Алтын құйрықты құлындарым менің (әңгіме)
09.06.2017
2688
0

Жанұзақ ЖӨКЕН 


– Алтын құйрықты құлын туа­тын күні бүкіл әлемді қараң­қы­лық басып, алып қара құс кел­­­генде барлық жылқышы ұйық­­тап қала береді екен. Кейін аталарың сол алтын құйрықты құлынды іздеп кетіпті.
Бұны қаншама рет естігенім есімде жоқ. Шешем әжесінен естіген екен. Ал әжем әжесінен естігенге ұқсайды. Күнде кешкі­сін үрпе-шүрпе төртеуміз шешем­нің аузына қараймыз. Ол кісі үнемі осы ертектен бастайды.
– Әжемнің атасы тауып алып па?
– Әжеңнің атасы тек бір алтын құйрықты тауып әкеліпті.
– Ол қайда?
– Оны кейін шапқыншылар алып кетіпті.
– Олар кімдер?
– Оны әжесі апаңа айтпапты. Туыстарының іздеуінен алаңдаса керек.
Бала қиялым шарқ ұрып, алтын құйрықты құлынды ойлап жатып, ұйқыға шоматын едім. Әкемнің қашан қайтып келгенін білмеймін, әйтеуір күнде таңер­тең бізбен бірге таңғы асын ішеді, содан қара велосипедін мініп үй­ден шығып кетеді. Ал біз көр­ші­нің балаларымен асыр салып ойнауға кірісеміз.
Бүгін әкем үйге ерте келген. Алдына алып отырып тамақ ішті. Шешемнің күнде қайталай бере­тін екі-ақ ертегісі бар. Біреуі – алтын құйрықты құлындар мен күн санап өсетін Едіге дейтін батыр, жеті күнде жеті жастағы баладай болған екен деп бастайтыны әп­ке­леріме қарағанда маған кө­бірек ұнайды. Күніне барып қо­зыны көтеріп көрем, мен емес, қозы күн санап өс­кен­дей, кейде жығып тастап кетеді. Ақыры Едіге болып жалыққам. Содан да әкеме ертек айтқызбақ болған едік, ертек білмеймін дегеніне томсырайып қалдық. Әкемнің әжесі ертек білмейтін сияқты, болмаса айтып беретін еді. Бұл күні көп әңгіме болмады. Әкем­нің шешеме ертең көшетін бол­ға­нымызды айтқаны, ше­шем­нің үй ішіне бір сәт көз салып тұрып қалғаны ғана есімде қалыпты.
Арада үш күн өткенде басқа бір жерге көшіп кеттік. Алтын құй­рықты құлынды іздеген шы­ғар­мыз. Көштен кейін әкем күні­не ерте келетін болды, кешкі ас кезінде бір киіз кітаптан көптеген әңгімелер оқып береді. Ақымақ қасқырдың түлкіге қалай алдан­ғаны туралы ертекті он неше рет естідім. Бірақ маған шешемнің алтын құйрықты құлындары қызық сезілетін. Өмірде қанша бөрі болсаң да түлкінің алдында түк емес екеніңді ол кезде қайдан білесің.
Әкем жетектеп мектепке
ап­ар­ғанда барып, ол кісінің мұ­ға­лым екенін білдім. Мектепте ба­ла көп емес екен, үлкен-кішісі болып алпыс-жетпіс бала. Мектепте де, үйде де бізді әкем өзі оқытты. Енді ертектен гөрі кешкі өрістен қайтқан малды санау мен үшін қызық. Саусақтарым тау­сыл­ғанда, жерге бір тас қойып, ба­сынан бастап санаймын. Демалыс сайын ұзынды күн осылайша өтіп жатты. Әкемнің киіз кітабын өзім оқып алатын болдым. Шешем айтатын алтын құйрықты құлын туралы бұл кітапта ештеме жазылмапты. Бір күні әкем бір­неше кітап көтеріп келген. Ішінде көптеген соғыс туралы әңгімелер бар екен. Енді әжемнің әжесінің атасы алып келген алтын құй­рықты әкеткен шапқыншыларды іздейтін болдым. Бірақ оны да таба алмаған едім. Ешқандай жерінде алтын құйрықты құлын туралы сөз жоқ.
– Болды, іздеме, ол кезде алтын құйрықты әкеткендер алтынды білмейтіндіктен бір жерге тастап кеткен шығар.
Шешем бұл сөзді айтқанда араны ашылған адамдардың бар екенін білмейтін сияқты, жиырма жылдан кейін барып шешем­нің сөзінің қате екенін білдім. Бұл дүниеде алтынды танымайтын адам болмайды екен. Мүм­кін, менің шешем ғана білмейтін сияқ­ты. Иә, біздің елге алтын құй­рықтан гөрі құлындар қым­бат!
– Алтын құйрықты құлындар үйір-үйір жылқыға айналып, ас­панның арғы бетін мекен етеді екен. Дегенмен, әр тоғыз құлында бір құлынның құйрығы шолақ дейді, өйткені шапқыншылар алтын құйрықты құлындардың ішінде біреуінің құйрығын алып кеткен екен.
Маңайыма басқа балаларды жинап ертек айтқанға әуеспін, һәм бұл шешемнің айтатын алтын құйрықты құлындар туралы ертегінің аяқталар тұсы. Осыдан кейін әжемнің әжесінің атасы алтын құйрықты іздеп тапқан-таппағанын білмеймін. Бірақ балалардың бірде-бірінің алтын құйрықты құлынды іздегісі келмеген. Тіпті әкемнің өзі айтып қоймайтын, шешемнен ғана ес­ти­тінмін. Мүмкін алтын құйрық­ты құлындар аналар ғана айтатын ертек шығар.
Арада жылдар тым тез өтті. Ер­жетіп жоғары мектепке аттан­дық. Көзбен көргеннен басқа­сы­ның бәрі жалған дейтін тәрбие алдық. Мектепте абыройлы бір про­фессор бар еді. Алтын құй­рық­ты құлын туралы айтып бер­дім. Үндемеген беті орнынан тұрып кетті. Араға бірнеше уақыт салып іздеп келіпті. Сенген екен. Аталарының алтын құйрықты құлынды іздегенін айтып берді. Бәрінен қызығы – ол өзі де іздеп­ті, обалы сол, таба алмай жүр екен. Бірге іздейтін болдық, ақы­ры ол кісі алтын құйрықты құлындар жайлы білгендерімізді түгел жазып, таба алмасақ кейінгі ұрпаққа қалдыруымыз керек деп шешті. Шешемнің әжелерінен бері айтып келе жатқан ертек­теріне се­не­тін адам ақыры екеу болдық. Жоқ, профессор аспан­ның арғы беті болатынына сенеді екен.
Мектеп бітірген соң қалада тұрып қалдым. Үй­лен­дік. Бір сы­дыр­ғы күндер өтіп жат­ты. Түсім­де алтын құйрықты құлындар шапқылап жүретін болды. Шешеме айтқым келіп ауылға бардым. Жылдар алып еңсесін басып, бүкірейтіп кеткен шешем алтын құйрықты құ­лын­дар­ды ұмытып кетіпті. Есіне түсіре алмады. Жоғалған алтын құй­рықты құлындарды тауып келіп көрсеткім, үнемі айтатын ертек­терін есіне салғым келген. Бірақ шешем өзінің алтын құй­рықты құлындарының ешқайда жоғал­мағанын айтып тұрып алды. Ше­шем­нің осыншама тез ұмытшақ болғанына қайран қалдым. Балаларын үйге ертіп келген үлкен апайым ұлына алтын құйрықты құлын туралы ертек айтып жат­қанын естідім.
– Әлемнің қожасы алып те­ңіз­дің арғы бетінде, аспанның арғы жағына жалғасар жол бар, сол жолмен аспанның арғы бе­ті­нен алтын құйрықты құлындарды тауып келе аласың.
Әпкемнің ертегісіне енді жол қосылыпты. Бұрын шешемнің аспанның арғы бетіне баратын жол туралы айтқанын мүлде естімегенмін. Әкеме айтып едім, ол кісі күлді.
– Шешең алтын құйрықты құлындарын баяғыда тауып алған.
Ауылдан көңілсіз қайттым. Жарыма айтсам, ол да бұл ертекті біледі екен.
– Асықпа, алтын құйрықты құлындарыңды тауып беремін, – дейді.
– Теңіздің арғы бетінде ас­пан­ның арғы бетіне барар жол бар екен.
– Онда сол теңізден өтуге
құ­л­­шына бер, сол кезде алтын құй­рықты құлындарыңның жо­ғал­мағанын көресің.
Жарыма өкпелеп жатып ұй­ық­тап кетіппін. Алтын құйрықты құлындардың құйрықтары бүкіл ғаламды нұрға бөлеп шауып жүр екен. Алтын құйрықты құ­лын­дардың шыңғырлай кісінегені­нен оянып кеттім. Аспанның арғы бетінен жететін алтын құйрықты құлындардың әр тоғызында алтын құйрығын жаулар алып кет­кен бір шолақ құлын барын ойлап көз іле алар емеспін.
Менің алтын құйрықты құ­лын­дарым қайда жүр екен деші?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір