Әдебиет – адамзат рухының тәрбиешісі
16.06.2017
1116
0

Ұлттық кітапханаға ағылған Алматы жұртшылығымен бірге біз де сол жаққа аяңдадық. Кітапхананың іші-сырты қаумалаған жұртқа толы. Қай ақын-жазушыны іздесеңіз де, осы жерден табасыз. Жастана оқып, жасыра құшаққа алып жүрген кітаптардың авторларын кезіктіргенде ауызға сөз де түспей қалады екен. Талай рет барып, табалдырығын тоздырып жүрген кітапханада алғаш тұрғандаймын.  Әр бұрышта шүйіркелескен үш-төрт адам. Қазақ жазушылары шетелдіктерді ортаға алып, маңызды мәселені талқылап жатқандай. Сонда ойладым: тілі бөтен, ұлты жат, нәсілі бөлек адамдарды бір-бірімен байланыстырып қойған әдебиет неткен құдыретті!

Бүгінде кітап оқитын оқырман сиреп барады. Неге десеңіз, қазір халық кітапқа емес, сандық тех­нологияға әуес. Кеңес кезінде бір кітап отыз мың­­ға жуық таралыммен таралса, бүгінде қайсыбір кітаптар үш жүз данамен ғана шектелген. Осы мәселеге алаң­даған отандық және шетелдік әдебиет жана­шыр­лары Алматыда бас қосты.
Маусым айының 12-14 күндері Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Рес­­публикасының Ұлттық кітапханасының ұйым­дас­тыруымен «Қоғамның рухани көкжиегіне жазу­шылардың ықпалы. Әлемнің тұрақты дамуы» атты ха­лықаралық әдеби биеналле өтті. Биеналлеге әлемнің 24 елінен ақын-жазушылар қатысып, түрлі та­қы­рыптағы дөңгелек үстелдер ұйымдас­ты­рыл­ды.
Елдер арасында тек экономикалық ынтымақ­тас­тықты нығайтып қана қоймай, әдебиетшілердің шы­ғармашылық әлеуетін пайдалана отырып, қо­ғам­ның рухани кеңістігін әрі қарай кеңейту «ха­лық­аралық әдеби биеналленің» негізгі тақырыбы болды. Жалпы, жаһандағы бей-берекеттік пен лаң­кестердің озбыр әрекеті рухани азғынданудың бір көрінісі екені рас. Көркем әдебиет таралымының азаюы, адамзаттың рухани бай­лығын жұтып барады. Бұл тұста жастарды тех­нологияға телміртпей, қағаз кітапты оқытуға үндеу қа­жет. Осы сарындас қоғамдық һәм әлемдік мәсе­лелер әдеби биеналленің негізгі өзегі болды. Үш күн­ге созылған жиындағы айтылған әңгімелер мен ұйым­дастырылған таным­дық шараларды назар­ларыңызға ұсынып отырмыз.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қоғам және мемлекет қайраткері, Еңбек Ері, ақын

Рухани дағдарыс қазақ әдебиетінде ғана емес
Қазіргі уақытта әдебиет дағдарыс үстінде. Және бұл рухани дағдарыс біздің басымыздан ғана өтіп жатыр екен деп ойламаңыздар. Бұл басқа халықтарға да ортақ. Еуразия ұлттары бас қосқан съезге қайбір жылдары қатысқаным есімде. 1500-ге жуық ассамблея мүшелері мен ақын-жазушылар болды. Сонда: «Қазақстанда әдеби мәселелер қалай шешілуде? Кітап оқылымы мен сатылымы қандай деңгейде?» деген сауал туындады. Мен: «Ресейде немесе басқа да көршілес мемлекеттерде әдеби ахуал қандай болса, бізде де нақ сондай», – дедім. Және статистикаға сүйеніп, еліміздегі әдеби кітаптардың орташа тираж саны 249 екенін хабарладым. 249 мың емес, 249 дана. Осы тұста кітаптардың тиражы орташа есеппен 249 мың болған уақыттарды есіме алдым. Ол кезде біз «ұлы оқырманның мемлекеті» едік. Мұны сіздер, кітапханашылар қауымы өте жақсы білесіздер. Кітапты халықтың құлшына оқып, тынымсыз іздеген алтын дәуірін ешкім ұмытқан жоқ. Кітаптан қолымыз алшақтап, егемендік алғалы кітапқа деген ықылас азайды. Қазір кейінгі буын кітап оқымайтын ұрпаққа айналып отыр. Ресей де «ұлы оқырманның мемлекеті». Былтырғы жылы орыс қоғамындағы әр адамның оқығаны 3-ақ кітап болып шықты. Ал Францияда әр оқырман 7 кітап оқыған болса, біздің түсінігіміздегі кітап оқымайтын елдердің бірі Америкада әр адамға 12 кітаптан келіпті. Біз көтеріп отырған тақырып «Қоғамның рухани көкжиегіндегі жазушылардың ықпалы. Әлемнің тұрақты дамуы» бүгінгі биеналле аясында ғана емес, ТМД және Еуразия елдерінің басты проблемасына айналуы тиіс.
Байқасам, мемлекет жазушыларға қаламақы төлейтін болғанына қатты қуанып жатырсыздар. Меніңше, бұл қаламақы төлеу туралы жарлық XVIII-XIX ғасырда пайда болған. Ал жазушылар бұған енді қуанып жатса, таңқаларлық жағдай. Бұл – біз, қаламгерлер, өз авторлық құқығымызды қорғай алмайтындығымыздың бірден-бір айғағы. Соңғы екі онжылдықтан бері енді кездескен қуаныш әдебиетке де өз әсерін бермей қоймайды.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын

Рухани жаңғырудың алғашқы қадамы
Қай уақытқа, қай дәуірге қарасаңыз да, әдебиеттің қоғам өміріне ықпалы күшті болған. Қазақта «Ақынын әкімі іздеген елдің бағы жанады, ақыны әкімін іздеген елдің соры қайнайды» деген сөз бар. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын біз үкімет алдында қаламақы мәселесін көтерген едік. Бұл өтінішіміз ескерусіз қалған жоқ. Екі палатаның талқылауынан өтіп, 5 мамыр күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен өмірге қадам басты. Ендігі кезекте жазушыларымызға қаламақы төленетін болды. Бұл ТМД кеңістігінде әлі бірде-бір мемлекетте шешімін таппаған мәселе. Мына халықаралық деңгейдегі жиынның өтуі және оған қаламақы мәселесінің оң шешімін табуы рухани жаңғырудың алғашқы қадамдары іспетті. Меніңше, бізді алаңдатып отырған оқырман мен кітаптың арасындағы байланысты қалпына келтіру мен «ұлы мәртебелі оқырман» дейтін жұртшылықты кітап әлеміне қайта әкелу мәселесі шешімін табатын жолға қайта түскендейміз.
Әлемнің қай мемлекетіне назар аударсаңыз да, технологияның дамыған кезеңінде кітап мәселесінің тағдыры ауырлап бара жатқаны рас. Байқасаңыздар, кітап оқымайтындардың қатары молайған сайын жердің бетінде соғыс көбейе бастады. Кешегі өркениеттің ұлы бесігі болған Таяу Шығыста орын алып жатқан оқиғаларды халықтың рухани әлсіреуінен болар деп болжаймын. Міне, рухани азықтан алыстау адамзатқа керек емес құбылысқа алып келіп отыр. Бүгінгі биеналле барысында адамдардың рухын және дүниеге деген көзқарасын сақтауды бәріміз мақсат тұтып отырмыз. Бұл жиынның маңызы зор, мағынасы терең, қанаты кең. Сондықтан еркін әңгімеге көшейік. Мінбеге шығып, ойларыңызды бөлісе отырыңыздар. Ашық алаң деп есептеңіздер.

Марат АХМЕТЖАНОВ,
баспагер

ЛондонҰлттық авторлар шығармаларын ағылшын
тіліне аудару

– Қазақ авторларын ағылшын тіліне аударуда қандай қиын­дықтар бар? Авторлар неге тек қана ағылшын тіліне аударылуы керек? Және қалай аударылуы қажет? Жалпы, кез келген жазушыға өзге тілге аударылу шарт па?
– Жазушы кітабы, ең алдымен, өз мемлекеттік тілінде басылып шығады. Бұл – заңдылық. Бірақ әлемдік саяси оқиғаларға байланысты кей тілдер тек сол жергілікті мекенге ғана таныс. Демек, кітап әлемге танылуы үшін әлем түсінетін тілге аударылуы керек. Қазір адамдар мынаны түсінбейді: ағылшын мен ағылшын тілін қабылдау екеуі екі бөлек мәселе. Мәселен, мен Шерлок Холмстың шығармаларын орыс тілінде оқып көрдім. Ағылшын әдебиетін жақсы білгендігімнен болар, әр шығарманы аудармасыз, түпнұсқасында оқу керектігін түсіндім. Шығарма басқа тілге аударылғанда, ол басқа кейіпке енгендей болады. Шерлок Холмсты қазақ тілінде оқысақ, жаңағы орыс тіліндегі нұсқасынан айырмашылығы болатыны анық.
Аударма жұмысымен көршілер немесе студенттер емес, жазушылар, аудармашылар, лингвистер, яғни нағыз мамандар айналысуы керек. Өкінішке қарай, посткеңестік кезеңдегі ағылшын тіліне аударылған кітаптардың аударылу сапасы өте төмен. Ағылшын тілді автор ол кітаптан таныс сөздерді кезіктіруі мүмкін, бірақ сүйсіне оқи алмайды. Мәселен, мен кез келген ағылшын шығармасын қазақ тіліне аудара аламын. Сөздік қорым жеткілікті. Неге аудармасқа?! Бірақ мен жазушы, я ақын емеспін. Өзімнің не аударып жатқанымды өзім түсінбеуім мүмкін.

Дэвид ПЕРРИ,
драматург, ақын, Ұлыбритания:

– Кельт балалары әлі күнге дейін том-том роман­дарды оқығанды ұнатады. Біз­дің бір атақты жазушы­ның кітабы ең кемі 700 бет­­­­тен тұрады. Мен өзім мектеп қабырғасында жүріп-ақ Л.Толс­­­тойды оқығанмын. Л.Толстой оқиғаны ға­­на баяндамайды, керісінше сізге күллі әлем­ді бейнелеп береді. Және ол барша адамзатты ойландырғысы келеді. Өмірімде 2 жылымды көшеге шықпай, кітап оқуға арнап едім. Қазір ойласам, бұл менің ғұмырымдағы ең сәтті өткен жылдар екен. Кей шығармаларды оқып отырып, түсінбей қалатын кездер болатын. Және маған сол түсінбеген күйім ұнайтын. «Анна Каренинаны» алғаш оқығанда, шынымды айтсам, мен түк түсінбедім. Содан соң қайталап оқуыма тура келді. Әдебиетті бизнес көзі ретінде ғана емес, рухани, мәдени, фи­ло­софиялық ойлардың негізгі тетігі деп қарауы­мыз керек. Мықты шығарманың аудармасы ма­ғыналы әрі сапалы жасалмаса, Х.Му­ра­ка­ми де, Ш.Айтматов та, ешкімге керегі жоқ. Аудар­маға қатысты екі бағытты айта аламын: бірін­ші, сөзбе-сөз аударма болса, екінші, тіке­лей контекс арқылы, яғни түп мағынасына бейім­­деу.
Әр сөз жәй сөз емес, ол әрқилы мағына беруі мүмкін. Жүзімнің байламы секілді. Мен мұн­да мәтіндегі әр сөзді аударғанда он шақты си­но­нимдермен алмастыруға болатынын айт­қым келіп отыр. Және кей аудармалар оқыр­ман­ға ой салады: автор нені меңзеді екен? Жазу­­шы мен шығарманың көркемдігін сақтай оты­­ра аудару біз ойлағандай оп-оңай шаруа емес. Ол – өзін­ше өнер.
Сіздерге сұрақ қояйыншы: жалпы әдебиетте бір тілден екінші тілге 100 пайыз дұрыс ауда­рылған аударма бар ма? Меніңше, жоқ.
Маған «рухани» деген сөз қатты ұнайды. Бұл сөзді бәрі біледі және ол әр түрлі мағынаға ие. Мұның маңызды екенін сеземіз. Егер 5 линг­висті бір бөлмеге отырғызып, «руханилық деген не?» деп сұрай қалсаңыз, бес түрлі жа­уапты естисіз. Бірақ бәрі оның шынайылығын түсінеді. Шекспирді қазақшаға, я орыс тіліне аударсақ, ол жаңа шығармаға айнала ма? Жеке пікірім: бұл нәрсеге аса мән берудің қажеті жоқ. Ол 100 пайыз сәтті аударылса да, ол – аударма. Шекспир – драматург, бірақ лингвист емес. Қазақ, я орыс драматургі Шекспирді лингвистке қарағанда тез ұғады. Біз өзіміз білеміз деп ойлаған дүниемізді қаншалықты жақсы білеміз?! Мен Фауст немесе Толстойды ағылшын тілінде оқып отырсам, басты назарды оның қалай аударылғандығына емес, ондағы автордың идеясына аударамын. Менің жақын досым Дэвид Равкинді жақында қытай тіліне аударды. Сонда досым: «Олардың мені түсінгеніне күмәнім бар, бірақ аудару барысында маған таңқалғанына сенімдімін», – дейді. Осы тұста айтарым, аударма­шының мақсаты – қалай аударса да, бастысы, автордың ойын жоғалтпаса болғаны.


Ашық алаң

Тайпале ИЛККА,
жазушы, Финляндия:

– Мен халқы көп кітап оқитын мемлекеттен келдім. Мұның бір себебін айта кетсем, XVII ғасырда бізде: адамдар үйленерде кітап оқи алуы керек деген заң болды. Міне, осыдан кейін қоғамда кітап оқушылардың саны күрт өскен болатын. Әр жыл сайын бізде әдебиет күндері өткізіліп тұрады. Онда жазушылардың жаңа шыққан кітаптары сатылып, сол туралы әңгімелер айтылады. Кітаптардың шығу тиражы өте көлемді. Мәселен, менің кітабым Қазақстанның әр кітапханасында кездеседі десем болады. Және ол әлемнің 27 тіліне аударылған. Міне, осыдан-ақ Финляндиядағы әдеби ахуалды байқай аласыздар.


Сергей КАРПОВ, ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Байланыс және ақпарат басқармасының жетекшісі:

– Мені толғандырып отырған мәселе: жазушылар қауымының арасында ақпаратқа қол жеткізу қай деңгейде жүріп жатыр? Жаңа технологияларды әдебиет қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Осы ретте Қазақстан Республикасы билігі қабылдаған ақпаратқа қол жеткізу туралы заң ауылдық кітапханаларды бір-біріне жақындастырды. Мәселен, «kaznet» мобильді бағдарламасы арқылы халық академиялық кітапхана қорындағы кез келген кітапты электронды түрде оқи алады. Бұл – жаһанданудың кітап оқуға тигізген жақсы жағы. Осы ретте айтарым, жазушы өз шығармасының авторлық құқықпен шектеліп қалмауын қадағалауы керек. Оның ақпараттық кеңістікке еркін бойлай алуын қамтамасыз ететін қаламгерлер – сіздерсіздер. Бүгінгі биеналле біздің маңызы бар сұрақтарымызға жауап іздеу үшін ұйымдастырылып отыр деп ойлаймын.


 

Максим ЗАМШЕВ,
Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– Әдебиет базар емес. Кітаптарды ашық саудаға шығарып, сата алмаймыз. Неге? Әдебиет – біздің рухани жолымыз. Ал рухани жолды сатуға, әсте, болмайды. Біз және қоғам әдебиеттің қадірін, құнын, бағасын білмейінше, бұл мәселенің күрмеуі шешілмек емес. Және біз бұл қадамға бірауыздан келуіміз керек. Сонда ғана халық нағыз көркем әдебиеттің не екенін, оның қандай болатынын, қай кітапты сатып алып, оны қалай оқу керектігін түйсінер еді. Кешегі Ке­ңестер Одағы Еуразия кеңістігіндегі шы­найы әдебиетті түсінген және оның баға­сын білген соңғы қоғам болды. Сол әдеби саясатты біз қазір қолдана алмай отырмыз.


Әзірлеген Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ