АЛТЫН КӨПІР
28.10.2022
230
0

Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған қазақстандық жазушылар мен кітап
шығарушылар делега­циясы 2022 жылдың 4-8 қазан күндері Рияд қаласындағы Халық­аралық кітап көрмесіне қатысты. Іс-шараны Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігі жанындағы Әдебиет, баспа және аударма комитеті ұйым­дас­тырды. Көрмеге әлемнің 36 елінен 1200 баспа қатысып, өз өнімдерін қойды.
Жыл сайын өтіп тұратын бұл шара –келушілер саны, сату көлемі мен мәдени бағдарламаларының алуандылығы, сондай-ақ белгілі араб және аймақтық халықаралық баспаларының қатысуы жағынан ең ірі араб кітап көрмелерінің бірі болып есептеледі.
Атап айтқанда, халықаралық кітап көрмесінің бағдарламасына 71 мәдени семинар, балаларға арналған 55 іс-шара, баспа бойынша 22 түрлі мастер-класстар, авторлармен 10 сұхбат алаңы, 9 концерт, 7 поэзия кеші және 6 театр қойы­лымы кірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге келушілер саны күніне 150 мың адамды құраған.
Риядтағы халықаралық кітап көрмесі – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен жақындасудың мәдени көпірі бола отырып, Сауд Арабиясының әдеби өміріне айтарлықтай үлес қосады.
Аталған іс-шара аясында қазақстандық делегация жазушылармен және Ливан, Египет, Сирия, т.б. кітап үйлерінің басшыларымен бірқатар кездесулер өткізіп, заманауи кітап шығару, аудармалардың жай-күйі, ынтымақтастықты арттыратын бағыттар жайлы талқылаулар жүргізді.
Сондай-ақ қазақстандық делегация Әдебиет, баспа және аударма комитетінің Бас директоры доктор Мұхаммед Хассан Алуанмен, аударма және баспа бөлімдерінің басшыларымен жүздесіп, белгілі сауд жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне және қазақ әдебиетшілерінің шығармаларын араб тіліне аудару, қазақстандық және сауд баспалары арасында тікелей байланыс орнату бойынша ынтымақтастықты жолға қою туралы келісімдерге қол жеткізді.
Қазақ қаламгерлері ҚР-ның Риядтағы Елшілігінде болып, Елші Берік Арынмен кездесу барысында Қазақ­стан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет Сауд Арабиясына осы сапарды ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралар кітап шығару жұмыстары мен аударма саласында алдыңғы қатарда тұрған араб әлеміндегі серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті.
Елші Берік Арын қазақ­стандық делегацияның көрмедегі жұмысының нәтижелерін жоғары бағалап, Елшілік әрі қарай қазақ және сауд жазушылары мен баспа үйлері арасындағы әдебиет және кітап шығару саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесетінін тілге тиек етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір