Әкім әдебиетке қолдау көрсетеді
15 қаңтарда Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен, Одақ төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлымен кездесті. Бұл кездесудің негізгі мақсаты облыс қаламгерлерінің шығармашылығына қолдау көрсету және әдебиет саласындағы өзекті мәселелерді талқылау болды. Кездесу барысында Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының ағымдағы қызметі мен жоспарлары туралы облыс әкімін хабардар етті. Сонымен қатар тараптар өңірдегі қаламгерлердің шығармашылық жұмыстарын жақсарту, әдебиетті дамыту және рухани өмірді жаңа белеске көтеру бағытында пікір алмасты. Өз кезегінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жазушылар одағының ұсысныстарына қолдау көрсететінін атап өтті.
«Облыс әкімімен бірге Жазушылар одағының бірлесіп атқаратын ауқымды шараларының жоспарын жасадық. Биыл облыс әкімдігі осы өңірде тұратын ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар әр ауданда «Алтын бесік» атты антология жарық көреді, онда әр ауданнан шыққан ақын-жазушылардың туындылары топтастырылады. Бұдан бөлек, қазақтың дауылпаз дарыны, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай, «Нұрғиса Тілендиев және қазақ ақындары» атты халықаралық музыкалық-поэтикалық фестиваль өткізу жоспарлануда. Облыстағы Жазушылар одағы мүшелерінің бәріне бірдей облыс әкімінің стипендиясы берілмек. Осылайша, Жазушылар одағы мен облыс әкімдігі қаламгерлердің шығармашылығын қолдауды жалғастыра бермек», – деді Мереке Құлкенов.
Кездесуден кейін Мереке Құлкенов пен Ғалым Қалибекұлы Алматы облысындағы жергілікті ақын-жазушылармен жүздесті. Мереке Әбдешұлы жиынға қатысушыларға Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облысындағы өкілі Ержан Тоқтарұлын таныстырып, оның қолына сенімхат пен куәлік табыстап, жұмысына сәттілік тіледі. Кездесу барысында бірқатар ақын-жазушы «Қазақстанның құрметті жазушысы» атанды. Олардың қатарында 75 жылдық мерейтойлары қатар келген жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, қаламгерлер Жәмшиджан Розахунов пен Жанар Әбдішова бар. Сонымен қатар Шеризат Мекебаев, Мақсат Ережеп және Әлішер Айтуар Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, куәліктері табысталды. Мереке Құлкенов өз сөзінде шығармашыл тұлғалардың қоғамдағы рөлі мен әдебиетті дамыту жолындағы еңбектерін жоғары бағалап, болашақта қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелетін таланттарға үлкен үміт артатынын айтты. Оның ішінде, Әлішер Айтуардың шығармашылығы ерекше атап, оның болашақтағы табысты жолы туралы сөз қозғалды.
Содан соң Жазушылар одағының төрағасы Мәдениет сарайында өткен ақын Төлеужан Ғұмаровтың кешіне қатысып, ақынның жаңа кітабының тұсаукесерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Қазақстан Жазушылар одағы басшыларының өңірдегі мүшелермен алғашқы кездесуі өте тамаша әсер қалдырды.
Қуат ӘБІЛ