«Алтын бала» (әңгіме)
Есік қағылғанда селт ете түсті. Үйде жалғыз еді. Мызғып кетіпті.
Маман орнынан еріне тұрып есікті ашқанда, «Ассалау-маға-ли-кум!» деп соза сәлем берген көзінде шаңырақтай көзілдірік, үстінде ақ плащы бар, инеліктей ілмиген қара қытайды көргенде, тілі байланып қалды. Оның соңында тағы біреулер тұрғандай, әлгінің артына мойнын соза қарады. Бұдан басқа жан көрінбейді.
– Кірсем бола ма? – деді жігіт.
Маман басын изеді. «Кіріңіз» дегені.
«Қара қытай» үйдің төбесінен бастап қабырғасына дейін сүзіп шықты да, босағадағы орындыққа отырды. Маман да онымен бірге үйді сығырайған көзімен тінтіп барып, төрдегі диванға жайғасты. Әлі де жігіттен көз алар емес.
– Үй іштеріңіз аман ба?
Маман басын изеді. «Аман» дегені.
– Денсаулығыңыз қалай?
Өз үйінде отырып тілден мақұрым қалғанына ыңғайсызданды ма, бұл жолы бас иземей:
– Шүкір! – деді сыбырлап.
– Менің атым – Тасқын.
Маманның көзі шарасынан шығып, таңданғанынан айғайлап жібере жаздады:
– Қазақсың ба?!
– Жоқ, жапондықпын.
Тағы да есі шықты.
– Қытай емессің бе?!
– Қайдағы қытай, жапондықпын.
Жапондық болғанша, өзі білетін қытай болғаны тәуір еді дегендей, Тасқынның басынан аяғына дейін қайыра шолып шықты. Өмірінде жапондық көрмеген кісіде қайдан ес болсын.
– Қайдан келдің, қайдан жүрсің? – деп сабасына түсті Маман.
– Қытайдан келдім. Сізді іздеп келдім.
– Мені?
– Иә, сіздің Жамал деген қарындасыңыз бар ғой…
– Бар.
– Сол сәлем айтты.
Жамалдың атын естігенде, Маманның кеңсірігі ашып, көзіне жас келді. Қуыршақтай нәзік қарындасы көз алдына елестеді. Көрмегелі қанша жылдың жүзі болған, әй…
– Бауырым, Қытайға не іздеп барып ең? Қазақшаң судай. Жапондықпын дейсің, сендер де осы біз сияқты бөлінесіңдер ме? Әңгімеңді айта отыр.
Манадан бері байқап отырса, Тасқының жаман жігіт емес көрінеді. Өзін еркін ұстайды, айтарын жасқанбай, жасырмай айтады. Оның келген бетте босағадағы ескі орындықта отырғанын енді байқаған Маман ыңғайсызданып қалды да, қасына шақырды.
– Ал інім, мұнда кел, құлағым сенде. Жеңгең де кеп қалар, содан кейін шай ішеміз, асықпай сөйлесіп отыра тұрайық.
– Аға, біз сіздер секілді руға, жүзге бөлінбейміз. Ата-тегімізді ұмытпасақ болғаны. Мысалы, менің тегім – Канеко, оның мағынасы – «Алтын бала» дегенді білдіреді. Бұл сөздің теңіз жағалауындағы құмнан ұшқан алтынның тозаңына қатысы бар деп айтады, онысын білмеймін. Бабаларымыз Окинова аралында жасапты, біздің тектегілер, негізінен, осы аралдан тараған. Жапониядағы ең ұзақ жасайтындар Окинова тұрғындары деседі, сол сөзге сенейін десем, менің әкем небәрі елу үш жасында дүниеден өтті, анам одан кейін он жыл өмір сүрді. Мен де Окиновада тудым. Мүмкін, олар Хонсю аралының оңтүстігіндегі Фудзияма тауының етегіне көшпей, Окиновада тұра бергендерінде кемінде жүз жасайтын шығар деп те ойлап қоямын.
Ес кіргенде білетінім – төбесі аласа, қоржын тамда тұратынбыз, есік алдында көлшік, жағасында күріш атызы бар, ар жағында көк жоталар бұлдырап көрінетін. Ертеден кешке дейін көлшікте жүзген үйрек-қаздарға қызыға қарап отыратынмын. Балапандардың бастарын суға тығып, сүңгіп шыққанда денелерінде бір тамшы су қалмай, құп-құрғақ болып шығатыны мені қайран қалдыратын. Тура осы көріністі мен Қытайда көрдім. Ой, Алла-ай, Үрімжінің іргесіндегі бір ауылға барғанымда сол жатаған үй, сол көлшік, жүзіп жүрген үйрек-қаз көз алдымда тұрды… Дүниеде мұндай да ұқсастық болатынына таңғалдым. Айырмасы: мұндағы көлшіктің суы лас, қап-қара көк, айналасы үйілген қоқыс, өте сасық екен. Менің көлшігімнің суы тап-таза, жағасы жап-жасыл болатын. Алланың маңдайға жазған жазуынан асатын адам болмайды екен. Сөйтіп, мен көз көріп, құлақ естімеген Қытайдың Үрімжі дейтін қаласынан бір-ақ шыққам.
– Қытайға не іздеп бардың?
– Бала күннен арманым – саяхатшы не тарихшы болу. Әке-шешемнен маған мұра болып қалған үй-мүлік өмірімнің соңына жететіндей ақша болды. Еуропаны түгел араладым. Тарихшы болсам дегенімнің сыры – Шыңғыс хан туралы көп оқығам. Мүмкін, мен Темучиндей батыр болсам деп те қиялдаған шығармын. Шыңғыс ханның керей, наймандармен соғысқанын, оның немересі Құбылай ханның біздің елді жауламақ болғанын оқыдым… Жапондар мен қазақтардың жаңа туған балаларының құйрығындағы көк таңбаға дейін ұқсас дегенді бір жерден оқыдым… Содан Қытайда көшпенді керей-наймандар түйемен, өгізбен әліге дейін көшіп-қонып, киіз үйде тұратынын теледидардан көріп, солардың ортасына жетіп, өмір-салтымен танысайын деген ойға келдім. Өзім жас, үйде мені ұстап отырған кісі жоқ, буынып-түйініп жолға шықтым. Жетік білетін ағылшын тілімнің Қытайда көк тиынға керегі болмай қалды. Аудармашы жалдап жүріп, Шәуешек деген қалаға барып, қазақтардың ортасына түстім. Қазақша үйрене бастадым, неге екенін білмеймін, менің жаныма өте жақын тіл болып көрінді. Нан сұрап жейтін күнге жетіп, қазақтардың ішінде жүре бердім.
Тассон деген атымды «Тасқын» деп өзгертті қазақтар. Өстіп жүргенде бір бастықтың қызымен таныстым. Өте ақылды, сұлу қыз. Мен сияқты әкесінен ерте айырылыпты. «Әкемнің орнында үлкен ағам бар, он жылдың алдында Қазақстанға көшіп кеткен, қазір Алматыда тұрады, соның рұқсатын алу керек», – деді. Сол ағасы – сіз екенсіз. Ұзын сөздің қысқасы, сіздің батаңызды алып, қарындасыңызбен үйленсем деп осында біржолата келдім…
Манадан бері Тассонның ертегіге бергісіз әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Маманның төбесінен жай түскендей болды. Қазақшаны мүдірмей, көсіле сөйлеген жапон жігіті өзін тұйыққа тірегенін білгенде, Маманның аузына сөз түспей, шекесі терлеп кетті: «Ойпырай, ә, «күйеудің» өзі келіп құда түскенін қай заманда көріп едік, миллиард қытайға қыз бермеген қазақ, қытайдан да басқа кәпірмен құдандалы болмаған қазақ сонау көк теңіздің ортасынан тентіреп келген жапондыққа қалай ғана қыз береді? Әкеміз тірі болса мұндайға не дер еді, мүмкін, үйден қуып шығар таяқ алып…»
Ішкі ойын ана жігіт оқып қоятындай қуыстанып, көзінің астымен қарап еді, оның да маңдайынан тер сорғалап, берекесі қашып отырғанын тез аңғарып, бойы сәл де болса жеңілдеп қалды.
«Не десем екен мынаған?!»
Қарындасын ойына алды. Күні кеше ғана емес пе еді, оны мойнына мінгізіп, еркелетіп ойнап жүргені. Қыз бала да тез-ақ бойжетеді екен-ау. Санап көрсе, жиырма бірге толыпты қарындасы. «Қызды қырғыз да алады», жасын қойшы, қазақта жігіт құрып қалғандай, жұмыр жердің ең шығыс шетіндегі, Күн жарықтықтың ұясының қасындағы бір жерден қаңғып келген жалаң аяқты тапқанын қарасайшы! Ана жақта қараорман ел жатыр, туыс-туған, ағайын-жұрт бар, ертең солардың бетіне қалай қарамақ?! О, Құдай, ендігі көрсетпегенің осы еді, тірідей өлтірдің-ау пендеңді! Діні бөлек, тілі бөлек… жо-жо-жоқ, тіл жағынан кемістік көріп тұрған жоқ, қарындасыда бұлай сөйлей алмас өзінің ана тілінде. Түріне қараса, момын, бейуаз көрінді мана өзі айтқан «Алтын бала».
Әбден басы қатты. Әкенің орнындағы әке екені анық, рұқсат-бата беретін үлкендігі бар, жол осыныкі. Ойлана келе бүй деді:
– Қарындасыммен үйленетінің рас болса, сүндетке отыр, ислам дінін қабылда!
Енді, Тассонның төбесінен жай түскендей болды. Шарасынан шыға жаздап тұрған аялы көздері алақандай болды. Бетінде қан-сөл жоқ, ерні дірілдеп, Маманның жүзіне жалына қарады.
Өз жауабына өзі іштей разы болып отырған Маманға сес бітті. Тілі байланып, ұнжырғасы түскен Тассонға тағы да бұйыра сөйледі:
– Осыған көнсең, үйлен! Үш күн ойлан да, жауабын айт, бара ғой, «Алтын бала…»
«Алтын бала» дегенді кекесінмен айтты. «Алтын ба, жез бе, мына баланың әуселесін көретін күн де туар» деп тынды іштей.
Тассон «иә» дегенді ишарамен білдірді де, есікке беттеді. Екі аяғына екі үлкен малта тас байлап қойғандай адымын әзер ашады. «Сау болыңыз» деген сөзге тілі келмеді ме, артына қайырылып қарауға жүрегі дауаламады ма, есіктің тұтқасын қалтыраған саусақтарымен әзер бұрап ашып, табалдырықтан әрмен аттады.
Арада өткен үш күн Тассонға да, Маманға да оңайға соқпады. Үшінші күні кеш кірген мезгілде «әй, енді «Алтын бала» келе қоймас» деп отырғанда, сыртқы есікті соза ашып, Тассон кірді. Үш күнде жағы суалып, өңі қуарып, жүдеп кеткендей көрінді Маманның көзіне. Сары уайым жанын жегідей жеген кісі қайдан ұйқы көрсін, алақандай екі көзі қанталап кетіпті.
– Ойландың ба, бала? Не істейтін болдың? – деді аман-сәлемнен соң Маман Тассонды бірден сұрақтың астына алып.
– Сіздің айтқаныңызбен келісем, ислам дінін қабылдаймын. Сүндетке отырамын…
Маман жігіттің сөзіне сенер-сенбесін білмей дағдарып қалды.
– Өкініп жүрмейсің бе?
– Өз обалым – өзіме!
Маманның қуанышында шек болмады. Бірден інісі Сырымға телефон соқты. «Осылай да осылай, Ертең Тасқын деген ағаңды сүндетке отырғыздырып кел». «Мақұл!» дегендей болды телефонның арғы жағынан Сырым.
…Үшінші күні таңертең Тасқын кірді есіктен. Маман оның қабағы кіртиген, оңған шүберектей ақ жүзіне қарап, шошып қалды да, бүй деді:
– Әй, бала, қансырап қалған жоқсың ба?! Дұрыс нетті ме?!
– Нетті, аға.
– Нетсе, андағы түрің не?!
– Ұйықтай алмадым… Кезекші дәрігерге медбикелер қосылып «жу» деген соң, жуып бердім. Түнімен маза бермей, таң атқанша «Бір бала-ай…» деген өлеңді айтып шықты.
– Ой, аңғалым-ай! «Жу» дегеннің бәріне жуа бере ме екен адам… Қатырыпты ғой сені…
Маман өзінің сүндетке отырған кезін есіне алды.
Бес жасқа енді ілінгенде әкесі Жұмахан молданы үйге шақыртқан. Жұмаханды білмейтін бала жоқ. Бүкіл ауылдағы оқырасы барлардың бәрін осы молда (молда ма, дәрігер ме ит білсін!) сүндеттейтін. Шақыруын шақырып келгенімен, мұның зәресі ұшқан. Үйдегілер таң атқаннан тойға қамданғандай абыр-сабыр бола бастаған: шешесі бауырсақ пісіріп, көршінің қатыны оған қолғабыс етіп, әкесі мал сойып, ағалары үйдің алды-артын сыпырып-сиырып, әпекелері үй ішін мұнтаздай қылып, талайдан бері шаң басқан ескі үйді жарқыратып-жайнатып жіберген. Баланың күдігі расқа шыққан.
Жұмахан ұстарасын кемер белбеуіне жанып, қан қызыл сұйық дәрісін кесеге құйып, «баланы басып ұстаңдар!» – дегенде, бұл үйден атып шыққан. Жалаң аяқ, жалаң бұт көзден жасы сорғалап, ауылды басына көтеріп, азан да қазан беті ауған жаққа қарай зытқан. Желден де жүйрік үлкен ағасы Самат мұны ұзата қоймады. Екі үйді айнала бергенде қуып жетіп, шырылдатып алып келген. Екі кісі екі тізеден тырп еткізбей басып тұрғаны, Жұмахан молданың «Бисмилла» деп ұстарамен «насыбайдың» ұшын қағып қалғанда «тыз» еткені, бағанағы қан қызыл дәріні жағып, темір тостағандағы күлді төңкеріп жатқаны, еміс-еміс есінде қалыпты. Қызықтың көкесі соңынан болған: «Балаларың жігіт болыпты, мұсылмандығы құтты болсын!» – деп біреу ақша, біреу ойыншық, енді біреу кәмпит-шокаладын төсегінің басына үйіп тастаған. Насыбайы қарақотыры түсіп, үш-төрт күннен кейін жүгіріп кеткенше баланың Құдайы бір жасап еді…
Бүгінгілер лазер-пышақпен кестіріп, жатқанды қойып, отырмай-ақ кете береді дегені рас екен-ау… Соны Тасқыннан көрді.
Сұрастыра келгенде, «Бір кәпірді мұсылман еткен кісінің орны жұмақтан, мұсылман болғызу үшін жеті кісінің куәлігі керек» дегенді естіген Маман аға-іні, көршісі мен достарынан жеті адамды ертіп, орталық мешітке келді.
Сақалы белуарына түскен, қолына асатаяқ ұстаған, жасы сексенді алқымдаған жылы жүзді молда қарсы алды. Бұлардың бұйымтайын естіген бетте молда қабағат қуанып, бүй деді:
– Қасиетті Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 125-аятында : «Алла кімді тура жолға салғысы келсе, оның көкірегін, яғни көңілін иман нұрымен нұрландырып, Исламға айқара ашады» дейді. Басқа діндегі адам мұсылман болу үшін шаһадат кәлимасын, яғни «Әшһаду ән ләә иләәһа уә расуулүһу, уә әшһаду әнна мұхаммадән абдуһу уа расуулүһу» деп айтады. Оның мағынасы: «Мен Алладан басқа құлшылық етуге лайық ешбір Құдай жоқ екеніне, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін» дегенді білдіреді. Иман сөзін тілмен айтып, жүрегімен бекітуі шарт.
Қарт жасыл кілемнің үстінде қоралана отырғандарға көз қыдыртып шықты да:
– Ал ниеті түзік, мұсылман болғысы келген бала қайсың? – деді қолындағы тәсбиығын айналдырып-сырғытып.
– Менмін, ата, – деді Тасқын орнынан қозғалақтап. Даусында толқу бар.
– Алла тілегіңді қабыл етсін! Мен не айтам, соны қайталайсың. Мына отырғандар да сөйтеді.
Молданың айтқанын Тасқын айна қатесіз қайталады. Өзгелер де солай істеді. Ақсақал бата беріп: «Ислам дінін қабылдап, мұсылман болған адамның барлық күнәсі кешіріледі», – дей келе, Тасқынның маңдайынан иіскеді.
Сөйтіп, Тасқынды мұсылман қылған топ үйді-үйлеріне тарап, Маман мен Тасқын бірге қайтты. Екеуі де көңілді. Екеуі де үнсіз. Екеудің не туралы ойлап келе жатқандары тек бір Аллаға аян болатын.
– Сіздерде Алатау, бізде Фудизияма тауы бар. Жапондарда «Фудизияма тауының төбесіне шықпаған еркек – еркек емес» деген нақыл бар. Бәріміз жиналып, Алатаудың басына бір шығып келсек қайтеді? – деді Тасқын күтпеген жерден.
– Талай шыққан тауымыз ғой, — дей салды Маман өмірінде бір үлкен өтірік айтып. Іргеде тұрған Көктөбеге шығып көрмеген кісіге Алатау қай теңі!
Екеуі тағы да үнсіз. Тассон Тасқын болғалы басқа планетада жүргендей күй кешсе, Маман әкесінің аруағын риза етіп, ел-жұрттың алдында жүзін жарық еткізгеніне іштей масаттанады. «Бір кәпірді мұсылман қылған кісінің орны – жұмақта» дегені рас болса екен», – дейді көкке қарап күбірлеп…
Тойға көп адам шақырылған жоқ. Маманның жолдас-жоралары, қызметтестері, көршілері болды. Құдалар жақтан бір адам келмеді. Тасқынның тоқсаннан асқан әжесі бар деген, одан өзге кімі барын осыған дейін білдірген де емес. Содан да болды ма, біраз уақыт оның көңілі пәс болып жүрді.
Жас жұбайлар тату-тәтті өмір сүріп жатыр еді, күндердің күнінде тосын шешім қабылдап, Астанаға қоныс аударатын болды. «Ол жақта жұмыс көп, болашағы бар», – десті, «Өздерің біліңдер», – деді де, Маман теріс айналды. Қабағын түйіп, ауыр ой кешкендей кейіп танытқанымен, іштегі қимастық сезімін жасыра алмады.
* * *
Астанаға алғаш келуі мұның. Қаланың бір шетіндегі қарындасының үйін жобалап іздеп келе жатқанда, сәмбірлеп сөйлеп отырған екеудің әңгімесінің үстінен түсті. Біреуінің құлағы ауыр естиді екен.
– Әй, мына «Алтын баланы» айтам, осыны мұсылман қылғанымыз есіңде ме? – деді біріншісі екіншісіне.
– Не дейді?
Анау қайта бастан үтір-төшкісін қалдырмай айтқанда барып, «есімде» деді екіншісі басын шұлғып.
– Қарашы, үйі анау – патшаның сарайындай, үш ұлы анау – зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер. Өзі анау – қыздай сызылып тұрған… пысық, ә, таңның атысы, күннің батысы дегенді білмейді. Біздегі Жапон мәдениет орталығының білдей бастығы дейді, «Алтын баланы». Тегі жапон демесең, баяғыда-ақ қазақ болып кетті ғой Тасқынымыз. Жылда ораза ұстап, садақа береді. Қазанынан ас, белдеуінен ат кетпейді…
– Не дейді?!
– Ештеңе демейді!… Саған бірдеңе айтқанша, далаға сөйлеген артық! «Не дейді? Не дейді?» деп діңкені құртасың, тас керең!..
– Не дейді?
Маман манадан бері бұлардың желке тұсында әңгімелеріне құлақ түріп еді. Құлағы сау ашуланып орнынан ұшып тұрғанда, бұл орындықты айналып келіп, баяғыда орталық мешітте Тасқынды мұсылман қылғанда куә болған, Астанаға кеткелі пәлен жылдан бері көрмеген ескі достарын көрді. Көрді де, әй-шайға қаратпай екеуін бас салды.
* * *
Диванда теледидар көріп жатқан Маманның беймезгіл көзіне ұйқы тығылып, қалғып бара жатыр еді, диктордың: «Қазақ халқының біртуар ұлы, әлемді әнімен мойындатқан жарық жұлдызымыз Димаш Құдайберген Жапонияға сапарлай барып, Жапонияның ең беделді телеарнасына сұхбат берді…» дегенде, басын жастықтан жұлып алды. Димаш күлімсіреп отыр. Қасындағы аудармашының кім екенін көргенде, Маманның аузы ашылып қалды. Өздерінің Тасқыны – кәдімгі «Алтын бала». Димаш қазақша сөйлейді, Тасқын жапоншаға аударады. Телеарнаның айтуына қарағанда, неше жылдан бері шақырып келтіре алмаған Димашты тегі жапондық Тассонның арқасында құрметті қонақ қылып отырған көрінеді. «Бүгін бізде той, «ақ түйенің қарны жарылған күн» дегендей бірдемелерді жапон дикторы ерні-ерніне тимей зуылдатады. Тассон болса әлгінің бір сөзін қалыс қалдырмай қазақшаға қотарады.
Маман қуанғанның орнына еңкілдеп тұрып жылады. Бір тәуірі оның жылағанын көретін үйде тірі жан жоқ болатын. Көз алдынан Тассонмен танысқаннан бергі өмірі кино таспасындай сырғып өте шықты…
Есікке қарады. Есік ашылып, «қара қытай» кіріп келе жатқандай болды. Теледидарға қарады. «Алтын бала» басын жиі-жиі шұлғып, қоңырқай жүзі бал-бұл жанып, күлімсіреп отыр. Маман: «Құдай саған өмір берсін! Тіл-көзден сақтасын!» дегенді әзер айтты тамағына тас тұрып қалғандай жұтынып…
Ғалым Қалибекұлы