ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ӘДЕБИЕТКЕ ЫҚПАЛ ЕТЕ АЛА МА?
22.04.2025
173
2

Жасанды интеллект күн өткен сайын күнделікті өмірімізге дендеп еніп келе жатыр. Siri, Google Assistant, Alexa сияқты жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін көмекшілер мың бояулы интернет әлемінен іздегенімізді тауып беріп, ауа райын болжап, алдағы күнге жоспарымызды тұрақты түрде еске салып отыр. «Көмекшілеріміздің» бұдан өзге де сан-сапат «жақсылықтары» жетерлік. YouTube, Netflix, Spotify, TikTok сияқты платформаларда біздің қызығушылығымызға сай контент ұсынып отырған да – жасанды зерде. Google Lens те, фотосурет­тердегі мәтінді тану функциялары да – бәрі-бәрі жасанды зерденің жетістіктері.

Бұдан өзге, адам жасаған осы бір табыс ден­саулық сақтау, білім беру, бизнес пен қаржы, машина жасау салаларында да қолға­быс етіп келеді. Қазір жасанды интеллект шығарма­шылық, ой еңбегі, өнер атаулыға да ауыз сала бастады. Алдағы тым жақын уақыт­та бұл тех­нологияның шығармашылық адамының ең басты қарсыласына айналуы да ғажап емес секілді.
Рас, жасанды интеллект­тің мәтін құрас­тыру мүмкіндігі болғанымен, ол әзірге адам шығар­машылығының негізінде жатқан контексті, эмоция мен мәдени негізді түсінуге қабілетсіз. Ал әдеби шығармалар — сөздердің үйіндісі ғана емес. Олар – өзін жазған автордың қаншама ғасырдан олжалаған тәжірибесі, туа дарыған сезімі, махаббаты, түйсігі мен қаншама жылдар қалыптастырған дүниетанымының көрінісі.

«Өлі жандардың» 2-томы

Десек те, GigaChat нейрондық желісі күні кеше ғана Николай Гогольдің «Өлі жандар» («Мертвые души») романының автордың өзі өртеген екінші томын жазуға кірісіп кет­ті. Әлбет­те, кітаптың жалғасы Гогольсыз жазылып жатыр. Оның үстіне, шығарманың жалғасын тұтас нейрожелінің өзі емес, гогольтанушылармен бірлесе жазуда. Осы топтың құрамындағы та­нымал орыс қаламгері, «Ясная Поляна» сыйлығының лауреаты Владислав Отрошенко орыс оқырмандары арасында пікір қайшылығын тудырған осы бір оқиға жайлы былай дейді:
«Жасанды интеллект «Өлі жандардың» сюжет­тік желілерін дамытып, Гоголь кейіпкерлерінің бейнесін жандандыруы, шынайы диалогтер, монологтер мен лирикалық шегіністер жаза алуы үшін тек ғылыми-зерт­теу мен инженерлік-техни­калық жұмыс жүргізу жеткіліксіз болды. Нейрожүйені Гогольдің аяқталған және аяқтал­маған шығармаларымен, оның хат­тары­мен, «Өлі жандарды» жазу барысында оқыған кітап­тарымен, сондай-ақ мол мұрағат­тық құжат­тар қорымен таныстыру қажет болды. Оған қоса, нейрожүйеге Гоголь стиліне тән ерекшеліктерді жеке үйрет­тік. Екінші томдағы бейнелерді жасау үшін Гогольдың «хат­тар тізбегін» толық зерт­теп шығу өте маңызды. Әсіресе Гогольдың Анна Виельегорскаямен жазысқан хат­тары – оның осы асылтекті аруға деген ішкі аңсарын аңғартатын дүниелер. Осы жерде аз ғана құ­пия­ның шетін ашқалы отырмын. Өйткені дәл осы махаббат Чичиковтың екінші томдағы тағ­дырында маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда ЖИ сол бөліммен жұмыс істеп жатыр», – дейді ол.

ЖИ жазған кітаптар

Орыс қоғамына ЖИ-дің «қосалқы автор» ретінде кітап жазу жетістігі «Өлі жандар» арқылы енді ғана келіп жатса, Батыс оқырмандары бұдан бір­неше жыл бұрын романистердің жасанды зер­демен бірлесе жазған романдарын оқып үлгерді.
Мәселен, канадалық жазушы, эссеист Сти­вен Марш осыдан бірнеше жыл бұрын «Мета­мор­фозалар» романы мен «Автордың өлімі» пове­сін жасанды интеллектпен бірлесе жазған. Бірден кітаптың бірнеше мың данасы сатылып, оқырмандар арасында жоғары бағаланып та үлгерген. Бұл жерде кітаптың «қосалқы авторы» сюжет құруға, диалогтерді дамытуға, мәтінді стилистикалық өңдеуге қол ұшын беріп, тіпті шығармаға стандарт­тан тыс авторлық шешім ұсынған.
Көркем шығарманы ЖИ арқылы жазудың тағы бір жарқын мысалы – Росс Гудвиннің нейрожүйемен бірігіп жазған «1 the Road» романы. Гудвин жасанды интеллект­ті тұтас романның кейбір үзіктерін жазу үшін пайдаланған. Кейін өзі оларды өңдеп, тұтас бір оқиғаға біріктірген.
Тағы бір ерекше оқиға — Джим Эндрюстің «Болашақтан келген өлеңдер» ат­ты өлеңдер жинағы. Эндрюс бұл жинақты құрастыру үшін нейрожеліге бұрынғы танымал ақындардың шығармаларының негізінде дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен сол авторлардың жаңа өлеңдерін жаздырған. Бұл тәжірибенің нәтижесінің адам таңғаларлығы соншалық, көптеген оқырман бұл өлеңдердің жасанды интеллектпен жазылғанын аңғара алмай да қалған.
Жоғарыда мысал ретінде келтіріп отырған бұл жобалар адам мен машинаның бірлесіп жұмыс істеуі қызық әрі тың шығармаларды тудыруы мүмкін екенін көрсетіп беріп отыр.

Үміт пен күдік

Қазақ қоғамында қолданыста жүрген жасан­ды «көмекшілер» – әзірше «барып кел, шауып келдің» деңгейінен аса қойған жоқ. Оқушылар мен студент­тердің күнделікті тапсырмаларын орындауға, сурет өңдеп, ашық ақпарат көздерін­дегі мәлімет­терді тауып беріп, іш пысқанда сөйлесе тұрар серік болуға ғана жарап тұрған зер­денің, шын мәнінде, ішіне бұққан алапат қуатын қалай пайдаға жаратарымызды уақыт көрсетер.
Ал өз ойымызды айтсақ, біздіңше, осы күн­ге дейін өзге салаларға әсерін тигізген ЖИ-дің әдебиетке де ықпалын тигізеріне кү­мә­німіз жоқ. Дегенмен жасанды интеллект көр­кем әдебиет­тің әр түріне әрқалай әсер ет­пек. Мәселен, бірлесе жазылған Дюманың «Үш нояны» секілді оқиғасы мен кейіпкерлері қалыпқа салынған классикалық шығармаларды машина оңай жазып шығары кәдік. Мысалы, жасанды интеллект­тің Маркестің «Жүзжылдық жалғыздығындай», Джойстың «Улисі» мен Беккет­тің «Уот­тындай» дүниені жазып бергенін елестете алмаймын. Жасанды интеллект Ионес­коның «Мүйізтұмсығындай» шығарма жазып берсе, әлбет­те, қат­ты қуанар едім. Бірақ бұл әзір екіталай дүние секілді.
Екінші жағынан қарағанда, қашан да көр­кем әдебиет­тегі жетістіктер технологияның дамуы­мен қатар жүріп отырды. Сына жазуының ойлап табылуы Гильгамеш дастанының дүниеге келуіне жол ашты.
Сөзсіз, жасанды интеллект жазу үдерісін жеделдетуге көмектесіп келе жатыр. Оны біздің қаламгерлер қауымы (жастарды қоспағанда) қолданып көрсе, игілігін көрер де еді. Жарықтық, Роберт Музиль осы күнді көргенде, бәлкім, оның «Қасиетсіз пендесі» көзі тірісінде аяқталып та қалар еді.

Р.S. Жасанды интеллектінің сан-сапат әдеби шығармаларды сапырыстырып, жаңа бір дүниелерді шығарып жатуы қаламгерлерге ұнамасы анық. Қазірдің өзінде-ақ Америкада кейбір қаламгер ұйымдары OpenAI компания­сын «авторлық құқықты бұзды» деп сотқа сүйрелеп жатыр. Жасанды зердемен жазылып жатқан кітаптарға «Компьютерлік әдебиет» деп ат қойылып, айдар тағылып, бұл үрдісті «көркем әдебиет­тің ажалының келуі» деп кесім шығарып тастағандар да жетерлік. Біз тек бұл құбылысты небір соқтықпалы-соқпақсыз жолдан өткен көркем әдебиет тарихындағы жақсылы-жаманды, бірақ айта қаларлықтай тағы бір айрықша оқиға деп есептейміз. Біз шахмат ойнаудан компьютерден әлдеқашан жеңілдік. Ендігі талас шығармашылық үшін болып жатқан секілді!

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 23.04.2025 | 09:07

Жасанды зерде алжыған диктаторларға керек болар. қазіргі компютер басты, ойсыз мисыз жүрексіз жастарға таптырмайтын көмекші құрал ғой. ал біз өз миымызбен ойлап, өз жүрегімізбен шынайы сүйе аламыз. Жасандының аты — жасанда! Жасанды кірпік жасанды қас пен жасанды шаш, тісі бар сайқал қатын сияқты. Ажал мен аурудан, адамзат баласын шын толғатып дүниеге әкелуден қорқатын АҚШ-қа керек ол

Қонақ 30.04.2025 | 21:39

Жасанды Интлекты Пайдасы бар Зиян да бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір