«Алтын жүлге жыры»
10.02.2023
547
0

«Дәуір» баспасынан белгілі жазушы Елен Әлімжанның «Алтын жүлге жыры» атты филолог-ғалым Мекемтас Мырзахметұлының өмір өткелдерін арқау еткен «Алтын жүлге жыры» атты романы жарық көрді.

Романда негізінен өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ оқығандарының, онда да гуманитарлық ғылым саласындағы жағдайлар сөз болады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін «жылымық дәуірде» әр ұлт өзінің өткенін саралап, ұлттық дүниетаным мен тарихына азда болса үңілуге тырысқаны шындық. Бірақ социалистік құрсау, пәрменшіл жүйенің «артық ойлануға» салған бұғауы ұлттың өзін-өзі тануына, тарихын зерттеуіне, тарихи тұлғаларының шын тағдырына үңілуіне шектеу қойды. Әсіресе қазақ үшін Абайдың шығысы мен діни көзқарасы айтылмады. «Толық адам» ілімін зерттеу мүлдем мүмкін болмады. Қазақ әдебиетінде Мекемтас Мырзахметұлы алғаш болып Абайдың шығысын ашқан ғалым. «Толық адам» концепсиясына зер салып, қазақтың ұлт­тық қайнарының негізі Шығыс әлемінде екенін нақты дәлелдермен, Абай шығармашылығымен тиянақтаған әдебиеттанушы. Жазушы романында бас кейіпкер Мекемтас арқылы Абайтану ғылымының бұралаң кезеңін, Абай арқылы тұтас ұлт­тың тағдырын айшықтауға ұмтылған.
Социалистік шеңберде ойлайтын гуманитарлық сала мамандарының «Абайдың шығысына» жанайқайлары шыға қарсы тұруы, ғалымның диссертациясын қорғатпаудың қитұрқы әрекеттерін істеуі, «Абайдың көзін ашқан тек орыс әдебиеті, орыс әлемі, орыс тілі» деген ұранды күн құрғатпай айтуы – тек әдебиет маңындағы дерт емес, тұтас қоғамды шарпыған сана дағдарысы еді. Автор осы тақырыпты қаузағанда, ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы ғылыми ортаның қаншалықты «құлдық» санаға берілгендігін нақты іс-әрекеттермен көрсетеді. Сатқындық, көреалмаушылық, өз ұлтынан безіну, ұлт тарихына өшіге қарау үрдісі белең алғаны сондай, өздерін туған ұлтынан биік қоятын буын гуманитарлық ғылымды шеңгелдеп алғанын байқайсыз. Сол дерттің ұлт бойынан әлі де арылмағанын ойлайсыз…
Роман тек Мекемтас Мырзахметұлы мен оның Абайтанудағы ізденіс аясынан тұрмайды. ХХ ғасырда қазақ басынан кешкен небір зұлмат тарихты бір адамның тағдыры арқылы беріп отырады. Ашаршылық, соғыс, жылымық кезең, «ұлтсыздандыру ұраны», Желтоқсан оқиғасы роман композициясына кейіпкердің әртүрлі ситуациялардағы бастан кешкен оқиғалары арқылы сыналап кіргізіліп отырады. Отарлық саясаттың жеке адамның тағдырына қалай әсер еткенін, сын-сағаттарда көптеген «тұлғалардың» жеке басының қамын күйттеп, негізгі мақсатынан қалай адасатынын романның ішкі жүлгелерінде айшықтай түседі.
«Алтын жүлге жыры» – Кеңес одағы кезіндегі ұлт зиялыларының тағдыры туралы жыр деуге болады. Рухани ортаның тар қыспақта қандай қиын өткелектен өткенін роман арқылы жете түсінесіз.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір