Ақын болу – хақтың ісі…
Нұрлан Оразалин есіміне ел құлағы үйреніп, алғашқы жырлары оқырман жұртшылықтың назарына іліккеніне жарты ғасырдан асып барады.

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мектеп қабырғасында жүріп жазған өлең дәптерін жүрегінің тұсына тұмардай түйіп ұстап, көңілі алып-ұшып Алматыға келген бозбала жігіт бүгінде шашы бурыл түске боянған ел ағасы жасына келді. «Көгілдір түнде – көк аспан, жұлдыздар көкте тұр тұнып; кеудеме қонып, кеудеммен менің сырласқан, жылт еткен үнсіз жұлдыздың көзі – нұр-тұнық» деп арманды қанат еткен жас ақын елінің алдында есейіп, халқының ортасында жүріп, қабырғалы қаламгерге айналды.
«Сөз айтсам досқа ұнаған, шақырып алға озар күн; Табиғат – менің ұлы анам, көгердім, бірге бозардым» деп, ой мен жырдың толқындай тулаған өріне желкен жайған жетпісінші жылдар «Өкінбе, дос, біз бармаған той, аз ба? Азап-мұңын біз шекпеген ой аз ба?! Өлең үшін мәңгі майдан – бұл өмір, қар, дауылға, қарсы жүзу аязға… Сезу, көру, есту, тыңдау – күресу, шындық үшін шырқырап кеп тіресу; Ақын болу – хақтың ісі… Мұратың – жазымыш пен жалған жайлы жыр есу» деген сергелдеңі мол сексенінші жылдарға жалғасты… Ақын «Желтоқсанда орай-борай қар ұшып, пері заман адалдықпен алысып, асау ғасыр сілкіледі санамды, тамырымда намыс, жігер, қан ысып…» деп, ел көзін басқан уақыт шелін сылып, ұлт санасын сілкіп, томағасын сыпырған Тәуелсіздігімізге бесік болған тоқсаныншы жылдарға ағынан жарылып, құшағын жайды.
«Тербеп алаң, аспан менен жер, түнді, Еркін күйлер ел көгінде шертілді. Мен өртенсем… Елім үшін өртендім… Иә, Тәңірім! Өшірмегін өртімді!» деп жыр қанатына қонған тұғырлы тұлға сөз түренін соныға салды. Осыған дейін жазылған «Беймаза көңіл», «Сырнайлы шақ», «Жерік түндер», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат» атты жыр жинақтарынан соң «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Қарақазан ғасыр», «Екі дүние», «Тәубә», «Аспантаудан ауған күз», «Құндағым», Тәңірмен тілдесу», «Көкжал дәуір» («Время волчица») атты уақыт, заман, қоғам туралы тереңнен толғап, Алаш жұртының өткені, бүгіні, ертеңі жайлы ойға жетелейтін іргелі поэтикалық туындыларымен қазақ жырына олжа салды. Оразалин творчествосы туралы ілгері-кейінгі кезде әдебиеттің көрнекті өкілдері пікір айтып, жоғары баға бергенінен оқырман қауым жақсы хабардар.
Ақынның шығармалары орыс, француз, қытай, түрік, украин, өзбек, қырғыз, тәжік, болгар, молдаван, татар тілдеріне аударылған.
Өз дәуірінің перзенті
Серік ҚИРАБАЕВ,
филология ғылымының докторы, сыншы, ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан
Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Абайдан қалған бір сөз бар «жұрт айтпаған сөз бар ма» деген. Қазақ сөзге шешен, айтқыш, сөзұғар халық. Ол айтпаған сөз жоқ деп түсінуге де болады. Ақындар да көп айтқан сөзді. Бірақ бүгінгі поэзияның талабының өзі – сол сөздерді қайталау емес, мақсаты – өмірді әркім өзінше тану. Өзінше соны образбен бейнелеу – сонымен ғана поэзия өмір сүріп келеді, поэзияның ерекше қасиеті осында. Әйтпесе жұрт айтқан сөзді негізінен қайталап айтуға тура келеді. Поэзияның артықшылығы – соны суретке түсіруінде. Адамның мұңы мен қайғысына ортақтасуында, сезінуінде, өзінше көре білуінде.
Ақын, әрине, қағазға түскеннің бәрін тізе беруге тиіс емес. Соның бәрінен кейінгі ұрпаққа ғибрат ұсынады. Яғни үлкен суретпенен қалдырады. Нұрлан өлеңі – біздің осы саламызға сай, замана талаптарына сай дамып келе жатқан өнер. Мен оның өлеңдерінен өткенді қайталау емес, өзінше ізденуді, өзінше сурет салуды, өзінше толғануды көремін. Ол туралы айтып та, жазып та келемін. Кеше тәуелсіздік келген кезде Нұрлан тәуелсіздікті ұрандатып қарсы алған жоқ. Бірақ тәуелсіздіктің маңызын, мазмұнын, оның халықтың рухын көтеретіндігін, ұлттық психологияны жаңғыртатындығын түсініп жырлады. Оның артықшылығы да осында. Тәуелсіздік халықтың мүддесіне жауап беретіндігін түсінді. Және тәуелсіздік келген кезеңдегі қиыншылықтардың бәрін бұл өлеңдерінде тізіп жазған сияқты.Бірақ соның бірде-бірінде қайғы арқалаған жоқ. Өмірдің шынайы көріністерін бейнеледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан қоғамымыз өзгерді. Экономикалық қарым-қатынастар…Көрші елдермен байланыстар әлсіреді. Нұрлан осының бәрінің бірде-бірін қаламынан сырт қалдырған жоқ. Осылардың бәрін де ақынның халық қайғысына ортақтасқандығы күйінде бейнеленді. Ол қоғамды жамандап, саясатқа қарай ыңғайланған жоқ. Саясатқа қарай ыңғайланған өлең үлкен опа бермейді. Бірақ шынайы өмірдің өз суреттерін салған ақынның өлеңдері қашан да жаңалық болып сезіледі.
Нұрлан ылғи өмір ортасында жүрген азамат. Жауапты қызметтерде де болды. Шет елдерді де аралады. Өзіміздің де ортамызда жиі болады. Сонда көп нәрсені көріп, көп нәрсені көкірегіне тоқып, өзінің өлеңдерін соған құрады. Сондықтан да Нұрланның шығармашылық жолын жетпісінші жылдардың поэзиясындағы үлкен шығармашылық белгі деп білемін. Нұрлан халыққа қызмет ету, осы жолдағы қиындықтарды, поэзия тілінде жасырмай айту сияқты нәрселерге көбірек барды. Әрине, бұл белгілі бір кезеңде ғана туа салған Нұрлан творчествосындағы ерекшеліктер емес еді. Оның жас кезінен, 19-20 жасынан бастап жазған өлеңдерінен, әсіресе, жиырмадағы жігіттің жазған өлеңдерінде де белгілі бір заманның мұңы менен сыры бар еді. Жас кезінде жазған өлеңдерін кейін Нұрлан өмірдің жаңа шындықтарымен толықтырды, жетілдірді. Осының барлығы – өмір өтеді, өмір тәтті нәрсе, ал бірақ өмірдің өтпей қоймайтыны заңдылық деген нәрсені айтты. Міне, осы тақырыпта Нұрланның тоқсаныншы жылдардағы өлеңдері көп жағынан жаңалық болып көрінеді. Ал бүкіл кеңестік жүйенің ыдырауын Нұрлан поэзиясында жақсы бейнелейді. Кейін өмір орнықты. Уақыт өте келе біз қиыншылықтардан өттік, осындай кезде ақын үлкен парасатпенен тәуелсіздіктің не әкелгенін көрсете алды. Нұрлан өлеңдерінің біз үшін бағалы жағы осында деп ойлаймын. Образдарын жаңартты. Халықтың психологиясындағы үлкен өзгерістерді таныды. Сондықтан заман ырқы, ақынның бейнесі, табиғаттың бейнесіндегі үлкен өзгерістер Нұрлан шығармаларында айқын көрінеді.
Нұрлан жайында өзінің замандастары, өзінің ағалары жақсы пікірлер айтқан. Шыңғыс Айтматовтың пікірі бар. Оның үстіне өзінің жақсы көрген, көп сүйенген ағасы Тұманбай Молдағалиев пен аяулы апайы Фариза Оңғарсынова, әдебиет сыншысы және әдебиет зерттеушісі Бақытжан Майтанов, өзінің ақын ағасының бірі Есенбай Дүйсенбайұлы, Сайлаубек Жұмабеков сияқты сыншылар Нұрлан жөнінде көптеген құнды пікірлер айтты.
Нұрланның артықшылығы – көргенін тізуде емес, адам рухын түсінуі, адам рухының жыршысы болуы, рухтың тазалығы, беріктігі сияқты ұғымдарды берік ұстануы. Сондықтан Нұрлан творчествосының үлкен орны бар. Оның өлеңдеріндегі өзгерістердің барлығы оның жинақтарының аттарынан көрінеді. «Құралайдың салқыны» атты жинағы, «Жүрекжарды», «Қоздағы шоқ», «Беймаза көңіл» сияқты жинақтары Нұрланның көзқарасын айқын танытады. Сондықтан да Нұрлан өз заманының ең жақсы ақындарының қатарында.
Қызметі туралы айтсам, Нұрлан көп жылдан бері Жазушылар одағының басшылығында жүр. Кезінде Одақтың басшылығына Нұрланға сеніп, өзіміз сайлағанбыз. Мен кейінгі съездердің көпшілігінде де Нұрланның кандидатурасын жақтап, дауыс берген және ол жөнінде талай айтқан азаматтардың бірімін. Оның себебі, Нұрланды бір ағайыншылықпен жақтағандық емес. Нұрлан айтса – тілі бар, істесе – орнықты ғып істейтін, оның үстіне халықпен сөйлесе білетін үлкен қайраткер азамат. Жазушылар одағын тұрмыстың ыдыраған кезінде де немесе жетім-жесір қалған жазушылардың отбасымен қарым-қатынасында да үлкен адамгершілік және биік парасат бар. Сондықтан да Нұрлан қиналғанның қайғысымен де ортақтасып жүреді. Жаңа туған нәрестенің қуанышымен де ортақтасып жүреді. Жұртпен тіл табыса біледі. Көп адамдарға мен «Нұрланның істегенінің бірін де істей алмайсың» деп айтқаным бар. Бұл билікке таласқандардың ішіндегілерге айтқаным.
Жазушылар одағын басқарған бір кездегі қайраткер ағалары Сәкен, Ілияс сияқты немесе бер жағындағы Ғабит, Ғабиден сияқты, Сәбит Мұқанов сияқты үлкен-үлкен қайраткерлердің еңбегінен, солардың басқару тәжірибесінен көп сабақ алған азамат. Және өзі ылғи сол ағаларының творчествосын қадағалап жүретін, олар туралы жақсы сөздерін айтып жүретін азамат. Нұрлан өзі үлкен публицист, үлкен эссеист, үлкен жазушылар жөнінде үлкен баяндамалар жазып жүреді. Жұбан, Сырбай, Әбдіжәміл, Ғафу жөніндегі баяндамалары, Мұқағали, Сәкен Жүнісов, Жұмекен, Әбіш туралы мақала-сөздері… Осылардың бәрінде де ақындық өнерді бағалау, тұлғаны тану секілді көркем критерийлерге берік.
Нұрлан Оразалин – өз дәуірінің перзенті, уақыт қалыптастырған тұлға.
ҚЫРДЫҢ ҚЫРМЫЗЫ БОЯУЛАРЫ
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
Мен бiзге iле-шала iлесiп келе жатқан әдебиеттегi бауырластарыма, одан кейiнгi, бұл күнде алды отызды еңсерiп тастаса да, жасамыстардың «жас» деген айдар тағуымен еленетiн туындылары бола тұра, елене бермей жүрген таланттарға ризалық, жанашыр және үмiттi сезiммен қараймын. Бiздi жасқандыратын, жанымен ұғынатын, биiктететiн, онан қалса, ұялтатын да солар.

Адам есейген сайын, рухани өскен сайын кәрi емендей даралана беретiн болса керек. Мүмкiн әр кезең ұрпағының өзiне, уақытына сай мiнез бен болмыстағы ерекшелiктерi болатынынан ба, әйтеуiр бiзден кейiнгi ұрпақтың бойынан өзiм қызығарлық қасиеттер көремiн. Ол – тұтастық, адамгершiлiк, үзеңгi қағыстырып аударыса жүрiп бiрiн-бiрi орға жықпайтын жанашырлық, тiптi бiрiн-бiрi адам ретiнде жақсы көрмегеннiң өзiнде, талантын мойындау және халыққа мойындатуға тырысар азаматтық.
Бұл – iшiп-жеу, дауласу жауласудың өткiншi одақтастығы емес, әдебиеттегi әр буынның, өскiннiң сабағындай, тұтастығына, өркендеуiне мүмкiндiк туғызар ауадай қажет қасиеттер. Осы қасиеттердi ақсақалдардан немесе бiздiң орта буын өкiлдерiнен емес, кейiнгiлерден көрiп, сеземiн. Тәубаға келемiн.
Әдебиет – халық өмiрiнiң айнасы. Туған әдебиеттiң тұтастығы – халық бiрлiгi.
Бiздiң өкшемiздi басып келе жатқан қазақ әдебиетiндегi осы сырқаусыз буынның белдi өкiлi – ақын Нұрлан Оразалин.
Көп жұрт Нұрланды драматург деп бiледi, пьеса жазушы деп ұғады. Нұрланның поэзиялық шығармаларына зер сала бермейдi. Зер салмаған адам күмiстi де қола дей салуы әбден мүмкiн.
Мен өзiм Нұрланды қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бiрi деп қабылдаймын. Сонау
70 жылдардың басында:
«Оңымнан соққан жел ме екен,
солымнан соққан жел ме екен,
салғырттау жүрген кезiмде,
сабылып қайдан келдi екен!?», –
деп поэзияға келген, ол кезде «Қазақстан пионерi» газетiнiң редакциясында университет бiтiргеннен кейiн еңбек өмiрбаянын бастаған ұзын бойлы, бидай өңдi, қағілез келген жас жiгiттiң бүкiл бiтiмболмысынан да, нұрға толы үлкен көздерiнен де ерекше бiр жылылық, мейiрiм есiп тұратын.
Рас, Нұрлан қозылаған қойдай жыл сайын жыр кiтабын шығармайды. Анда-санда жарқ етiп көрiнетiн санаулы жинақтарының қай-қайсысынан да жүрегiңдi дiр еткiзер сағыныш мұңы еседi. Сонау бала шақтағы «көшкен үндi шақырған сыбызғы жел», «жұлдыз көшiп, ай аулаған түндерде ақылға құрық салғызбай жұлқынған жүрек», «жiгiт көктем қыз қырға гүл ұсынып», «сәйгүлiк жел, құба жонмен жарысқан жомарт кездер» – осының бәрi табиғаттың өзiндей сезiм бояуларымен көз алдыңда тұра қалғанда, дүниенiң қасаңдығын, адамдардың, аралдардың қашықтығын қатыгездiкпен өш алып, өкпе қайыру емес, жағымпаздықпен алған жалған абырой-атағың емес, тек ғашықтығың – мынау жақсылығы мен жаманшылығы шуақ пен көлеңкедей жарық дүниеге ғашықтығың, қарымтасыз ғашықтығың ғана жеңедi деп жар салған ақын жүрегiнiң сенiмiне сен де сенесiң. Өлең сендiрсе ғана өлең ғой.
«Ойпаң бел, оймақ қыраттар
жонданған кезде келермiн.
Ой желке күлiк, құр аттар
қоңданған кезде келермiн.
Келермiн, бәлкiм, таңды ұрып,
келермiн, бәлкiм, кештi ұрып,
таңқурай бiтiп, жаңғырып –
құлазып жатқанда Ешкiлiк.
Ерте ме, кеш пе… Бiр келем,
сағынышымменен жолды ырғап,
Ай туған шақта iргеден,
қарағайларға қол бұлғап», –
деп романтиканың ақ боз арғымағын сар желдiрiп жүрген Нұрлан ақын бертiн келе:
«Қалай босқа жүргенбiз күйiп-жанып,
күймейтұғын жерлерде күйiп-жанып,
оттегiнi бөлiсiп бiр ауадан,
бiр аспаннан жүргенбiз сүйiп жарық?!
Қалай, қайтiп жүргенбiз – таңданамын?
Өткен-кеткен… Бiрiн де аңдамадым.
Өгей сезiм кеуденi тебедi ендi,
тепкiзген кiм?
Таба алмай шамданамын…
Таба алмай дал боламын…», –
деп, күнi кешеге дейiн ақ боз үмiтпен, «ақ боз таулардың iшiнде ақ боз армандай пәнидiң» сұлулығына қайран қалып, дүниенiң бәрi осындай деп қараған, «күлген бiрге, жылаған, тұрған бiрге, құлаған» достарға ендi ойлана көз салатын болды; «маза бермей жүрекке, санаға түн, сәттерiм көп толқитын, жамағатым», – дейтiн кемел кезеңге жеттi.
«Бұлғалап таулар шоқтығын,
өтiп те жатыр көп күнiм.
Түндерiм қанша мазасыз
кетiп те жатыр… Жоқ тыным.
Шыға алмай шырқап сөремнен,
көре алмай қызық өлеңнен,
сананы санға бөлшектеп,
сарсаңға түсiп келем мен», –
деп есейе бердi.
Өмiр есейтедi, елегiнен екшеп өткiзедi. Дүние түгелiмен бозала таң, бозбала түндер емес екенiн сонау күнгi достарыңның өздерi-ақ, сонау бiр мәңгiлiк деп ұққан салқам сезiм, «қою қара түндердегi елiктердей, ағараңдап ұзап бара жатқан арман» мойындатады. «Жиырмасыншы қиын ғасырда адамдарды сендiру де қиын екенiне» көз жеткiзесiң, көзiң жеткен сайын өткенiңе, айналаңа, тiптi баяғы «алма ағаштар ырғалған бозамық түндерде қиылып қарайтын сынық айдың өзiне де алып ұшпай ойлана қарайсың», мың ғасырлық қалпынан жаңылмай, адалдықтың соңынан әлi күнге қалмай тiрсектеп келе жатқан зұлымдықты көресiң.
Нұрланның «Жазушы» баспасынан шыққан «Жетiншi құрлық» атты өлеңдер жинағын оқып шыққанымда, Жердiң қанық бояуларына шалынған кемел ақынның осындай ойлы жырларына кенелдiм.
Нұрлан сезiмiмен қайып, ақиқат полотносына сурет салады. Адамның көңiл дүниесi, жан әлемiн дәл сол күйiнде түсiретiн техникалық құрал не суреткерлiк құдiрет жоқ. Ол – бойлатпайтын құбылысты ғалам. Ақын осы ғаламат әлемнiң құпияларын дөп басуға тырысады. Көңiл күйiнiң көшiрмесiн дәл түсiрудi – өлеңмен түсiрудi мұрат тұтады.
Көңiл күй, сезiм – өлеңнiң негiзi. Сезiмсiз өлең – сусыз сағым. Нұрлан өзiн толқытпаған жайды жазбайды. Тек тұла бойын шымырлатып, өткен күн, келер шақтарды елестетердей әсер берген құбылыс қана оның жүрек қаламынан жыр туғызады. Осы көңiл дүниесiнiң қалт еткен қас қағым сәтi Нұрлан өнерiнде табиғаттың көңiл әлемiмен көмкерiледi де, адам мен жаратылыстың бұл күнде жер үстiнен қашықтап бара жатқан үйлесiмiн табады.
«Жырақтадың… Сен менен жырақтадың,
кетпей қойды кеудемнен бiрақ та мұң.
Жаным бүгiн жауынды көшедейiн,
шашын жайып жылауда құрақ, талым».
Немесе:
«Қырау келiп қонардай тал басына,
сыз тигендей сiлкiнем жамбасыма».
Осы шумақтардың өзiнен-ақ лирикалық кейiпкердiң iшкi жан әлемiн көресiң.
«Жұлдыз жауды…
Аспаннан Ай құлады.
Елең еттi сезiмнiң айқұлағы.
Көңiлiмдi қорқыныш жаншылады,
көңiлiмдi қуаныш қамшылады.
Ақ жауыны сәуiрдiң тамшылады».
Мен ана бiр жылы Францияда болғанымда, мүсiншi Роденнiң Париж маңындағы шеберхана музейiне барып ем. Қырда өскен қазақ атаулы мүсiн өнерiнiң бағасын бiле бермейдi. Дәл соған дейiн өзiм де мен үшiн құпиядай бұл әлемнiң қыры мен сырына үңiлiп көрген емес едiм. Сол жолы атақты шебердiң саздан соққан туындыларын көрiп, таң-тамаша қалғаным бар. Адамның бес саусағы. Жер астынан шығып тұрғандай. Сол саусақтарға қарай қалсаң, оның иесiнiң қандай күй кешiп тұрғанын бiрден сезiнесiң. Нұрлан өлеңдерiндегi осындай табиғатпен, ауамен, бұлтпен, ай сәулесiмен астасып жататын жан қозғалысы, тынысы көңiл қуантады.
«Далада аяз…
Ақпанды ұмыттым да,
ақтарылдым көл-көсiр сезiм болып;
жанарымнан ел сезбес сыр ұқтың ба –
орғыды бiр ойнақшып көзiңде елiк
(кездестiң-ау ғажайып кезiм болып?!)».
Адам баласының бүкiл жарық дүниеге, барша жанға деген жанашырлық, сүйiспеншiлiк сезiмi өзiнiң оймақтай ауылын, ес бiлiп, етек жапқанда көңiл көзi түскен туған табиғатын жақсы көруден басталса керек. Өзiнiң аршасы мен шыршасын, тобылғысы мен дүзгенiн кие тұтпаған адам басқаның ауласындағы қайыңын қастерлей алмайды. Өз туған жерiнiң тауы мен жылғасын, құралайы мен ұларын, наурызы мен қарашасын Нұрлан керемет өрнектейдi.
«Көк бастаудың жабысып белесiне,
қайдағыны оралтып ел есiне,
шайқаң-шайқаң етедi түлкi тұмақ,
көк бүркiтiн көтерiп төбесiне…».
Көз алдыңыздан суреттер өтiп жатады. Жай өтпейдi. Дәл өзiң бастан кешiп, сол ауамен демалып тұрғандай сезiндiредi.
«Қазан айы. Қарашы, қара суық.
Тау иығы аппақ қар, дала сұлық.
Атасының қамшысын қалдырғандай,
тауға кетiп барады бала суыт.
Қазан айы. Қарашы, қара суық».
Мына суреттi көрiңiзшi, сонау баяғы тау бөктерiндегi шағын ауыл, көгiлдiр мұнарға оранған сай-сала, шыңға өрмелеген сары шапақ… Тезек иiсi мұрныңа келедi:
«Қияқ шөптi сарғайған несiбе қып,
қия беттi барады кесiп елiк.
Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтiн
қаз, тырнаның барады көшiне ерiп».
Өзiң де сол қаз, тырнаның немесе қия тұсты бетке алған сұлу елiктiң соңынан ерiп, бiр жақтарға кетiп қалғың келедi, өйткенi сарғалдақ сезiмдi сартап қылған тас көшелер мен көшелi қабырғалар жан әлемiңдi тулақтай тарылтып, қусырып барады.
«Көшелердi қыдырып қашады үнiң,
ақ жаңбырлар кеудеңе шашады мұң.
Көзге түсер көк айдын көлге құлап,
мұңайғаны сәмбi тал шашағының…».
Нұрлан өлеңдерiнде тiлiмiздегi ұмытыла бастаған тiркес, балама бояулар жиi кездеседi. Қазақ тiлiнiң қанық бояуы көне матадай кемескi тартып, керемет метафора, образдар ұмыт бола бастады.
«Наурыз туа буланып жылдағы қар,
сай-саламен сыңғырлап, жылға құлар.
Қозы-лағын көгендеп көктеудегi үй,
қошақанын қойшы қарт құмға бұлар».
Бiздiң көбiмiз кiбiртiктеп, өлеңмен сурет сала алмайтынымыз – сөздiк қорымыздың қымызы азайған торсықтай жүдеу тартуында. Тiлдiң көркi балама, бояуларында.
«Күздiң сынық қабағы… Нұр жасырып,
жапырақсыз жабырқап тұр ма шыбық?
Жалғыз атты жолаушы –
саятшы қарт
тау бөктерлеп келедi қырға асығып.
Тұғырында – бүркiтi томағалы.
тiзгiн тартып, маңайын шолады, әнi.
Қызыл түлкi дүние – көз ұшында,
көз ұшында бұлдырап жол ағады».
Нұрлан сөз мұхитында еркiн жүзедi. Жел қай бағыттан соқса да, желкенiн көтеруге дайын.
«Желдi кезең, желкiлдеген құлын шақ,
бал күндейiн баяны мол ұрыншақ.
Айқайтас пен Қарашадан, Шүңгiттен
тұрғандайын бiр үн сап.
Жез таңдайлы құлыншақ».
Немесе:
«Алып таулар аспанның кемесiндей,
бағзы күннiң бояусыз елесiндей.
Жүзiп бара жатқандай бiр бағытта,
аққан жұлдыз садақтың жебесiндей».
Ал мына бiр жолдарда:
«Таныс дауыс. Бала күнгi таныс үн.
Жапан тауды мекен еткен танысым –
Ана Бұғы бүгiн неге мазасыз,
бүгiн неге жаңғыртып жүр тау iшiн?!».
Немесе:
«Ауыл түнгi ұйқыда,
Борасында.
Қарагер ат жусайды қорасында.
Әлденеге көңiлiм елегiзiп,
кетiп қалғым келедi қара шыңға».
Немесе:
«Ән сыздатып Алатаудың жотасын,
iнген сезiм iздер кеште ботасын.
Жасыл бақтың жапырағын
жұлып күз,
тәнiмiзге салар мезгiл соқасын».

Нұрлан ақынның суреткерлiк өнерiнiң негiзгi тiнi – адалдық. Бағзы заманнан ақын бiткен аласұрып арашашы болған адалдықтың зұлымдықпен жекпе-жегi әлi итжығыспен келедi. Жалт етпе жылтырақ пен шын асылды ажырату ырду-дырдулы, өтпелi ұрандары мол бiздiң заманымызда оңай емес. Оқушының көркемдiк талғамын тәрбиелеу – әдебиетшiлердiң басты парызы. Бiз табиғатымыздан аңғал халықпыз. Оның үстiне, талғам тәрбиесiн әдейi ұмыттырған қоғамымыздың тiзгiнi өзiнше ой ойлағанды, өзiнше пайым жасай алатындарды ылғи сыртқақпай қалдыруға тырысып келедi.
Осы бiр жайды жақсы түсiнетiн ақын өмiрдiң, заманның күрделiлiгiн, күрделi тiрлiктiң психологиясын ашуға ұмтылады.
«Байқайсың ба?..
Құлағына ғаламның ән келедi,
көз алдына ғаламның қан келедi…
Ән менен қан шарпысып жатыр тынбай,
дүниенiң жалғасып мәңгi елегi.
Кеткендей боп ойлардың салы суға,
саналар қағысуда, алысуда.
Атом ғасыр атой сап сағат сайын,
Оқ жонатын заводтар жарысуда…».
Кейде шулы, дулы, темiрлi, тасты қаланың кеуде қысар тiрлiгiнен жүйкесi жiңiшкерiп, жүдеу тартқанда, сүйiктiсiн жанына ертiп алып:
«Ақ шатырды қондырып ықтасынға,
түтiн иiскеп, қақалып от басында.
Адам-Ата, Хауа-ана… Отырар ма ек,
сенен өзге ешкiм де жоқ қасымда», –
деп табиғат аясын, пәктiк пен сұлулықты аңсайтын ақын адамзат санасының ендi қасiрет туғызар кесапатына алаңдайды; бұрынғы құлын шақтың мамыражай тiрлiгi ендi оған қанағат емес, өйткенi Жер мен Елдiң еркiн тыныс-демiнсiз жеке бастың бұлтсыз ғұмыры болуы мүмкiн емес.
«Көңiл – арсыз…
Тiршiлiгiң тағы арсыз.
Арсыз мұңсыз, ойсыз, қамсыз
өтiп жатыр көп күнiң,
өтiп жатыр көп түнiң», –
деп өзiне-өзi риза болмай:
«Өзекте жалын. Көзде – мұң,
өзiме бөтен өз демiм.
Өлең де бөтен, ой бөтен,
жұлқиды жанды кезбе мұң», –
деуi де жай айтыла салған ой емес.
Мұның астарында ақын армандайтын адалдыққа, жарасымды тiрлiкке, еркiндiкке алаңдау бар. Алаңдау неден туындайды? Өмiрдiң, адамдардың алалығынан, әдiлетсiздiктiң ойқастауынан, жазықсыз жапа шеккен бiреулердiң жетiм сезiм, жерiк үнiн естуден туындайды.
«Уақыттың бүгiнде жасы кепкен…
Бұрыл!
Қара жолыңа басып өткен!
Ұлы Абайын сойылға жығып жұрты,
Махамбеттiң семсерде басы кеткен».
Ақын алдан көңiл мен ақаулы тiрлiктiң мазасыз болмысын көрiп қана қоймайды. Мейiрiмнiң соңынан ерген қатыгездiк барын, өмiрдiң соңында өлiм барын ескерте отырып, әдiлет пен адалдықтың жеңуi үшiн көрiп, сезудiң аз екенiн, әркiм өз қуатын жұмсауы қажеттiгiн меңзейдi. Әдiлет пен шындықтың аспаннан салбырап түспейтiнiн еске салады.
«Жұлқып-жұлқып өтердей
жүрек тұсын…
Бұлқын! Сiлкiн! Өмiрдi жыр ет, күшiм.
Жағаласып, әлемдiк сұмдықтардың
күрес керек қағатын күрек тiсiн!».

Нұрлан өмiрдегi барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетiне теуiп, тепсiнiп қарамайды. Ыза – ақылдың жауы. Ақыл жұқарған жерде ақиқат та сылти басады. Ақын жақсылы-жаманды тiршiлiк болмысына биiктен, парасат биiгiнен байыппен қарайды. Бұл – суреткерге аса қажет қасиет. Көбiмiзге қонбай, қолымызды жеткiзе алмай жүрген қасиет.
Нұрланның поэзиясын қадағалап оқитын болғандықтан, оның шалғынды болмысын да, шаңдақты тұсын да байқап, бағдарлап жүремiн. Ақынға үкiм айту, оның өзiне ғана тән өрнегiне басқа бағдар қос деу – айып. Суреткер творчествосының жұрттың бәрiне бiрдей қабылдануы мүмкiн емес, олай болуға тиiс те емес.
Нұрлан поэзиясындағы ақындық шабыт, сөз өнерi жайлы:
«Жүректi тулатып бiр қиялағын,
өлеңқұс, кеудеме кеп ұяладың…».
«Аз күндердi өткерiп сөз құраумен,
самайды да бояппыз боз қыраумен…».
«Менен қашып бара ма шабыт шiркiн,
Жұмыр басын тауға ұрып,
тасқа да ұрып?!».
«Ауық-ауық жүректi желiктiрiп,
Өлең атты қозғай ма жетiм елiк?!».
«Отты өлеңнiң жалыны ерте сөнсе,
Мен не дермiн, апырай, ертеңiме?!».
«Өзiңдi аңсап келемiн, Ыстықкөлiм,
Шабыт құсын жаңа бiр ұсынар деп…», –
деген шумақтары маған ұнамайды. Рас, жаратылыс берген талант құпиясын ашу, өлең туардағы ақынның жан күйiн өлеңмен беру қазақ поэзиясында сирек кездеседi. Нұрлан жырларында бұл басқаша әсер қалдырады.

Екiншi бiр жай – Нұрлан жиырма бестен асып кетiппiн, отызға да келiп қалыппын деген тақылеттес «уайымды» жиi айтады. Оқырман үшiн ақынның жасының қажетi шамалы. Оған «iшi алтын, сырты күмiс сөз» керек, саф алтыннан құйылған сезiм өрнектерi керек.
«Аттандырып ұйқысыз сағаттарды,
төзiм талды, жанар мен тағат талды.
Өмiр – боран. Барады үзiп жұлып
дәптерiмнен сызылған парақтарды», –
деген жолдарға сүйсiне отырып, Нұрлан ақынға қазақ поэзиясының жарқын беттерiне айналар жаңа жырлар туғызар мазасыз түндерi жақсы жырға сусап жүретiн халқын жемiсiне кенелте берсiн деймiз.
1988 жыл.
ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты
Кез келген тұлғаны өмір, орта, қоғам қалыптастырады. Осы бір үш ұғымның басын жинақтап көбінесе уақыт дейтін кеңістіктің қанжығасына теліп жатамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлан Мырқасымұлы Оразалин екеуміз – соғыстан соң өмірге келген, қарайлас ортада бірге қалыптасқан, бір қоғам, бір дәуір қанатымызды қатайтқан жиырмасыншы ғасырдың төл перзентіміз.

Мен Нұрланды танып, білгелі қырық жылдан асып барады. Қырық жыл ішінде қазақ қоғамы басынан нені өткермеді, еліміз нендей өзгерістер қорығына түспеді.
Заман өзгерді, саяси-қоғамдық жүйелер өзгерді, ғалам өзгерді. Сол өзгерген дәуір мен уақыт толқыны бізді, дәлірек айтқанда, Тәуелсіздіктің туын көтеріп, тұғырын бекітуге қызу атсалысқан тұтас бір ұрпақты түлетіп, шыңдады. Әрқайсымызға әр түрлі міндет жүктеп, елдік пен егемендіктің жолында тер төгуге, қызмет етуге жұмылдырды. Менің ұғымымда Нұрлан Оразалин – сол «соғыстан соң туған» адал, ақ жүрек, «ала арқан аттауды білмейтін» қоғамшыл, күрескер ұрпақтың белді, беделді өкілі. Ел жады ақ-қараны ажыратып, азаматын тануда, оған баға беруде ешқашан жаңсақ айтып, жалғандыққа бармайды. Дүниеде елдің бағасынан артық баға жоқ. Нұрланның да қазіргі қоғамымызда сондай ел бағасы қалыптастырған өз бет-бейнесі, өз орны, өз биігі бар.
Ол – халық сомдаған тұлғаның орны мен биігі.
Нұрлан Оразалин – дарынды ақын, драматург, публицист, еліміздің көрнекті қоғам қайраткері. Ол жиырма жылға жуық Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы қызметін үлкен қажырлылықпен атқарып келеді. Шығармашылық одақ үшін ең қиын жылдар – сындарлы кезең Нұрланның басшылығымен өтті. Қазір де, алда да бұл лауазымды атқару кімге болса да оңайға түспесі анық. Төраға да осы жылдар ішінде ерекше сынақтардан өтумен келеді. Бұл қызметте талантты жазушы болу жеткіліксіз, іскер басшы, табанды тұлға, көзге түсіп, қағаз жүзінде қаттала бермейтін қарбаласы мол жұмыстың ұйымдастырушысы бола жүріп, құзырлы мемлекеттік құрылымдармен шебер қарым-қатынас орнықтыра білу де қажет. Қысқасы, әрқайсысы бір-бір әлем саналар қаламгер дейтін күрделі кәсіп иелерімен тіл табыса жүріп, өзгені де, өзіңді де аласартпай қызмет ету парыз… Түптеп келгенде, Одақтың тірлік, тынысы, мұң-мұқтажы, оның ең жанашыр тұлғасы – Төрағаның қайраткерлік қызметімен тұлғалық болмысына байланысты. Біз білетін ақын Нұрлан, басшы Нұрлан осы кезеңде сол кеңістіктен көріне білді.
Нұрлан Оразалин тумысынан талапшыл, жастайынан өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарап өскен текті азамат. Ол әуел баста қазақ қоғамына талантты қаламгер, болашағынан мол үміт күттіретін сезімтал ақын ретінде танылды. Көп ұзамай драматургия әлеміне де құлаш ұрды. Жас ақын, драматург Нұрлан Оразалин өзінің алғашқы шығармаларымен-ақ оқырман, көрермен жүрегіне жол тауып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Оның ақындық өнері – өрісі бөлек мәдениеттілік пен терең интеллектуалдылықтың көрінісі іспетті. Ұлт мұраты мен адамзаттық құндылық әлемі ұштасып жатады. Ақын дүниелік құбылыстарға бейжай қарай алмайды. Жасандылыққа, жалғандыққа жаны қас. Нұрлан жырларынан әділетсіздікке күйінгенін жасыра алмайтын ойын ашық айтып, сөзін көркем өретін ірі суреткер болмысын көреміз. Ақынның тағылымды табиғаты, бүкпесіз мінезі, бүркеншіксіз жаратылысы оның жырларына айрықша сипат береді. Берісі – ұлттық, әрісі әлемдік үлкен мектептерге ұштасар өлең өрудің осынау қайталанбас даралық үлгісінен біз ақынның тұлғалық болмысын, азаматтық ұстанымын, өрісті көзқарасын аңғарамыз. Бұл – мінез-құлқы берік қалыптасқан, қоғам, ұлт, өнер дейтін іргелі ұғымдардың қорығында шыңдалған шығармашылық иесіне тән қасиет. Бұл – салмақты ой, салиқалы сөз айтатын қайраткер болмысы. Оның өзіне қоятын талабы да жоғары. Нұрланның әрбір қадамын, іс-әрекетін, қабылдайтын шешімін, өз көзқарасын қоғам қозғалысымен, тынысымен өмір екшей білетіні азаматтық ұстанымын әркез сақтай отырып, әлемдік құбылыстарға терең үңілетіні, ақындық алғырлығы мен сөзге бейім шешендігі оны қоғам ісіне, мемлекеттік құзырлы орындарда жауапты қызметтер атқаруға араластырды.
Ол кезінде республикамыздың Мәдениет министрлігінде театрлардың репертуарлық коллегиясының жұмысын ұйымдастырып, сахна өнерінің драматургиялық қорының қалыптасуына мол еңбек сіңірді. Өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарында Республикадағы театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. К.Лавров, О.Ефремов, Ә.Мәмбетовтермен бірге жүріп, театр қайраткерлері Одағының іргесін қалады. Н.Оразалиннің үлкен ұйымдастырушылық қабілетін көрген, білген, өнер мен әдеби орта жас басшыға зор сенім көрсетіп, 90-шы жылдардың басында баламалы негізде сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттығына өткізді.
Нұрлан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ұлтымыздың тарихи заңын қабылдаған ХІІ шақырылымның құрамында жүріп, Тәуелсіздік тұғырын бекіткен, елдігімізге кең жол ашқан конституциялық заңдардың өмірге келуіне белсене, ұлтжандылықпен араласты. Осы кезеңде оның «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор болған, сондай-ақ одан кейінгі көп жылдар қатар қызметтес, әріптес бола жүріп, Елбасы тапсырмаларының жүзеге асырылуына атсалыстық. Нұрлан осы тұста әріптес қаламдас ағалары Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Әнуар Әлімжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Қадыр Мырзалиев, Камал Смайыловтармен қосыла жүріп, мәдениет, ақпарат құралдары тәрізді заңдардың жазылуына үлесін қосты.
Жазушылар одағының Төрағасы лауазымында қаламгерлер ұйымының абырой-беделін көтерер ондаған республикалық, халықаралық, еларалық шаралардың өтуіне мұрындық болып келеді. Біраз халықаралық Әдеби ұйымдардың басшылығына сайланды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті ұйым басшысын өз Жарлығымен ҚР Парламент Сенатының депутаттығы лауазымына бекітіп, айрықша сенім көрсетті. Нұрлан әдебиеттің жас өрендеріне қамқорлық көрсетіп, ұлттық өнер саласының дамуына да үлесін қосып келеді. Ол шығармашылық ұжымдарға, талантты жас өрендерге қол ұшын беріп, оларға барынша қолдау көрсетуді өзіне әркез парыз санайды.
Еліміздің экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, шығармашылық одақтар мемлекет тарапынан қаржыландырудан шеттетілген тұста Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы болып сайланған Нұрлан Оразалин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, әрі тікелей қамқорлығымен Жазушылар одағының ғимаратын «сауда-саттық» мақсаттарға қолды болып кетуден сақтап қала білді. Ұлттық әдеби басылымдар «Қазақ әдебиеті» газетін, «Жұлдыз», «Простор» журналдарының ұйым қарамағына қайта оралып, Жазушылар одағы құрылтайшылығымен шығуын реттеді.Бұл басылымдардың өнер сүйер қауым мен әдеби ортаның игілігіне қызмет етуінде Нұрлан Мырқасымұлының еңбегі зор. Әсіресе, Жазушылар одағы Төрағасының күнделікті қайнаған жұмысының ішінен уақыт тауып, жазушылар еңбегіне, олардың тұрмысына жасап жүрген қамқорлығы орасан. Ол қашан көрсең Алматы, Астана қалалары, облыс әкімдерімен байланыста жүреді. Төрағаның Үкіметке, Парламентке, Елбасының әкімшілігіне айтар әңгімесі, қояр мәселесі толассыз. Олар негізінен әдебиеттің, мәдениеттің, жазушылардың жағдайы. Нұрлан көркем шығарма тағдырын ұлт мүддесінен бөле-жара қарамайды. Оған Сенат депутаты болған үш жылында көзіміз тағы да жете түсті. Парламент қабырғасында Оразалиннің айтар сөзі – ұлт мәселесі, ұлттық әдебиет, мәдениет, жалпы руханият майданының хал-ахуалы болды. Қайыра-қайыра көтеріп жүріп, қажет жерде айтысып, дәлелдеп жүріп, ақыры мемлекет тарапынан көркем шығармалар үшін қаламақы төлеу мәселесін заңдастырып шықты. Оның бұл бастамасына Парламенттің қос палатасындағы әріптестері қолдау көрсетті.
Нұрлан Оразалин, сондай-ақ ұлт әдебиетінің, мәдениетінің көрнекті өкілдерінің есімдерін ұлықтауда, оларға мемориалдық ескерткіш орнатуда да көп еңбек етумен келеді.
Бұл айтқандарымыз – Жазушылар одағы Төрағасының мазасыз қызметінің жүрекке салмақ артар, ұйымдастыруда табандылық көрсетуді қажет етер кейбір көріністері ғана. Нұрлан Мырқасымұлының ұлт алдындағы, руханият алдындағы еңбегі ересен екенін замандастары жақсы біледі. Солардың бірі – осы жолдардың авторы.
Уақыт, дәуір талаптарына сай ұлт та, ұлттың болмыс-бітімі де өзгеру үстінде. Сол ұлы өзгерістер ортасында кешегі жалынды, сезімтал ақыннан бүгінгі ұлтының бетке ұстар руханият тарланына, сөз жүйесін білер шешеніне, қарымды қаламгеріне, қажымас қара нарына айналған Нұрлан
Оразалиннің барын қазақ қоғамы жақсы біледі.
Өрісі бөлек, өміршең пьеса
Әшірбек СЫҒАЙ
Нұрлан жұртты алғашқы пьесаларымен елең еткізді. Елең еткізген пьесасының бірі – «Шырақ жанған түн».
70 жылдардың жастары үшін, бұл бір культовый спектакльге айналып еді…

Ондағы Нұргүл, Таңат, Сағын сияқты герой, героиналар драматургиядағы лиризм мен романтизм бағытын күшейтіп, ел көңілінен шыққаны есімізде. Көбінесе бай, кедей, тұрмыстық сипаттағы пьесалар, партия туралы пьесалар, өндіріс туралы пьесалар қаптап жатқан кез… Үкіметтің тапсырысымен, партия не айтса соны орындайтын кезең… Сол тұста «Шырақ жанған түннің» жастар хақындағы жағымды, жұмсақ, жаңашыл лебі көрерменді сергітіп жіберді. Пьеса алғаш жастар театрында қойылды. Ким Вениамин деген режиссер қойды. Спектакль сәтті шықты. Уақыттың күре-тамырын дөп басқан мықты дүние еді. Бәріміздің жас кезіміз, бәріміздің жұлынып пікір айтып жүрген кезіміз… Сағат Әшімбаев марқұм бар, Оралхан Бөкеев бар… Барлығымыз қуандық. Ғазиза Әбдінәбиева сомдаған қазақ қызының бойындағы мөлдір тазалықты көріп, Нұргүл сияқты қызға үйленуді армандағандар көп болды. Нұргүлге еліктеушілер де болды… Қаламгердің бақыты дегеніміз осы емес пе?! Өзінің шығармашылық сонылығымен, өзгеше рухымен айналасына әсер етсе, одан артық қаламгер үшін қандай қуаныш керек. «Шырақ жанған түн» шын мәнінде өмірімізге, өнерімізге, қоғамымызға өзгеше сілкініс алып келді, жан тербетер динамика алып келді. Премьерадан премьераға шұбалып, жастар театрына ағылған студент жастардың легін көрсеңіз… «Шырақ жанған түн» деген атының өзі өзгеше. Нұргүл дейтін есім қазақ жастарының символына айналып кеткендей болып еді. Қаз-қалпы көз алдымда. Пьесаның қалай қиындықпенен келгенін, қалай жазылғанын бір білетін адам болса, ол менмін. Өйткені, сол кезде Нұрлан екеуміз де министрлікте жұмыс істедік. Ол репертуарлық коллегияда аға редактор, мен театр бөлімінің бастығы болдым. Пьесаның қайсыбір сәттерін Нұрлан өзі ауызша айтып, шығармашылық ауызша айтып, шығармашылық сырларымен бөліскен кездері болды. Ол драматургияның қыр-сырын игерген мол дайындықпен келді. Сондықтан… Шығармасын іштей қорытып, жүрек тезінен өткізіп, жанр талаптарын орындауға барын салды. Еңбегі жанды. Үлкен мақсаттар жалына жармасқан драматургтің тұңғышы жұртты жалт қаратты. Ол өзінің алғашқы пьесасымен-ақ айтулы жанрға керемет, жас талантты драматургтің қосылғандығын дәлелдеді де… Грибоедов жалғыз пьеса жазды дейді. Жұрт қателесіп айтады… Бес-алты пьесасы болған… Солардың ішінен «Ақылдың азабы» («Горе от ума») театр тарихында ұлы дүние болып қалды. Грибоедов та бір пьесасымен классик боп ел аузында жүр. «Шырақ жанған түн» де мен үшін сондай ұлт театрының сирек туындылары санатындағы дүние… Шынайы көркем дүние. Өрісі бөлек, өміршең туынды… Әлі күнге жаныма жақын, әсері есімнен кетпейтін ерекше пьеса.
СІЗ – ӨЛЕҢСІЗ!
Тәңіртаудың етегіндегі тұлпарға
(Анадолыдан келген хат)
Харун ТОҚАҚ,
жазушы
Нұрлан аға!
«Қоздағы шоқ» атты таңдамалы лирикалық жыр жинағыңызды үлкен ілтипатпен оқып шықтым. Жыр жинағынан гөрі «алыстағы бауырына» жазылған көлемді хаттай әсер етті маған.
Көкке жеткен толқынмен көбік шашқан мұхиттай шалқып, көк нөсер болып төгілген екенсіз.
Зұлмат қараңғылықта ұзағынан қалған ұрпақтың басына жаңбыр болып жауғаныңызды, күнсәуле болып төгілгеніңізді сезіп, тебірендім. Шын жүректен риза болып қуандым. Мақтандым…
Сіздер дәл осындай болмағандарыңызда, ұшы-қиырсыз қазақтың шалқар даласында қалайша гүл-шешектер ашылар еді, қалайша тандыр болып қаңсыған шөлдер жұмақтың жазирасына айналар еді?
Өшпес жалындар мен шоқтарды ұялатқан бір жанартаудай лапылдап жанған жүрегіңіз жырлаған өлеңімен, шырқаған әнімен аз ғана дем алғандай…

Өмір бойы қасиетті Тәңіртаудың етегінде, қазақтың кең байтақ жазиралы даласында тоқтамай шабатын Тұлпардың бір сәтке болсын демін алып, тынығып алуы керек шығар.
Үнемі қоздай жанып тұратын жүрегіңіздегі қып-қызыл шоқтарды жұрттың неге көрмейтіндігін жырлайсыз, неге сезбейтіндігін мұң-шерге айналдырасыз. Және осы дертпен жанасыз…
Біздер сіздерді еш уақытта ұмытқан емеспіз, ұмыта алмадық та.
Ата-бабалар, ағалар ұмытылушы ма еді.
Ағайын алыста жүрсе, кісінеседі емес пе?
Ата қоныс, киелі мекенде қазақ бауырларымыздың көп азап тартқаны жалындап жанған жүрегіңізден белгілі. Солтүстік полюстегі ұзаққа созылған түндер іспетті күннің көзін аңсаған екенсіз. Қарды боратып, үскірігін бүріккен аязымен қалтыратқан ұзақ қыста қалған екенсіз. Ұйқысыз өткен боранды қыстың түндерінде қорқыныштан дірілдеген асыл сөздерді қоздағыдай жанған жүрегіңіздегі шоқтарда ысытқан екенсіз. Әлгі «шаршатқан пері дәуірде» Тәңіртаудың етегінде мұң-қайғыдан, дерт-азаптан жүрегі алаудай жанып тұратын бір ескерткіштей тұрысыңыз көз алдымнан кетпейді.
Жанға жыр бітірер жинағыңызда Геродоттың: «Сақтар ел шетіне жау тигенін обалардың басына от жағып, хабарлайтын болған», – дегенін жазған екенсіз. Мен болсам, қазақтың басына қандай қара бұлттың үйірілгенін, қандай азапқа душар болғанын қоздағы қып-қызыл шоқ сынды жанған жүрегіңізден жалындаған өртке қарап аңғарып отырмын.
Қиын-қыстау кездерде Ұлы Жаратушыға ғана сүйенемін, ата-бабамның әруағына сыйынамын деп жырлайсыз. Біз де дәл солай жасадық. Найзағай жасынының адам баласының ішіне қорқыныш түсірген тас қараңғы дауылды түндерде біз де Алла-Тағалаға сыйындық.
Мен де даланың перзентімін. Білемін даланың шырғалаңы мен шытырманын…
Беттерді парақтаған сайын өлеңдердің үні жаңғырып шығады… Бір кездері ұшы-қиырсыз кең далада өз болмысы үшін ат шаптырып, әлгі жарықпен танысқаннан кейін көкжиегіндегі жарыққа қарай ат сабылтқан жігіттердің айқайы, тұяқтың дүрсілі, тұлпардың кісінегені бір-бірімен араласып-астасып жатады.
Бірде, «жасырмаймын, шаршадым…» дейсіз ғой. Рухыңызды бір алаудың орап алғанын жыр етесіз.

Бұл алау жүрегіңізден еш уақытта ажыраған емес. Жанған жүрегіңіз әлгі алауменен ошақ сынды үнемі лапылдап жанып жатты. Алайда, Сіз өзіңіз үшін еш уақытта жанып-күйген емессіз, үнемі еліңіз үшін жандыңыз, жүрегіңіздегі әлгі отпенен еліңізге жыр болдыңыз; кеше ғана көшкен аталарыңыз іспетті бір күні осы көк күмбезден көшіп кеткеніңізде, осы нұр – Тәңіртаудың етегінде мәңгі-бақи жанып тұратын болады.
Артта қалған із іздеуші жолаушылар әлгі нұрменен табады жолдарын.
Бірде, марқұм әкеңіз: «Шықпады-ау, бір жинағың көлемді боп», – деп намыстанып қынжылған екен; мәнді, мазмұны терең, үлкен туынды – жыр жинағыңызды көргенде, кім біледі, қаншалықты қуанар еді…
Қамықпаңыз! Бұйрық туғанда, жырда бейнеленген қасиетті жерлерге жетіп, әуелі, жұлдыздармен сырлас қара түндерді, өткен шақтардан өлең болып естілетін дауыстарға құлақ түріп, зарлап жылап жатқан кең даланы, тауды, тоғайды жұбатамыз, содан соң, қол ұстасып әкеңіздің басына бірге барамыз.
Әлгі, кеткен бойда қайтып келмейтіндігіне сенеріңізді білмей, мың рет жанып, мың рет сөнген оттай жалындап жырлаған әкеңіздің зиратына…
Қарияларымыздың туған жердің сүйікті баурайында үнсіз жатқан әлгі төбешік жерде, әуелі, бір Иасин сүресін оқып бағыштаймыз, содан соң, «Янык Июрек» («Қоздағы шоқтың» түрікше аудармасы) жыр жинағыңызды алып, әкеңіздің мазарының басына гүл шоқтарын қойғандай екі шетінен ұстап, абайлап, ақырындап, еңкейіп барып бірге қоямыз. «Міне, әкетайым! Күткен кітабың шықты. Анадолыдағы бауырларыма да сенің үнің жетті. Енді жайбарақат жайлы жерінде ұйықтап жатуыңа болады», – деп, әумин дейміз.
Бірде, жан-жүйемізді бесіктей тербеткен өлеңдеріңізде: «Жатыр қалай жан әкем сыйып көрге?!», – деп жырлайсыз.
Ұлы рухтар көмілген жерде қалмайды. Мазарларын мына бес күндік жалғанда ғұмыр кешіп отырған жұмыр басты пенделерге белгілі бір «мекен-жайы» болсын деп қолданады. Олардың әруақтары мәңгіліктің мекенінде.
Айтып едім ғой Сізге, бұл кітап – жыр жинағынан гөрі, маған сонау жастық шағыңыздан бері жазып жүрген хат болып оқылды.
Мен де қай заманнан бері «Тәңіртаудың етегіндегі Тұлпарға» арнап жазамын деп жүрген ойларымды қағазға түсірдім.
Енді, не айтайын Нұр-аға! Өлеңіңізбен, жырларыңызбен Қарлы таулардың биік шыңдарынан, мың жылдық мұзарттан құлап төгілген сарқырамадай құйылдыңыз ішімізге.
Кітабыңыз маған жазылған бір хат болса, Сіз – өлең сынды адамсыз…
Стамбұл, 2011 жыл.
Түрік тілінде жарық көрген
«Қоздағы шоқ» жинағының алғысөзі.
(Түрік тілінен аударған Мәлік Отарбаев).
ОЙЫП ОРНЫН АЛДЫ
Жабал Ерғалиев,
жазушы, Парламент Сенатының депутаты
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойғаны ел есінде. Көзіқарақты оқырман, әсіресе өнер мен әдебиетшілер қауымының қуанышы ерекше болды.
Дегенмен… Осы Заңның қалай дүниеге келгендігі мен әзірленуі жайлы жұрт біле бермейтін де жайлар бар. Соны бастап айтар болсам, есімі елге кең таныс ақын, драматург, Республика қаламгерлер ұйымының беделді басшысы, белгілі тұлға Нұрлан Мырқасымұлы Оразалиннің Елбасының Жарлығымен Парламенттің Сенат депутаты болып тағайындалып келген сәттен мәдениет пен әдебиеттің, жалпы руханияттың қордаланып қалған мәселелерін түрлі жиындарда өзіне тән сабырмен көтере бастағаны есіме түседі. Нұрлан ағамыздың рухани өміріміздің проблемаларын жатық білетінін республика жұртшылығы жақсы біледі. Айтса, білген адам айтсын. Білгеннің сөзі өтімді келеді…
Нұрлан Мырқасымұлының сол табандатып айтуының ақыры Мәдениет туралы айтулы Заңның әзірленуіне ықпал етті.
Ұзақ жылдардан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып келе жатқан Нұрлан Оразалин Сенат қабырғасындағы сол айтқандарының арасында жазушылардың жай-күйін, олардың шығарып жатқан кітаптарының таралымының аздығын, қаламақы деген ұғымды қаламгерлердің біржола ұмытқандығын аузынан бір тастаған жоқ. Ол бұл мәселені республикалық бюджетті талқылау, бекіту кезінде де сан мәрте көтерді «Тираж бен қаламақы мұңын арқалап» Министрлердің де, тіпті Үкімет басшыларының да алдына сан барғаны, батырып та, мәмілеге шақырып та айтқаны жадымызда…
Ақыры құтты болды! Елбасы қол қойған Заң бойынша енді мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың таралымы 5000 данаға жететін болды. Қаламгерлердің шығарар кітаптарына мемлекет тарапынан төленер қаламақы да заң жүзінде реттелуге бет түзеді.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көріп, кеңінен талқыланып жатқан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең мәнді философиялық еңбегінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – дей келіп, тағы да мына бір маңызды мәселелерге баршамыздың назарымызды аударып отыр.
«Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын, – деп жазады Елбасы. «Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген сөздері осы айтқанымыздың айғағы.
Міне, біздің тұтас мәдениетіміздің алдына Елбасы қойып отырған осы бір өзекті әрі заманауи мәселені абыройлы жүзеге асыру тұрғысынан келгенде, әдебиетімізді де ұлықтаудың жаңа кезеңі туды деп санаймыз. Сондай-ақ, қолдағы бар тарихи және мәдени мұраларды сақтау мен қорғау, бай мұраларымыздың халқымыздың игілігі үшін жұмыс істеуіне, мәдениеттің жалпы жұртшылық үшін бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етуге, өнерді және шығармашылықтың барлық түрлерін қолдауға, бүкіл мәдени қызметті үйлестіру мен реттеу жаңа сапалық деңгейге көтерілмекші. Мемлекет тарапынан мәдени қызметтің барлық түрлеріне қаржылық, әкімшілік, құқықтық және моральдық қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге, қоғамдағы татулық пен келісім құндылықтарын нығайтудағы мәдениеттің орны мен маңызын жаңаша пайымдап, жаңаша түсіне отырып, Елбасының алға тартып отырған рухани жаңғыруды қамтамасыз ете алатын және соған септесе алатын, Қазақстандық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің әлемдік кеңістіктен өз орнын алуына ықпал ететін Мәдениет туралы жаңа Заң өмірге келді.
Соңғы үш жыл бойына қос Палатаның бір топ депутаттары әзірлеген бұл құжат Мәдениет министрлігінің қолдауымен үлкен кәсіби талқылаулардан өтті. Әр алуан құрамда өткен әлгі талқылауларға жұмыс тобының қызу бас қосуларына мүдделі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, шығармашылық одақтар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері, білікті, білгір мамандар тартылды… Қос палата төрағалары мен Үкімет басшысы қолдауын алу үшін қаламгерлер ұйымының төрағасы қалай билік коридорларын кезгені, депутат әріптестерімен жұмысты қалай жүргізгені көз алдымызда. Дүркін-дүркін депутат Оразалиннің дүйім сенаторлардың алдына қойған мәселелерінің дені аталмыш Заңда көрініс тапты.
Елбасы пәрменімен 5 мамыр күні өмірге келген Заңға қазақ көркемсөзінің дамуына ықпал етер құқықтық нормалар енгізілген. Осы заңда табанды басшы, тағылымды тұлға, кемел суреткер, көрнекті замандасымыз – Нұрлан Оразалиннің ой-пікірі ойып тұрып өз орнын алғанын айту парыз.
Орайлы сөз
Ғабит МҮСІРЕПОВ
…Мәнді түрде айтқан
Оразалин ақындықтың, поэзияның небір терең сырларын, нәзіктігі мен от-жалыны, шуағы мен нөсері барын сыншыларымыздың бірде-бірі айта алмаған мағыналы, мәнді түрде айтқан.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
Уақыт пен бабалар үні
Нұрлан шығармашылығы, менің ойымша, ұлттық поэтиканың ғажап дәстүрлерін Батыс пен Шығыс поэтикасының өресі биік өнегелерімен шебер үйлестіреді. Бұл оның шығармаларының көптеген әдеби аудармасын көктей өтіп, әр сөздің астарындағы буырқанған образдардың жанартаудай оты аудармашының қарымта шабытын туғызады…
Уақыт үні мен бабалар үні – Нұрланның поэтикалық әлемінде қатар өріліп, бірге жүретін көркем атрибуттар. Сондықтан да ақынның поэтикалық пафосы мен дүниелік танымы тіршілік ақиқаттарын планетаралық қабылдау биігіне көтереді.
Шыңғыс АЙТМАТОВ
Отты жырдың иесі
Ақын қуанса шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығын, жалпы адамзаттық, толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен, ең жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді.
Мұндай Жер мен Көк арасын өлең сиқырымен арбауға, жалғауға ұмтылатын табиғаттың өзіндей таза, қуанышы мен қайғысы, мұңы мен сыры, мұзы мен жалыны қатар өрілер отты жырлар – Нұрлан шығармаларының басты өлшем, таразысы.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ
Әдеби процесті үйлестіруші
Әдебиетшілерімізге не керек? Сөз еркіндігі бар ма? Бар! Ананы жаз, мынаны жазба деп нұсқау беретін заман кеткен. Еркін сөз, еркін ойдың дәуірінде не керек дейтін болсақ… Әуелі, тіл ұшына оралатыны – творчестволық процестерге көлденеңнің көп қол сұқпағаны керек! Өздеріне, жазушылық еңбекке лайықты жағдай жасай білуде көмек керек! Ол көмектің жалғыз көзі мемлекет екенін айттық. Осының барлығын жақсы білетін, онымен күні-түні басы ауырып жүретін бір адам болса, ол – осы Нұрлан Оразалин. Мен солай деп ойлаймын. Тағы бір айтарым – қазіргі таңда әдебиетке, ұйымды басқаруға, әдеби процесті үйлестіруге, координатор болып жұмыс істеуге мэтр керек пе, менеджер керек пе деген мәселе… Бұл – шешімі қиын даулы мәселе. Әзіргі мэтрге де, менеджерге де бірдей икемі бар, оған жеткілікті мөлшерде өмірлік тәжірибе жинақтаған бірден-бір адамымыз да осы – Нұрлан Оразалин. Қысқасы, қазіргі әдеби тіршілікте мойындалған, бәріміздің пайымдауымызда, әдебиеттің үлкен ақиқаттарын түсінетін және оны түсіндіре білетін тұлға тағы да осы – Нұрлан ғой деп есептеймін.
Феликс КУЗНЕЦОВ, академик,
Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі
Сындарлы басшы
Еуразияның кіндігінде, Шығыс пен Батыстың терең мәдениеті тоғысқан жерде орналасқан Егемен Қазақстан азаматтық бірлік пен жалпы ұлттық татулықты сақтай отырып тегеуріні мықты демократиялық мемлекет құрып жатыр. Қазақстан Жазушылар одағы тек қазақ қаламгерлерінің ғана емес, ұлттар әдебиеті өкілдерінің туған үйіне айналды. Кеңестік дәуірден кейінгі қиын кезеңдерде ол Халықаралық Жазушылар одағының қауымдастығы мен халықаралық әдеби қор құрылтайшыларының бірі болды. Көп жылдар бойы әдебиеттің дана патриархы Сергей Михалков басқарған Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығы ұлттық мәдениет пен әдебиеттің өзара тиімді шығармашылық байланысының нығаюына көп ықпал етті, оның ықпалы әлі де өте зор. Осы бір қиын да күрделі істің бастауында Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Давид Кугультдинов сынды азаматтар жүріп Қауымдастықтың дамуына үлкен үлес қосты.
Достастық мемлекеттерінің мәдени бірлігі мен осы әдебиетшілерінің өзара қарым-қатынасының нығаюына Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы мен оның Басқарма Төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалиннің қосқан үлесі өте зор. Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығының бірінші хатшы-координаторы Тимур Полатов қызметінен кеткен соң бұл жауапты міндетті атқаруға Сергей Михалков арнайы Нұрлан Оразалинді шақырған еді. Алайда, Қазақстан Жазушылар одағының басшысы өз қажыр-қайратын туған еліндегі Жазушылар одағының дамуы мен көркеюіне жұмсағанды жөн санады. Нұрлан Мырқасымұлының бұл орындағы қызметі маңызды әрі сындарлы болғанын уақыт дәлелдеді. Қазақстан Жазушылар одағы реформалар кезеңінде өзінің тұтастығын сақтап, ғимаратын өзгелердің қолына өтуден аман алып қалды.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ
Ұлт биігіне көтерілген
Нұрлан ең алдымен ақын. Ақын болғанда, қазақ өлеңіне қомақты олжа салып, өз биігін өзі анықтап келе жатқан мықты ақындарымыздың бірі, бірегейі. Өз үні, өз қолтаңбасы айқын, ұлт биігіне көтерілген ақын.
Нұрлан – драматург. Мәдениет министрлігінде жүрген кезеңде біраз пьесалар жазды. Ол дүниелері сахна бетін көрді, күні бүгінге дейін театрларда жүріп те келеді. Нұрланның пьесалары – қазақ мәдениетіне қосылған үлес. Осы тұрғыдан келгенде, Нұрлан тек қана әкімшілік жолмен, яғни Жазушылар одағының басшысы болумен ғана аты шығып келе жатқан жоқ. Ол – өзінің шығармашылық табыстарымен де жарқырап көрініп жүрген қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлға.
Нұрлан – біздің дәуіріміздің үлкен ақындарының қатарын сапалы тұрғыдан молайтқан ақын.
Сергей МИХАЛКОВ
Әдеби талант иесі
Кеңес Одағы тұсындағы және одан кейінгі әдебиеттің көп адамды көрген көнекөз қариясы ретінде жас досым, әріптесім Нұрлан Мырқасымұлының адамдығы мен карапайымдылығына, іскерлігі мен ұқыптылығына тәнтімін және оның әдеби таланты мен мейірімді жүрегі, ұйымдастырушылық қабілеті екі елдің рухани бірлігі жолында көп іс тындырады деп сенемін.
Ғалым Жайлыбай
Аспантаудан күз ауса…
Аспантаудан күз ауса…
қар қылаулар,
Әппақ дүние, ағасы, жанды баурар,
Жанды баурар жаныңда нұрлы сағым
Саған ашса тірлікте жыр құшағын.
Аспантаудан күз ауса…
қар ұшқындар,
ақ әлемге айналып таныс қырлар.
Сазына ұйып мына бел ана белдің –
арасында адасып ақ әлемнің.
Жылы ағыстар жарысып жылғаменен –
Нұрға айналып кеткенде Нұрлан өлең.
Таң атқанда тамылжып таңғы бақтар,
ауыздықпен алысып арғымақтар.
Аспантаудан күз ауса…
қар қалыңдар,
ақ әлемнің ішінде арманың бар.
Сол армандар қосылып айтарыңа,
Байрақ болып байланар байтағыңа.
Күз ауған соң келеді,
жаз айналып,
аққу ұшар көгіңде қаз айналып…
Тереңіңе шер тұнып,
шемен қайнап,
Қанатына сол қаздың өлең байлап.
Аспантауға асылып үміттерің,
туған жердің аялап тұнық көгін.
Сағым қашып барады қырдан ана,
солай енді бұл өмір, Нұрлан аға!
Аспантаудан күз ауса…
қар бораған,
ақ толқыны аптыққан Арман алаң…
Сол толқындар сыйлаған саған арна,
Арғымағың алқынбай аламанда.
Мәресінен көмбенің қиып өтіп,
РУХ-ыңды тағы да биік етіп,
Жанарынан жас парлап барады әні
Жалқын сәуле жалт етіп қарағаны…
Арғымағың жазады жыр қанатын,
Солай енді бұл өмір, Нұрлан ақын!
Аспантаудан күз ауса…
қалың қары,
Ақ періштең өзіңнің жаныңдағы.
Тамылжыған ол бәлки,
таң құсы еді,
Сол періште қолдайды мәңгі сені!
Аспантаудан күз ауса…
Роберт Миңнуллин,
Татарстанның халық ақыны
Ғаламмен тілдескен
Нұрланның өлеңдерін оқи отырып мен өзім үшін жаңа бір әлем ашқандаймын. Ақын әлемі. Қазақ әлемі. Азат Қазақстан. Евразия кеңістігі… Ол әлем қат-қабат қаттаулы, астарлы, ерекше. Сондықтан да қызықты, еліктіргіш. Оның өлеңдерінде қазақшылық та, түркілік те, мұсылмандық та айқын көрініс тапқан. Мистика мен суфизм, халықтық һәм ұлттық мирас, өткен замандар мен бүгінгі уақыт бірге өріледі. Оның өлең жолдарынан көнеден келе жатқан ортақ тарихымыздың, бұрынғы бабаларымыздың жырақта қалған жан дауыстары естіліп тұрғандай. Ақын көңілі бір сәт жастық шағын да сағынатындай, бүгінгі заманның келбетіне мазасызданады, өз халқының бүгіні мен келешегін бақытты етіп көргісі келеді. Ақынның өлеңдерін оқығаннан соң: «Қазақтың шетсіз де шексіз даласы – шаңдатып өткен қилы замандарға, қазақтың азаттық сүйген бабалары – жарқын болашаққа, өр рухты қазақтың көңілі Ғаламға және Құдайға жақынырақ па екен?» – деп те ойлап қоясың. Өйткені, өткен шақтарды еске түсіргенде де, туған халқының тағдыры жайлы толғанғанда да, Ғаламмен тілдесіп, Құдайға мінәжат еткенде де ақын өзін өте еркін сезінеді, әр сөзіне сендіре біледі…
Қайырбек АСАНОВ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері
Тау ұлы
(Нұрлан Оразалинге)
Өмір – өлең
Өн бойынан құйылған,
Ой толғайды
Қиыстырып қиыннан.
Әрбір істі бастау үшін жақсылар
«Жар болсын», – деп, бір Аллаға сыйынған.
Ақындық па?
Шабыты бар арынды.
Күш-қуаты
Өртейтіндей жаныңды.
Құдай берген таланты мен талабы
Жырларынан көрінеді дарынды.
Сөзге шешен,
Тыңдасаңыз мінбеден.
Бірге туып,
Бірге өскендей жырменен.
Аспай-саспай жеткізеді өз ойын,
Жарақтанып жау келсе де іргеден!
Батыл мінез,
Ойында жоқ жасқану,
Армай ойы –
Үкілі үміт, жас тану.
Ұзақ жылдар төраға боп келеді,
Оңай емес бұл Одақты басқару!
«Жұмысбасты
Азаматсың» дер ем мен,
Топ алдында
Кездерің жоқ бөгелген.
Тауда туған болмысыңды көрсетіп,
Өр рухың танылады өлеңнен.
Соғыстан соң
Туғандардың тұстасы,
Өлең-жырдың
Хас шебері, ұстасы.
Қайраткерсің, азаматсың, дарабоз,
Қатарыңнан озып кеттің, қысқасы!
Бала кезден
Болмысыңа қанықпын
Өз тұлғаңды
Талантыңмен таныттың.
Сенатор боп еселенді еңбегің
Қамын ойлап қаламгер мен халықтың!
Өміріңді
Асқақтатсын ән билеп,
Шын өнерге
Адам басын мәңгі имек.
Ғарыш пенен қара жердің арасын
Тербете бер, өлең-жырмен әлдилеп!
Тұманбай Молдағалиев
…Намысыңа қамшы салады
Нұрлан не жазса да әбден бояуын қандырып, көңiлiнде көп тербеп, көп толғатып барып қағазға түсiредi. Оның үстiне ол поэзияның арғы-бергiсiн тiптi көп бiледi. Сол бiлгеннен қашады. Қашады да өзiнше бiр жыр желiсiн ашады…
Інiмнің ой-толғаулары, қалам сiлтестерi өз қатарластары емес, алдағы ағаны да бiр сiлкитiн, оятатын айқай деп бағалаймын. Мен Нұрланның өлеңдерiн оқып отырып, көбiне ойға батамын, әлдебiр әсем әннiң әуезiн естiгендей күй кешемiн. Нұрланның жырлары оқырманын бейжай қалдырмайды. Жылатады. Мұңайтады. Күрсiнтедi. Қуантады. Ширықтырады. Арыңды аялап, намысыңа қамшы салады. Осының бәрi айналып келгенде, нағыз жырдың, нағыз өлең тамырының соғысын анықтар критерий-өлшемдер. Жырдың көркемдiк қуаты мен ақындық мiнездiң сыр-сипаттарын анықтар басты белгiлер.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ
Өзіне жарасар қаруды біледі
Нұрлан Оразалин өнерінің маған алдымен жағары да осы: өнерді өнер деп білері, ойпаң жотасын білері; өзі тартар, өзі тартпақ керек әуен-күйді білері; өзіне ғана жарасар қару-құралды білері…
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ
Бес қаруы бойында бұйдагерің
Жазушы қауымы кілең тарланбоздар жасағынан тұратыны мәлім. Нұсқау, бұйрық секілді райларға жөншілікпен көне бермейтіндерден бас құрайды. Әрқайсысы – адуынды тұлға, атпал азамат. Өзінше бір тайпа ел – мұндай Одақтың жетекшісі болу оңай емес. Ол үшін ақынымен ақынша, драматургімен драматургше, прозаигімен прозаикше, сыншысымен сыншыса сөйлесіп іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жақсы мағынадағы шенеунік болуды былай қойғанда, әрбіреуінің тілін таба білетін Нұрлан секілді шынында да бес қаруы бойындағы бұйдагер керек.
Жарас Сәрсек,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Құс қанаты
(Нұрлан Оразалинге)
Біздер бірге туған жоқпыз,
Ауылымыз да бірге емес,
Кетпен таудың етегінде
Жатқан жұртпыз іргелес.
Бізге бірақ құстар ортақ –
Қақса талмас қанаты,
Аспан ортақ, ортақ сосын
бір ендік пен бір белес.
Сол құстардың қанатымен
оралатын көктем, күз.
Сол құстардың қанатымен
әрі-бері өткенбіз.
Сол құстардың қанатымен
еш бөгетке бағынбай,
Ендіктердің есін алып,
Жетер жерге жеткенбіз.
Азғантай құс арасында,
тұрқы бөлек бір құстың…
Сол бір құстың бағытымен
қанат қақтым, бірге ұштым.
Қайбір тұста топшым сынып,
Тізбегімнен адастым,
Сол бір құстың шырылымен
қайта қия, қырға ұштым…
Сол бір құстың шырылымен
ноқат көзім мөлдіреп,
Қанаттыға үйрендім мен
қарауды тек елжіреп.
Құстың бәрі құс болмайды,
Қанат қазір жоқ кімде,
Шырылдайтын құстар ғана,
Құс ішінде ержүрек.
Шын құстардың шырылы бар,
Шырылы оның өлеңі.
Шетсіз,
Шексіз шар ғаламға
маңызды емес көлемі.
Мұхиттар мен мұздақтардан,
Біздің жаққа мұздап қалған,
Қатарымен қанат қағып,
Құстар қайтып келеді!
Құстар қайтып келеді!
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ
Салиқалы сыншы
Нұрлан Оразалин дарынды ақын, тамаша драматург, көрнекті қоғам қайраткері ғана емес, сонымен бірге әдебиет саласының терең білімді, алғыр ойлы, өз көзқарасы мен тұжырымдарын оқырманның жан-жүрегіне жеткізіп, зердесіне құйып айта да, жаза да білетін биік парасатты ғалым, салиқалы зерттеуші-сыншы.
Қалтай МҰХАМЕТЖАНОВ
Драматургия сапында
Үлкен жазсын, кіші жазсын, әйтеуір жақсы жазылса, жұмылып-жабылып қуануға үйреніп келеміз. Сәтті туынды басқа жанрлар емес, сынды кейде сынның алдынан, кейде соңынан жеп жүрген шатқаяғы біраз, кереге-уығының сықыры көп драматургияның отауына түссе, драматургтер армиясының қақ ортасында жүрген соң ба, өзіміз қатты қуанамыз. «Шырақ жанған түн» туралы қалыс қапталда қала алмайтын себеп те осы.
Қазақ сахнасында бой көрсетіп жүрген туындылардың біріне де ұқсамайтын, ұқсағысы келмейтін пьеса екен.
Біз үйренген эпикалық, сюжетті-драмалық туындылардың көлеңкесінде қалмайтын пьеса екен.
Драматургияның сапына тағы бір солдат келіп қосылды. Сол солдатпен ылғи да сахнаның қанжығасында жолығып жүрейік.