Сен бір алтын пернесің…
31.08.2023
618
1

Болат МАЛТАҚБАЕВ

Жұлдыздар мәңгі сөнбейді!

Аспан таулар қырандарға таңсық па?!
Қасқыр дейміз арлан ба,
әлде қаншық па?
Ел аманда жүргеніміз ес кетіп,
Белшемізден батқандай бір балшыққа!

Қамы болар тірліктің,
Жандайшапқа дәмі тәтті биліктің.
Тобырлармен жүрсе аяңдап тепеңдеп,
Құны қанша, Жүйріктің!

Көрем десең хас тұлпарлар додасын,
Қос бәйгеге, бас қамшыны
сауырдан тер,
Көзден жасы борасын!
Шатқаяқтап қалар болса шаң жұтып,
Көрінбесін көз алдымнан жоғалсын!

О, бауырым аптықпағын демікпе,
Тозып ажар, ескіреді көрік те.
Бақ жұлдызың ағып түссе маңдайдан,
Айрыласың елпеңдеткен желіктен.

Дей алмаймын кесіп түсер қылышпын,
Теңіз емес, көлдей ғана тынышпын.
Абыржыма айналайын қарындас,
Күйін кешіп, серке көрген шыбыштың.

Махаббаттың әні болар тым асқақ,
Кете алмайсың қара жолға із тастап.
Жетем десең арманыңа, сертіңе,
Күндер кешкін қар жамылып,
мұз жастап.

Сүймеді деп түңілме,
Күйгелектеп күйінбе.
Шыдам етсең аз ғана,
Шешіледі шешуі жоқ түйін де.

Жұлдыздар мәңгі!

Жұлдыздар мәңгі сөнбейді!
Ақымақ дейді ел мейлі.
Ақымақпын десем сенбейді,
Өксік өмір күйігі.

Кем дүние күйбіңі,
Сәтсіздіктерім мен қасіреттерім,
Менің тастай жүрегімді жеңбейді.

Пәк тәкаппар сұлулықтан жаралған,
Анамның ақ сүтінен
Адалдықтан нәр алған.
О, менің махаббатым,
Махаббатым ешқашан да өлмейді!

Жаным-ау Сен!

Жаным-ау Сен!
Күнәдан пәк бөбегісің,
Уілдеген әнсің, өлеңісің.
Киелісісің қанатты періштесісің
Жүрегімнің алтын бесігінің.

Сезімім сен дегенде бөбектеген,
Пәктігін жел тұрмақ Күн өбпеген.
Мынау аппақ әлемдей сүйем Сені,
Ақ отымды кеудемнен өшірмеші
Ғашықпын, ессізбін кешір мені…

Нұрлы бейне

Естен кетпес нұрлы бейнең,
Түсіре алмас уақыт еш пердесін.
Домбыра жүрекке тағылған,
Сен бір алтын пернесің.

Күйін шертіп өтермін,
Махаббатың мәңгілік!
Ессіз десін ел мейлі,
Десін мейлі Әңгүдік!

Шарап толы кесені,
Нұрға малып ақтаңда,
Сен үшін жаным, көгерем,
Саулықта тілеп бақтарға!

Келші жаныма
Келші…

Келші жаным қасыма,
Не болмайды ер жігіттің басында?
Тұлпарлар да сүрінеді жасыма,
Табанымда әлі
жарқылдар қара тасың да,
Ғажайып жүрек
болады екен жасында.

Келші, келші жаным қасыма,
Жұлдыздардан өрейін
алтын отау басыңа.
Айды әперем қолыңа,
Күнді ілемін жолыңа.
Ақ арманның тәж-тағын,

Құл ғып өтем соңыңа.
Келші, келші қасыма

Сен мәңгі кеттің не деймін…

Қайырымсыз Тәңірден,
Үмітсізбін, үміт үздім бәрінен.
Шешек атып көктемес,
Мен – қауызбын
айырылған дәнінен.

Тұл өмір-ай түгі жоқ қызығатын,
Құрғап қалды кешегі қызыл қаным.
Жанарымда дірілдейді өлі сәуле,
Қауқары жоқ жанымды
жылытатын.

Үнім шықпас бұлқынсам,
Дәрменсізбін өліктей.
Күйіп кеткен күйіктен,
Ағармас енді сүйек те!

Өлеңім – өмірім

Тәңірден тілеп мейірім,
Күбірлеп іштей жүремін.
«Мезгілсіз өлімнен сақта» — деп,
Күрсінем, кейде күлемін.

Идірсе тағдыр басымды,
Бөркімді түзеп қоямын.
Өксітсе өмір өзекті,
Шараптан шайқап шаямын.

Сенделіп міне, келемін,
Сезімге беріп кемерін.
Айшықтай алмай бедерін,
Құдіретті өлеңнің!

Өлеңім – жаным, өмірім,
Махаббатымның жоқшысы.
Лапылдап жүріп сөнермін,
Қайырылған күні,
Аққу – арман топшасы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 08.03.2024 | 14:42

Керемет Мұқағалидын қаны бар екен атамда

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір