшелік қазақ әдебиетінде қай кезден бастау алды?
— Әдебиет — жанды құбылыс, оған жан бітіретін — автордың танымы. Иә, дәл солай. Постмодернистік шығарма жазуды автор мақсат етіп қоймайды, ол автор өмір сүріп жатқан қоғам мен сол кездегі әлеуметтік жағдай ықпалынан орын алады. Постмодернизмнің өзі екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, адамдардардың сана сезімі мен қызығушылығы өзгере бастаған тұста пайда болды, демек автордың да бұл ерекшеліктерді бойына сіңіруіне жаңалық пен жаңашылдықты қажет ету сезімі итермелейді. Постмодернистік шығармалар әлемнің, шындықтың мағынасыз, хаосты қалпын көрсету, дәстүрлі әдеби үлгілер мен идеяларға ирониямен қарау арқылы туады. Қазақ әдебиетінің өкілдері де бұл үрдісті өз шығармаларына енгізіп үлгерді.
Нақтырақ айтсақ, қазақ әдебиетіндегі біз зерттеу нысанымызға алған постмодернистік сипаттар 1990-жылдардан бастап белсенді көріне бастады. Бұл кезең — кеңестік идеологиядан арылған, әдебиет еркін тыныс алып, формалық және мазмұндық ізденістерге бет бұрған дәуір. Тәуелсіздікпен бірге ұлттық болмысты қайта қарастыру, кеңестік кезеңде тұмшаланған мәселелерді ашық айту, әдебиетте жаңа тақырыптар мен формаларға деген сұранысты күшейтті.
Бұл көркемдік бағыттың келуімен авторлар классикалық баяндау тәсілінен гөрі, фрагментарлық құрылымға, ирония мен сарказмға, тарихи тұлғаларды көркем интерпретациялауға бет бұра бастады. Шындық пен қиял, миф пен дерек қатар қолданылып, оқырманды ойлануға мәжбүрлейтін шығармалар туды. Алдыңғы буын классик жазушыларымыздың шығармаларында да постмодернистік элементтер кездесіп отырды. Бірақ бұл бағытты шын мәнінде дамытқан буын — кейінгі толқын, әсіресе 2000-жылдардан кейінгі уақытта орта буын мен жас қаламгерлер елеулі үлес қосты. Бұл шығармаларда ұлттық сана, философиялық рефлексия, ирония, символизм және посткеңестік қоғамдық сана күйзелісі шебер суреттеледі.
Әдебиеттану ғылымында постмодернизмнің көркемдік эстетикасына тән жаңа бағыттар мен көркем әдістерді саралау қазіргі қазақ прозасының даму үдерісіндегі өзекті мәселелердің бірі саналады. Соның ішінде поп-арт, сонористика, алеаторика, хэппенинг сияқты эстетикалық тенденциялар әдебиеттегі жаңашылдықтың айқын белгілері ретінде танылады. Бұл бағыттар қаламгерлер шығармашылығында жаңа форма мен мазмұн әкеліп, көркемдік әлемді өзге қырынан тануға мүмкіндік береді.
Поп-арт — постмодернизмнің басты көркемдік әдістерінің бірі ретінде заттық әлемді эстетикаландыруды көздейді. Яғни бұқаралық тұтыну мәдениетіне тән қарапайым заттар поэтикалық мәнге ие болып, шығарма кеңістігінде символдық сипат алады. Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесіндегі «қызыл күрең бояуы оңған үлкен ағаш төсектің» бейнесі — поп-арт үлгісіндегі заттық эстетиканың айқын көрінісі. Бұл төсек тек жиһаз ғана емес, өміріндегі опасыздық пен күйреудің символына айналады. Осы арқылы зат өзінің бастапқы қызметінен ажырап, поэтикаланған объекті ретінде шығарма құрылымына енеді. Бұл — поп-арттың негізгі принципіне сәйкес келетін көркемдік трансформация.
Сонористика — көркем мәтіндегі дыбыс пен үннің ерекше қолданылуы арқылы авторлық «меннің» субъективті қабылдауын жеткізетін бағыт. Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» әңгімесіндегі акустикалық бейнелер мен дыбыстық атмосфера кейіпкердің ішкі рухани арпалысын танытуға қызмет етеді. Бұл бағытта дыбыстың тембрі, ырғақтық құрылымы мен үннің бояуы көркемдік құралға айналып, прозалық мәтінде поэтикалық дыбыстау формасын тудырады. Сонористикада автор бейнесі сыртқы сипаттау арқылы емес, дыбыс пен үн ойыны арқылы ашылады. Яғни, бұл — әдеби мәтінде естілетін рух.
Алеаторика — кездейсоқтық, ретсіздік пен хаостың көркемдік құралға айналуы. Бұл әдіс адамды алдын ала болжауға келмейтін жағдайлар әлемінде «ойыншы» ретінде көрсетеді. Мерей Қосынның «Буве нүктесі. Нерд» әңгімесінде түс көру арқылы басқа кеңістікке өткен кейіпкердің жай-күйі алеаторикалық бағытқа сай құрылған. Түс — уақытша иллюзия, ал ояну — шындыққа оралу, қайырымсыз құрылым құрсауынан құтыла алмайтын постадамның трагедиялық болмысын паш етеді. Мұндай шығармада сюжет желісі сызықтық сипатта емес, кездейсоқтық негізінде өрбиді, бұл — алеаториканың басты ерекшелігі.
— Жалпы, осы бағыт әдебиетімізде расымен бар ма? Әлемде осындай түсінік кеңінен сөз болып жатқандықтан қазақ туындыларын да сол бағытқа икемдеу белең алып кеткен жоқ па?
— Қазақ әдебиетінде постмодернизмнің эстетикалық тенденциялары — шетел әдебиетінде туып, кейін жаһандық мәдениет аясында кең таралған бағыттардың бірі ретінде қарастырылса да, бұл бағыттың қазақ әдебиетіне енуі сыртқы ықпалдың әсерінен ғана емес, ішкі әдеби-мәдени сұраныстың негізінде жүзеге асып жатыр деп пайымдаймыз.
Қазіргі таңда әдебиеттану ғылымында түрлі бағыттар мен ағымдарды саралау барысында жиі туындайтын мәселенің бірі — сол бағыттардың шын мәнінде ұлттық әдебиетте қалыптасқан ішкі қажеттілікпен пайда болуы ма, әлде сыртқы әдеби-теориялық ықпалдың әсерімен енгізілуі ме деген сұрақ. Бұл — қазақ әдебиеті үшін де өзекті. Соңғы онжылдықтарда, әсіресе тәуелсіздік кезеңінен кейін, постмодернизм, феминистік әдебиет, деконструкция, экокритицизм секілді ұғымдар мен бағыттар отандық әдебиеттануға да ене бастады.
Қазақ әдебиеті де өзге елдердің әдебиеті секілді ағым, бағытқа ілесіп, өзіне жаңашылдықтарды қабылдауда. Қазақ әдебиетінде көптеген әдеби бағыттар мен ағымдарға тән белгілер ежелгі және дәстүрлі мәтіндердің өзінде-ақ байқалады. Мысалы, постмодернистік поэтика деп танылып жүрген ойын, интертекстуалдық, пародия мен ирония элементтері Махамбет пен Абай шығармаларында да ұшырасады.
Қазіргі әдебиетіміздің мазмұндық жағы да, құрылымдық жағы да мүлдем өзгеше. Бір қарағанда көлемі жағынан шағын болғанымен, автор айтар ойды түрлі жолдармен жеткізеді. Нақтырақ айтар болсақ, әдебиетімізге жаңа леп алып келген Дәурен Қуат, Дидар Амантай, Мәдина Омарова, Әлішер Рахат, Сафина Ақтай секілді авторлардың шығармаларынан поп-арт эстетикасы мен постадам бейнесі көркемдік тұрғыда айқындала бастады. Бұл — шетелдік теорияны қазақ мәтініне икемдеу емес, керісінше, қазақ прозасындағы жаңашылдықты түсіндіру үшін қолайлы тәсіл. Яғни біз әлемдік түсінікті жай ғана көшіру емес, оған ұлттық көркемдік шындықты сіңіру арқылы қолданудамыз.
Демек, қазақ әдебиетіндегі постмодернизм — тек шетелдік ықпалдың әсері ғана емес, отандық әдеби үдерістің ішкі қажеттілігінен туған эстетикалық құбылыс. Бұл қазақ прозасын қолдан өзгерту емес, осы бағыт арқылы қазіргі заман шындығын бейнелеуге, рухани дағдарысты суреттеуге тырысқан қаламгерлер шығармашылығының заңды жалғасы деп бағалауымыз керек.
Оқу құралында талданған мысалдар мен ғылыми тұжырымдар бұл бағыттың ғылыми негізделгенін, жүйелі дамып келе жатқанын дәлелдейді.
— Дүниежүзiлiк әдебиетте постмодернистік үрдіс қалай жүріп жатыр? — Біз зерттеу еңбегіміздің басында атап өткендей, постмодернизм XX ғасырдың екінші жартысында екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі рухани күйзеліс пен құндылықтардың күйреу дәуірінде пайда болды, кейін Батыс мәдениетінде жасырын түрде көрініс тапса, бүгінгі таңда барлық ұлттың әдебиетіне еніп үлгерді. Қазіргі постмодернистік әдебиет жаһандану мен цифрлық дәуірдің ықпалымен дамып жатыр. Ғалым Юрий Боревтің пікірінше, постмодернизм — тұтас бір көркемдік дәуір. Ол қоғамдағы саяси-әлеуметтік сілкіністерге, мысалы, Корея мен Вьетнам соғыстары, Берлин қабырғасының құлауы, КСРО-ның ыдырауы сияқты оқиғаларға байланысты өрбіді.
XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қалыптасқан постмодернизм қазіргі таңда да әлем әдебиетінде маңызды көркемдік-эстетикалық бағдар ретінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі таңда постмодернизм жаңа кезеңге аяқ басып, өз шекарасын кеңейтіп, басқа да бағыттармен тоғыса отырып, әдеби процесте жаңа мазмұн мен формалардың тууына жол ашып отыр.
Қазіргі әлем әдебиетіндегі постмодернистік үрдістердің сипаты, ең алдымен, жанрлық және стильдік плюрализмде, мәтін ішілік ойын мен интертекстуалдылықта, сондай-ақ шындық пен қиялдың арасындағы шекараның жойылуында көрініс табады. Көптеген қазіргі заман қаламгерлері өз шығармаларында классикалық постмодернизмнің элементтерін (ирония, пастиш, пародия, меташығарма, сана ағысы, хронотоптың бұзылуы т.б.) сақтай отырып, оларды әлеуметтік, философиялық және технологиялық жаңашыл мәселелермен ұштастырып, жаңа көркемдік деңгейге көтереді.
Мәселен, Харуки Мураками шығармаларында реалдылық пен ирреалдылықтың қосарлана бейнеленуі постмодернистік конвенциялардың заманауи формаларын көрсетеді. Оның кейіпкерлері сыртқы әлемге тәуелсіз, өз ішкі лабиринтін кешіп жүрген тұлғалар ретінде көрінеді. Ал Дон Делилло мен Томас Пинчон сияқты америкалық қаламгерлер постмодернизмді тіл мен дискурс арқылы шындықты жаңаша танудың құралы ретінде қолданады.
Соңғы жылдары әдебиетте постмодернистік сипаттармен қатар, пост-постмодернизм» немесе «метамодерн» сияқты жаңа бағыттардың да қалыптаса бастағаны байқалады. Бұл жаңа үрдістер постмодернизмнің ирониясы мен скептицизмінен кейінгі кезеңде эмоция, шынайылық, адамгершілік, үміт пен сенім сияқты құндылықтарға қайта оралу тенденциясын байқатады. Десе де, бұл бағыттардың да түп негізінде постмодернистік көркемдік формалар мен идеялар жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, тұрмыстық заттарға символдық мән жүктеу, дыбыстың поэтикалық рөлін арттыру, кездейсоқтықты сюжет түзу тәсіліне айналдыру, кейіпкерді оқиғаның белсенді мүшесі емес, бақылаушы немесе ойыншы деңгейінде көрсету — қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік белгілерінің біріне айналған.
— Әдебиетіміздегі постмодернистік кейіпкерлер легі нендей сипатта? Басқа бағыттағы образдардан қандай өзгешелігі бар?
— Қазіргі қазақ әдебиетінде постмодернистік бағыттың белсенді өріс алуымен бірге, осы бағытта қалыптасқан жаңа типтегі кейіпкерлер — постмодернистік тұлғалар легі пайда болды. Бұл кейіпкерлер дәстүрлі реалистік немесе модернистік сипаттағы қаһармандардан дүниетанымы, болмысқа қатынасы, әрекет ету тәсілі мен ішкі құрылымы жағынан түбегейлі өзгеше. Постмодернистік кейіпкер — заманауи қоғамдағы тұлғалық бөлшектенудің, рухани бос кеңістіктің, мәдени белгісіздіктің көркем бейнесі.
Қазақ әдебиетінде постмодернистік кейіпкердің қалыптасуы — жаһандық әдеби процестермен үндестік нәтижесі ғана емес, сонымен қатар кеңестік жүйеден кейінгі өтпелі кезеңнің рухани-идеялық күйзелістеріне берілген көркемдік жауап. Бұл кейіпкер — «постадам», яғни болмысын жоғалтқан, өмірдің мәнін нақты айқындай алмайтын, тұрақты дүниетанымнан айрылған, өзімен де, қоғаммен де келісе алмайтын тұлға.
Постмодернистік кейіпкердің басты ерекшеліктерінің бірі — тұрақсыздықтары. Ол батыр да емес, моральдық ұстанымы берік үлгілі адам да емес. Керісінше, ол — ақиқат пен жалғанның арасындағы шекараны ажырата алмайтын, кездейсоқтыққа тәуелді, көбіне психологиялық күйзеліс немесе экзистенциялық дағдарысқа ұшыраған адам. Оның әрекеттері көбіне мағынасыз, ал ішкі дүниесі — парадоксқа, ирония мен абсурдқа толы.
Мысалы, Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесіндегі кейіпкер — дәстүрлі қаһармандардай шындық үшін күреспейді, оның шындығы — өткен мен бүгіннің арасында адасып жүрген, ішкі жанайқайы сыртқа шықпаған, өмірдің мағынасыздығына мойынсұнған тұлға. Ал Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» әңгімесіндегі қыз кейіпкер — шынайылықтан алыстап, өмірді тек тұтыну, рахаттану деңгейінде қабылдайды. Бұл кейіпкердің тұла бойынан экзистенциялық күйзеліс, мәнсіздікке бойұсынғандық аңғарылады.
Постмодернистік кейіпкердің тағы бір ерекшелігі — оның тілдік, стильдік тұрғыда «ойынға» негізделуі. Ол — өзі туралы әңгімені ирониямен жеткізеді, кейде автордың да орнын басып, өзін «мета-дәрежеде» сипаттайды. Осы арқылы ол «тұтас тұлға» ұғымын күйретіп, адам болмысының күрделілігі мен қайшылықтарын көрсетуге тырысады.
— Шығарма мен автор арасындағы байланыс туралы айтып көрсеңіздер?
— Әдебиеттану ғылымында шығарма мен автор арасындағы байланыс — шығарманың көркем табиғатын тануда маңызды мәселелердің бірі. Бұл мәселе әсіресе қазіргі әдебиеттанудың жаңа бағыттары, соның ішінде постмодернизм поэтикасын зерттеу барысында да өзекті. Кез келген көркем шығарма — автордың дүниетанымы, өмірлік тәжірибесі, сезімі мен ішкі ой-санасы арқылы туған көркем шындық. Автор кейіпкерлер арқылы өзінің өмірге деген көзқарасын, ішкі қайшылықтарын, қоғам жайлы пікірін білдіреді. Постмодернизмде де дәл солай, автор ойы кейіпкерлер көзқарасы арқылы көрініс табады.
Біз оқу құралымызда автор «менін» оған өзге заттардың, өзге сыртқы құбылыстарын әсері есебінен ашуға тырыстық. Авторлық «меннің» постмодернизмдегі көрініс табу ерекшелігінің бірі — автор бейнесінің шығармадағы заттардың қатынасы есебінен ашыла түсуі. Яғни, заманауи әдебиетте автор өзін тікелей танытпай, қосымша детальдар, заттар, символдар, дыбыстар, ішкі монологтар арқылы бейнеленеді. Бұл — автор мен мәтін арасындағы нәзік байланыс түрі.
Оқу құралында постмодернистік туындылардағы автор мен мәтін арақатынасы жаңа қырынан қарастырылады. Автордың шығармада тікелей көрінуінен гөрі, жанама түрде, заттар әлемі, дыбыстық құрылым, кездейсоқтық, оқиғалар мен хаостың ішіндегі кейіпкер әрекеті арқылы берілуі — қазіргі көркемдік жүйенің ерекшелігі ретінде түсіндіріледі. Мәселен, сонористика деп аталатын эстетикалық бағытта автор өзінің «менін» дыбыстар арқылы білдіреді. Бұл жерде автор мен шығарма арасындағы байланыс дауыстың ырғақтарымен, дыбыстық аяда өрбіген субъективті көңіл күймен көрініс табады. Автор бейнесі — бұрынғыдай баршаға бағытталған насихатшы емес, ішкі үнін тек өзіне ғана немесе сана кеңістігіне бағыттайтын жұмбақ тұлғаға айналады.
Сол сияқты, поп-арт элементтері талданған бөлімдерде автор мен шығарма арасындағы байланысты заттық әлем арқылы пайымдауға болады. Яғни автор өз ойын, ішкі толғанысын күнделікті өмірдегі тұрмыстық заттар арқылы бейнелейді. Бұл заттар бастапқы функциясынан ажырап, автордың ішкі әлемін жеткізетін поэтикалық символға айналады. Шығармадағы осындай заттық элементтер — автордың өзі туралы, оның танымдық кеңістігі жайлы маңызды ақпарат береді
Постмодернизмде «автор өлді» деген атақты тұжырым бар (Ролан Барт). Бұл идея автордың жеке басына назар салмай, шығарманың өзінен ғана мән іздеуді ұсынады. «Шығарма өз бетінше өмір сүретін мәтін, ал автордың кім екені маңызды емес» деген пікір. Бірақ қазақ әдебиетінде, әсіресе дәстүрлі прозада автор мен шығарма тығыз байланыста.
— Әдебиеттегі келесі бағдар қандай деп ойлайсыз? Қандай негіздегі туындылар тууы мүмкін? Қандай шығармалар жазылуға тиіс?
— Қазіргі әдебиет үдерісінің даму бағытын бағамдау — болашақ рухани бағдарды, мәдени-эстетикалық көзқарасты танумен тең. Әдебиет — қоғаммен, адаммен, уақытпен тығыз байланысты жанды құбылыс. Сондықтан «әдебиеттегі келесі бағдар қандай болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап беру үшін ең алдымен қазіргі әдебиетте жүріп жатқан бағыттар мен олардың ішкі эволюциясын ескеру қажет.
Оқу құралымызда жазылғандай, постмодернизмнің қазіргі қазақ әдебиетінде көркемдік-эстетикалық жүйе ретінде орныға бастағанын, онда поп-арт, сонористика, алеаторика, хэппенинг, соц-арт сынды эстетикалық бағыттардың белсенді қолданыла бастағанын көрсетеді. Осы бағыттарда қалыптасқан постадам бейнесі — уақыт пен сана күйзелісіне ұшыраған адам келбетінің көркем моделі. Ендігі әдебиет бұл постадамның ішкі арпалысы мен рухани күйзелісінен құндылықтарға қайта бет бұрған тұлғаның эволюциясына қарай ойысуы мүмкін. Бұл, шартты түрде айтқанда, постпостмодернизм немесе метамодернизм бағытындағы ізденістерге жол ашады.
Құндылықтарды қайта іздеу — басты бағыттардың бірі болмақ.
Постмодернизм дәуірінде күлкі мен иронияға, сенімсіздік пен күмәнға негізделген көркемдік модель енді адам мен қоғамның рухани жаңғыруына, таза сана мен шынайы сезімді іздеуге қарай ойысады. Демек, болашақ шығармалар постадамнан — кемел адамға өту жолындағы ізденістерді бейнелеуі ықтимал. Сана кеңістігін көркемдік объектіге айналдыру күшейе түседі.
Оқу құралындағы сонористика мен алеаторика эстетикасы — авторлық «меннің» ішкі үніне назар аудартады. Бұл үрдіс болашақта автор мен кейіпкер арасындағы шекараларды одан әрі жойып, сананың ағысынан құралған шығармалар өмірге келуі мүмкін екенін көрсетеді. Уақыт пен кеңістіктен тыс тұратын, шынайы мен иллюзияны қатар өрген метафизикалық прозалар күшеймек.
Жасанды интеллект, цифрлы сана, виртуалды болмыс тақырыптары — жаңа әдебиетке арқау болады. Қазіргі заман технологиясы адам табиғаты мен болмысын түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан келешек әдебиетте киберпсихология, виртуалды тұлғалар, цифрлы жалғыздық тақырыбын қозғайтын шығармалар тууы заңды.
Оқу құралындағы постмодернизмге тән эстетикалық бағыттар — қазіргі әдебиеттің дамып келе жатқан кезеңін айқын бейнелейді. Алайда келешек әдебиет жаңа бағыттарға ұмтылып, рухани тұрақтылық пен гуманистік идеяларға негізделген шығармаларға бет бұруы тиіс. Қазіргі заман адамы енді ішкі күйзеліс пен сенімсіздіктен шаршаған. Сондықтан әдебиет оған сенім, үміт, рух, мағына сыйлай алатын, құндылыққа бағытталған жаңа туындыларды ұсынуы керек. Бұл әдебиеттің келесі кезеңінің басты миссиясы болмақ.
— Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА