Сезім – Хақтың сыйы
13.07.2023
652
0

Газетімізде тұрақты түрде жүргізіліп келген «Талғам-таразы» айдарын оқырман назарына қайта ұсынғалы отырмыз. Қаламгерлер мен әдебиет саласындағы мамандар, өнер, мәдениет өкілдері оқып жүрген кітаптары туралы баяндап, сүйікті авторлары жайлы ой қозғайды. Қолға тиген әр кітап тағы бір тосын да бейтаныс әлемнің есігін ашатыны анық. Сіз қандай кітап оқып жүрсіз?

 
Соңғы кезде не оқыдым? Алдымен соңғы кезде оқыған поэзияға тоқталайын. Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйлә» деген өлең кітабын қайта оқып шықтым. Бұрын қолыма тимей жүрген Мейірхан Ақдәулетұлының таңдамалысын оқыдым. Өлеңдері мен аудармалары, пьесалары мен хикаяттары топтастырылыпты. Бұл кітап жайында мақала жазып шықтым. Дәурен Берікқажының  «Муза» және «Ең жылы сөз кешіккен» атты екі кітабын тауыстым. Жаныңды жылытатын жақсы өлеңдерімен шөл қандырдық. Азамат Нұрмұханның «Алғыс», Айнұр Төлеудің «Отқарақ», Әйгерім Тұрлықожаның «Тамшылар» атты жыр жинақтары қолыма түсті. Әр ақын ой салатын, оқысаң, тамсанатын жырларымен қуантты. Сағыныш Намазшамованың «Менің Мифім», Айгүл Жұмаділдің «Ай-қыз», «Жан ішінде жарық нұр», Жазира Бақаеваның «Бақыттың кілті» деген жыр кітаптары да – жуырда оқылған кітаптарымның қатарында. Соңғы екеуі туралы өз толғанысымды жаздым. «Әдебиет» порталында жарияланды. Жанар Әбсадықтың «Сезімдер маусымы» мен Роза Әлқожаның «Кері ағыс» атты ерекше жыр жинақтарына қолым жетті. Керемет толғаныстар. Өзім әлеуметтік желіден өлеңін сүйіп оқитын ақыным Мирас Асанның «Сүйесің, жүрек, сүйесің» жыр жинағы қолыма тиген. Осы жинақ туралы да өз пікірімді жаздым. Серік Ақсұңқарұлының «Төбемнен жауһар жауып тұр» және Файзулла Төлтайдың «Қос есікті түстер» деген жыр жинақтарын оқыдым.
Прозадан оқығандарым аса көп емес. Есболат Айдабосынның «Сүлікқарасы» мен «Тибет аруы» – әр қазақ оқуға тиіс кітаптар деп есептеймін. Қазақтың ділі мен дәстүрін, жылқы баптау мәдениетін тамаша ашқан. Неге екенін осынша жасқа келгенше Владимир Набоковтың «Лолитасын» оқымаған едім. Соны арнайы сатып алып оқып шықтым. Әсері зор болды. Неге осы уақытқа дейін «Лолита» әдебиеттанушылар үшін даулы шығарма болып келе жатқанын  түсінгендеймін. Модернизм мен постмодернизмнің қақтығысында туған дүние болса керек. Бұл роман мен үшін шынайы өмір мен бір адамның басындағы ішкі хәлді қатар көрсеткен психологизмге толы туынды ретінде ерекше ықпал етті. Ұнаттым дей алмаймын. Санаға ауырлау тиетін тұстары көп екен. Оған қарағанда Орхан Памуктың «Сезім музейін» оқыған жеңілдеу тиді. Сезім, махаббат, жар таңдау, өтпелі кезеңдегі түрік халқының басынан кешкен модернизация салдарын ашық көрсеткен. Жазушы патриархалды тәрбие мен ережесіз өмірдің шынайылығын суреттепті. Сезімнен басқасын қолдан тұрғызып аласың. Сезім ғана — Хақтың сыйы. Берді ме, көзіңнің қарашығындай сақта. Аяла. Бағала. Күрес. Ешкімге берме. Ол сенікі. Кемал беймен іштей жағаласып, ұрысып отырып оқыдым. Жастық максимализм де, елдің сөзі де, достың  достығы да махаббат оянғанда әдіре қалады. Осы… Осыны біліп тұрып, бәрін кері істейтін адамға не дауа?! Сезімнен музей салған Кемалдың хикаясы… Сол «Сезім музейін» оқып алып, Бейоғлыны көрсем деп армандап, сәті түскенде көріп келдім. Ыстамбұлдың орталығындағы көшелерді шарладым. Фусунның музейін тамашаладым. Ара-тұра сағынып оқитын, қайталап оқи беретін А.Чеховтың «Жуан мен жіңішке» деген қазақшаға аударылған әңгімелерін тағы бір сүзіп шықтым. Дәл солай сағынып оқитын жазушымның бірі —  Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» деген жинағын қайталап оқыдым. Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» деген романын орысша оқыдым. Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі мен көз жасын» оқып, ой түйінімді «Әдебиет» порталына жаздым. Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» деген кітаптарын оқыдым. Дэниел Киздің «Цветы для Элджернона» кітабы ерекше әсер етті. 
Маған сыйға келген жинақтар  ішінде қатты ұнағаны танымдық кітаптар болды. Ғани Байғалиұлының «Кайдзен – үздіксіз дамудың құпиясы», Юваль Ной Хараридің «XXI ғасырдың 21 сабағы», Болат Бопайдың «Қазақтың гүл мәдениеті», Серікбол Қондыбайдың «Қазақ даласы және герман тәңірлері», Анатолий Некрасовтың «Материнская любовь», Марк Уоллиннидің «Это началось не с тебя» деген кітаптары қатты ұнады. Әр кітаптың көтерген жүгі бар. Кайдзен жастарға дұрыс тәрбие, ысырапсыз кәсіп бастауды үйретсе, Хараридың болашақты болжауы да өзінше қызық. Жалпы, футурологтардың айтқаны жүз пайыз болмаса да, 70-80 пайыз орындалып жатыр. Ананың ақ сүтімен не сіңетінін Некрасов біраз саралапты. Айналаңызға қарасаңыз, ананың шексіз махаббатынан бүлініп кеткен тағдырларды немесе махаббатын құпиялап баққан ананың дертті боп қалған баласын көресіз. Эмоционалды тепе-теңдікті үйренудің маңызын көрсететін кітап. Марк Уолинн тектануға біраз сараптама жасайды. Жеті атасын біліп өскен қазақтар бұл жағынан бақытты. Ең қиыны, қазір жеті атасын танымай өскен буын бар. Оларды қайтеміз? Тамырынан үзілгендер қайтпек? Оның қиындығы мен болашаққа әсерін білу қатты алаңдатады. Тектануға дендесең, ЭКО-мен бала жасатудың кей жерін түзету қажет екенін түсінесің. «Ұлттық кодтан ажырап қалмаймыз ба?» деген ой алаңдатады.
Бәрінен де ұнағаны өзім аударған бір кітап болды. Долорес Кэннонның «Он сегіз мың ғалам»  кітабы. «Адамзат баласы ғаламда басқа да өркениеттердің бар екенін ашу алдында тұр» деген гипотеза айтылған. Әлем бұл гипотезаны талқылағалы елу жыл өтті. Түрлі таңғажайып деректер мен дәйектер келтірілген кітап. Атлантида, Мачу-Пикчу өркениеттері туралы тосын деректер келтірген. Пирамидалардың бөгде ғаламшарлықтар үшін қандай ықпалы болатынын жазыпты автор. Өте қызық мәліметтер баршылық. Бұл кітап көп жылдық гипнотерапияның кезінде алынған мәліметтер бойынша жазылғанын ескеру керек. Адам санасын өзгеріске оңай бейімдейтін ерекше туынды. Ішінде айтылған кейбір ойды америкалық ғалым Джон Кэлхунның  «Ғалам-25» деген зерттеуімен салыстыруға әбден болады.

Шынар ӘБІЛДӘ,
журналист, аудармашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір